Егеменді Қазақстан (1986-...)

1985 жылы наурызда К. У. Черненко қайтыс болғаннан кейін, КОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы қызметіне М. С. Горбачев келді.

1985 жылы сәуірде КОКП ОК-нің пленумында әлеуметтік, экономикалық дамуды жеделдету мәселесіне сәйкес экономикалық құрылымды ғылыми-техникалық прогресс негізінде қайта құру бағыты жарияланды.

1990 жылы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен Қазақ КСР Президенті институтын енгізу және осы қызметке Н. Ә. Назарбаевты сайлау мен 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік Егемендігі туралы» Декларацияны қабылдау болды. 1991жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады және ғасырлар бойы қағажу көріп, ұмыт бола бастаған тілін, салт-дәстүрін қайта жаңғыртып, тәуелсіздік туын биікке көтерді. Қазақстан Республикасы егемендігін алғаннан кейінгі алғашқы міндеттер мемлекеттік құрылымды, азаматтық қоғамды қалыптастыру болды. 1993 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылдануы Қазақстанның демократиялық мемлекеттігі қалыптасуының бастамасы болды.

Республика өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін мемлекет басшысын сайлау заңдылық. Осы мақсатпен 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық Президент сайлауы өткізіліп, халықтың бірауыздан қолдауымен Н. Ә. Назарбаев Қазақстанның тұңғыш Президенті болып сайланды.

1992 жылғы 4 маусым – Қазақстан Республикасы тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Бұл күн еліміздің мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы, Гимні – дүниеге келген күн ретінде мәңгі есте қалады.

Қазақстанның тәуелсіздігін алдымен танып, әлем алдында мойындаған туыстас Түркия мемлекеті және Румыния болды. Бүгінде Қазақстанды 120 мемлекет танып, 70-тен астам мемлекетпен елшілік дипломатиялық қатынас орнаттық. Еліміздің бірнеше халықаралық ұйымдардың мүшесі екендігін, әсіресе олардың ішінде әлемдегі ең беделді ұйымдардың бірі – БҰҰ мүшелігін мақтанышпен айта аламыз.