Құлжанова Назипа

Құлжанова Назипа Сағызбайқызы ХХ ғасырдың басында өз халқын ілімге, мәдениетке шақырып, жаңалықтың жаршысы болған халқымыздың көрнекті ағартушысы, алғашқы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың негізін қалаған тұңғыш педагог, әрі – журналист-публицист.

Н. Сағызбайқызы 1888 жылы Торғай облысы, Жангелдин ауданында қазіргі «Торғай» кеншары жерінде дүниеге келген. Балалық шағы қазақ ауылында, еңбекші бұқараның ортасында өткен. Ол Торғай қаласындағы қазақтың тұңғыш ағартушы-педагогі, демократ, ақын-жазушысы Ы. Алтынсарин іргесін қалаған орыс-қазақ мектебін бітірген. 1902 жылы Қостанай қаласының Қыздар гимназиясын бітіріп, 1903–1904 жылдары қайта Торғай қаласына келіп, өзінің жастығына қарамастан 15 жасында әйелдер училищесінде мұғалімнің көмекшісі болып еңбек еткен. Одан кейін Орынбор қаласындағы Мұғалімдер семинариясын бітірген. 1905–1920 жылдары сол Семей Мұғалімдер семинариясында мұғалімдік қызметте болған.

Назипа Құлжанова 1923 жылы мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру жайлы «Мектептен бұрынғы тәрбие» кітабын жазған. Бұл Қазақстан оқу комиссариатының тәрбие бөлімінің нұсқауымен және арнайы тапсырысымен жазылған алғашқы авторлық туынды.

Аталмыш кітапқа алғысөз жазған қазақ халқының ұлы перзенті Ахмет Байтұрсынұлы былай деген: «Заман амалының жарысынан, заман көшінің қатарынан қалмай өмір сүру үшін бүгінде адамға көп өнер – білім даярлау керек». Автордың бұл еңбегі мынадай тараудардан тұрады:1. «Күллі жер жүзінде»2. «Мектеп жасына толмаған бала»3. «Мектеп жасына толмаған балаға тәрбие не керек?»4. «Мектептен бұрынғы тәрбиенің Россиядағы түрі»5. «Бала бақшасы деген не?» Сол кездің өзінде шет елдердің мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жұмыстарын зерделеу жүргізілгендігін осы кітаптың мазмұнынан айқын көруімізге болады. Мысалға, «Күллі жер жүзінде» атты алғашқы тарауында дүние жүзін мекен еткен Автор дамыған елдердегі бала бақшалардың мән-жағдайын көрсетіп баяндай келе, қазақ тұрмысында бала бақшаның болашақ ұрпақты тәрбиелеуде зор қызмет атқаратындығына зор сеніммен қарайды.

Сонымен қатар, Италия балабақшаларының балаларға арналған құрал-жабдықтармен талапқа сай қамтамасыз етілгендіктерін, Швицарияның Цюрих қаласындағы тастан жасалған мектептің бір жағында мектепке жасы толмаған балалардың үйі бар екендігін және оның балалардың жас шамасына сай құралдармен жабдықталғандықтарын бейнелейді.

Шотландиядағы Эдинбург қаласындағы балалар бақшасын өз алдына ерекше етіп көрсеткен. Ол жерде күнделікті, таңертең ашық далада балалар бастары қосылғанда, кешкісін үйлеріне қайтарда бір-біріне «Амандық өлеңдерін» айтады дейді.

Н. Құлжанова Европа елдеріндегі балалар бақшаларының өмірін үлгі ете отырып, күншығыстағы Жапония мемлекетіндегі балалар тірлігін де әңгімелейді.

Автор бұл еңбегінде ең бастысы бірігіп ойын ойнау, еңбекке дағдыландыру, тазалыққа, реттілікке, ұйымшылдыққа баулу, балалардың ойына, жас межесіне, қабылдау ерекшеліктеріне барлық жұмысты бағындыру, дәрігерлік бақылауда болуын қадағалау, өлең айту, сурет салу тағы басқа өнерлерін дамыту мәселелеріне көңіл бөледі. Болашақтағы қазақ балалар бақшасы сондай болса екен деп армандайды.

Нәзипа Сегізбайқызы мектеп жасына толмаған бала тәрбиесінде оның жас ерекшеліктеріне назар аудару қажеттігін нақты мысалдармен түсіндірген. Ол баланың қалыппен дамуы үшін оған айтылатын сөз де, көрсетілетін қимыл да, үйретілетін тағылым да шамадан тыс көп болмау керек және тым ауыр болмауы ескерілуі шарт дейді. Мөлшерден артық тапсырмалар баланың дамуына кері әсерін тигізуі мүмкіндігін және баланың дамуы үнемі дәрігер мен педагогтың бақылауында болуы қажет дейді. Сол кездің өзінде оқымысты ғалымдардың үш жасар баланы зерттеу объектісі етіп алғандығын мысал етеді. Үш жастағы баланың даму ерекшелігін, білімге, зерттеуге, құпия ашуға құмарлығын мәлімдейді. Назипа Құлжанова баланың бойындағы білуге, тануға, ұғынуға, көруге, байқауға, өзінше қайталауға әуестігін тыйып тастамау керектігін, оларды бағыттап, алдында тұрған сауалдарды бірігіп шешуге ұмтылу қажеттігін, бала мүмкіндігіне қарай тұқым қуалаған мінездің әртүрлі құбылуын дәлелдеп көрсеткен. Мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке баруға дайындауды, оларға «Мен» түсінігін қалыптастыруды және де жас шамаларына байланысты даму деңгей ерекшеліктерін ғылыми түрде негіздеген. Сонымен қатар, балаларды мектепке толыққанды дайындау мәселелері бойынша қойылған сауалдарды жауапсыз қалдырмаған, ғылыми тұрғыда негіздеп берген.

Н. Құлжанова мектеп жасына толмаған бала тәрбиесінде ойынның ерекше қызмет атқаратындығына айрықша көңіл бөліп былай деген: «Балаға керегі – ойын. Ең мағыналы, пайдалы мектебі, бар қызығы ойын. Ойында бала көрген-білгендеріне еліктейді, үйренгендерін нығайтып, бекітеді».

Н. С. Құлжанованың ағартушылық, ұстаздық, қайраткерлік еңбегінің тағы бір ірі көрінісі 1927 жылы Қызылорда қаласында 5000 данамен басылып шыққан – «Ана мен бала тәрбиесі» кітабы. Бұл кітап педагогтарға, тәрбиешілерге, ересектер мен балалар дәрігерлеріне анықтамалық кітап ретінде ұсынылған.

Нәзипа Сегізбайқызы дәрігерлік арнайы білімі жоқ болса да көптеген әдебиеттерді ақтара келе, бала мен ана денсаулығына қатысты пайдалы кеңестерді рет-ретімен оқушысына, қалың көпшілікке ұсынып, қазақ тарихында есімін қалдырған еліміздің көрнекті ұстазы.

Жаңа кезеңдегі тарих (ХІХ — жаңа ХХ ғ.ғ.)
Тарихи тұлғалар
Құлжанова Назипа