Малайсары батыр

Малайсары батыр

Малайсары (шамамен 1700–1756 жылдар) – Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі, жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерекше көзге түскен батыр әрі би. Қазіргі Павлодар облысының аумағында дүниеге келген. Арғын ішіндегі бәсентин руынан шыққан. Оның әкесі Тоқтауыл — батыр, балуан, анасы Мөлдір — қалмақтың атақты ноянының қызы, қарындасы Гауһар (Қабанбай батырдың әйелі) — ерлігі аңызға айналған қаһарман қыз болған. Малайсары батыр туралы деректер алғаш рет Шоқан Уәлихановтың жазбаларында кездеседі.

Қазақтың ұлы ғалымының жазуына қарағанда Абылай хан Малайсарының батырлығын, ақылы мен қайратын жоғары бағалаған. Шоқанның қолында болған құнды деректердің бірі Жоңғар қонтайшысы Қалден Сереннің Малайсары батырға «тархан» атағын беру туралы жарлығы. «Тархан» атағы көнеден келе жатқан лауазым, дәреже, бұл атақтың иелері алым-салықтан босатылады, анау-мынау ұсақ қылмыс бойынша тек хан алдында ғана жауап беретін болған. Бұл грамота қалмақ тілінде «тодо бичиг» («төте жазу» — деген сөз осыдан шығады) жазуымен жазылған. Шежіре нұсқаларындағы Малайсарыға қатысты бірсыпыра деректер Мәшһүр Жүсіп жазбаларында кездеседі.

Ол Малайсары батырға қатысты қызықты әнгімелерді қазақ батырларына, оның ішінде Олжабайға арналған аңыздар топтамасында келтіреді. Шежірешінің айтуына қарағанда: «Осы Малайсары өз заманында епетейсіз ірі, дөкей батырдың бірі есепті болған» — деп суреттейді. Малайсарыға қатысты тағы бір деректер жаяу Мұса Байжановтың Қазақ Ұлттық ғылым академиясы кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар бөліміндегі «Абылай ханның 40 батырымен Сарыарқаны қалмақ ханы Қалдан Сереннен тартып алған уақиғасы» деген қолжазбасында кездеседі. Сондай-ақ, келесі ауыз екі мағлұматтар ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ жерінде өлкетану ісімен шұғылданған орыс зерттеушілерінің жазбаларында да бар. Мәселен В. Никитин «Памятники древности Каркаралинского уезда» атты мақаласында (1895 ж.) Қарқаралы тауларындағы тастан қаланған ірі бекініс жүйесін Малайсары атымен байланыстырады.

Малайсары туралы деректерді өткен ғасырдың 90-шы жылдары Ертіс өңірінің белгілі өлкетанушысы Жеңіс Марданов жинақтай бастады. Ертіс бойында қазақ шежіресін, эпикалық жырларын жатқа айтатын адамдар аз болса да өлкетанушы тынбай ізденіп, ауызша деректер мен жазбаша материалдарды ұштастыра отырып Малайсары батырға арналған қысқаша этюдтер жазды. Ол «Дауа» шығармашылық бірлестігі жариялаған «Қазақ халқының каһармандары» кітабының бірінші томында жарық көрді. Малайсары батыр туралы газет мақалалары 90-шы жылдардан бастап жариялана бастады. Олардың ішінде 1991 жылы тамыз айында «Дауа» газетінің бетінде жарияланған топтаманы айта кеткен орынды.

Жоңғар Алатауының батысындағы Алтынемел тауының бір сілеміне, Малайсары батыр есімі берілген. Малайсары тауының бөктерін мекендеген ауыл азаматтарының батыр есімін жадында ұстап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Мұндағы қариялар ауылдың жастарына көптеген ұлағатты әңгімелерді айтып отырады. Алыс сапарға шығатындары батырдың басына арнайы келіп дұға оқиды. Бұл жердің маңынан қатты жүруге болмайды деп Малайсары батыр жерленген оба тұсынан жаяулап өтеді. Малайсары ауылының іргесіндегі бұлақ та «Малайсары бастауы» аталады. 2006 жылы Павлодар облысының Қызылжар елді-мекенінде Малайсары атындағы мешіт ашылды. Ал 2008 жылы Павлодар қаласындағы Ж. Аймауытов атындағы Қазақ музыкалық драма театрында Ж. Артықбаевтың «Малайсары» тарихи драмасының премьерасы өтті.

Орта ғасырдағы Қазақстан (VII — XVIII ғ.ғ.)
Тарихи тұлғалар
Малайсары батыр