Тұрар Рысқұлұлы (1894 - 1938 жж.)

Тұрар Рысқұлұлы (1894 - 1938 жж.)

Тұрар Рысқұлұлы
Дүниеге келгені: уезі Шығыс Талғар болысы
Қайтыс болғаны: Мәскеу
Жұбайы: Әзиза Есенқұл Түбекқызы

Өмірбаян

Тұрар Рысқұлов (26 желтоқсан 1894, Жетісу облысы, уезі Шығыс болысы – 10 ақпан 1938, Мәскеу) – мемлекет қайраткері. Оның әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы 19 ғасырдың 80-жылдары патша әкімшілігінің озбырлығына шыдамай Сырдария облысының Черняев уезінен (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы) Верный уезіне қоныс аударып келген болатын. Жаңа қонысында да әділетсіздік көрген Рысқұл 1904 жылы желтоқсанда халыққа тізесі батқан Саймасай Үшкемпіров деген болысты атып өлтіреді. Түрмеде жатып өш алушылардың жалғыз ұлы Тұрарға зияны тиер деп қауіптенген ол оны өзінің қасына алдыртады. «Түрме баласы» аталған Рысқұлов түрме үйлерін сыпырып, бастықтың атын айдап жүріп орыс тілін үйренеді. Әкесі 10 жылға сотталып Сахалинге жер аударылған соң Рысқұлов – «Қырғызбаев» деген жалған фамилиямен нағашыларының қолына келіп, Меркідегі орыс-түземдік бастауыш мектепте оқиды. Мұндай аралас мектептер белсенді миссионерлік мақсат ұстанған болатын.

Әкесімен бірге Верный қаласының түрмесінде болған кезінде түрме бастығы Приходько жас Рысқұловты шоқындыруға әрекеттенсе, Меркідегі шәкірт кезінде де осындай әрекет оның алдынан тағы да шығады. 1910 жылы Рысқұлов Пішпектегі 1-дәрежелі ауыл шаруашылығы мектебіне қабылданып, оны 1914 жылы қазан айында бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бұл мектепті үздік бітірген оған Самара қаласындағы орта дәрежелі ауыл шаруашылығы училищесіне түсу үшін арнайы жолдама беріледі, бірақ училище директоры «қазақ – көшпелі, оған жер өңдеуді оқудың қажеті жоқ», – деп қабылдамай қояды.

Тауы шағылған Рысқұлов 1915 жылы Ташкенттегі мұғалімдер семинариясына түсуге тырысады, бірақ оны мұнда да «бұратана» деген сылтаумен қабылдамайды. Ақыры ол оқу министріне арыздана жүріп, арнайы рұқсатпен емтихан тапсырады да, оқуға қабылданады. Күн көру үшін оқумен қатар Ташкент қаласының іргесіндегі Красноводск тәжірибе алаңында бағбан болып істеді. 1917 жылы жазда қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде Рысқұлов оқуын тастап, Әулиеата уезіндегі Совдепі аткомының председателі аттанды. Ол Меркіге келген кезде халық ашық бас көтерулерге шығып, жер-жерде қарулы қақтығыстар өрши бастаған болатын. Ол Аққөз Қосанұлы бастаған көтерілісшілердің іс-әрекетіне ұйымдық сипат беріп, саяси бағдар сілтеді.

Меркідегі көтерілістің өршіген кезінде Рысқұловты патша әкімшілігі тұтқындайды, бірақ оның іс-әрекетінен кінә таба алмай босатып жіберуге мәжбүр болады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін көктемде Рысқұлов Меркіге оралып, онда «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады. Осы жылы жазда Рысқұлов РСДЖП құрамына мүше болып қабылданды.

1918 жылы сәуірде Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланып, өз күш-жігерін ашаршылыққа ұшыраған халықты төніп тұрған ажал тырнағынан арашалап қалуға, орыстар мен қазақтардың арасындағы қарым-қатынасты реттеуге, кеңестерге жергілікті халық өкілдерін көптеп тартуға жұмсады. Әулиеата уездік төтенше комиссия ұйымдастырып, қарулы отрядпен бірге уезді аралап, орыстар мен қазақтардың өзара қырқысын тиюға, контрибуция ретінде тартылып алынған қазақтардың мал-мүліктерін өздеріне қайтарып бергізуге тырысты.

Рысқұловтың ықпалымен Әулиеата уездік кеңесінің құрамы мен жұмыс тәсілі тез өзгере бастады. 1918 жылы 21 сәуірде уездік кеңестің мүшелігіне қазақтар арасынан депутаттар сайлау мақсатымен Әулиеата қаласында Рысқұлов ұйымдастырған қазақтардың жиыны болып өтті. Жиналыстың шешімі бойынша Әулиеата уездік кеңесінің 26 мүшесінің 15-і жергілікті халық өкілдері болды. Рысқұловтың жетекшілігімен Әулиеата қаласы маңында қоғамдық тамақтандыру орындары ұйымдастырылып, онда 20 мың адамға дейін ашыққан қазақтар тамақтандырылды. 1918 жылы шілдеде Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасы болып сайланды. Уездік кеңестің сан түрлі қызметін ұйымдастыра отырып, Рысқұлов бұрынғысынша негізгі күш-жігерді ашаршылықпен күрес ісіне бағыттады.

Сырттан келер көмектің жоқтығы оны тек ішкі резервтерді тиімді пайдалана білуге мәжбүр етті. Рысқұлов Әулиеата қаласының 52 орыс капиталисіне ашаршылыққа ұшыраған халықтың пайдасына 3 млн. сом салық төлеттірді. 1918 жылы қыркүйекте Рысқұлов Түркістан автономиялы Республикасының Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалды. Бұл комиссариатқа денсаулық ісімен шұғылданумен қатар аштықпен күресу міндеті де тапсырылған еді. Аштықпен күресуге Денсаулық сақтау халық комиссариатының күш-қуаты мүлдем жеткіліксіз болатын. Сондықтан да Рысқұлов аштықпен жүйелі түрде күресу үшін, құрамына түрлі комиссариаттардың өкілдері кіретін арнайы ұйым құруды талап етеді. Осыған орай 1918 жылы 28 қарашада ерекше Орталық Комиссия ұйымдастырылып, оның төрағасы болып Рысқұлов тағайындалды. Рысқұлов басшылық еткен ерекше комиссия Түркістан автономиялық республикасының 19 уездері мен қалаларында 923 мың адамға арналған тамақтандыру орындарын ашты. 1919 жылы 14 наурызда Түркістан Республикасы кеңестерінің 7 съезінде Орталық атқару комитеті төралқасы төрағасының орынбасары болып Рысқұлов сайланды.

Осы жылы 14 – 31 наурыз аралығында Ташкент қаласында болып өткен Түркістан КП-ның 2 конференциясында ОК жанынан Мұсылман бюросын құру туралы шешім қабылданды. Рысқұлов Мұсылман бюросы қызметін жандандыра түсу мақсатымен оның ұйымдастыру, редакция-баспа, мәдени-ағарту және әскери бөлімшелерін құрды. web жылы шілдеде Түркістан Республикасы атқару комитеті Әулиеата және Черняев уездеріндегі саяси-әлеуметтік және ұлтаралық қарым-қатынас жайымен танысу үшін онда арнайы комиссия аттандырды. Рысқұлов төрағалық еткен бұл комиссия Әулиеата атқару комитетінің мүшелерін өз міндеттерін іске асыра алмағаны үшін қатаң сынға алып, бұл комитеттің таратылғанын жариялады. Осыдан кейін Әулиеата уездік атқару комитетінің орнына Түркістан атқару комитетінің шешімімен Әулиеата уездік уақытша Революциялық комитет ұйымдастырылды. 1920 жылы 21 қаңтарда Рысқұлов Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды.

Ол атқару комитетін Түркістанның тарихи-объективті жағдайы мен ерекшелігін басшылыққа алып жұмыс істейтін органға айналдырды, жергілікті халықтардың құқығын қорғайтын ұйым дәрежесіне көтерді. Атқару комитетінің төрағасы ретінде Түркістан Республиканың Конституциясына сай берілген құқықтарын пайдалана отырып орыс шаруаларының қарусыздандырылуына, олардың экономикалық жағдайының жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларымен теңестірілуіне, орыс шаруалары мен казактардың көшпелі халықтардан тартып алған жерлерін иелеріне кері қайтаруларына қол жеткізді. Ол Түркістан Республиканың саяси-мемлекеттік егемендігі жолында табанды күрес жүргізді.

Республиканы түркі тілдес халықтардың ұлттық мемлекетіне айналдыруға, республика егемендігіне, яғни саяси, экономикалық, дипломатиялық, әскери және мәдени мәселелер бойынша нақты болуы тиіс дербестік құқықтарына ие болуға бар күш-жігерін жұмсады. 1924 жылы 4 ақпанда РКП (б) ОК шешіміне орай Рысқұлов Коминтерн атқару комитетінің құрамына қызметке жіберілді. Коминтерн атқару комитетінің Орталық-Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып бекітілді. 1924 жылы жазда Коминтерн атқару комитетінің өкілетті өкілі болып тағайындалды. Ол онда Моңғол Халық Республикасының аяғынан нық тұрған мемлекеттік ретінде қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Ол Моңғолия Конституциясының жобасын әзірлеуге атсалысты. Моңғолия астанасының атын Уланбатор (Қызылбатыр) деп қоюды ұсынған Рысқұлов болатын.

1926 жылы наурызда Рысқұлов Қазақстанға жіберіліп, Қазақ өлкелік БК (б) П комитетінің Баспа бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Осы жылы 19 сәуірде Рысқұлов Қазақ өлкелік БКП (б) комитеті қаулысымен «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы болып бекітілді. Көп ұзамай 31 мамырда Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің қаулысымен Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болып бекітілді. Бұл қызметіне қоса Рысқұлов Түрксіб темір жолын салуда үкімет комиссиясының төрағасы болып, оны 6 жылда аяқтау орнына 3 жылда пайдалануға берілуін ұйымдастырды. Маманданған қазақ жұмысшыларын қалыптастыруға, қазақ жастарын Ресей және шет ел оқу орындарында көптеп оқытуға көп көңіл бөлді. Қазақ өлкелік БК (б) П к-тін басқарған Ф. И. Голощекиннің «Қазақстанда кіші Қазан» төңкерісін жасау идеясына ашық қарсы шықты. Кеңестік ұжымдастыру саясатының зардаптарын жою, Қазақстандағы ашаршылықтың апатынан халықты құтқару жайында И. В. Сталинге нақты ұсыныстар жасады.

Бірақ И. В. Сталин Рысқұловтан гөрі Ф. И. Голощекинге сенім артатындығын танытты. Рысқұлов қолынан келгенше ашаршылық тауқыметіне ұшырағандарға жәрдем көрсетуге талпынды. 1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген Рысқұлов «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынды. Кеңестік қуғын-сүргінге ұшыраған Рысқұлов Мәскеу түрмесінде жүрек ауруынан қайтыс болды. Рысқұловтың әйелі Әзиза да кеңестік қуғын-сүргін құрығына ілігіп, АЛЖИР-де 18 жыл айдауды бастан кешті. Ұлы Ескендір түрмеде қайтыс болды. Рысқұлов есімі КСРО Әскери коллегиясы Жоғырғы Сотының шешімімен 1956 жылы 8 желтоқсанда ақталды. Қазіргі кезде Жамбыл облысының бір ауданына Рысқұлов есімі берілген. Тараз қаласында Рысқұлов есімімен аталатын демалыс паркі бар, онда Рысқұловқа ескерткіш қойылған Қызыл граниттен жасалған Рысқұлов ескерткішінің архитекторы – А. Рыспаев, мүсіншісі – Ю. Баймұқашев. Алматы қаласындағы Басқару академиясына Рысқұлов есімі берілген. Көрнекті қазақ жазушысы, мемлекеттік қайраткері Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» (1–2-кітабы), «Жұлдызды көпір», «Қыл көпір», «Тамұқ» атты роман хамсасында Рысқұлов келбеті сомдалған.

Ұжымдастыру және жаппай жазалау(1930 — 1940 ж.ж.)