Тарихи хроника

1917 жылғы Қазан төңкерісі және Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы

1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясынан кейін орнаған Уақытша буржуазиялық үкімет елдегі әлеуметтік және ұлттық езгіні жою, жер мәселесін, империалистік соғыстан шығу және т. б. мәселелерді шешпеді. Қазақстандағы жергілікті халықтарды саяси құқықтарынан айырған бұрынғы патша үкіметінің заңдары өз күшінде қалды. Өлкедегі казак-орыс әскерлерінің ұлан-байтақ жер иеліктері мен барлық әлеуметтік артықшылықтары толығымен сақталды. Қазақстанның ең жақсы шұрайлы жерлерін отаршыл кулактар тартып алып берген Қоныс аудару басқармасының жергілікті аппараты өз жұмысын одан әрі жалғастырды. Өнеркәсіп орындарында 8 сағаттық жұмыс күні енгізілмеді. Мемлекеттік мекемелер мен мектептерде қазақ тіліне көшуге бұрынғысынша тыйым салынды. Ресей мемлекетіндегі бұл жағдайларды В. И. Ленин бастаған большевиктер партиясы «Бүкіл өкімет кеңестерге берілсін» — деген ұранды пайдалана отырып, Уақытша үкіметті құлату үшін оны басты құралға айналдырды. Сөйтіп, 1917 жылғы 25 қазанда (7 қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс басталып, Уақытша буржуазиялық үкімет құлатылды.

Революция бүкіл билікті жұмысшы, солдат, шаруа депутаттары кеңесінің қолына беру арқылы халықтың әр түрлі топтары мен түрлі ұлттардың, халықтардың келешектегі тағдырына байланысты түрліше үмітте болуына жол ашты. Ресейдің қол астында болып келген орыс емес халықтардың еңбекші бұқарасы Қазан революциясынан кейін экономикалық-әлеуметтік күйзелістен шығумен бірге отаршылдықтың бұғауынан босанып, тәуелсіздік алатын шығармыз деп үміттенді. Ал Ленин бастаған большевиктер зауыт, фабрикалар жұмысшыға, жер шаруаға, бейбітшілік – бүкіл халыққа деген ұран көтере отырып, Ресейге тәуелді болып келген халықтар жөнінде өз бағыттарын белгіледі. Олар барлық ұлттар мен ұлыстардың, халықтардың теңдігі мен бостандығын, азаттығын жариялай отырып, оларды революция туының астынан кетпеуге шақырды.

Петроградтағы Қазан төңкерісі

1917 жылы 25 қазанда Ресей империясының астанасы Петроград қаласында Қазан төңкерісінің нәтижесінде мемлекет билігі Кеңестердің қолына көшті. Қазан төңкерісінің идеологы, яғни басшысы В. И. Ульянов (Ленин) болды.

Қазан төңкерісінен кейін билікті қолына алған Кеңестер «Ресей халықтары құқықтарының декларациясын» қабылдады. Осыдан кейін Кеңестердің «Ресей мен Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына» үндеуі жарияланды. Аталған үндеуде халықтардың діни сенімдері мен ұлттық мүдделеріне ешкім тиіспейтіні, барлық халықтардың құқықтары бірдей болатыны туралы айтылған.

1917–1918 жылдары Қазақстанда Кеңестер өкіметі кейбір өңірлерде күрес нәтижесінде, ал енді бір жерлерде бейбіт түрде орнады.

Қазан төңкерісінен кейінгі Қазақстандағы ұлттық үкіметтер

1917 жылы қарашада Орынбор контрреволюциялық төңкеріс нәтижесінде Дутов басқарған «Әскери үкімет» билікті қолына алды.

1917 жылы 15 қарашада Ташкентте болған мұсылман депутаттары Кеңестерінің өлкелік съезінде жаңа үкімет «Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесі» орнады. Бұл үкіметтің Кеңесі құрамында мұсылмандар болған жоқ. 1917 жылы 22 қарашада Қоқанд қаласында болған бүкіл түркістандық IV съезде Түркістан автономиясы, яғни Түркістан үкіметі құрылғаны туралы жарияланды. Бұл үкімет кейбір деректерде «Қоқанд автономиясы» деп аталды. Алғашқы басшысы М. Тынышбаев, одан кейін басшы қызметін Мұстафа Шоқай атқарды.

1917 жылы 5–13 желтоқсанда Орынбор қаласында жалпы қазақ съезі болды. Съезді М. Шоқай басқарды.

Съезде Алаш автономиясын құру туралы қаулы қабылданды.

Алашлорданың 25 мүшеден тұратын Уақытша Халық Кеңесі құрылды.

Автономия орталығы Семей қаласында орналасатын болды.

Алашорда үкіметінің төрағасы болып Ә. Бөкейханов сайланды. «Қазақ» газетінде «Алаш» партиясының 10 бөлімнен тұратын бағдарламасы жарияланды.

«Алаш» партиясының бағдарламасы:

  1. басқару түрі;
  2. автономия;
  3. азаматтық негізгі құқықтары;
  4. дін ұстану туралы мәселе;
  5. соттар туралы;
  6. қорғаныс;
  7. салық;
  8. жұмысшы мәселесі;
  9. халық ағарту;
  10. жер мәселесі.

Кеңестер билігі Сырдарияда

1917 жылы 30 қазанда Перовскіде билік бейбіт жағдайда жұмысшы солдат депутаттарының қолына көшті. 1917 жылы 1 қарашада 4 күнге созылған шайқас негізінде Ташкентте Кеңес өкіметі орнады.

Кеңестер билігі 1917 жылы қарашада Шымкентте (бейбіт түрде), 1917 жылы 7 қарашада Түркістанда орнады.

Кеңестер билігі Торғай облысында

Торғай облысында атаман Дутов бастаған қазақтар мен Ә. Бөкейханов бастаған Алашорда және эсерлер Кеңес өкіметіне қарсы күресті. Бірақ олар жеңіліске ұшырады. 1917 жылы 25 желтоқсанда Қостанайда күрес нәтижесінде кеңестер билігі орнады. (басшысы В. М. Чекшаров).

1918 жылы 8 қаңтарда Кеңестер Ақтөбеде билікке келді (басшысы В. Ф. Зинченко).

1918 жылы қаңтарда Торғай, Ырғыз уездерінде Кеңес өкіметі орнады.

1918 жылы 18 қаңтарда Орынборда Кеңес өкіметі орнады.

Кеңестер билігі Солтүстік және Шығыс Қазақстанда

Бұл өңірлерде Кеңес өкіметі күрес нәтижесінде орнады.

1917 жылы 22 қарашада Петропавлда Кеңестер билігін қолына алған Уақытша Революциялық Комитет билікке келді (басшысы И. Д. Дубинин).

1917 жылы 25 желтоқсанда Ақмолада Кеңес өкіметі орнады.

1917 жылы желтоқсанда Кеңес өкіметі Көкшетауда орнады.

1918 жылы 2 қаңтарда Атбасарда Кеңес өкіметі орнады.

1918 жылы 18 қаңтарда Өскеменде билік Кеңестердің қолына көшті.

1918 жылы 19 қаңтарда Павлодарда күрес нәтижесінде билік Кеңестердің қолына көшті.

1918 жылы 17 ақпанда Семейде Кеңестер билігі үкімет басына келді.

Кеңестер билігі Батыс Қазақстанда

1918 жылы 15 қаңтарда Оралда Кеңес өкіметі орнады. Бірақ осы жылдың наурызында ақ гвардияшылар контрреволюциялық төңкеріс жасап, Кеңестерді биліктен тайдырды. Оралда Кеңес өкіметі азамат соғысы жылдарында ғана орнады.

1917 жылы 2 желтоқсанда Бөкей ордасында Кеңес өкіметі орнады.

Кеңестер билігі Жетісуда

1918 жылы 3 наурызда Верныйда Кеңес өкіметі қарулы көтеріліс нәтижесінде орнады.

1918 жылы наурыз айында Жетісу облысының барлық өлкесінде Кеңестер билігі орнады. Жетісу өңірінде Кеңес өкіметін орнату жолында Ж. Бабаев, А. Розыбакиев, Т. Боткин, Т. Өтепов т. б. революционерлер аянбай күресті.

Социалистік экономика және мәдениет

Кеңестер билігінің орнауына байланысты Қазақстанда жаңа үкіметтің басқару жүйелері құрыла бастады. Барлық кеңестер іске кірісті. Кеңестер жанынан қаржы, өнеркәсіп, жер, ағарту, әділет, денсаулық сақтау басқармалары жұмыс істеді.

1918 жылы 21 наурызда Орынборда кеңестердің I Торғай облыстық съезі басталды. Съезде жергілікті басқару жүйесі, әлеуметтік мәселелер жайында қаулы қабылданды. Бұл съездің қаулысы бойынша Алаш қозғалысының үнқағазы «Қазақ» газеті жабылды.

1918 жылы 20 сәуірде Ташкентте Түркістан Кеңестерінің V съезі болды. Бұл съездің құрамында Жетісу облысы бар Түркістан автономиялы Кеңестік социалистік республикасы құрылды. 1918 жылы Кеңес өкіметі көптеген өнеркәсіп орындары мен банкілерді мемлекет қарамағына алды.

Халықты азақ-түлікпен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолданылды.

1918 жылы Ақмола мен Семейде сауда ісін жүргізу азық-түлік комитетіне жүктелді.

Кеңес өкіметі ағарту мәселесі бойынша нақты шараларды жүзеге асыра бастады.

С. Сейфуллин Ақмола облысындағы, С. Меңдешев Бөкей ордасындағы білім беру бөлімдерін басқарды.

Кеңес өкіметі Қазақ АКСР-ын құру мақсатында қазақ бөлімін құрды. Бұл істер азамат соғысының басталуына байланысты тоқтап қалды.

Қазақстанда кеңестік мемлекеттік аппарат құру және экономика саласындағы алғашқы өзгерістер

Кеңес өкіметі жеңгеннен кейін Қазақстанда да ескі мекемелер, оның ішінде, Уақытша үкіметтің комиссарлары, отарлау-шенеуніктік әкімшілік қоныстандыру басқармасы, бұрынғы сот жүйесі жойылып, өкімет билігі жұмысшы, солдат депутаттары кеңестерінің қолына өте бастады. Мұндай өзгерістердің іске асуына Қазақстан қалаларында құрылған революциялық комитеттердің рөлі зор болды. Олар қызыл ұландар бөлімдерін, жұмысшы жасақтарын құрды, кедейлерге арқа сүйеп, қанаушы таптардың қарсылығына тойтарыс берді, өкімет билігінің кеңестердің қолына өткенін жариялап, олардың нығаюы үшін ат салысты.

Өкімет билігінің ескі құрылымы Қазақстанда бірден жойылған жоқ. Олар әуелі кеңестердің қарамағына өтіп, сосын аттарын өзгертіп, бірте-бірте кеңес қарауына алынды. Мәселен, 1918 жылы ақпанда жұмысшы, шаруа, солдат, мұсылман депутаттары Ақтөбе кеңесі қалалық басқарманы кеңес басқару орны етіп қайта құрып, қалалық думаны таратты. Семей облыстық кеңесі 1918 жылы 9 наурызда дума мен басқармаларды таратып, уақытшы үкіметтің уездік комиссарларының міндетін жаңа құрылған кеңестерге жүктеді. Сол жылы 12 сәуірде Түркістан өлкесінің Халық Комиссарлар Кеңесі азық-түлік басқармаларына тиісті Кеңестердің азық-түлік бөлімі етіп қайта құру жөнінде жарлық шығарды. Қостанай уезіндегі шаруашылық иелігі Кеңестің қарамағына алынды.

Шіркеудің мемлекеттен, мектептің шіркеуден ажыратылуы, ерлер мен әйелдер теңдігі іске асырылды. Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің 1917 жылғы 10 қарашадағы Жарлығымен адамдардың сословиеге бөлінуі, олардың құқықтық артықшылығы мен шектеушілігі, сондай-ақ сословиелік мекемелер, ұйымдар жалпы сословие атауы жойылды.

Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңінде басқарудың бірыңғай құрылымы болған жоқ. Кейбір жерлерде Орталықтағы сияқты Халық Комиссарлар Кеңесі, екінші бір жерлерде облыстық мекемелер мен басқармалардың Комиссариаттары құрылды. 1918 жылдың күзінен бастап, басқарудағы алақұлалық жойылып, Кеңес атқару комитеттері билікті өз қолына топтастыра бастады. Маңызды мәселелер салалық басқармалардың коллегия мәжілісінде қаралып отырды.

РКФСР Халком Кеңесінің 1917 жылғы 22 қарашадағы «Сот туралы» жарлығымен соттың ескі құрылымы түгелдей қысқартылып, жергілікті жерлерде соттың жаңа жүйесі пайда болды. Сонымен бірге ескі прокурорлық бақылау мен қылмысты іс тергеушілер институттары, қорғаушы және жеке адвокатуралар жойылды. 1918 жылы облыстардағы Кеңес Атқару Комитеттері жанынан сот бөлімдері, ал өлке орталығында Қазақ өлкелік соты ұйымдасты.

1918 жылғы көктемде Түркістан автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы құрылды. Оның құрылуы 1918 жылғы сәуірдің 20-нан 1 мамырға дейін Ташкент қаласында өткен Түркістан өлкесі Кеңестерінің бесінші съезінде іске асты. Оның құрамына Қазақстанның оңтүстігіндегі Жетісу, Сырдария облыстары кірді. Орта Азия республикалары мен Қазақстан жерін межелеу жүргізілгенге дейін Ақмола, Семей облыстарының орталығы Омбы қаласы болған, ол Батыс Сібір өлкесіне, Торғай, Орал облыстары Орынбор губерниясына, Бөкей ордасы Астрахань губерниясының қарамағына кірді.

1918 жылғы 15 қаңтардағы жұмысшы, шаруа қызыл әскерін құру жөніндегі үкіметтің нұсқауына сәйкес елде әскери бөлімдер құрыла бастады. Олар еріктілерден тұрды.

Кеңес өкіметінің декреттері негізінде фабрика, зауыт, банктерді национализациялау іске асырылды. Қазақстанда алдымен ұсақ, орта кәсіпорындары мемлекет меншігіне көшті.

Кеңестердің екінші съезінің шешімдеріне сәйкес жерге жеке иелік ету жойылып, Қазақстандағы шіркеу мен монастрлердің, помещиктердің, бай казак-орыстардың, патша шенеуніктерінің иелігінде болып келген, сондай-ақ қоныс аудару қорындағы жерлер еңбекшілердің пайдалануына берілді.

Жер мәселесін шешудегі жергілікті кеңес орындарының қызметі бірнеше кезеңнен тұрды.

  1. 1917 жылғы қарашадан – 1918 жылғы жазға дейінгі кезеңінде жергілікті Кеңестер, жер комитеттері мен комиссиялары бос жерлерді, тәркіленген помещиктік имениелерді есепке алып, шаруалардың жағдайын анықтап, жерсіз, жері аз шаруаларды жермен қамтамасыз ету мәселесімен шұғылданды.
  2. 1918 жылдың жазынан – 1920 жылдың аяғына дейінгі уақытты қамтыды. Бұл тұста жерді социализациялау жөніндегі шараларды іске асыруға әзірлік жұмыстары жүргізілді.
  3. 1921–1922 жылдары жер-су реформасы іске асырылды.
  4. 1924–1927 жылдары жерге орналастыру, шабындық, егістік жерлерді қайта бөлу жұмыстары жүргізілді.

Кеңес өкіметі алға қойған маңызды міндеттерді іске асыруда тәжірибенің жоқтығы, жергілікті кадрлардың түсінігінің кемдігі, сауатының аздығы, т. б. себептер негізінде бұл революциялық шараларды іске асыру барысында асыра сілтеушіліктің, солақайлықтың, теріс әрекеттердің орын алғаны, Кеңес өкіметіне сенімді азайтатын жағдайлар болды.

Халықтың өкіметі жеке адамның дара басшылығымен ауыстырылып, басқарудың командалық-бюрократтық тәсілі іске аса бастады. Мұның барлығы Қазақ Өлкелік комитетінің бірінші хатшылығына 1925 жылы қыркүйекте Ф. И. Голощекиннің келуімен байланысты болды. Ол келісімен республикада халыққа қысым жасау саясаты күшейіп, бұл ерекше қатаң сипат алды. Осы кезде – Қазақстанның қоғамдық саяси өмірінде күрт өзгерістер енгізілді. 1925 жылы желтоқсанында өткен өлкелік партия комитетінің бесінші конференциясында «Ауылды кеңестендіру туралы» шешім қабылданды. Республикада «Кіші қазан» революциясын өткізу үшін идеологиялық негіз жасалды, сөйтіп жаппай жазалау дәуірі басталып, ол қазақ халқын қайғы қасіретке ұшыратты.

Қазақстанда голощекиндік-сталиндік үлгі бойынша «қайта құрумен» келіспеген көрнекті жауапты қызметкерлердің қарсылығы жанышталды. 1927–1929 жж. әртүрлі сылтаулармен белгілі мемлекет қайраткерлері Т. Рысқұлов, Н. Нұрмақов, С. Қожанов, М. Мырзағалиев Республикадан аластатылды. Қазақстан Атқару Комитетінің Төрағасы Ж. Мыңбаев, Халық ағарту комиссары С. Сәдуақасов, Жер халық комиссары Ж. Сұлтанбеков және басқалар қызметінен алынды. Қазақ қызметкерлерінің көпшілік бөлігі топқа бөлініп, жікшілдік күреске қатынасқан деп кіналанды.

1928 жылдың аяғында «буржуазияшыл-ұлтшылдар» деп аталғандардың ішінде бұрынғы Алашорда қайраткерлерінің ішінен 44 адамға жалған айып тағылып, қамауға алынды. Олардың қатарында А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Х. Ғаббасов және басқалар бар еді. Құрамында М. Тынышбаев, Х. Досмұхамедов, Ж. Ақпаев, К. Кемеңгеров және басқалары бар ұлттық интеллигенцияның (40 адамдай) басқа тобы 1930 жылы қыркүйек-қазанда ұсталды. Олардың ішінен 15 адам Ресейдің Орталық қара топырақты облыстарына жер аударылды. Бұлардың барлығы дерлік 1937–1938 жж. атылды. Жалпы 1929–1931 жылдары қазақ интеллигенция өкілдерінің он мыңынан астамы жаппай жазалауға ұшырады.

Қазақстан азамат соғысы жылдарында (1918–1920 жж.)

1917 жылғы қазан революциясының жеңісі алғашқы күндерден бастап, құлатылған қанаушы тап өкілдерінің қарулы қарсылығын тудырды. Кеңес өкіметі елдің әр түрлі аймақтарындағы, соның ішінде Қазақстан жеріндегі контрреволюциялық бүліктерді батыл да шұғыл басып тастап отырды. Өлкеде азамат соғысының басты ошақтары Қазақстанның батыс аудандарында, Торғай облысының әкімшілік орталығы Орынборда, Орал облысы, Гурьев (Атырау) қаласында, Жетісу жерінде қалыптасты. Бұл жерде атаман Дутовтың, генерал Толстовтың әскерлері, ал Жетісуда казак-орыс жасақтары, ақ-гвардия офицерлері мен юнкерлер жиналды. Олар контрреволюциялық күштердің негізгі орталығына айналды және Кеңес өкіметіне қарсы азамат соғысын бастады.

1918 жылы 23 наурызда Орал казак-орыстары Гурьевте бүлік шығарды. Олар генерал Толстовтың бұйрығымен жұмысшы және солдат депутаттары Кеңесінің тоғыз мүшесін сотсыз атты. Сол жылдың 28–29 наурызында ақ казактар алашордашылармен бірігіп Орал қаласында төңкеріс жасады. Мұнда олар кеңес өкіметін құлатып, коммунистерді, кеңес қызметкерлерін аяусыз жазалады.

Азамат соғысының басталуы

1918 жылы мамырда Чехославак корпусының бүлігі басталды. Антанта империалистерінің қолдауымен бұл бүлік ең алдымен Солтүстік-Шығыс Қазақстанда басталды.

1919 жылы 31 мамырда Петропавлды ақ гвардишылар басып алды. Сондай-ақ ақ гвардияшылар маусымда Ақмола мен Павлодарды, Семей мен Көкшетауды, Омбы мен Қостанайды басып алады.

Алашорда үкіметі ақ гвардияшылардың Кеңес өкіметіне қарсы интервенциясын қолдап, қарулы интервенцияға қосылды.

Контрреволюцияға Антанта империалистері көп көмек көрсетті. Мысалы, АҚШ Колчак армиясына түрлі қару-жарақ, Англия 200 мыңдай әскерге қару-жарақ және киім берді.

1918 жылы 29 наурызда ақ гвардияшылар Орал қаласын басып алды.

1918 жылдың аяғына қарай Колчактың басқаруындағы Анненков дивизиясы Жетісу жеріне басып кірді.

«Әскери коммунизм» саясаты (1918–1921 жж.)

Азамат соғысы жылдарындағы қалыптасқан қиындықтармен байланысты Кеңес өкіметі 1918 жылдың орта кезінде елдегі барлық материалдық ресурстармен, адам күштерін барынша жұмылдыру, қалаларды, өнеркәсіп жұмысшыларын, Қызыл Армияны азақ-түлікпен қамтамасыз ету, елде қатал еңбек тәртібін орнату мақсатында «әскери коммунизм» саясатын енгізді. Бұл төтенше саясат экономикалық күйзеліс, Кеңес мемлекетін шетел интервенттері мен ішкі жаулардан қорғаудың қажеттілігінен туған еді. «Әскери коммунизм» саясаты негізінде азақ-түлік мәселесін шешу үшін төтенше шара азық-түлік салығы енгізілді. Ол бойынша елдегі байлар мен кулактардың қолындағы тауарлы астықтың көп бөлігі ешқандай қайтарымсыз алынды, бұқара халықты азық-түлікпен бір орталықтан қамтамасыз ету көзделді, ауыл шаруашылық өнімдерін өз еркімен сатуға тиым салынды.

«Әскери коммунизм» саясаты бойынша елде жаппай еңбек ету міндеттілігі талап етілді. Қазақстанда «әскери коммунизм» саясаты негізінде өнеркәсіпті кеңес органдарының қолына шоғырландыру, оны Қызыл Армияны қару-жарақ және жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмылдыру шаралары жүргізілді. Бүкілресейлік Атқару Комитетінің 1918 жылғы мамырдағы жарлығымен әскерге өз еркімен бару ісі жалпыға бірдей міндетті әскери борышты орындаумен алмастырылды. 1918 жылдың жазында өлкеде Қызыл Армияның құрамында ұлттық әскери бөлімдер құрыла бастады.

Қазақ революциялық комитетінің құрылуы (1919–1920 жж.)

1919 жылы 10 шілдеде В. И. Ленин «Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құру туралы» декрет қабылдады.

Қазревком құрамына Семей, Ақмола, Орал, Торғай облыстары, Астрахань губерниясының шығыс бөлігі кірді. Революциялық комитеттің бірінші құрамына С. Пестковский (төраға), А. Байтұрсынов, В. Лукашев, Ә. Жанкелдин, М. Тұнғаншин, С. Мендешев, Б. Қаратаев кірді. Әртүрлі уақытта Қазақ ревкомының мүшесі болып Ә. Әйтиев, С. Арғыншиев, А. Авдеев, Ғ. Әлібеков, Б. Қаралдин еңбек етті. Революциялық комитеттің жұмыс істейтін орталығы болып Орынбор қаласы белгіленді. 1920 жылы 9 наурызда Қазревком «Алашорда» үкіметін таратты. Қазревкомның үнқағазы «Ұшқын» газеті болды.

Қазревком 1919 жылдың шілдесінен 1920 жылдың қазан айына дейін 15 ай жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде оның басшылығымен халық шаруашылығындағы басты сала – отын өндіру бағытында Орал-Ембі мұнай кәсіпшілігі, Қарағанды мен Екібастұздың шахталарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Қазақ кеңес автономиялық республикасының құрылуы

1920 жылғы 17 тамызда РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі Қырғыз республикасы туралы Декрет жобасын мақұлдады. 26 тамызда БОАК пен РКФСР Халком Кеңесі РКФСР құрамында «Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» жарлық қабылдады.

Қазақ республикасына Семей, Ақмола, Торғай және Орал губерниялары, Маңғыстау уезі, Закаспий облысының Красноводск уезіндегі 4-ші және 5-ші Адай болыстары, Астрахань губерниясындағы Синемор болысы, Бөкей ордасы, 1-ші және 2-ші Приморье округтарына шектес, қазақтар қоныстанған бұрынғы қазыналық жерлер кірді. 1920 жылғы 22 қыркүйекте Бүкіл Ресейлік Атқару Комитетінің жаңа декреті бойынша ҚАКСР-ның құрамына Орынбор губерниясы енгізілді, ал Орынбор қаласы республиканың астанасы болды.

1920 жылдың 4–12 қазанында Қазақстан Кеңестерінің құрылтай съезі болып өтті. Съезге Қазақстанның барлық губернияларынан 273 делегат және Алтай губерниясы қазақтарының атынан 6 делегат қатысты. Құрылтай съезінде Орталық Атқару Комитеті (төрағасы С. М. Мендешев) және Халком Кеңесі (төрағасы В. Радус-Зенькович) сайланды. Съезд Қырғыз (Қазақ) АКСР-і РКФСР-дің құрамына кіретін жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалардың, казактардың және қызыл әскер депутаттары кеңестерінің автономиялық республикасы болып құрылғанын мәлімдеді.

Қазақстанда жаңа экономикалық саясатқа (ЖЭС) көшу және оның барысы

Қазақстанда жаңа экономикалық саясатты (ЖЭС-ті) іске асыру 1921 жылғы Қазақ АКСР Орталық Атқару комитетінің азық-түлік салығына көшу туралы шешімі негізінде жүргізілді. Салықтың мөлшері салғыртқа қарағанда аз болды. Шарулардан алынатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің мөлшерін салықпен шектеу ауыл-селолардың қалалармен байланысын нығайтуға жол ашты. Шаруалар басы артық өнімдерін қалаларға апарып сатып, тұрмыс жағдайын түзеуге мүмкіндік алды.

Империалистік, азаматтық соғыс Қазақстан халқының шаруашылығына ауыр шығын әкелді. Мемлекеттің 250 кәсіпорны ғана жұмыс істеді (барлығы 307)

Мұнайдың өндірілуі 4 есеге, Қарағанды көмірінің өндірілуі 5 есеге қысқартылды. Шаруашылық өнімінің 6,3%-ы ғана өнеркәсіптің үлесінде болды. 29,9 млн. малдан 16,3 млн. мал ғана қалды.

1921 жылы наурызда коммунистік партияның X съезі азық-түлік салғыртынан азық-түлік салығына, әскери коммунизмнен жаңа экономикалық саясатқа көшу жөнінде қаулы шығарды.

ЖЭС-тің мәні:

  1. Саясатта бір партиялық-тоталитарлық режим;
  2. Экономикада әкімшілік-нарықтық шаруашылық.

1921 жылы маусымда Қазақстанда жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы шешім қабылданды.

ЖЭС-тің қиындықтары мен табыстары.

Ең алдымен салық мөлшері жеңілдеді. Мысалы, 1927–1928 жылдары өнімнің 1/13-і салық ретінде алынды, салықтың ауыртпалығы байлардың мойнына түсті. Салықтан жиналған қаражат ағарту, мәдениет, өнеркәсіп салаларына т. б. жұмсалды.

Мемлекет халыққа ауыл шаруашылық техникасын сатып алуға көмектесті. Мысалы, 1924–1925 жылдары 415 трактор сатып алынды. Қазақстанның егістік көлемі 1928 жылы 4 млн. гектарға жетті. 1928 жылы мал саны 41 млн. болды.

ЖЭС нәтижесінде республикада 650 ауыл шаруашылық артелі мен 103 коммуна жұмыс істеді.

Өнеркәсіп саласында да біраз өзгерістер болды. Рспубликада аса ірі «Атбасцветмет», «Эмбанефть», «Алтайполиметалл» трестері құрылды. Олардың құрамына республиканың ірі өнеркәсіп орындары кірді. Өнеркәсіпті қалпына елтіру кезеңінде республикада 1928 жылы біріктіру қажеттілігі туды.

1921–1922 жылдардағы ашаршылық

1921–1922 жылдары ауа райының қуаңшылғына байланысты астық шықпай қалып, елді аштық жайлады. Қазақстан халқының 1/3 бөлігі осы аштық қасіретін бастан кешірді. 1921 жылдары ашыққан адамдардың саны – 1 млн. 508 мың адамды құраса, 1922 жылдары олардың саны 2 млн. 303200 адамды құраған. Аштық әсіресе Қазақстанның Батыс аймағын қамтыды. Ал астық мол шыққан Семей, Ақмола губернияларында жиналған астықтың 80% орталыққа әкетілді. Қазақстан Ресейдің Мәскеу, Петроград, Самара, Қазан, Саратов өлкелерінің ашығушыларына көмек көрсетті. Оның нәтижесі Қазақстанның астық мол шыққан аудандарының аштыққа ұшырауына себеп болды.

Кеңес өкіметі кеш те болса, ашыққан аудандарға көмек көрсетті. 1922 жылы егістікке себілген дәннің 60% Кеңес өкіметі берген болса, сонымен қатар ауыл шаруашылық машиналары мен құралдарын сатып алу үшін 2 млн. 131 мың сом мемлекеттен қаржы бөлінді. Қазақстан ашыққан Ресей өлкелеріне астық беріп қана қоймай, 20 мыңға жуық ашығушыларды өз еліне паналатты. Арал балықшылары Еділ бойындағы ашыққан халықтарға 14 вагон балық жіберді. 1921–1922 жылғы аштықтың салдарынан Ақтөбе, Қостанай, Орал, Орынбор, Торғай губерниялары тұрғындарының 1/3-нен айырылды. 700 мыңнан астам халық туған жерін тастап көршілес аймақтарға көшіп кетті.

Жер-су реформасы

Жер мәселесіндегі патша өкіметінің отаршылдық саясатының ауыр зардаптарын жою шаралары іске асырылды.

1921 жылғы сәуір – патша өкіметі кезінде Сібір және Орал казак әскерлеріне берілген жерлерді қазақтарға қайтару туралы декрет шығарылды. Нәтижесінде:

1921 жыл – Жетісуда жер реформасы жүргізілді.

1921–1922 жылдары аграрлық қайта құрулар нәтижесінде 300 мың адам Қытайдан Қазақстанға оралды.

Реформаны жүзеге асыруда қателіктер мен асыра сілтеулерге жол берілді. Қай жағдайда қоныс аударушы кедейлер жерден айрылды. Қоныс аударушылар негізінен отаршы-кулактар қатарына жатқызылып, қазақтар мен қоныстанушылар арасында ұлт араздығы туындады.

1921 жыл — «Қосшы одағы» құрылды.

1930 жылдан — «Кедей одағы» атанды.

Жетекшілері: А. Асылбеков, Ә. Жангелдин, Г. Коростылев, С. Меңдешев, С. Сейфуллин, Ж. Бөрібаев, А. Розыбакиев т. б. 1921 жылғы наурызда Жетісуда «Қосшы» одағының 17 мыңнан астам мүшесі болды.

Міндеттері:

1921–1922 жылғы жүргізілген жер реформасының маңызы:

Еңбекшілерді социалистік құрылысқа тартуда үлкен рөл атқарды.

Отаршылдық аграрлық саясатқа соққы берді.

Қазақ ауылындағы патриархаттық-феодалдық негізді әлсіретті.

Ұлттық келісімнің орнығуына жағдай жасады.

Республиканың қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістер (1921–1928 жж.)

1921 жылы уездер мен губернияларда Кеңестер съезі болып өтті. Көптеген қызметкерлер жаңа экономикалық саясаттың мәнін түсінбеді, бұрынғысынша «әскери коммунизм» әдістерімен жұмыс жасады. Кеңестерді құрып, нығайту жұмысы мақсатты түрде жүргізілді. Оған белсене қатысқан қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы С. Мендешев, орынбасары Ә. Жанкелдин, Ішкі істер халық комиссары Ә. Әйтиев және басқалары Кеңестердің жұмысын жандандыруға елеулі еңбек сіңірді.

1921 жылы 4–10 қазанда Қазақ АКСР Кеңестерінің екінші съезі болып өтті. Онда республика өмір сүрген алғашқы жыл ішіндегі мемлекеттік және шаруашылық құрылыстың қорытындылары шығарылды.

1922 жылы Кеңестер сайлауы өтті. Олардың құрамын жергіліктендіру іске асырылды. Бөкей, Орал, Ақтөбе, Семей губернияларында болыстық атқару комитеттері сайлауынан кейін, депутаттардың жартысынан астамы қазақтар болды.

ҚАКСР Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш қызыл керуені 1922 жылы Ә. Жанкелдиннің басқаруымен ел аралауға шықты. 9 мамырдан 12 маусымға дейін керуен Орынбор мен Семей аралығындағы 26 болыстың 37 ауылында, сондай-ақ Екібастұз бен Спасск зауытында болды. Керуен Кеңестердің іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді жолға қойды.

1922 жылы 30 желтоқсанда Мәскеуде өткен Кеңестердің Бүкілодақтық бірінші съезі Кеңестердің Социалистік Республикалар Одағы құрылғанын жариялады. Басқа да автономиялық Кеңес республикалары сияқты Қазақ АКСР-да Кеңестік Ресей Федерациясы құрамында Одаққа кірді.

Орта Азия Кеңес республикаларын ұлттық-мемлекеттік жағынан 1924 ж. жүргізілген межелеу республика өміріндегі маңызды оқиға еді. Ұлттық жерлердің межелеуі нәтижесінде Түркістан АКСР-інің құрамындағы бұрынғы Жетісу және Сырдария облыстарының жерлері Қазақ АКСР-іне қарайтын болды. Соның нәтижесінде Қазақстан жері 700 мың шақырымға, ал халқы – 1 млн. 468 724 адамға өсіп 5 230 мыңға жетті. Тұрғындары негізінен орыстар болып табылатын Орынбор губерниясы Қазақстаннан бөлінді. Республиканың астанасы Қызылордаға (Ақмешіт) көшті.

1925 жылы сәуірде Қызылордада республика кеңестерінің бесінші съезі өтті. Ол «Ауылға, қыстаққа және деревняға бет бұрайық» деген ұран негізінде жұмыс істеп, шаруаларды жерге орналастыру жұмыстарының келелі жоспары, суландыру құрылысын дамыту, мемлекеттік және кооперативтік сауданың рөлін одан әрі нығайту, өндірістік серіктіктерді қолдау мәселелерін талқылады. Съезд халықтың байырғы тарихи атауы қалпына келтіріліп – қазақ халқы, ал республиканы – Қазақ АКСР-і деп атау туралы қаулы қабылдады.

1925 жылы ақпанда жаңа қазақ жерлерінің бірігуіне байланысты Қазақстан облыстық партия комитеті өлкелік болып қайта құрылды. Республика құрылған кезде небары үш-ақ газет шықса, 1925 жылы «Еңбекші Қазақстан», «Народное хозяйство Казахстана», «Советская степь», «Қызыл Қазақстан» т. б. 13 газет пен 5 журнал шықты.

Кәсіподақтардың саны өсті. 1925 жылы қаңтардан қыркүйекке дейін кәсіподақтарға мүше болып 20 мыңға жуық жұмысшы мен қызметші, соның ішінде 6 мыңнан астам қазақ еңбекшісі өтті.

Қазақ әйелдері қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласты. 1925 жылы қаладағы және ауыл мен селодағы еңбекші әйелдердің 6,6 мыңы жергілікті кеңестерге мүше болып сайланды.

1928 жылы Қазақстанда жаңадан әкімшілік-территорияларға бөлу іске асырылды. Осы уақытқа дейін болып келген алты губерния, екі округ, отыз екі уезд және 400 болыстықтардың орнына 13 облыс және 193 аудан құрылды.

1929 жылы әкімшілік-территориялық қайта құру негізінен аяқталуымен және Түркістан-Сібір темір жолының құрылысының бітуімен байланысты Қазақстан Автономиялық Советтік Республикасының орталығы Қызылордадан Алматы қаласына көшірілді.

Қазақстан елді индустрияландыру кезеңінде (1928–1932 жж.)

Индустрияландыруға бағыт алу.

Қазақстанда индустрияландыру ісі 1928–1932 жылдары өтті. 1928–1932 жылдары халық шаруашылғын дамытудың бірінші бесжылдығы болды.

Бұған дейін қазақстанда Қарағандыдағы көмір кен орындары, Ембідегі мұнай өндірісі, Алтайдағы түсті металлургия сияқты санаулы ғана өнеркәсіп орындары болды. Жалпы, өнімінің 84,4%-ы ауыл шаруашылғына тиесілі болды. Елді индустрияландыру үшін ауыр өнеркәсіпті, оның ішінде машина жасау саласын, кен өндірісі орындарын, теміржол жүйесін дамыту керек болды. КСРО индустрияландырудың жоспарына Қазақстан да енгізілді.

Индустрияландыруды жүзеге асыру жолында әкімшіл-әміршіл саясат қатты бұрмаланды. 1925–1933 жылдары Қазақстан коммунистік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф. И. Голощекин болды. Ф. И. Голощекин Қазақстанда Қазан революциясы болған жоқ, сондықтан қайтадан революция жасау керек деп шешті. Осы ойын іске асыру мақсатында ол «Кіші Қазан» төңкерісін өткізу идеясын ұсынды. Бұл ұсынысты И. В. Сталин қолдады. Ф. И. Голощекин қазақстанды одақтық шикізат базасы ретінде индустрияландыру бағытын ұстанды. Ф. И. Голощекиннің «Кіші қазан» идеясына алғашқы болып С. Сәдуақасов қарсы шықты. С. Сәдуақасов Қазақстанды шикізат базасы ретінде пайдалануға ашық түрде қарсы тұрды.

Индустрияландыруды жүзеге асыру мақсатында қазақ жерінің табиғат байлықтарын зерттеу басталды. Н. С. Курнаков бастаған геологтар Орталық Қазақстанның табиғи ресурстарын зерттеді. И. М. Губеин Орал-Ембі ауданында мол мұнай қоры бар екенін дәлелдеді. Қ. И. Сәтбаев жезқазған мыс кен орнының мол байлығын анықтады.

Индустрияландыруды жүзеге асыру.

Түркісіб құрылысы

1927 жылы Түркістан-Сібір теміржол құрылысы басталды. Түрксіб теміржол құрылысының басшылары:

В. С. Шатов – құрылыс бастығы,

Н. Нұрмақов – құрылысқа жәрдемдесу комиссиясының басшысы,

Т. Рысқұлов – РКФСР үкіметі жанындағы құрылысқа жәрдемдесу комиссиясының басшысы.

Теміржол құрылысында 100000 адам жұмыс істеді. Түркістан-Сібір теміржолы 3 жылдың ішінде салынып бітті.

1930 жылы 28 сәуірде Айнабұлақ станциясында жолдың екі жағы түйісті.

1931 жылы қаңтарда Түрксіб теміржолы пайдалануға берілді.

Түркістан-Сібір теміржолы Орта Азияны сібірдің экономикалық өңірімен байланыстырды.

Индустрияландыру бірінші жағынан Кеңес халықтары күшімен жүзеге асса, екінші жағынан орталықтың әкімшіл-әміршіл жүйесі негізінде жүргізілді.

Соғысқа дейін Қазақстанда ембі мұнай өндіру орындары, Қарағанды көмір кен орындары, Жезқазған, Балқаш мыс комбинаттары, Шымкент қорғасын зауыты т. б. ірі кәсіпорындар салынды.

Жалпы, Қазақстан Орал мен Сібірдің ірі өнеркәсіп орындарын шикізатпен, пайдалы қазбалармен қамтамасыз етті.

Қазақстанды индустрияландырудың басты міндеттері орындалмады. Себебі Қазақстанда көбінесе өндіруші өнеркәсіптер салынғанымен, өңдеуші өнеркәсіп дамытылған жоқ.

Индустрияландырудың ерекшеліктері.

Индустрияландыру Қазақстанда, негізінен, жоғарыдан жүргізілді.

Қазақстанда салынған өнеркәсіптер дайын өнім шығармады. Шикізатты, негізінен, Ресей мен Украина өнеркәсіптеріне тасыды.

Урбанизация күшейіп, 1930 жылы қала халқының үлесі 29,8% болды.

1935 жылы республикадағы жұмысшылардың 43%-ы қазақтар болды.

1939 жылы республикадағы қала халқының саны 375000-ға дейін жетті.

Индустрияландырудағы жұмысшылар еңбегі.

Қазақстан өнеркәсіп орындарына Мәскеу, Ленинград, Донбасс т. б. ірі өнеркәсіп орталықтары мен жұмысшы топтары көмек көрсетті.

Жаңа техниканы меңгеріп, жаңадан салынған өнеркәсіпте істейтін мамандарды даярлау керек болды.

Бұл үшін көптеген қазақ жұмысшылары кәсіби білім алу үшін Мәскеу, Ленинград, Донбасс, Баку өнеркәсіп орындарына жіберілді.

Алғаш Түрксіб құрылысына қара жұмысшы ретінде қатысқан Д. Омаров кейіннен Түрксіб бастығы, ал Т. Қазыбеков «Қазақ көлік құрылысы» тресінің бастығы болды. Жаңа техниканы меңгеру барысында Донбасс забойшысы А. Г. Стахановтың рекорды насихатталды. Стахановтың қазақ жеріндегі ізбасары Қарағанды кеншісі Түсіп Күзембаев болды.

Сәфи Өтебаев, Мелдебек Сағымбеков, Ахметжан Сафин, Зағира Табылдинова – Қазақстандағы индустрияландыру ісінің үздіктері.