«ЕУРОПАҒА ЖОЛ» мемлекеттік бағдарламасы

2009–2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 6 ақпандағы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылды.

Бағдарламаны қабылдау қажеттілігі елдің ішкі дамуының өзекті міндеттерін шешудің, еуропалық бағыттағы ұлттық басымдықтарды әзірлеудің, тарихи қалыптасқан байланыстарды нығайтудың, еуропалық интеграция және институционалдық-құқықтық реформалар тәжірибесіне сүйенудің, технологиялық, энергетикалық, көлік, сауда, гуманитарлық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығынан туындады.

ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер сыртқы істер министрлерінің Мадридтегі кездесуі Қазақстанға ЕҚЫҰ-да 2010 жылы көшбастаушылық жөніндегі беделді және сонымен бірге жауапты міндетті жүктеді.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастығы негізгі үш бағытта іске асырылуда, олар: саясат және қауіпсіздік мәселелері; экономика және экология; демократия және адам құқытары.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы біздің мемлекетіміздің халықаралық беделінің нәтижесі болып табылады.

2010 жылдың басынан Қазақстан ЕҚЫҰ-ға Төрағалық ете бастады. Қолданыстағы ережелерге орай ЕҚЫҰ-ның Төрағасы Мемлекеттік хатшы – Қазақстан Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев болды. Қазақстан, Прибалтиканы қоса алғанда, посткеңестік елдердің ішінде әлемнің демократиялық дамыған елдері негізін қалаған осынау беделді халықаралық ұйымды басқару құрметіне ие болған бірінші ел.

2010 жылғы 14 қаңтарда Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңесінің Венада өткен отырысна қатысушыларға Үндеу жолдады.

Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері:

Бағдарламаның мақсаты Қазақстан Республикасының Еуропаның жетекші елдерімен стратегиялық серіктестік деңгейіне шығуы болып табылады.

Бағдарламаның аталған мақсатына қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді шешу көзделеді:

1. Қазақстан Республикасының Еуропа мемлекеттерімен мынадай бағыттар бойынша:

o технологиялық;

o энергетикалық;

o көлік саласында;

техникалық реттеу және метрология саласы;

o сауда-экономикалық;

o шағын және орта бизнесті дамытуда;

o өмір сүру сапасы саласында;

o гуманитарлық өлшем тұрғысындағы ынтымақтастықты дамыту және тереңдету.

2. оң сипаттағы еуропалық тәжірибені пайдалана отырып, қазақстандық институционалдық-құқықтық базаны жетілдіру;

3. Қазақстан Республикасының 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі үшін жағдай жасау.

Ұлттық қауіпсіздіктің сыртқы саяси қырлары

Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ). Халықаралық қауымдастық ядролық қарусыздандыру саласындағы басты құжатты – Ядролық қаруды таратпау туралы шартты (ЯҚТШ) орындау жөнінде батыл іс-шаралар қолданудың өткір қажеттігін толық дәрежеде түсінуге тиіс. Бұл үрдісте «ядролық бестік» (АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Қытай) елдеріне ерекше жауапкершілік жүктеледі.

Қазақстан ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартқан мемлекет ретінде ядролық қарудың таралмауы және оған бақылау орнату саласында белсенді саясат жүргізеді.

Өзінің тәуелсіздігі кезінде Қазақстан елдің ядролық қарудың таралмау режимін нығайтуға деген бекем ниетін дәлелдеген бірқатар нақты шараларды жүзеге асырды. Оларға мыналар жатады:

· Семей ядролық-сынақ полигонын жабу;

· Қазақстанның ядролық қарусыз мемлекет ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылуы;

· барлық ядролық оқтұмсықтарды Қазақстан аумағынан әкету;

· бұрынғы КСРО-ның мирасқоры ретінде АҚШ пен КСРО арасындағы стратегиялық шабуыл қару-жарағын қысқарту және шектеу туралы шартқа қатысу;

· бұрынғы КСРО-ның мирасқоры ретінде КСРО мен АҚШ-тың орта және шағын қашықтықтағы ракеталарды жою туралы шартқа қатысу;

· Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттікке (МАГАТЭ) мүшелікке өту және республиканың барлық ядролық нысандарына МАГАТЭ-нің кепілдігін орнату;

· бұрынғы әскери кешендерде қолданыста болған сынақ полигондары мен ғылыми-техникалық әлеуеттердің инфрақұрылымын конверсиялау;

· Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа қол қою, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және Жаһандық мониторингілік желіге енгізілген сейсмикалық стансаларды жаңғырту жөніндегі белсенді жұмыс.

Семей ядролық сынақ полигонының КСРО-ның өмір сүруі кезеңінде-ақ 1990 жылы жабылғаны ядролық қаруды таратпау жөніндегі болашақ саясаттың негізін қалаған алғашқы қадам еді.

Қазақстан Лиссабон хаттамасына қатысушылардың арасында ядролық қаруды тасымалдауға қатысты ережені бірінші болып іске асырды – 1995 жылғы 30 мамырда Семей полигонындағы оқпанда орналасқан соңғы ядролық сынақ зарядын жойды.

«Ядролық мұраны» жоюмен бір мезгілде Қазақстан қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту бағытын жүргізе бастады. Республика мемлекеттің ядролық қарусыз мәртебесін тиянақтаған ЯҚТШ-ға қол қойды және бұл шартты 1993 жылғы 13 желтоқсанда бекітті.

Қазақстан Ядролық қаруды таратпау жөніндегі 1995 жылғы шартқа қатысушылардың конференциясы барысында қабылданған және ЯҚТШ-2000 конференциясының барысында қолдау тапқан «Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану принциптері мен мақсаттарын» толық қолдады, оларда ядролық қарудан азат аймақтар құруды көтермелеу туралы ереже басым міндеттердің бірі ретінде негізделген.

Қазақстан Республикасы ЯҚТШ-қа қатысушы мемлекеттердің 2005 жылғы мамырда Нью-Йоркте өткен конференциясына қатысты.

Қазақстан Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың жобасын әзірлеу жөніндегі келіссөз үрдісіне белсене қатысады. Орталық Азия мемлекеттерінің өңірде 1997 жылғы 28 ақпандағы Алматы декларациясында айтылған бастамасы ядролық қаруды таратпау режимін нығайтудағы маңызды қадамға айналуға тиіс.

Қазақстанның бастамасы бойынша 2009 жылы 2 желтоқсанда БҰҰ тарапынан «29 тамыз (Семей полигонының жабылған күні) – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың халықаралық күні» деп жарияланды. БҰҰ-ның Бас хатшысы Қазақстан Респубикасы Президентінің «ядролық қарусыз әлем» ойын қолдады.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) шақыру туралы идеяны тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 1992 жылғы қазанда болған 47-сессиясында ұсынды.

Қазақстан басшысы өзінің сөйлеген сөзінде бұл бастаманың мәні Азия өңірінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тиімді де әмбебап құрылым құру жөніндегі бұрын сәтсіз аяқталған әрекетті жаңартуға ұмтылуда екенін атап көрсетті. Әлемнің басқа өңірлерінен өзгеше түрде Азиядағы мұндай құрылым әлі жасақталған жоқ еді.

1993 жылдан 1998 жылға дейінгі кезеңде Азия елдері сыртқы істер министрлері сарапшыларының кездесулері өткізілді. АӨСШК-нің базалық құжаттарының жобаларын — «АӨСШК рәсімінің ережелерін», «АӨСШК принциптерінің декларациясын», «АӨСШК құрылымдары мен институттарын» әзірлеу үшін Арнаулы жұмыс тобы (АЖТ) құрылды.

1999 жылғы қыркүйекте АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің Алматы қаласында өткен 1-кездесуі және оның барысында АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің арасындағы қатынастарды реттейтін принцип декларациясына қол қою, Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың көп жақты тетігін құру жөніндегі бастамасын ұсынған сәттен бастап, Қазақстан дипломатиясының аса ірі жетістігіне айналды. Сөйтіп тұңғыш рет, өңірде тұрақтылықты қамтамасыз ету нақты іс-қимылдары, шаралары мен тетіктері бар азиялық қауіпсіздік жүйесінің заң жүзіндегі негізі қаланды.

2002 жылғы 3–5 маусымда Алматы қаласында АӨСШК-нің тұңғыш саммиті өткізілді, оған Қазақстан, Ресей, Қытай, Пәкістан, Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстан президенттері, Әзірбайжан мен Үндістанның премьер-министрлері, Иранның, Египеттің, Палестина мен Израильдің уәкілетті ресми тұлғалары, АҚШ, Индонезия, Малайзия, Жапония, Таиланд, Вьетнам, Украина және Корея Республикасы бақылаушы-мемлекеттерінің өкілдері, сондай-ақ ЕҚЫҰ, БҰҰ және АМЛ-ның (Араб мемлекеттері лигасы) бақылаушы-ұйымдарының басшылығы қатысты.

Саммит барысында Алматы актісіне, Лаңкестікті жою және өркениеттер арасындағы пікір алысуға жәрдемдесу туралы декларацияға қол қойылды.

2004 жылғы қазанда Алматы қаласында АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің 2-кездесуі өтті. Таиланд Корольдігінің АӨСШК-ге мүше он жетінші мемлекет болып қабылдануы кездесу алдындағы елеулі оқиға болды.

Кездесуге қатысушылардың пікірі бойнша, АӨСШК-нің қабылданған Сенім шаралары каталогінің маңызына баға жетпейді. Азия өңірі тарихында тұрақтылық пен қауіпсіздіктің кең ауқымы бойынша мемлекеттердің жан-жақты ынтымақтастығын көздейтін соншалықты ауқымды құжат тұңғыш рет дүниеге келді.

АӨСШК саммиті мен министрлер кездесуінің шешімдерін іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастыру шеңберіндегі басты мақсаттар мыналар болып табылады:

1. АӨСШК Хатшылығы туралы келісім жобасын әзірлеу және Хатшылықты құру. 2004 жылдан бастап осы құжатты әзірлеу жөніндегі Арнаулы жұмыс тобының (АЖТ) ауқымында белсенді жұмыс жүргізілуде, ол Мәжіліс Хатшылығын құрудың және оның жұмыс істеуінің құқықтық негізін қалады.

2. Сенім шаралары кешенін іске асыру тетіктерін әзірлеу. Сенім шараларының мұндай кешені бүгінгі таңда соншалықты кең ауқымдағы аяда тек Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның (ЕҚЫҰ) құжаттарында ғана, соның ішінде 1990 жылғы Вена құжатында баянды етілген.

2005 жылғы желтоқсанда Алматы қаласында құрылған АЖТ-ның алғашқы отырысы өтті, оның АӨСШК-нің Сенім шаралары каталогін жүзеге асыру тетіктерін әзірлеу тұрғысынан зор практикалық маңызы болды, оның ережелерін мүше-мемлекеттер еріктілік және өздері үшін қолайлы аядағы принциптер негізінде орындауға уағдаласты. «Төрағаның ой-тұжырымы» атты құжат барлық мүше-мемлекеттерге алдын ала жіберілді, онда Қазақстанның осы сенім шараларын алғашқы кезеңде іске асыру жөніндегі ұсыныстары көрсетілді. Қазақстан тарабы АЖТ-ға барлық мүшелердің арасында бұдан былайғы жұмыс үшін өзінше бір тұғырнама болған маңызды екі құжатты әзірлеудің пайдалылығы туралы келісімге қол жеткізе алды.

Біріншісі – Қазақстан Республикасының ұсыныстары негізінде әзірленген «АӨСШК-нің сенім шараларын іске асыру жөніндегі кооперативтік көзқарастар» («Кооперативтік көзқарастар»), ол тиісті бағыттар бойынша сенім шараларын айқын бөлісуді көздейді және онда оларды жүзеге асырудың іргелі тетігі баяндалған.

Екіншісі — «Мүше -мемлекеттердің АӨСШК-нің сенім шараларын экономикалық, экологиялық және гуманитарлық өлшемдерде және жаңа бой көтерулер мен қауіп-қатерлерге қарсы күрес саласында қолдануға әзірлеу жөніндегі ұсыныстары» («Ұсыныстар»), бұларда қатысушы-елдердің оларды іске асыру тетіктерін нақтылау тұрғысындағы егжей-тегжейлі ұсыныстары жинақталған.

Азия өңірінде, соның ішінде АСЕАН-ның (Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы) қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Өңірлік форумы (АӨФ) шеңберінде сенім шараларын әзірлеуге тырысушылық орын алуда.

Қазіргі кезде АӨСШК-нің Әзірбайжан, Ауғанстан, Египет, Израиль, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан мүше-мемлекеттері; Индонезия, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Украина, АҚШ, Вьетнам бақылаушы-мемлекеттері болып табылады, ал БҰҰ, ЕҚЫҰ, АМЛ бақылаушы ұйымдарға жатады.

2006 жылғы 17 маусымдағы саммит барысында хатшылық туралы келісімге (Алматы немесе Астана қалаларында штаб-пәтері бар) қол қою Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті институттық тұрғыда нығайтуға қосылған елеулі үлес болды.

2008 жылғы 25 тамызда Алматы қаласында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сыртқы істер министрлерінің үшінші кездесуі өтті. Ол тындырылған жұмыстың қорытындыларын шығарды және жаңа мүше елдер ретінде Иордания мен Біріккен Араб Әмірлігінің кіруін құттықтады, сондай-ақ «АӨСШК-нің сенім шараларын іске асырудағы прогресі» Декларациясын қабылдады.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторларының бірі

Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан сыртқы істер министрлері орынбасарларының 1992 жылғы қыркүйекте Минск қаласында болған аталмыш елдердің Қытай Халық Республикасымен мемлекеттік шекаралары проблемасы жөніндегі кездесулері мен келіссөздерінің қорытындыларын әуелі «Шанхай бестігі», содан соң Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) шеңберіндегі мемлекеттер ынтымақтастығының бастау алуы деп есептеуге болады.

1996 жылғы 26 сәуірде Шанхай қаласында бес мемлекет басшылары Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы арасындағы шекара ауданында әскери саладағы сенім шараларын нығайту туралы тарихи келісімге қол қойылды (1998 жылғы 7 мамырда күшіне енді).

1997 жылғы 24 сәуірде елдердің басшылары Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы арасындағы шекара ауданында қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісімге қол қойды (1999 жылғы 6 тамызда күшіне енді).

Екі келісімнің қолданылу мерзімі – 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін және кейіннен бес жылға ұзартылады.

Шанхай және Мәскеу келісімдері Азия өңірінде тұңғыш рет қабылданған бірегей тарихи әскери-саяси құжаттар болып табылады.

1998 жылғы 3 шілдеде Алматы қаласында Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы мемлекеттері басшыларының кездесуі өтті, оған Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Е. М. Примаков қатысты. Сыртқы істер министрлері Алматы кездесуіне қатысушылардың Бірлескен мәлімдемесіне қол қойды. Құжат «Орталық Азияда және жалпы Азия құрлығында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қарау үшін қажетіне қарай сыртқы істер министрлерінің сарапшылары, Үкімет басшылары мен мемлекеттер басшыларының деңгейінде кездесулер шақыру туралы» уағдаластықты баянды етті.

1999 жылғы 24–25 тамызда Бішкек қаласында «Шанхай бестігінің» саммиті өткізілді, онда Бішкек Декларациясына, сондай-ақ Бес ел арасындағы үш елдің мемлкеттік шекараларының түйісетін жерлері туралы келісімге қол қойылды.

Қабылданған уағдаластықтарды іске асру мақсатында Алматы қаласында (1998 жылғы 3 шілде) және Бішкек қаласында (1999 жылғы 25 тамыз), Қырғызстан астанасында 1999 жылғы 30 қараша-2 желтоқсанда бес мемлекеттің құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтері басшыларының кездесуі болды, ол халықаралық лаңкестікке, есірткілер мен қарудың контрабандасына, құпия көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық мәселелеріне арналды.

2004 жылы ШЫҰ Лаңкестікке қарсы өңірлік құрылым (ЛҚӨҚ) – ШЫҰ-ға мүше елдердің құзыретті органдарының лаңкестікке, сепаратизм мен экстремизмге қарсы күрестегі өзара іс-қимылын үйлестіріп, нығайтуға жәрдемдесу мақсатында тұрақты әрекет ететін орган құрылды.

ШЫҰ-ның 2002 жылғы 7 маусымда Санкт-Петербургте өткен саммитінде ШЫҰ ЛҚӨҚ туралы Хартия мен келісімге қол қойылды.

2003 жылғы 28 мамырдан 29 мамырға дейін Мәскеу қаласында өткен ШЫҰ-ның кезекті саммитінде ұйымды құжат жүзінде рәсімдеу аяқталды.

Мемлекеттердің басшылары ұйымның эмблемасы мен туын бекітті, сондай-ақ ШЫҰ-ның атқарушы хатшысы қызметі белгіленіп, оған Қытай өкілі – ҚХР-дың Мәскеу қаласындағы елшісі Чжан Дэгуан атқарушы болып тағайындалды.

ШЫҰ органдары:

· Мемлекеттер басшыларының кеңесі;

· Үкіметтер басшыларының (премьер-министрлер) кеңесі;

· Сыртқы істер министрлерінің кеңесі;

· Министрліктер және/немесе ведомстволар басшыларының кеңесі;

· Ұлттық үйлестірушілер кеңесі;

· Хатшылық;

· Лаңкестікке қарсы өңірлік құрылым (ЛҚӨҚ);

· ЛҚӨҚ кеңесі

Қазіргі кезеңде мемлекеттердің басшылары ШЫҰ-ның алдына екі бірдей міндет – қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту міндеттерін қойды.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі мәселелерін шешу

1996 жылдан бастап арнайы құрылған бес жақты тұрпаттағы құрылым – Каспий жағалауы мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейіндегі Арнаулы жұмыс тобы (АЖТ) жұмыс істейді. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін реттеу жөніндегі келіссөздер он жылдан астам уақыт бойына жалғасып келе жатқанына қарамастан, осы үрдіске қатысушылардың ұстанымында елеулі айырмашылықтар орын алып отыр.

Мәселелердің Каспий топтамасын талқылау үшін жағалаудағы мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің екі кеңесі өткізілді және «Каспий бестігі» басшыларының саммиті (2002 жылғы 23–24 сәуірде Ашхабад қаласында) ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасының Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі ұстанымы БҰҰ-ның теңіз құқығы жөніндегі 1982 жылғы конвенциясының теңіздің түрлі учаскелерінің режиміне және еніне қатысты жекелеген ережелерін Каспийге қатысты да қолдануда олып отыр.

Балық аулау және биоресурстарды пайдалану мәселелеріне қатысты Қазақстан оларды тиісті аймақтарда, сондай-ақ ашық теңізде балық аулаудың келісілген үлестемесі және кәсіпшілікті лицензиялау негізінде жүзеге асыру қажет деп есептейді.

Теңіз бетінің қалған бөлігіне (ашық теңізге) жағалаудағы мемлекеттердің сауда кемелері үшін кеме қатынасы бостандығы режимін қолдану қажет. Келісілген бағыттар бойынша авиация қатынастарына теңіздің үстіндегі әуе кеңістігі де еркін болуға тиіс.

Каспийдің табаны мен ресурстарын Қазақстан Каспий жағалауындағы мемлекеттердің арасында аймақтарға бөлу қажет деп есептейді, олардың шегінде бұл мемлекеттер табиғат ресурстарына барлау жүргізуге және оларды өндіруге айрықша құқықтар алуға тиіс.

Транзит мәселесі жөнінде ішкі құрлықтық Каспий мемлекеттері (Қазақстан, Әзірбайжан, Түрікменстан) бірқатар халықаралық әмбебап шарттарға сәйкес Ресей Федерациясы мен Иран Ислам Республикасының аумақтары арқылы барлық көлік құралдары басқа теңіздер мен әлемдік мұхитқа қол жеткізуі үшін транзит еркіндігін пайдалануға тиіс.

Су асты кабельдері мен құбыр желілерін төсеу бағыттарын белгілеу жөнінде Қазақстан тараптың келісуімен, олар төселуге тиіс теңіз түбінің учаскесі арқылы тиісті жобаларды іске асыруды ұсынады.

Каспийдің солтүстік бөлігі табанының шекаралық аражігін ажырату мәселесі 1998 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қойнауды пайдалануға егеменді құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізінің солтүстік бөлігі табанының шекаралық аражігін ажырату туралы келісімге және 2002 жылғы 13 мамырдағы осы келісімге тіркелген хаттамаға қол қою жолымен анықталды, олар 2003 жылғы 16 мамырдан күшіне енді.

2001 жылғы 29 қарашада Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы Каспий теңізі табанының шекаралық аражігін ажырату туралы келісімге және осы келісімге тіркелген 2003 жылғы 27 ақпандағы хаттамаға қол қойылды. Бұл құжаттар тиісінше 2003 жылғы 18 шілдеде және 30 желтоқсанда күшіне енді.

Сондай-ақ 2003 жылғы 14 мамырда Қазақстан, Әзірбайжан және Ресей арасында Каспий теңізі табанының шектес учаскелерінің шекаралық аражігін ажырату шебінің түйіскен жері туралы келісім жасалды. Бұл құжат 2004 жылғы 7 қаңтарда күшіне енді.

Каспийдегі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында 2003 жылғы 4 қарашада Каспий теңізінің теңіз алабын қорғау жөніндегі шектеулі конвенцияға қол қойылды. Бұл құжат Әзірбайжанның оны іске асыру үшін қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді орындамауына байланысты күшіне енген жоқ.

Қазақстан Республикасының шектес мемлекеттермен мемлекеттік шекарасын белгілеу

Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік егемендікті нығайту жөніндегі алғашқы кезектегі міндеттердің қатарында шектес мемлекеттермен шекараны заң жүзінде рәсімдеу қажеттігі туды, өйткені шекара мәселесі әрбір мемлекет үшін ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аумақтық тұтастық пен тәуелсіздікті сақтау тұрғысында өте маңызды болып табылады.

Халықаралық құқықтың дербес субъектісі ретінде Қазақстан өз аумағына қол сұғылмау құқығына ие, оның ауқымында өз егемендігін жүзеге асырады. Мемлекеттік шекара этникалық аумақтың шегін айқындайды, ал оның негізгі мақсаты да осында.

Қазақстанның 2030 жылғы дейінгі дамуы стратегиясында саяси міндет – Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті қойылды. Оны іске асыру көпшілік жағдайда шекараларды айқындау мәселелеріне қатысты болып келеді.

Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасын белгілеу. 1991 жылғы дейін Қытаймен келіссөзді кеңестік үкімет делегациясы Қытаймен шектес одақтас республикалар өкілдерінің қатысуымен жүргізді. 1992 жылы Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасы үкіметтерінің арасында Қытай Халық Республикасымен шекаралық мәселелер бойынша 1992 жылғы 8 қыркүйектегі келісімге сәйкес ҚХР-мен келіссөз жүргізу үшін КСРО-ның үкіметтік делегациясының орнына Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасы үкіметтерінің бірлескен делегациясы жасақталды.

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылғы 17 шілдедегі қаулысы негізінде Қазақстан делегациясы Қытаймен келіссөзге кірісті.

Шекараны белгілеу жөніндегі келіссөздер 1992 жылдан 1998 жылға дейінгі кезеңде жүргізілді, ал шекараны ажыратып, таңбалау 2002 жылы толық аяқталды.

Келіссөз барысының негізіне Ресей Империясы мен Қытай арасында сонау XIX ғасырда жасалған сегіз шарт пен хаттама алынды.

Қазақстан Республикасы мен ҚХР арасындағы шекараны белгілеу жөніндегі келіссөздердің қорытындылары бойынша халықаралық шарттарға қол қойылды, бұл шарттарда Қазақстан-Қытай шекарасының шебі өтетін жерлер дәл айқындалып егжей-тегжейлі сипатталды.

Шекараны таңбалау жұмыстары алты жұмыс тобы 1996 жылғы шілдеден 2001 жылғы желтоқсанға дейінгі кезеңде жүзеге асырды және 2002 жылғы 10 мамырда Пекин қаласында Қазақстан Республикасы үкіметі мен Қытай Халық Республикасының үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының шебін таңбалау туралы Хаттамаға қол қоюмен аяқталды.

Таңбаланған шекараның жалпы ұзындығы 1 782,75 км. құрады, олардың ішінде құрлықтық шекара – 1 215,86 км, су шекарасы – 566,89 км-ге жуық.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы. 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алматы декларациясы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) шеңберінде ынтымақтастық принциптерін сақтау туралы 1992 жылғы 14 ақпандағы Декларация, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің егемендігін, аумақтық тұтастығы мен шекараларына қол сұқпаушылықты сақтау туралы 1994 жылғы 15 сәуірдегі Декларация, мәңгілік достық туралы екі жақты шарттар бұрынғы КСРО-ның әкімшілік-аумақтық шекарасының аражігін ажыратудың танылуын баянды еткен жалпы сипаттағы құқықтық құжаттар болып табылады.

Қазақстан тарабы мемлекеттік шекараны белгілеу жөніндегі жұмысты Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасымен, Ресей Федерациясымен, Түрікменстанмен және Өзбекстанмен Мемлекеттік шекараны белгілеу жөніндегі Қазақстан Республикасының Үкіметтік Комиссиясы туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 1 қыркүйектегі №1283 қаулысына сәйкес жүзеге асырды.

Қырғызстан. Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын белгілеу жөніндегі келіссөздер 1999 жылғы қарашадан 2001 жылғы желтоқсанға дейін жүргізілді және мемлекет басшыларының Астанада 2001 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-қырғыз мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қоюымен аяқталды.

Бірлескен шекараның жалпы ұзындығы 1241,58 км-ды құрады.

Түрікменстан. Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекарасын белгілеу және таңбалау туралы шартқа 2001 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында мемлекет басшылары қол қойды.

Қазақстан-түрікмен шекарасын белгілеу жөніндегі келіссөздер 2000–2001 жылдары жүргізілді. Тараптарда Қазақ КСР-і мен Түрікмен КСР-і арасында 1972 жылы келісілген шекара шебіне түзету енгізу жөнінде ұсыныстар туындаған жоқ.

Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекарасының құрлықтық телімінің ұзындығы 426,08 км-ды құрайды.

Бірлескен шекараны таңбалау жөніндегі іс-шаралар 2003 жылы басталды. Тараптар шекараға шекаралық белгілер орнатуға 2005 жылы кірісті.

Өзбекстан. Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын белгілеу үдерісі 2000 жылдан 2002 жылғы дейін жүргізілді, оны екі кезеңге бөлуге болады.

Бірінші. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы қазақстан-Өзбек мемлекеттік шекарасы туралы 2001 жылғы 16 қарашада астана қаласында мемлекеттер басшылары қол қойған шартты әзірлеу, шекара шебінің 96% -ын айқындады.

Екінші. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбек мемлекеттік шекарасының жекелеген телімдері туралы Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері 2002 жылғы 9 қыркүйекте Астана қаласында қол қойған шартты дайындау, ол бірлескен шекара шебін айқындауды толық аяқтады. Екі шарт 2003 жылғы 5 қыркүйекте күшіне енді.

Шекараның жалпы ұзындығы 2150 км-ге жуық.

Қазақстан-Өзбек шекарасын таңбалау үрдісі 2003 жылы, ал тікелей далалық жұмыстар – 2004 жылғы 1 сәуірде басталды.

Ресей Федерациясы. Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын белгілеу жөніндегі келіссөздер 1999 жылғы қыркүйектен 2005 жылғы қаңтарға дейін жалғасты.

2005 жылғы 18 қаңтарда Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Ресей Федерациясына ресми сапары барысында мемлекет басшылары Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойды. Бірлескен шекараның жалпы ұзындығы (Каспий теңізіндегі шекараны есептемегенде) 7591 км-ге жуық.

2006 жылғы 12 қаңтарда күшіне енген осы шартқа қол қоюмен Қазақстан шекараның құрлықтық бөлімін барлық периметрі бойынша заң жүзінде рәсімдеуді аяқтады.

Қазақстан мемлекеттік шекарасында шектес мемлекеттердің шекараларымен түйісетін төрт меже бар.

· Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісетін межесін айқындау туралы 1999 жылғы 5 мамырдағы келісімге және Қазақстан Республикасы

· Қытай Халық Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекарасының түйісетін межесі туралы 1999 жылғы 25 тамыздағы келісімге үш жақты тұрпатта қол қойылып, күшіне енді

· Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісетін межесі туралы 2001 жылғы 15 маусымда қол қойылған келісім

Мемлекеттік шекараның жалпы ұзындығы 13200 км-ге жуық (Каспий теңізінде шекараны есептемегенде), олардың ішінде:

· Қытай Халық Республикасымен – 1782,75 км;

· Қырғыз Республикасымен – 1241,58 км;

· Өзбекстан Республикасымен – 2150 км;

· Түрікменстан Республикасымен – 426,08 км; Ресей Федерациясымен – 7591 км.

Қазақстан Республикасының қарулы күштерін құру

1992 жылғы 7 мамыр біздің армия тарихының басталған күні деп есептеледі, бұл күні ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды.

Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамына негізінен 40-жалпыәскери армия құрамалары, сондай-ақ ӘӘК (Әскери әуе күштері) және ӘШҚ (Әуе шабуылына қарсы қорғаныс), ТМД-ның Біріккен Қарулы Күштерінің Қазақстан аумағында орналасқан бөлімдері, мекемелері мен ұйымдары кірді.

Елдің Конституциясында былай деп айқындалған: «Қазақстан Республикасын қорғау оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті болып табылады. Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен әскер түрлері бойынша әскери қызмет атқарады».

Қазақстанның әскери заңдарының топтамасы қабылданды:

· «Қазақстан Республикасының Қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» (1993 жылғы 9 сәуір) базалық заң, ол қорғанысты ұйымдастырудың негіздерін, мемлекеттік билік пен басқару органдарының өкілеттіктерін белгіледі.

· Қазақстан Республикасының аумағында әскери қызмет міндетін атқарушы әскери қызметшілердің және әскери қызметтен босаған тұлғалардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысы «Әскери қызметшілерді және Қазақстан Республикасы аумағында әскери қызметтен босаған тұлғаларды әлеуметтік қорғау жөніндегі шаралар туралы» (1992 жылғы 18 наурыз) Заң күші бар Жарлыққа қол қойды.

· «Жалпыға бірдей әскери міндеттілік пен әскери қызмет туралы» (1993 жылғы 19 қаңтар) Заң қабылданды, онда әскери қызметтен өтудің, азаматтарды әскери міндетті өтеуге шақыруға дайындаудың және нақты әскери қызмет өтеуден шығарудың негізгі ережелері, азаматтар мен лауазымды тұлғалардың жалпыға бірдей әскери міндеттілік туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілігі айқындалды. Шақыру бойынша мерзімді қызмет пен келісімшарт бойынша қызметті ұштастыратын аралас негіздегі армияны жасақтау принциптері орнықтырылды.

· «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы» (1993 жылғы 20 қаңтар) Заң қабылданды, онда әскери қызметшілердің мәртебесі мен оларды әлеуметтік қорғау заң жүзінде баянды етілді. Әскери қызметшілердің жауынгерлік борышын орындау кезіндегі құқықтары, бостандықтары, міндеттері мен жауапкершілігі нақты көрсетілді.

Әскери доктринаны дайындау бірінші кезектегі міндет болып белгіленді. Әскери доктрина – мемлекетте соғысты болдырмауға, әскери құрылысқа, елді және оның Қарулы Күштерін агрессияға тойтарыс беруге дайындауға, қарулы күрес жүргізу тәсілдеріне ресми қабылданған көзқарастар жүйесі екенін еске саламыз.

Доктринаны әзірлеу кезінде бастан кешіріп отырған кезеңнің ерекшеліктері, елдерді қарсыластар мен одақтастарға дәстүрлі бөлуге көзқарастың өзгергені ескерілді. Доктринада Қазақстанның соғыс пен бейбітшілік, басқа мемлекеттердің мүдделері мен қауіпсіздігін ескере отырып, өзінің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне жаңа көзқарас қажет екенін басшылыққа алатыны атап көрсетілді. Онда тікелей соғыс қатерін еңсерудің сәті түскені, бірақ әскери қауіп-қатердің әлі де орын алып отырған атап айтылды. Сондықтан елдің қорғаныс қабілетін қорғау мемлекет пен бүкіл халықтың аса маңызды міндеті болып табылады.

Мемлекеттің әскери саясатының құрамдас бөлігі ретіндегі әскери доктрина, бір жағынан, соғысқа жол бермеу шараларын көздеді, екінші жағынан, Қазақстан Республикасының егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын қорғау тәсілдерін айқындады. Бірінші Әскери доктринаны Жоғарғы Кеңес мақұлдады және 1993 жылғы 11 ақпанда ел Президенті бекіткеннен кейін күшіне енді.

Жаңа мемлекеттердің дүниеге келуі бұрынғы Кеңес Одағының ұлан-байтақ аумағындағы геосаяси күштердің орналасуын түбірімен өзгертті. Халықаралық қатынастардың бес субъектісінің – Қазақстанның, Әзірбайжанның, Ресейдің, Түрікменстанның және Иранның ортақ теңізі болып табылатын Каспий мәртебесінің тұрлаусыздығы елеулі проблемаға айналуы мүмкін еді. Бұрыннан орын алған геосаяси теңгерім бұзылды. Осындай жағдайда Президенттің 1993 жылғы 2 сәуірдегі Жарлығымен Әскери-Теңіз күштерін құру көзделді.

Республиканың өзінде сол жылдары офицерлердің барған сайын тұрақтамауының өсе түскенін ескере отырып, офицер кадрлар даярлау мәселесіне баса назар аударылды. Осыған байланысты ел басшылығы, Қорғаныс министрлігі жағдайды тұрақтандыру және осы мәселелерді шешу жөнінде қажетті шаралар қолданды.

· кіші офицерлер құрамын даярлау үшін экстернат ашылды.

· бұрынғы Одақтың басқа өңірлерінде қызмет еткен қазақстандық офицерлерді шақыру

· бөлімдер мен құрамалар командирлерінің жауапты қызметіне жергілікті кадрлар қатарынан жас офицерлерді жоғарылату

· денсаулығына байланысты зейнетте жүрген әскери қызметке жарамды, әскерлерде, басқармаларда және штабтардың бөлімдерінде істеген ұзақ жылғы жұмыс тәжірибесі бар запастағы офицерлер шақырылды

Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н. Ә. Назарбаев ең алдымен Қарулы Күштер құрамаларының, бөлімдер мен бөлімшелерінің, командалық құрам генералдары мен офицерлерінің жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізудегі практикалық машықты игеруге қол жеткізуін, қазіргі заманғы жалпы соғыс қимылын жүргізу үшін қажетті тактикалық ойлау жүйесін әзірлеуін талап етті. Осы мақсатпен әскери жаттығулар белсенді түрде дайндалып, жүргізіле бастады:

· 1993 жылы корпустар мен дивизиялар штабтарының қатысуымен ірі командалық-штабтық жаттығулар өткізілді.

· 1994 жылғы маусымда Аягөз полигонында Қарулы Күштердің басшылық құрамымен және құрамалар мен бөлімдердің командирлерімен жауынгерлік дайындық жөніндегі сынақ сабақтары өткізілді.

· 1994 жылы Отар оқу орталығының негізінде жалпы әскерлік-тактикалық жаттығу өткізілді, оның барысында он тәулік бойына Құрлықтық әскерлердің авиациямен және десанттық бөлімшелермен өзара іс-қимыл үйлесімділігі пысықталды.

· 1995 жылғы қыркүйекте Әскери-әуе күштерінің ұшу-тактикалық кешенді жаттығуы өткізілді.

· 1996 жылғы қыркүйекте Әскери-әуе күштері бөлімдерінің жауынгерлік даярлығын тексеру, штаб қызметі мен әскери күштерді басқару дағдыларын жетілдіру және авиацияның ҚР Қарулы Күштерінің барлық бөлімдерімен өзара іс-қимылын пысықтау мақсатында жаттығулар өткізілді. Жаттығулар аяқталғаннан кейін Жоғарғы Бас қолбасшы Н. Ә. Назарбаев қолбасшыға Қазақстан Республикасы Әскери-әуе күштерінің Туын табыс етті.

1997 жылғы 17 қарашада қол қойғаннан кейін «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін реформалау туралы» Президенттің Жарлығы күшіне енді, ол Қарулы Күштерді бейбіт уақытта басқаруда елеулі өзгерістер енгізілмей, өзінің міндеттерін ерекше кезеңде орындауға қабілетті, қазіргі заманғы құрылымын құруды көздеді.

Қарулы Күштерді басқару жүйесіне жүргізілген қайта құру қазақстандық Қарулы Күштердің құрылымын және оларды реформалау бағдарламасын неғұрлым тиімді іске асыра алатын органдар құруға мүмкіндік берді.

Қарулы Күштердің үш түрі – Жалпы мақсаттағы күштер, Әуе қорғанысы күштері, Мемлкеттік шекараны күзету күштері құрылды.

XX ғасырдың 90-жылдарының аяғында ел аумағын әскери-әкімшілік құрылымға бөлу мәселесі өте көкейтесті мәселеге айналды, мұның өзі мыналарға мүмкіндік берген болар еді:

· әскерлер мен әскери объектілерді Қазақстан аумағында шашыратып орналастыру, мұның өзі ұрыс қимылдары кезінде, әсіресе қазіргі заманғы соғыс құралдарын қолдана отырып ұрыс жүргізу кезінде қауқарсыздық дәрежесі мен шығын ауқымын едәуір төмендетер еді;

· жалпы Қарулы Күштердің жұмылғыштығын арттырар еді, түрлі сипаттағы қауіп-қатерлерге олардың бағытына қарамастан неғұрлым жедел әрекет жасауды қамтамасыз етер еді;

· жергілікті мемлекеттік билік пен әскери басқару органдары негізінде қарулы Күштердің резервін құру жөніндегі маңызды міндетті шешу және осы міндеттердің шеңберінде аумақтық қорғаныс жасау туралы бұрынырақ қабылданған шешімдердің практикалық өрісіне көшіру жүзеге асар еді

1970 жылдан жұмыс істейтін Алматы Жоғары жалпыәскери командалық училище (АЖЖКУ) Армияның офицер кадрлар жөніндегі сұранысын қанағаттандырмады. 1999 жылы АЖЖКУ Алматы Жоғары әскери училищесі болып қайта құрылды және көп бейінді оқыту жүйесіне көшірілді. Осы кезде ол 11 мамандық бойынша офицерлер даярлай бастады, соның ішінде: командалық тактикалық мотоатқыштар, танк әскерлері, командалық тактикалық артиллерия, командалық тактикалық автомобиль әскерлері, тәрбие құрылымдарының офицерлері, командалық тактикалық байланыс әскерлері, инженерлік әскерлер, артиллериялық қару-жарақ, тыл қызметтерінің офицерлері даярланады.

1994 жылы азаматтық авиацияның Ақтөбе Жоғары ұшқыштар училищесінің әскери кафедрасы негізінде Әскери-әуе күштері факультеті құрылды, онда курсанттар 8 авиациялық мамандық бойынша оқыды, бұл факультет ӘӘК-нің әскери авиациялық мамандар жөніндегі сапалық және сандық қажеттерін қанағаттандыра алмады. Осыған байланысты 1996 жылы Кеңес Одағының екі мәрте батыры Т. Ж. Бигелдинов атындағы Ақтөбе Жоғары әскери авиациялық училищесі құрылды.

ӘӘК мұқтаждары үшін байланыстың және радиотехникалық қамтамасыз етудің білікті әскери мамандарын даярлау мүмкіндіктерін белсенді түрде іздестіру жалғастырылды.

1996 жылғы маусымда Азаматтық авиация академиясы негізінде әскери факультет құрылды. Факультеттің негізгі міндеті — «радиоэлектроника» бағыты бойынша жоғары білімді мамандар даярлау, аэродромдардың байланыс құралдары мен радиотехникалық жабдығын техникалық пайдалану саласында маманданған радиоинженер кадрларын әзірлеу болды.

1996 жылғы шілдеде Мемлекет басшысы достастық кеңістігінде баламасы жоқ, бірегей кіші командалық буындағы кәсіби кадрлар даярлау жөніндегі әскери оқу орнын – кадет корпусын құру туралы шешім қабылдады.

1997 жылғы ақпанда Алматы Жоғары әскери учлищесінің негізінде Қарулы Күштердің әскери академиясы құрылды.

1999 жылы алғашқы он үш тыңдаушы Әскери академиядағы оқуды ойдағыдай аяқтап, түрлі командалық және штабтық қызметтерде қызмет өткеру үшін әскерлерге жіберілді.

Әскери білім берудің өзіндік жүйесін дамытумен қатарласа Қазақстан офицерлері жетекші шетелдік әскери жоғары оқу орындарына оқуға жіберілді.

Қарулы Күштерді құру жылдарында ел басшылығы жүргізіп отырған сыртқы саяси бағыт шеңберінде халықаралық ынтымақтастықтың берік іргетасы қаланды.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен іске асырылуда. Бағдарлама халықтың үлкен мәдени мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, ұлттық әдебиет пен жазбаның ғасырлар бойындағы тәжірибесін жалпылау, мемлкеттік тілде әлемдік ғылыми ойлар, мәдениет және әдебиет жетістіктерінің үздіктері негізінде толымды қор жасауды зерттеу жүйесін құруды қарастырады.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы рухани және білім беруді дамыту салаларындағы негізгі құжат, стратегиялық ұлттық жоба болып табылады.

2004 жылдан бастап Қазақстан Республикасында Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы іс жүзіне асырылуда.

Бағдарламаның мақсаты – елдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, қалпына келтіру және сақтау, тарихи-мәдени дәстүрлерді жаңғырту, Қазақстанның мәдени мұрасын шет елдерде насихаттау.

Егеменді Қазақстан (1986-...)
Тарихи хроника
«ЕУРОПАҒА ЖОЛ» мемлекеттік бағдарламасы