Қазақстандық ЭКСПО тарихы

(XIX –ғ. екінші жартысы мен XX ғ. басындағы түркістандық көрмелер)

Көрмелер аумақтық, салалық және тақырыптық белгілері бойынша жітеледі. Аумақтық белгілері негізінде негізінен үш түрге бөлінеді. Олар: 1. Халықаралық – әртүрлі елдер өкілдері қатысқан көрмелер. 2. Аймақаралық – бір елдің ішіндегі әртүрлі аймақ өкілдері қатысуымен өткен көрмелер. 3. Аймақтық – бір аймақтағы әртүрлі қалалар мен елді мекендер қатысатын көрмелер.

XIX ғ. соңына қарай әлемнің көптеген елдері мен аймақтарында, солардың қатарында қазақ жерінде де жәрмеңкелік және көрмелік қызмет кең таралды. Қазақстандық кәсіпкерлер жоғарыда аталған көрме түрлерінің барлығына да сол XIX ғасырдан бастап қатысып келеді. Біз оны Түркістандық көрмелер тарихынан-ақ айқын көреміз. 1884 жылы Түркістандық ауыл шаруашылығы қоғамы құрылды. Осы қоғам генерал-губернатор мен егіншілік және мемлекеттік мүлік министрлігінің рұқсатымен өлкелік көрмелер ұйымдастырып отырды. Олардың жалпы саны – 8. 1886, 1890, 1894, 1890, 1900, 1901, 1906 және 1909 жылдары өткізілді.

1886 жылы Түркістандық көрмеге 725 адам, оның ішінде 139 орыс, 586 жергілікті халықтың өкілдері қатысты. Шымкент уезінен – 8, Әулиеата уезінен – 7, Түркістаннан – 3, Перовскіден – 1 экспонент болды. 3 – топта (кустарлық өнеркәсіп) – 459 экспонент, ал 4 – топта (ауыл шаруашылық және техникалық заводтық өңдеу өнімдері) – 50 экспонент болса, жекелеген өндіріс иелерінің арнайы өз павильондары болды. Көрмеде ағайынды Дюршмидтердің өнеркәсіптерінде тазартылған ішектер, Н. П. Савинковтың заводының өнімдері, Әулиеатадағы менониттердің және Пішпектік А. М. Фетисовтың жасаған уызы (ірімшігі) қойылды. Бұлармен бірге Түркістан қаласынан Ақмешіт Базарқұлова тоқыған жібек шәлі өзінің тазалығымен және сәнділігімен көз тартты.

1906 жылғы Ташкенттегі ауыл шаруашылық өнеркәсібі көрмесінің ерекшелігінің бірі, оған тек Түркістандық қана емес Ресейдің әртүрлі аудандарынан да экспонаттардың қатысуы болды. Қолөнер бөлімі үш бөлімшеге еуропалықтардың кустарлық (ұсақ) өндірісі, жергілікті ұсақ өндірушілердің өндірісі және қол өнер деп бөлінді.

1-ші бөлімше көптігі және әртүрлілігімен өзгешеленді. Әсіресе, Собесстің қыш бұйымдары мен Ригадан келген Сидлинидің италиялықтарға өте ұқсас әшекей, мозаикалық заттары ерекшеленіп тұрды. Жергілікті ұсақ өндірісшілердің ішінен Тұрсын Магомедовтың өндірісінің көзешісі үлкен шеберлігі мен икемділігі арқылы ерекше көзге түскен. Қолөнершілер бөлімшесінде көптеген әдемі кілемдер мен әйелдердің сәндік бұйымдары қойылды. Еуропалықтардың кустарлық өндірісі бөлімі бойынша 84 экспонат қойылған, олардың 6-бірінші, 7-екінші, 31-үшінші дәрежедегі сыйлықтарға ие болды. Фабрика-завод өнеркәсібі бөлімінде 27 өндірістен экспонат қойылды.

1909 жылы 13 қыркүйектен 22 қазанға дейін Ташкентте Түркістандық ауыл шаруашылық өнеркәсіптік және ғылыми көрме болды. Бұл көрме Түркістан ауыл-шаруашылық қоғамының 25 жылдығына орай ұйымдастырылды. Оны көруге 158500 адам қатысты, олардың ішінде жергілікті халықтың өкілдері көп болды.

Ұсақ өндіріс пен қолөнер бөлімінде, жергілікті шеберлердің заттары 1894 жылғы Ташкенттегі көрмемен салыстырғанда нашар жиналғандығы атап көрсетілген. Бұл 1909 жылғы көрмеде М. Х. Қабуловтың слесарьлық (темір ұсталығы) бұйымдары, А. Асранқұлов пен Б. Разымовтың аяқ киімдері мен кебістері, К. Шадыбеков пен Н. Ярь-Мухамедовтың тартпалары, қамшысы мен ат әбзелдері, А. Исматуллаевтың ағаш бұйымдары т. б. ерекшеленді. Әсіресе, ташкенттік қолөнер училищесінің оқушылары жасаған жұмыстар көңіл аударарлық болды. Жергілікті қолөнершілер Р. И. Рабинович, Б. С. Гершун және Раговер жасаған зергерлік тігін бұйымдары мен офицерлік киімдері, т. б. ерекшеленіп тұрды. Кейбір жергілікті қолөнершілердің өз павильондары жабдықталды. Көрме соңғы жылдары кілем өндірісінің біршама қысқарғанын да байқатты. Ол ең алдымен жүннің Ресейге көптеп әкетілуіне, соның барысында қымбаттап кетуімен байланысты болды. Қолөнер бөлімінде сырттан келген экспонаттар да орын алды. Олардың ішінен ерекше атауға ие болғандары Москвалық губерниялық земствоның ойыншықтары, «Жако және К» фирмасының қаңылтыр бұйымдары, Тула самаурыны т. б. Көрменің сырттан келгендер, соның ішінде тіпті шет елдерден келгендер де көптеп қатынасқан бөлімі – фабрика-заводтық бөлім болды.

1913 жылы күзде Верныйда Жетісу облыстық ауыл шаруашылық және өнеркәсіптік көрме болды. Көрмедегі экспонаттар тоғыз бөлімге жіктелді. 7–8 бөлімдері қолөнер мен өнеркәсіпке арналды.

Түркістан өлкесі 1870–1913 жылдар аралығында 7 Россиялық, 1873–1914 жылдар арасында 10 бүкіл әлемдік және 1886–1909 жылдар арасында 8 – Түркістандық көрмеге қатысты.

Егеменді Қазақстан (1986-...)
Тарихи хроника
Қазақстандық ЭКСПО тарихы