Диқан Әбілев (1907 — 2003 жж.)

Абилев Дихан (1907–2003 гг.)

Әбілев Дихан (26.12.1907 жылы туған, қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы Мойылды қыстауы) — ақын, жазушы. Қазақстанның халық жазушысы (1987). 1925 — 27 ж. Семейдің ауыл шаруашылық техникумында оқыған. Алматыдағы Коммунистік журналистер институтын бітірген (1937). 1928 — 31 ж. Баянауылдың Шідерті болыстық атқару комитетінің хатшысы, 1931 — 34 ж. Баянауыл ауданы Қарағанды облысы газеттерінде редактордың орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, төрағасы (1938 — 39), Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры (1939 — 40) болды. Алғашқы өлеңі «Қызыл әскерге» 1926 ж. алғашқы әңгімесі «Сырлы шкафтың сыры» 1928 ж. жарық көрген. Тұңғыш жинағы «Қуат, өрт» (1937) ақынның сыршылдығын, «Шалқыма» поэмасы (1938) кең тынысын аңғартты.

Әбілевтің соғыс тақырыбына жазған туындылары «Жүректен» (1945), «Тұлға» (1947) жинақтарында топтастырылды. өлеңмен жазылған «Алтай асулары» романында (1957) мен «Отты толқындар» (1956), «Уақытпен сырласу» (1967), «Миллиард жыры» (1974), «Толғаныс толқындары» (1979), «Дала солдаты» (1981) жинақтарында қаламгер қарапайым ауыл азаматтарының биік мұраттар жолында өсу жолын бейнелеген. «Ой толғауы» (1981) естелігінде С. Сейфуллин, Б. Майлин, М. Әуезов, С. Мұқанов т. б. ұстаздары туралы сыр шертеді. С. Торайғыров туралы «Ақын арманы» (1965), «Арман жолында» (1969), «Баянауыл баурайында» (1975) деп аталатын трилогиясы Әбілевтің проза саласындағы ең ауқымды шығармасы болып табылады. Жазушы мұнда 20 ғ-дың бас кезіндегі қазақ халқының тіршілік-болмысын, Сұлтанмахмұттың өмір жолын көркем суреттеген. Әбілев А. П. Чехов, Н. А. Некрасов, Т. Г. Шевченко, Г. Низами, Н. Хикмет, П. Тычина, М. Рыльский, М. Бажан туындыларын қазақ тіліне аударды. Әбілев шығармалары орыс, өзбек, әзербайжан, армян, татар, тәжік, қырғыз т. б. тілдерге аударылды. Еңбек Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

Соғыстан кейінгі Қазақстан (1946 — 1980 ж.ж.)
Тарихи тұлғалар
Диқан Әбілев (1907 — 2003 жж.)