Қоңырбайұлы, Ағыбай (1802 – 1885 ж.ж)

Қоңырбайұлы, Ағыбай (1802–1885 ж.ж)

Ағыбай батыр Қоңырбайұлы, Шұбыртпалы Ағыбай (1802–1885) – Кенесары Қасымовтың Ресей отаршылығына қарсы көтеріліс басшыларының бірі, қолбасшы. Ағыбай батыр Ұлытау тауының етегіндегі ауылда дүниеге келген. Орта жүз құрамындағы қаракесек-шұбыртпалы арғын руынан шыққан. Әкесінен ерте айрылған. Шешесі Абылай ханның сенімді батырларының бірі Наймантайұлы Байғозының қызы. Жазушы І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында Ағыбай батыр алып денелі деп сипатталады. Жорықта үнемі жолы болатындықтан ол «Ақжолтай батыр» атанды. Сарбаздары Абылай есімімен қатар Ағыбай батырды да ұранға айналдырды.

13 жасынан қолына қару алып, 1824 жылы Қарқаралы аймағында Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы көтеріліске белсене араласты. Қасым сұлтан қаза тапқаннан кейін Ағыбай батыр бастаған қазақ әскері Шу өзенінің бойында өзбектердің Түркістан өлкесіндегі билігін әлсіретті. Ағыбай батыр бастаған қол 1826–1846 жылдары аралығында Ресей әскерлерімен бетпе-бет шайқасып, бірнеше рет күйрете соққы берді. Ресей империясының Қазақстандағы тірек-орталықтары? Қарқаралы, Ақтау, Ақмола бекіністеріне шабуыл жасап, патша әскерлерін Ырғыз, Тобыл өзендері бойындағы ұрыстарда, Қызылжар, Көкшетау шайқастарында тас-талқан етіп жеңді.

Қырғыз манабы Орманға қарсы соғыстарда ерекше ерлік көрсетті. 1847 жылы Кенесары ханның Кекілік тауындағы қырғыздармен айқасында Наурызбай батырмен бірге дұшпан шебін бұзып өтті. Кенесары өлгеннен кейін де Ресей өктемдігіне қарсылығын тоқтатпай, Сыздық төре қолы құрамында соғыс жүргізді. Кейінірек, 1849 жылға дейін Ресей өкіметінің қамалдарына өз бетінше шабуылдар жасады. Өмірінің соңғы кезеңінде егіншілікпен, балық аулаумен айналысты. Дүниеден қайтқан соң Ресей үкіметі оның мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кешеніне жерлеуге рұқсат етпей, Сарыарқа мен Бетпақдаланың шектескен Тайатқан-Шұнақ деген жерінде жерленді. Кенесарының бас батыры Ағыбай батырдың өмір жолы қазақ тарихшылары мен қаламгерлерінің шығармаларына арқау болды.

Жазушы І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында Кенесары хан мен Ағыбай батыр қатысқан барлық ұрыстар баяндалған. Жазушы олардың Ақтау, Ортау, Ақмола бекіністерін қалай алғанын, Сырдария өзенінің бойындағы Меркі қаласын азат ету барысында Қоқан хандығымен қалай ұрыс жүргізгенін толық суреттеген. 1914 жылы Есім төренің көмегімен Ә. Бөкейханов Қазан қаласынан «Қызыл қайнар Тектұрмас» деген кітабын шығарса, С. Сейфуллин «Ақжолтай батыр» романын жазды. Заңғар жазушы М. Әуезов «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабында танымал батырға толық бір бөлімді арнады. И. Байзақовтың бір поэмасы да батыр туралы. Ал тарих ғылымының докторы, профессор Е. Бекмахановтың 19 ғасырдың тарихи оқиғалары туралы жазылған монографиясында Ағыбайдың батырлық тұлғасы жан-жақты сипатталған. 1992 жылы Қарағанды облысының Жезқазған қаласында Ағыбай батырдың 190 жылдығы, 2002 жылы Балқаш қаласында 200 жылдығы республикалық деңгейде аталып өтілді. Балқаш қаласында батырға ескерткіш орнатылды.

Ағыбай батыр кесенесі:

Ағыбай батыр кесенесі — ХІХ ғасырдан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Кесене ХІХ ғасырдың 80-жылдарында Бетпақдаланың солтүстік-шығысындағы Тайатқан-Шұнақ тауының маңайында, Босаға өзенінің аңғарында тұрғызылған.

Ұлытау өңірінде кіндік қаны тамған батырлардың ең көрнектілерінің бірі — Ағыбай Қоңырбайұлы. 1802 жылы Ұлытау өңірінде туған Ағыбай батыр — Кенесары ханның бас батыр дәрежесіне көтерілген қолбасшы. Ол патша әскерімен шайқастарда ұтымды әдіс-айла, тосын тапқырлық қолдану арқасында әрдайым жеңіске жетіп отырғандықтан «Ақжолтай Ағыбай» атанған. Халық арасында оны руын көрсетіп, шұбыртпалы Ағыбай деп те атаған. Батырдың сарбаздары дұшпанға «Ағыбайлап»шабатын болған.

Ағыбай батыр бастаған қол 1826–1849 жылдары Ресей әскерлерімен бетпе-бет шайқасып, бірнеше рет күйрете соққы берген. Ресей империясының Қазақстандағы тірек-орталықтары — Қарқаралы, Ақтау, Ақмола, Екатерин бекіністеріне шабуыл жасап, патша әскерлерін Ырғыз, Тобыл өзендері бойындағы ұрыстарда, Қызылжар, Көкшетау шайқастарында тас-талқан етіп жеңген. Кейінірек, 1849 жылға дейін Ресей үкіметінің қамалдарына өз бетінше шабуылдар жасаған. Өмірінің соңғы кезеңінде егіншілікпен, балық аулаумен айналысқан. 1885 жылы Ағыбай батыр қайтыс болғанда патша әкімшілігі оның денесін Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне жерлеуге ұлықсат бермеген. Батыр соңғы кезінде мекендеген Сарыарқа мен Бетпақдаланың шектескен Тайатқан-Шұнақтағы Босаға өзенінің алқабына жерленген. Кенесарының бас батыры Ағыбайдың өмір жолы қазақ тарихшылары мен қаламгерлерінің шығармаларына арқау болған. Ағыбай батырдың 200-жылдық мерекесі республикамызда ауқымды шаралармен аталып өтті.

Ағыбай батыр кесенесі шаршы түрінде салынған жалпы аумағы 8.80 х 8.58 метр, бір бөлмелі күмбезді ғимарат. Сыртқы бұрыштары қосар мұнаралармен өрнектеліп, күмбезі өріліп шығарылған. Ілкіде ұшар басына Ағыбай батырдың самаурыны қойылған. Кіретін бөлігі жеңіл ағашпен айван үлгісінде жабылып, оңтүстіктен шығарылған. Бөлменің ішкі бұрыштарындағы ширек бағаналар күмбез шеңберімен бірігіп кеткен. Бөлменің төменгі жағы ақ түсті, жоғарғы жағы сарғыш түсті әкпен әктелген. Кесене ішінде 12 мәйіт бар. Ағыбай батырдың сағанасы бөлменің түкпірінде солтүстік-батыс бұрыштан екінші орында жатыр.

Балқаш қаласындағы Ақжолтай Ағыбай батыр ескерткіші.

Жаңа кезеңдегі тарих (ХІХ — жаңа ХХ ғ.ғ.)
Тарихи тұлғалар
Қоңырбайұлы, Ағыбай (1802 – 1885 ж.ж)