Революция және Азамат соғысы (1917 — 1920 ж.ж.)

1917 жылғы Қазан төңкерісі – 1917 жылы 25 қазанда Петроградта болған ірі әлеуметтік-саяси, тарихи оқиға. Көтеріліс В. И. Ленин басқарған большевиктер партиясының жетекшілігімен жүзеге асырылды. Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы ұзаққа созылды. Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату ісіне Ә. Жангелдин, С. Сейфуллин, К. Сүтішев, А. Асылбеков, Ә. Майкөтов, И. Дубинин, К. Шугаев, Я. Ушанов, А. Иманов, С. Цвиллинг, Т. Рысқұлов, Т. Бокин, П. Виноградов, Л. Емелев, Т. Өтепов, А. Розыбакиев, т. б. белсене қатысты.

Азамат соғысы Қазақстанды да қамтыды. Ол іс жүзінде 1917 жылғы Қазан төңкерісінің жалғасы болды. Большевиктер мен кеңес өкіметін жақтаушылар «қызылдар» деп аталса, оларға қарсы тұрғандар «ақтар» деп аталды. Қазақстанда Кеңес өкіметіне қарсы қарулы күрестің негізгі күштері Орынбор, Сібір, Орал, Жетісу казак әскерлері, өнеркәсіп орындарының бұрынғы қожалары, кезінде ресейден қоныс аударып келушілердің ауқатты топтары, қазақ ауылының бай-шонжарлары және солардың мүдделерін қорғайтын саяси партиялар мен ұйымдар болды. 1920 жылдың көктемінде Қазақстандағы азамат соғысы Кеңес өкіметінің жеңісімен аяқталды.