Қазақстан және тәуелсіз мемлекеттер достастығы

Қазақстанның ТМД мемлекеттерімен ынтымақтастығы

ТМД мемлекеттері арасындағы байланыстарды кеңейту достастықты нығайтудың маңызды элементі болғаны және солай болып қала беретіні айдан анық. Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясымен байланыстары неғұрлым серпінді түрде және қарқынды дамып келеді. Ауқымдылығы және ерекше мәнділігі себепті Қазақстан-Ресей қатынастарына бұдан былай да талдау жасалады, бұл арада Қазақстан Республикасының ТМД-ның басқа мүшелерімен өзара қатынастарына назар аударылып отыр.

Қазақстан-әзірбайжан қатынастары. Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 27 тамызда орнады. Жоғары деңгейдегі кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Әзірбайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға 2004 жылғы наурыздағы мемлекеттік сапары Қазақстан-Әзірбайжан қатынастарының дамуына жаңа серпін берді.

2005 жылғы 24 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев Әзірбайжанға мемлекеттік сапармен барды. Тараптар бірқатар екі жақты құжаттар жасасты, Стратегиялық әріптестік және одақтастық қатынастар туралы шарт олардың ішіндегі ең бастысы болды.

Мұнай-газ саласы, атап айтқанда, Қазақстан мұнайын Каспий бағытын пайдалана отырып тасымалдау Қазақстан-Әзірбайжан сауда-экономикалық ынтымақтастығының негізгі бағыты болып табылады.

1999 жылғы қазаннан бастап Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Әзірбайжан үкіметаралық комиссиясы ойдағыдай жұмыс істеуде. 2005 жылы 23 мамырда Бакуде комиссияның үшінші отырысы өткізілді.

ТҮРКСОЙ шеңберінде өнер шеберлерінің көрмелері мен концерттері, халықаралық ғылыми симпозиумдар, екі елдің зиялы және жұртшылық өкілдерінің қатысуымен «Дөңгелек үстелдер мен семинарлар» тұрақты негізде өткізіліп тұрады.

Қазақстан-армян қатынастары. Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 27 тамызда орнады.

1993 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы қатынастардың негіздері туралы шарт және 1999 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы шарт екі жақты қатынастырды тәртіптейтін негізгі құжаттар болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Арменияға 2001 жылғы 23–3–24 мамырдағы тұңғыш ресми сапары барысында өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты ұлғайтуға деген екі жақты ұмтылыс атап өтілді.

2005 жылғы 12 қазанда Ереван қаласында сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-армян үкіметаралық комиссиясының алғашқы отырысы өтті, оның барысында саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері кең ауқымда қаралды.

Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес 2005 жылы М. Маштоц атындағы «Матенадаран» ғылыми-зерттеу институтындағы, Армения ұлттық мұрағатындағы және Хыпчахаванкт монастыры (Қыпшақ ғибадатханасы, Харич қаласы) мұрағатындағы қыпшақ қолжазбаларын зерттеу үшін Қазақстанның мұрағаттар жөніндегі сарапшылар тобы Арменияға барды.

Қазақстан мен Армения ғалымдары арасындағы ынтымақтастық негізінен әлеуметтік-саяси ғылымдар, тарих, этнология саласында дамытылуда, бірлескен ғылыми-зерттеулер, конференциялар, семинарлар формасында жүзеге асырылды.

Қазақстан-беларусь қатынастары. Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 16 қыркүйекте орнады. Қазақстан мен беларусь өзінің қатынастарын өзара тиімді, өңірлік және халықаралық сипаттаға көкейтесті мәселелер бойынша ұстанымдарын жақындату арасында дамытып келеді.

Беларусьқа ұзақ мерзімді негізде Қазақстан астығын, көмірін, қара және түсті металдарын жеткізуді ұйымдастыру, сондай-ақ Қазақстан мұнайын Беларусь мұнай өңдеу зауыттарына (МӨЗ) тікелей жеткізу сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары болып табылады. Өз кезегінде Қазақстан Беларусь тракторлары мен ауыл шаруашылығы техникасын Қазақстанның машина жасау кешені кәсіпорындарының негізінде құрастыру, Қазақстанның аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің мұқтаждары үшін күрделі тыңайтқыштар өндіретін бірлескен кәсіпорындар құру т. б. сияқты жобаларды іске асыруға мүдделі.

Қазақстан Республикасы үкіметі мен Беларусь Республикасы үкіметі арасындағы мәдениет, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық туралы 1996 жылғы 17 қаңтардағы келісім мәдениет саласындағы екі жақты қатынастардың негізін құрайды.

Ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім Қазақстан мен Беларусь арасындағы ғылыми саладағы ынтымақтастықтың негізін құрайды. 1999 жылғы маусымда БР Ұлттық Ғылым академиясының президиумы жанынан БР ҰҒА-ның құрметті мүшесі болып табылатын Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың жеке өкілдігі ашылды.

Қазақстан-грузин қатынастары. Қазақстан Республикасы мен Грузия арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 23 шілдеде орнады.

1996 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев Грузияға ресми сапармен барды, оның барысында екі мемлекеттің сауда-экономикалық қатынастарын реттейтін құжаттарға қол қойылды.

Грузия Президенті Э. Шеварнадзенің Қазақстанға ресми сапары (1997 жылғы 11–12 қараша) барысында тараптар Қазақстанның көмірсутектерін Әзірбайжан мен Грузия аумағы арқылы әлемдік нарыққа экспортқа шығару ниеттерін мәлімдеді.

Грузия Президенті М. Саакашвилидің Қазақстанға 2005 жылғы 30 наурыз – 1 сәуірдегі мемлекеттік сапары екі жақты қатынастардың дамуына елеулі серпін берді, көлік және порт инфрақұрылымы, сондай-ақ энергетикалық сектор саласындағы екі жақты ынтымақтастықтың басым бағыттары белгіленді.

2005 жылғы 2–4 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Грузияға барған ресми сапары сындарлы саяси пікір алысудың жалғасына айналды. Экономикалы өзара іс-қимылды тереңдету кездесудің өзекті тақырыбы болды.

2005 жылғы 29–30 қыркүйекте Тбилиси қаласында Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Грузия үкіметаралық комиссиясының бірінші отырысы болды. Отырыстың барысында тараптар энергетика, көлік, қаржы, ауыл шаруашылығы, байланыс, туризм, табиғатты қорғау, сауда-экономикалық ынтымақтастық салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Мұнай-газ және көлік салалары Қазақстан-Грузия ынтымақтастығының негізгі бағыты болып табылады.

Қазақстан-қырғыз қатынастары. Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 15 қазанда орнады. Қазақстан-қырғыз қатынастарының шарттық-құқықтық негізін 140-қа жуық құжат, соның ішінде Мәңгі достық туралы 1999 жылғы 22 маусымдағы шарт, Одақтастық қатынастар туралы 2003 жылғы 25 желтоқсандағы шарт құрайды.

2001 жылғы маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев Қырғызстанға тұңғыш ресми сапармен барды, оның барысында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы 2001–2005 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды.

2005 жылғы сәуірде Қырғыз Республикасының Президенті міндетін атқарушы, премьер-министрі Қ. Бакиев Қазақстанға ресми сапармен келді.

Қазақстан тарабы Қырғызстанға көмек көрсету жөнінде шараларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, Қырғыз Республикасына 1 мың тонна бидайды тегін жеткізіп берді. Қырғызстанға жанар-жағармайды экспортқа шығару үлестемесі бөлінді.

Мәдени-гуманитарлық екі жақты ынтымақтастық серпінді түрде дамып келеді. Көрмелер, халықаралық ғылыми симпозиумдар, «дөңгелек үстелдер», екі мемлекеттің зиялы өкілдері мен жұртшылығының қатысуымен поэзия кештері мен семинарлар тұрақты түрде өткізілуде.

Бішкек гуманитарлық университетінде қазақ бөлімі жұмыс істейді.

Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының қатынастары принципті келіспеушіліктердің жоқтығымен, көптеген көкейтесті халықаралық және өңірлік проблемалар бойынша ұстанымдардың ұқсастығымен сипатталады.

Қазақстан-молдаван қатынастары. Қазақстан Республикасы мен Молдова Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 27 шілдеде орнады.

1999 жылғы қыркүйекте Молдова Президенті П, Лучински Қазақстанға ресми сапармен келді.

2003 жылғы қыркүйекте ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев Молдова Республикасына ресми сапармен барды. Молдовамен шарттық-құқықтық база 18 келісімді құрайды.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың нақты мәселелерін талқылау мақсатымен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Молдова аралас комиссиясы құрылды, оның бірінші отырысы 2003 жылғы 15 қыркүйекте Кишинев қаласында өтті.

Молдованың компониялары Қазақстанның мұнай-газ секторында 1997 жылдан жұмыс істеуде. 1998–1999 жылдары Молдова компанияларымен Маңғыстау облысында жер қойнауын пайдалануға шарт жасасылды. «Аском Интеройл» ЖШС, «Қазполмұнай» ЖАҚ бірлескен кәсіпорындары құрылды, олар «Толқын» және «Боранкөл» кеніштерінде барлау мен мұнай өндіру жұмыстарын жүргізуде.

Қазақстан-тәжік қатынастары. Қазақстан-тәжік қатынастарының шарттық-құқықтық базасы 50 құжаттан асып түседі, олардың ішінде 2003 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан республикасы арасындағы қатынастардың негіздері туралы шарт, сондай-ақ 2002 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы қатынастарды одан әрі дамыту туралы декларация базалық құжаттар болып табылады.

1995 жылғы қарашада Тәжікстан Республикасының Президенті Э. Рахманов Қазақстанға жұмыс бабындағы сапармен келді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Тәжікстанға 2000 жылғы маусымда барған ресми сапары екі жақты қатынастарды дамытуға маңызды серпін берді, оның қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы мен ТР арасындағы қатынастарды одан әрі дамыту туралы декларацияға, сондай-ақ бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдерге қол қойылды.

Қазақстан мен Тәжікстан өңірлік қауіпсіздік және экономикалық ықпалдастық мәселелерінде ойдағыдай өзара іс-қимылдар жасауда, ЕурАзЭқ-ға, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, ШЫҰ-ға, ШҚҰЫ-ға қатысушылар болып табылады.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық достық арнасында дамып келеді. 1999 жылы қазақстан делегациясы Саманидтер мемлекетінің 1100 жылдығын мерекелеу жөніндегі іс-шараларға қатысты. Орталық Азия елдерінің мәдениет пен өнер қайраткерлерінің 1999 жылғы қыркүйекте Астана қаласында болған кездесуі, сондай-ақ Қазақстан киносының 2004 жылғы тамызда Душанбе қаласында өткен апталығы екі ел жұртшылығының қалың қауымында игі әсер қалдырды.

Қазақстан-түрікмен қатынастары. Қазақстан-түрікмен қатынастарының шарттық-құқықтық базасын 45-тен астам құжат құрайды. Олардың ішінде 1993 жылғы 19 мамырдағы Достық қатынастар және ынтымақтастық туралы шарт және 1997 жылғы 27 ақпандағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы декларация іргелі құжаттар болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев Түрікменстанға 1993 жылғы мамырда және 1997 жылғы 27 сәуірде ресми сапарлармен барды.

Түрікменстан Президенті С. Ниязов Қазақстанға 1997 жылғы ақпанда және 2001 жылғы шілдеде ресми сапарлармен келді.

Қазақстан мен Түрікменстанның қатысуымен мұнай құбыры мен газ құбырын салу жобаларын іске асыру жөніндегі мәселелердің пысықталуын жеделдету қажеттігін ерекше атап көрсету.

Көлік және коммуникация саласында екі ел арасындағы теміржол магистральдарын салу жобасын іске асырудың ерекше маңызы бар.

1999 жылы қол қойылған мәдени ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім мәдени-гуманитарлық саладағы екі жақты ынтымақтастықтың негізін құрайды. 1998 жылғ қыркүйекте Түрікменстанда Қазақстан мәдениетінің күндері өткізілді. 2004 жылғы желтоқсанда Ашхабадта Қазақстан өнер шеберлерінің концерті ұйымдастырылды.

Қазақстан-өзбек қатынастары. Қазақстан-өзбек қатынастары жеткілікті дәрежеде тұрақты дамып келеді. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, ШЫҰ-ға, ЕурАзЭҚ-ға, сондай-ақ лаңкестікке, саяси және тұрақтылық пен қауіпсіздіктің өзге де қатерлеріне қарсы күрес жөніндегі бірлескен іс-қимылдар туралы шартқа қатысушы болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Өзбекстанға 1998 жылғы қазандағы ресми сапары барысында Мәңгілік достық туралы шартқа қол қойылды.

ӨР Президенті И. Каримовтың Қазақстанға 2002 жылғы қыркүйектегі ресми сапары барысында Қазақстан Республикасы мен ӨР арасындағы мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелерін қайта белгілеу туралы Шартқа қол қойылды, ол мемлекеттік шекараның заңжүзілік сипаттамасы жөніндегі келіссөз үрдісінің аяқталуын тиянақтады.

Еркін сауда аймағын құру жөніндегі құжатты пысықтаудың ерекше мәні бар, ол Орталық Азия мемлекеттері одағы мен ортақ нарық құру туралы бастаманы іске асырудың маңызды кезеңі болып табылады.

Өзбекстанда қазақ диаспорасының және Қазақстанда өзбек диаспорасының болуы мәдени-гуманитарлық қатынастардағы маңызды көріністердің бірі болып табылады.

Қазақстан-украин қатынастары. Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 22 шілдеде орнады.

2005 жылғы 30–31 мамырда Украина Президенті В. Ющенко Қазақстанға ресми сапармен келді, оның барысында бірқатар екі жақты келісімдерге қол қойылды.

2005 жылғы 17–18 қарашада ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев Украинада ресми сапармен болды. Екі мемлекеттің басшылары Бірлескен мәлімдемеге және Қазақстан-Украина іс-қимылдарының 2005–2006 жылдарға арналған жоспарына («Жол картасы»), сондай-ақ сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойды.

Білім беру саласындағы екі жақты байланыстардың әлеуеті мамандар даярлау мүмкіндіктерінде, оқу орындарын лицензиялауда, аттестациялауда және тіркеуде, нормативтік құқықтық және материалдық базаларды бірлесіп дамытуда, екі елдің жоғары білім беру, ҒЗИ және жоғары оқу орындары саласында мамандар даярлау мен қайта даярлауда болып отыр.

2005 жылғы 21 мамырда Синельников қаласында 19-жекеше атты әскер корпусының жауынгері А. Жамбыловқа – қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың ұлына орнатылған ескерткіштің ашылу рәсімі болды.

Қазақстан -Ресей қатынастарының дамуы.

Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының Ресей бағыты аса маңызды және басым бағыт болып табылады. Қазақстан-Ресей қатынастары сенімнің, стратегиялық әріптестіктің және одақтастықтың жоғары деңгейде болуымен сипатталады.

Экономикалық, саяси, гуманитарлық және басқа салалардағы аса маңызды мәселелерді дәйектілікпен және серпінді түрде шешу екі жақты қатынастардынақты стратегиялық әріптестік деңгейіне шығарды.

Тәуелсіз даму жылдары ынтымақтастықты ұлғайта отырып, Қазақстан мен Ресей қуатты шарттық-құқықтық базаның негізін ойдағыдай қалады және дамытып келеді. Бұл ең алдымен 1992 жылғы мамырда жасасылған Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарт.

Экономикалық, қаржылық, гуманитарлық және мәдени, әскери және әскери-техникалық ынтымақтастыққа қатысты маңызды екі жақты құжаттармен бірге 1992 жылғы базалық Шарт және Декларация біздің елдердің нақты стратегиялық әріптестігінің негізі болып табылады.

Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының жемістілігі әріптестік стратагиясының бастау көзінде Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаев пен Ресейдің тұңғыш Президенті Б. Н. Ельциннің тұрғанына байланысты болып отыр, олар біздің мемлекетаралық қатынастарымыздың іргелі негізін қалады.

Тәуелсіз даму кезеңімен байланысты қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресей өзінің өзара іс-қимылында бірнеше кезеңнен өтті.

1993 жылы әскери-саяси және әскери-техникалық ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық саласында белгілі жетістіктерге қол жеткізілді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Ресей Федерациясына 1994 жылғы наурызда болған тұңғыш ресми сапары екі елдің сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және гуманитарлық салалардағы ықпалдастығын кеңейтіп тереңдету кезеңіне негіз қалады. Сапар барысында қол жеткізілген ауқымды 22 келісімнің арасында мемлекеттер басшыларының Қазақстан мен Ресейдің экономикалық ынтымақтастығы мен ықпалдастығын одан әрі тереңдету туралы шартты, Қазақстан мен Ресей арасындағы бір-бірінің аумағында тұрақты тұратын азаматтардың азаматтық және құқықтық мәртебесіне байланысты мәселелерді шешудің негізгі принциптері туралы меморандумды және «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі принциптері мен шарттары туралы келісімді ерекше атап өту қажет.

2003 жылды екі мемлекет басшылары Ресейдегі Қазақстан жылы деп жариялады.

Ресей-Қазақстан ынтымақтастығы екі жақты нысанда да, көп жақты негізде де – ТМД, ЕурАЗЭҚ, ҰҚШҰ, ШЫҰ, «Орталық Азия ынтымақтастығы ұйымы» (ОАЫҰ) шеңберінде дамытылып отыр.

Егеменді Қазақстан (1986-...)
Тарихи хроника
Қазақстан және тәуелсіз мемлекеттер достастығы