Саржан Сұлтан

Саржан Қасымұлы -қазақ халқының 1825–1836 жылдардағы ұлт-азаттық көтерлістің басшысының бірі болған. Абылай ханның немересі. Қарқаралы округіне қарасты Қарпық болыстығын басқарған. Орта жүзде хандық биліктің жойылуына (1822ж) тақ мұрагері Ғұбайдолла Уәлиұлы және әкесі Қасымсұлтанмен бірге қарсылық танытып, Ресей өкіметі тарапынан ашылған округтерді жойып, хандық билікті қалпына келтіруді талап етеді. Оның осы мақсаттағы Солтүстік және Орталық Қазақстан аудандарын қамтыған көтерлісі он жылдан астам уақыт созылды. 1836 жылдың жазында Қоқан билеушілері Сажанды інілері Ержан, Есенгелділермен бірге зұлымдықпен өлтірді. Оның бастаған ісін інілері Кенесары жалғастырды.

Саржан Сұлтанның көтерлісі (1825–1836ж) -Ресей империясының Қазақстанда жүргізілген отаршылдық саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. Хандық биліктің жойылуына байланысты округтік және шекаралық Ресейлік басқару мекемелері ашылып, әскери бекіністер салына бастады. Көтерлістің шығуына Солтүстік Қазақстандағы суы мен жайылымы мол Есіл өзенінің бойындағы жерлердің орыс-қазақ шаруаларына берілуі және алым-салықтың өсуі де қатты әсер етті. Саржанның Қытайдағы Цинь үкіметімен қарым-қатынас орнату әрекеті сәтсіздікке ұшырады. Ол інісі Есенгелдімен бірге қазақ ауылдарында халықты ашық бас көтеруге үгіттеп, 1825 жылы Қарқаралы округіне қарсы Қарпық болыстығы қазақтарының көтерліске шығуына ұйытқы болды. Қарулы жасақтар Саржан сұлтанның басшылығымен округтік приказдарға, керуен жолдарына тұтқиылдан шабуыл жасап, жергілікті билік орындарын әбігерге түсірді. Жасақтар қатарында Саржанның інісі Кенесары да болды.

1826 жылы 31 қаңтарда Батыс Сібір генерал-губернаторы П. М. Капцевичтің бұйрығына сәйкес жіберілген 200 қазақтан жасақталған жазалаушы жасақпен Саржан бастаған көтерлісшілердің арасында шайқас болып, көтерлісшілер жеңіліс тапты. Бірқатар көтерлісшілер тұтқынға түсті. Қудалаудан құтылу үшін Саржан өз қол астындағы көптеген ауылдармен Орынбор шебіне қарай көшіп, Кіші жүз қазақтарын өз жағына тарту бағытында жұмыстар жүргізді. Соған орай Орынбор генерал-губернаторы Саржан сұлтанды Кіші жүздегі «барлық мазасыздыққа басты кінәлі» деп бағалап, оның мұндай әрекетіне тосқауыл қоюға әрекеттенді. Бұған қарамастан көтерлісшілер қатарына Кіші жүз қазақтарымен қоса қашқын орыс, татар, башқұрттар да қосылды. Саржан Қоқан, Хиуа хандықтарымен және Бұхар әмірлігімен байланыс орнатты. Саржан жасақтарымен барған сайын жаңа көтерлісшілермен толығып отырды. Оның жасақтарының бірін басқарған сұлтан Абылай Ғаббасов Қарқаралы округіне жорықтар ұйымдастырды. Көкшетау округтерінде сұлтан Сартай Шыңғысов Саржанға қолдау білдіретіндігін танытып, ондағы халық көтерлісіне басшылық жасады. Отаршылдық әкімшілікке жағымпаздпнумен ерекшеленген Қарқаралы округтерінің аға сұлтаны Тұрсын Шыңғысов Саржан бастаған көтерлісшілердің талқандауына ынталылық танытып, патша әскеріне көмектесті. Саржан 1832 жылы Қоқан хандығының Ташкент құсбегімен патша үкіметіне қарсы бірлесе күресу жөнінде келісім жасап, Ұлытауға, Сарысу өзенінің бойына келіп қоныстанды. Қоқандықтардың қолдауымен бірнеше рет Орта жүз жеріне жорық жасалды. Ол Ташкент құсбегіне бағынышты Ұлы жүз қазақтарын да өз жағына тартуға тырысты. Бұл өз кезегінде Саржанның қоқандықтармен жанжалына негіз болды. Ташкент құсбегі 1836 жылы жазда Саржанды және оның інілері Ержан мен Есенгелдіні, сондай-ақ оны қолдаған бірқатар белгілі батырларды Ташкентке алдап шақырып зұлымдықпен өлтірілді. Саржанның өлімінен кейін Ресейдің отарлық саясатына қарсы күрес оның інісі Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына ұласты.

Жаңа кезеңдегі тарих (ХІХ — жаңа ХХ ғ.ғ.)
Тарихи тұлғалар
Саржан Сұлтан