Ұжымдастыру және жаппай жазалау(1930 — 1940 ж.ж.)

Компартияның 1927 жылы желтоқсанда өткен ХҮ съезі ауыл шарушылығын ұжымдастыру бағытын жариялады. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру идеясы әуел бастан-ақ мейлінше қатаң жүргізіліп, жаппай қуғындау мен ланкестікке негізделді. Ұжымдастыру (колхоз құру) алдын ала даярлықсыз, жергілікті жағдайлар ескерілместен, көбінесе әкімшілдік –күштеу әдістермен жеделдете жүргізілді. Көшпелі ауылдарға ұжымдастыруды жеделдету жөнінде нұсқаулар түсіп жатты.

Бұл орайда шаруашылық базасын жасау, тұрғын үйлер мен мәдени-тұрмыстық объектілер салу жай ғана жарияланған күйінде қалды. Ұжым- дастыру және сонымен бірге отырықшыландыру ауылдың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтын түп негізіне дейін күйретті. Қазақ қоғамының әлеуметтік негізі жойылды, ғасырлар бойы көшпелі өркениет жасаған тірек- тер қиратылды. Қатаң әкімшілдік жағдайында, әскери коммунизм кезеңіндегі белсенділердің мерейі үстем болды. Кей жерде кедейлер мен орта шаруларды орынсыз соттау және олардың малын жөнсіз тәркілеу, меншік құқығынан айыру, тұрақты мекенінен күштеп көшіру орын алды. Ұжымға енгісі келмеген кедейлер мен орташалары Қазақстаннан тыс жерге жер аударумен қорқыту немесе «кулактар» қатарына жатқызу құбылыстары ұшырасты.

1930–1932 жылдары аштық етек алды. Аштықтан, түрлі індеттерден халықтың 40%-ы қырылды. Жаппай жазалау мен аштық халықты орныққан жерін тастап, көшіп кетуге мәжбүр етті. Аштық тарихқа «Ұлы жұт», қазақ халқының аса зор қасіретті жылдары ретінде енді. Ұжымдастыру көшпелі өркениет ерекшелігі ескерілмей, күштеу әдісімен жүзеге асырылғандықтан, ауыр қантөгіс, дүрбелең жағдайында өтті.