Алматы

Алматы қаласы Еуразияның ортасында, Іле Алатауының солтүстік бөктерінде, оңтүстіктен солтүстікке қарай еңістеу келген теңіз деңгейінен 750 – 880 метр биіктікте орналасқан. Алатау баурайынан бірнеше өзен бастау алады. Олар: Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Есентай, Қарасу, Бекенбай, Беделбай, Кімасар, Жарбұлақ, Күреңқұлақ, Тереңқара тағы басқалар.

Алматының тарихында ең ірі жер сілкінісі 1887 жылдың 28 мамырында және 1910 жылдың 22 желтоқсанында орын алды. Алматы қаласы негізінен күші 9 балл немесе одан жоғары деңгейде жер сілкінісі болу қаупі бар аймаққа жатады. Сондықтан Алматы қаласының құрылысы да ерекше әдіспен салуды талап етеді.

Қаланың ауа райы өте қолайлы. Орташа температура +7–8 градус мөлшерінде болса, ең жоғарғы температура +43, ең төменгісі – 38 градусқа жетеді.

1854 жылы Алатау баурайына орыстардың бекінісі салына бастады. Бекініс «Заилийское» деп аталды. Сол жылы күзде бекіністің құрылысы аяқталды. Келесі жылы Ұлы жүз билеушісі, майор Перемышльский Заилийское деген атауды Верный деп өзгертті.

1854 жылы 7 наурызда Кіші Алматы жағалауына қамал салу жұмыстары басталды. 1869 жылдан қала Үлкен Алматы станицасынан оңтүстік батысқа қарай салына бастады.

1859 жылдың мамырында жаңа әскери бекіністе 5 мың тұрғыны бар мекен салынды. 1867 жылы 18 сәуірде Түркістан генерал-губернаторлығындағы Жетісу облысының орталығы Верный бекінісін қала дәрежесіне көтеру туралы шешімі шығарылды. Верный қаласы 1867 жылы Түркістан генерал-губернаторына қарасты Жетісу облысының әкімшілік орталығына айналды. Жетісу облысының бірінші губернаторы болып Г. А. Колпаковский тағайындалды.

1867 жылы 24 қыркүйекте Жетісу облысы губернаторы генерал Г. А. Колпаковскийдің бұйрығымен Верный қаласы жөніндегі айрықша комитет құрылды. Оның төрағасы болып Н. Е. Фридерикс тағайындалды.

1877 жылдың 13 қарашасында қалада Думаға сайлау болады. Верный қаласының тұңғыш мэрі болып көпес Павел Матвеевич Зенков сайланды.

Герб Верного Герб Алматы

Қаланың бас сәулетшісі қызметін француз Поль Гурдэ (1846–1914) атқарды. Ол 1908 жылы 19 наурызда бекітілген Верный қаласының тұңғыш елтаңбасының және Париждегі дүниежүзілік көрмеге қойылған Жетісу өңірінің рельефтік картасының авторы.

1868 жылы «Қаланы қоныстандыру комитеті» деп аталатын ұйым құрылды. Алматы қаласының алғашқы жобасы жасалды. Осы жоба бойынша қаланың құрамы мынадай бөліктерге бөлінді:

1918 жылдың наурызында Верный қаласында Кеңес үкіметі орнады.

Қазақстан большевиктері өміріндегі ерекше оқиға 1918 жылдың маусым айында Түркістандық коммунистер партиясының құрылуы болды. Оның құрамына Сырдария, Жетісу, Торғай, Орал облыстарының партия ұйымдары кірді.

1920 жылы 4 қазанда бірінші Бүкілқазақстандық Кеңестер съезі: «Қазақ автономиялық Советтік Социалистік Республикасы құрылды» деп жария етті.

1921 жылы 5 ақпанда Жетісу облыстық революциялық комитеті Верный қаласын Алма-Ата етіп өзгерту жөнінде шешім қабылдады. Сол жылы 8- шілдеде қаладағы Карл Маркс (қазіргі Д. Қонаев) көшесінің бойымен ғаламат сел тасқыны жүріп өтті.

1927 жылдың 29 сәуірінде РСФСР Халық комиссариаты кеңесінің бүкілқазақстандық VI съезі автономия астанасын Қызылордадан Алматыға көшіру туралы шешімді бекітті.

1937 жылдың 26 наурызында Қазақстан кеңестерінің X съезі автономияның одақтас республикаға айналуына орай жаңа Ата заңды (Конституция) бекітті. Алматы осы уақыттан бастап Қазақ Советтік Социалистік Республикасының әкімшілік орталығына айналды.

Астана Алматыға 1929 жылдың жазында көшіп келді. Алматы астана мәртебесін алғаннан кейін қала экономикасы өсіп, халықтың саны артты. 1930 жылы 19-шілдеде Түркістан-Сібір темір жолы іске қосылды. Өнеркәсіп орындары іске қосылды. 1941–1942 соғыс жылдарында Алматыға Ресейден 30-дан астам кәсіпорын, 8 госпиталь көшірілді. Алматы – Орталық Азиядағы өркениеттегі ірі қалалардың бірі болды.

Қалада орта, арнаулы және жоғары оқу орындары, ғылыми, мәдени мекемелер ашыла бастайды. 50-жылдары қалада Үкімет үйі, Ғылым академиясының бас корпусы, Орталық стадион, Абай атындағы опера және балет театрының ғимараты салынды. Ал 60–70-ші жылдары бой көтерген зәулім құрылыстардың қатарына Республика сарайы, Достық үйі, Неке сарайы, «Медеу» мұз айдыны, «Алатау» қонақ үйі, Бейнелеу өнері мұражайы және т. б. сәулет объектілері бар. 9–12 қабатты тұрғын үйлердің жаппай бой көтеруі қала бейнесін тіпті өзгертіп жіберді.

1966 жылдың 21 қазанында қаладан 18 км жердегі Медеу шатқалында жарылыс жасалып, биіктігі 100 метр бөгет салынды. Ол 6–2 млн текше метр су мен басқа қауіпті заттарды ұстап тұра алады.

Верный Верный

Алматы қаласы 70 жыл бойы еліміздің астанасы статусында болды.

Н. Назарбаев Алматыға 1979 жылы Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің хатшысы болып Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметінен келді. Осы қызметті 1984 жылға дейін атқарды және Орталық комитетінің бюро мүшесі болды. 1984–1991 жылдар арасында Қазақстан министрлер Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды.

1991 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті болып сайланды.

Алматы – республикамыздың ірі ғылыми, мәдени, білім және өндіріс орталығы. Басында мәңгі қар жатқан әсем Алатаудың баурайына орналасқан Алматы – дүниежүзіндегі көрікті қалалардың бірі. 1998 жылы Қазақстанның астанасы қазіргі Астана қаласына көшірілді. Осыған орай «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң қабылданған болатын. Ол заң бойынша Алматы бұрынғысынша еліміздің ғылыми, мәдени, тарихи қаржы және өндіріс орталығы болып қала бермек. Бұл – қала дамуының кепілі.

Еліміздің аса ірі, әсем де сұлу қаласы Алматы 1991 жылдың 16-желтоқсанынан 1997 жылдың 10 желтоқсанына дейін егеменді Қазақстан Республикасының бірінші астанасы болды.