Сыпатай Әлібекұлы

Қазақ халқының рухани биіктігі мен біліктілігінің куәсі- бай фольклоры мен жазба әдебиеті. Қазақ әдебиетінің тууы мен қалыптасу, даму жолдары оның белгілі өкілдерінің шығармашылықтарын зерттеуде айтарлықтай іс тындырылғаны да белгілі. Қоғамдық санаға байланысты дамып, өзіндік арна тартқан әдебиетіміз әлемдік деңгейге көтерілген ұлттық қазынаға айналуда. Дегенмен, әлі де зерттелмеген, арнайы зерттеуді қажет етер мұраларымыз да жетерлік. Соның бірі- Тараз өңіріндегі әдеби, тарихи мұралар дер едік. Атап айтқанда, елі мен жерінің бостандығы үшін ұлт- азаттық қозғалысына белсене қатынасқан, шейіт болса да, аңыз бен әдеби кейіпкерге, көзі тірісінде ұранға айналған ұлт қайраткерлерінің бірі- әрі батыр, әрі би Сыпатай Елібекұлы. Кезінде, солақай саясаттың ықпалымен айтылған кейбір пікірлер Сыпатайдың өмірі мен ол туралы жазылған дүниелерді зерттеуге мұрсат бермеді.

Еліміз егемендік алып, еңсесін тіктегелі жан- жағымызға үңіле бастадық. Өз туған жерінде мерейтойлары өтіп, басына кесене орнатылып, ескерткіштер қойылғанымен, арнайы ғылыми зерттеулер әлі де толық жүргізілмей келеді. Батырдың көрсеткен ерлік істері, шешендігі мен көсемдігі ел есінен кетпепті. Ұрпақтан- ұрпаққа мирас етіп, табыстап келіпті. Тек кейінгі жылдары батырдың өмірі мен шығармашылық қызметі зерттеушілер мен жазушылар: Ш. Мұртаза, Ә. Жылқышиев, М. Қалдыбаев, Б. Әбілдаұлы, Ж. Дәдебаев, С. Дәуітов, К. Аманкелдиев, М. Қойгелдиев, Б, Әлімханов, О. Қабылов, Р. Жаржанов т. б. журналистер, жазушылар еңбектерінде бейнеленді, назар аударыла бастады.

Барайын енді аяндап Сыпатайға,
Айтпай оны кетпеймін тегі жайға.
Ұлы жоздің тірегі батырмын ғой,
Бір болмаған ығай мен сығайыңа,
Қайыры қарашыға сондай жақсы,
Қандырар сусындатып қант пен шайға.
Байлық, бақыт тек оның ерлігінде,
Ерлікпен ел намысын берді кімге?!
Өңкей сасық байларың сен мақтаған,
Қолдарынан түк келмей жүр өмірде.
Кімің бар Сыпатайдай тіректері,
Арғымақ мінгізеді ат керекке.
Түгендеп бір жұмада бола алмайды,
Көсілтіп қамшы басып көксерекке.
Ерлігі мен жомарттығы жаннан асқан,
Пайдасы тиіп жатыр күнде көпке.
Кім мақтамас қайырымды ер Сыпатайды,
Дәулетімен ораған Алатауды,
Қанша халық аралап жүрсем – дағы.

Жалғанда күргенім жоқ ондай жанды- деп, Жамбыл Жабайұлы әспеттей жырлаған Сыпатайдың күрескерлік қызметіне әдебиет тарихының қазіргі өлшемімен баға берер уақыт жетті деп ойлаймыз.

Әлібекұлы Сыпатай (1782–1867) – Қоқан басқыншыларына қарсы күресте аты шыққан батыр, ерлігі мен шешендігі, әділдігі мен ақылдығы ел жадында сақталып қалған үлкен бедел иесі. Шыққан тегі – Дулат тайпасының Ботпай руынан. Әкесі Әлібек момын, етік тігіп, өрім өрумен аймағына аты танылған адам екен. Бірақ балалары – Андас та, Сыпатай да намысқой, өр кеуделі жігіт болып өседі. Көне көз қарттардан естігені бойынша Сыпатай батыр кескінін Кенен Әзірбаев: «зор денелі, құлағы сүйемдей, омырау жүні бір түп қамыстай, құлағында тұрған қырауды қамшысымен қағып түсіреді екен. Сөзге де шешен, тапқыр болыпты» — деп суреттейді.

ХІХ ғасырдың басында Сырдың төменгі ағысынан Ақмешітке дейін, шығысында Жетісуға, оңтүстігі мен солтүстік шығысынлағы қырғыз жерлерін қоқандықтар басып алады. Басқыншылардың елге көрсеткен зорлық– зомбылығын көріп өскен Сыпатай Қоқан хандығынан елін азат етуді өз өмірінің басты мұраты етеді. Атқа мініп, қол жинап, елге қырғидай тиіп, салық жинап жүрген Қоқан ханының жасауылдарын айдап шығады. Міне, осы кезде оның ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрініп, ерлік істерімен ел құрметіне бөленеді.

Арқадан ығысқан Кенесары хан оңтүстікке келіп, Қоқан, Хиуа хандығының бекіністеріне шабуыл жасағанын естіп, содан рухтанып атқа қонған ел азаматтарын бастап, Сыпатай да көтеріліске шығады. Кейін Кенесарыға барып қосылады, оның сенімді батырларының біріне айналады. Бірақ Кенесары қырғыздарға соғыс жасағанда, Сыпатай одан бөлініп, өз әскерін бастап кетіп қалады. Оның өзіндік бір себебі бар еді. Біз бұл тұрғыдағы Б. Әбілдаұлының пікіріне құлақ асқанды жөн көреміз.

Жиырмадан жаңа аса берген албырт кездерінде өз елінің жуандары ағайынды екі батыры – Андас пен Сыпатайды сыйғызбай қуып жібергенде, олар көрші қырғыздарға барып паналаған болатын. Қырғыз ағайындары елін Қоқан басшыларынан қорғасқан екі батырға риза болып, өз ұлдарындай көріп, алдарына мал салып, үстеріне үй тігіп, қонысына жер береді. Қалың малын төлеп қыз әпереді. Қырғыздың солто тайпасының манабы Қанай Сыпатайдың екінші әкесіндей болып, үлкен қамқорлық көрсетеді. Өзін баласындай етіп өсірген елге Кенесары шабуыл жасамақ болғанда, не істерін білмеген ол қатты қиналады. Ақыры өздеріне адамгершілікпен соншалық жақсылық жасап, екінші отанына айналған елге шабуыл жасауға ұжданы жібермейді, әрі ата жұртының ежелгі көршісі бауырлас елмен қарым- қатынасты бұзғысы келмейді.

Кенесары көтерілісі жеңілгеннен кейін, Қоқан езгісінен елді құтқарудың жалғыз жолы- Ресей қарамағына өз еркімен ену деп түсінген ол орыстың патшасы Александр ІІ-ге хат жазады. Орта Азияны жаулап алу құлқынын тесіп отырған патша өкіметі кідірмей, 1863 жылы Верный қаласындағы полковник Черняевқа Қоқан хандығына қарсы жорыққа дайындалуға бұйрық береді.

Сыпатай- сексен бес жыл жасаған өмірінің саналы алпыс жылын күрес– тартыспен өткізіп, шапқыншылықта ерлігін, бейбіт күнде мәмілегерлігін, әділдігін танытып, халқына қалтқысыз қызмет еткен ерлердің бірі.

Оңтүстік өңірінде Сыпатай есімді екі батыр өткен. Оның бірі ұлы жүздің Шапырашты ішіндегі Есқжа руынан шыққан атақты Саурық батырдың баласы– Сыпатай батыр, екіншісі — қазіргі Жамбыл облысы, Меркі жерінде өмір сүрген халық қамқоршысы Сыпатай Әлібекұлы.

Өтептің баласы Сәмен деген батырды бетке ұстаған Ботпай рулары Іле өзенінінің Балқашқа құяр сағасын жоғары өрлей қоныстанған. Осы Ботпай жұртының ішінде сіңірі шыққан кедей ағайындылар Әлібек пен Өмірбек бірге жасаѓан. Әлібектің төрт ұлы болған, бірақ екеуі ерте қайтыс болған, екі ұлы қалған. Олардың есімдері Жалайыр елінде өткен, ерлігімен елге әйгілі қос батыр есімімен Аңдас, Сыпатай деп аталған.

Өсе келе ат жалын тартып мініп, жұртқа әділдігімен, батырлығымен, қамқор істерімен көзге түсе бастаған Сыпатай ел назарына ерте іліккен. Сөйтіп, оңтүстік өңіріндегі қазақ халқының қамқоршысы, ақылшысы бола бастаған. Болашағынан зор үміт күттірген Сыпатайдың кемтарға берген көмегі, жарлы– жақыбайларға жасаған жақсылығы, әділдігі мен ерлігі, мәрттігі Ботпай жұртына ғана емес, төрт Дулатқа тегіс естіліп жатқан. Елінің болашағын- ойлаған ұлы жүздің рулары-Ысты, Ошақты, Шапырашты, Жалайыр, Сиқым, тағы басқалар Сыпатай төңірегіне топтасқан.

Қырғыз- қазақ арасындағы ру шабысын, барымтасын тоқтатып, қырғыздың бас батыры Тілеубердіұлы Қанаймен бітім жүргізіп, достықты қалыптастырған. Сөйтіп, 1806 жылы Қарабалтадан бастаған Таластың төменгі сағасына, оңтүстік Түркістанға дейін созылған даланы төрт Дулаттың еншісіне алған. Келісім- шарт бойынша қазақ- қырғыз халқы бір- бірінен барымта мен ұрлыққа, адам өліміне себепкер шапқыншылыққа бармайтын болған. Ал егер шартты бұзғандар болса Ресей заңымен жазаланып, өтініш- шағымдар дала заңымен шешілетін болып келісілген. Келісім шартқа Әлі Әділов, Әкіш Аблаев, Рүстем Асфандияров, Сөк Аблаев, Бүлен Шанхаев, Туғанбай, Қойгелді, Ачекке Даирбеков, Сыпатай Әлібекұлы, Биқанбай Көпсалов, Сары Алтаевтар қол қойған.

«Ол жас кезінен – ақ жаһұттай жарқырап, ел көзіне ерте түскен екен… Осы орайда, ертеректе көнекөз қариялардың айтқанынан есімде қалған шағын бір хикаяны тілге тиек етсем деймін»- деп жазады Қыдырбек Амангелдиев «Меркі тынысы» газетінде.

Сыпатайдың 16–17 дегі бозбала шағы болса керек. Ол кезде Сусымыр жайлауын қырғыз- қазақ жаз бойы қатар жайлайды екен. Бірақ, кейінгі жылдары қырғыз ханы Орманханның халық арасындағы асқан беделін арқа тұтынған қырғыздың атқамінерлері екі елге қашаннан ортақ Сусамырды өздерінің басыбайлы меншігіне балап, қазақтарды шетқақпайлап, жайлаудың шұрайлы беттеріне жібермей, теріскейден жай беріп, жеки сөйлеп, жат пиғыл байқатады. Екі елдің арасында жік түсіп, бөрік ұшып, бас жарылып, жең жыртылып, қол сына бастайды. Мұны естіген Сыпатай: «Қой, бүйтіп жата бермейін, екі елдің ынтымағы біржола ыдырап кетпей тұрып, апатты аурудың алдын алайын, неде болса, қаймана қарасын былай қояйын да, тәңіріндей ханның өзімен сөйлесіп қайтайын» деп атқа қонып, қасына ағасы Андасты ертіп Орманханға аттанады. Ханның ордасына келе ханға кісі салып, кіруге рұхсат алады. Ордаға кіріп, амандық- саулық сұрасып бола бере, Сыпатай ханнан датын сұрайды. Орманхан «датың болса айт!» дейді. Сонда Сыпатай бөгелместен:

- Ассалаумағалейкум, тақсырым,
Дүрісің игі жақсының.
Сусамырды қатар жайлаған,
Еншісі бірге егіз ел,
Қырғыз бенен қазақтың,
Қамқоры өзің, тап шыным.
… Арғы атамыз Алаш хан,
Бегілік оған жарасқан.
Алты Арыс боп Алаштан,
Дүниеге тарасқан…
Алаштан туған Мейрам- ды,
Мейрамнан үш ұл болған- ды.
Сейілхан, Сатар, Жайылхан,
Жайылханнан- қырғыз, қазағың.
Қарақалпақ пен созағың.
Міне, осылар, хан ием,
Түбі бірге туысың.
Бұ фәнидің бір көрген,
Рахаты мен азабын.
Осы шаққа жеткенше,
От пенен су, ауа ортақ.
Жақсыға бірге сүйіндік,
Иен дала тау ортақ,
Жаманға бірге күйіндік.
Арыз ғып баққан дау ортақ,
Жұдырықтай түйілдік.
Андыздан шыққан жау ортақ,
Жас қырандай шүйілдік-
Біріміз үшін біріміз,
Жан берісіп, жан алып,
Ауызбірлікке иілдік.
Несін айта берейін?!
Осы шаққа жеткен соң,
Түсіп тұр басқа қиындық.
Арғы беті- Сусамыр,
Бергі беті- Жайылма.
Қашаннан ортақ мекенді,
Бас- басымызға иемденіп,
Іші кеткен сиырдың,
Жапасындай сұйылдық- дейді.

Орманхан ұзақ ойланып отырып, әлден уақытта басын әнтек көтере қызметші жігіттеріне: … Сыпатайға арнайы үй тіктіріңдер, сыбаға- сыйын беріңдер, қыз- бозбаланы жинаңдар, жастар танысып, біліссін! – дейді…. Ертеңіне Орманхан Сыпатайды алдына шақырып: -Балам, айтқан датың орынды, өтінішің қабыл. Еліңнің үлкен- кішісіне түгел менің сәлемімді жеткізе бар. Бұдан былай да, Сусамыр қырғыз- қазақтың ортақ жайлауы, құт- мекені… Бізді құдай қосқан, пенде ажырата алмайды- деп, батасын беріп аттандырады.

1845 жылы патшалық Россияның отаршылдық саясатына қарсы халықты бастап, көтерілісті ұйымдастырған Кенесары сұлтан Қасымұлы қырғыз еліне жойқын шабуыл жасайды. Сөйтіп, оның қылыш, найза, айбалта, білтелі мылтық, бірнеше зеңбірекпен қаруланған Пішпек маңындағы қара қырғыздарды қырып-жойып, жазықсыз сәбиді найзаға түйреп, екіқабат әйелдің ішін жарып отырған, әрі Сыпатай салдырған Қанай манаптың күмбезін быт-шыт етеді. Бұған қатты қынжылған, әрі екі елдің достығын қалыптастыруды көздеген Сыпатай батыр Кенесары ханның көмекке сарбаз жігіттер сұрағанын қабыл алмастан, оның тобына қосылмайды. Қайта Кенесары ханның туысқан қырғыз халқын шабу райынан қайтуға шақырады. Кенесары айтқанынан қайтпай, бірнеше рет қара қырғыздарды жан алқымға алып, жойқын қырғынға ұшыратады. Ақыры Ыстықкөл жақтан Орман ханнан күтпеген жерден соққы алып, 1847 жылы Тоқмақ маңындағы Алмалы шатқалында өзі тұтқынға түсіп, жеңіліске ұшырайды.

1860 жылы Қоқан ханы Хұдиярхан Верный бекінісіндегі орыс әскеріне соққы беруге 20 мың әскерін дайындайды. Сыпатай батыр, одан бас тартып, Балқаш көлі жағасына көше бастайды. Көп ұзамай Хұдиярдың қолы Верный түбінде үлкен жеңіліспен кері қайтады. Қатыгез хан айтқанына көнбей Меркі– Аспара өңіріне қайта келген Сыпатай батырды ұстап, зынданға салады. Оның үстіне үзатылған әрбір қызға салынған бір тіллә алтынға қарсылық білдіреді. Міне осы шектен шыққан озбырлықты ержүрек С. Әлібекұлы шешендік сөзбен Хұдиярға айтар сөзін тіке жеткізген.

Бұл кезде Жетісу халқы арасында үлкен толқу өріс ала бастап, одан сескенген хан, бір айдан соң батырды босатуға мәжбүр болады.

Сыпатай 1862 жылы орыс патшасы ІІ Александрға хат жазып, Ұлы жүз қазақтары мен қырғыз халқын Россияның қарамағына алуды өтінді.

1863 жылы 3- мамырды Қордайдың батысындағы Құрғақсазда орыс әскерін басқарған полковник Черняев, Сыпатай батырға ерген Ұлы жүздің беделді адамдары, қырғыз Шәбден Жантаев, Бәйтік Қанаев қосылған құрылтай жиналысы өтеді. Онда Сыпатай батыр сөз сөйлеп, Қоқан хандығының қырғыз – қазақ халықтарын қорлап, қанап отырғанын айта келіп, орыс мемлекетіне қосылудың мәнін және қажеттігін түсіндірді. Кеңестен соң Ұлы жүз қазақтары мен қырғыз халқын Россияға қосу туралы актіге қол қойылады. Сондай – ақ қазақ – қырғыз отрядтарының орыс әскерімен қосылып, Қоқан хандығына қарсы шабуыл жасау жоспары бекітіледі. Осы жоспар бойынша Сыпатай батыр өзінің ұлы Бірімқұл бастаған 200 атты жігітті орыс әскеріне қосады. Құдайберген Баетұлы мың жігітпен түйе керуенін ұйымдастырып, орыс армиясының қару- жарағын тасиды. Сыпатай өзінің одақтастарын атпен, азық- түлікпен, түйе, көлікпен қамтамасыз етуді өз мойнына алады.

Сөйтіп, қазақ – қырғыз отрядтары полковник Черняев бастаған орыс әскерімен қосыла отырып Қоқан әмірі Құдиярдың қолшоқпарларымен кескілескен ұрысқа шығады. Көп ұзамай 1863 жыыл- Пішпек, Меркі, 1864 жылы Әулиеата азат етіледі. Одан кейін Шымкент, 1865 жылы Ташкент қалалары қоқандықтардың езгісінен құтқарылады.

Батыр бес әйел алған. Бәйбішесі шақшам қызы Әуестен Ноғай деген ұл, Сейдім, Әйкүл деген қыз туған. Екінші әйелі жаныс қызы Жуанбілектен Тоқтағұл деген ұл туады. Үшінші әйелі жаныс қызы Жекейден Айтқұл, Ораз, Пірімқұл деген үш ұл сүйеді. Төртінші әйелі жалайыр Жәлмембет бидің қызы Қалбикеден Тоқпамбет деген баласы туады. Сыпатайдың бесінші әйелі қырғыз қызы Еренсізден Қомсабақ буады. Бұлардың ішінде Тоқпамбет, Пірімқұл, Қомсабақ өз тұсында айтулы батыр болған.

Сыпатай батыр балаларына, немерелеріне өзімен қатар үзеңгі қағыстырып жүрген белгілі кісілердің қыздарын алып берген. Бәйбішеден туған Ноғайлыны ысты Бөлтірік батырдың немересіне үйлендірген. Екінші әйелінен туған Ораз деген баласына – шымыр Байзақ датқаның ағасы Бәйтеректің қызын, Ноғайдың баласы Кішкене батырға сиқым Батырбек датқаның қызын алып берген, қырғыздармен де қыз алысып, қыз беріскен.

Сыпатай Оңтүстік өңіріндегі қазақ халқын отырылықщылыққа, егіншілікке, мәдениетке алғаш үйретушілердің бірі. Батыр Ботпай елінің аңызына айналған қазіргі Сыпатай атындағы колхоздың Қызыл Ту ауылы тұсында Тескентоғанды салуға бүкіл жұртшылықты ұймдастырып, өзі басшылық жасайды. Меркі өзенінің арасынан бұзып жасалған бұл тоған әлі күнге жұртшылықтың игілігіне қызмет етуде.

Жаңа кезеңдегі тарих (ХІХ — жаңа ХХ ғ.ғ.)
Тарихи тұлғалар
Сыпатай Әлібекұлы