Соғыстан кейінгі Қазақстан (1946 — 1980 ж.ж.)

Ауыр соғыста жеңіске жету ел басқарудың әкімшіл әдістерінің дұрыстығына сенім туғызды. 40–50 жылдары әміршіл-әкімшіл жүйе нығая түсті. Бұл жүйенің жетекші күші Коммунистік партия болды.

Соғыстан кейінгі жылдарда республика лагерьлер өлкесі болып қала берді. Күштеп көшірілгендер Қазақстанға, Орта Азия республикаларына, Батыс және Шығыс Сібірге орналастырылды. КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік Комиссариаты Басқармасының мәліметі бойынша, күштеп жер аударылғандар саны – 2 млн. 463940 (1946 ж. қазандағы санақ). Қазақ халқы сталиндік зорлық-зомбылықтың құрбаны болған халықтарға көмегін аяған жоқ.

Соғыс жылдары Кеңес Одағы ұлттық байлығының үштен бірінен айрылды. Өндірістегі жұмыс қолының жетіспеуін толықтыру мақсатында 11 млн. 365 мың адамдық Кеңес Армиясы қатарынан әскерлерді босату жүргізілді (демобилизация).

Соғыстан кейінгі алғашқы жыл – ауыл шаруашылығы үшін аса ауыр кезең.

40-жылдардың екінші жартысы – 50-жылдардың басы – кеңес адамдарының басым көпшілігі үшін ауыр кезең. Осыған қарамастан аға ұрпақ өкілдері сол жылдарды «алтын ғасыр» деп атайды.

Сталиннің қазасынан кейін (1953 жыл 5 наурыз) аппаратқа, қуғындаушы органдарға сүйенген жүйе дәуірі аяқталды. «Жылымық жылдары» аталған 50-жылдардың екінші жартысынан бастап игі істер атқарылды.

Бесінші бесжылдық (1951–1955 жж.) ішінде 200-ге жуық жаңа кәсіпорын салынды. 1957 жылы тұңғыш тепловоздар Қарағанды темір жолының Ерейментау депосында пайда болды. Экономиканың даму қарқыны өсіп, 1954–1958 жылдары 730 өнеркәсіп орындары мен цехтар іске қосылды. 1959 жылы Қазақстан өнім өндіруден Одақта 3-орынға шықты.

Тың жерлер игерілетін аймақтар: Қазақстан, Сібір, Орал, Солтүстік Кавказ, Еділ бойы. 1954–1955 жылдары 1 млрд. 100 млн. — 1 млрд 200 млн. пұт астық алу белгіленді. Қазақстандағы тың жерлерді игеретін облыстар: Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Торғай, Павлодар. Тың игеруге басқа республикалардан адамдар көшіріліп әкелініп, оларға көптеген жеңілдіктер жасалды.

60-жылдардың ортасындағы жүргізілген шаралар – соғыстан кейінгі кезең ішіндегі экономиканы қайта құруға бағытталған ең ірі ұмтылыс.

1960 ж. ортасынан 1980ж. ортасына дейінгі кезең – тоқырау жылдары. Тоқырау кезеңінің идеологиясындағы басты бағыттардың бірі – орыстандыру саясаты.