Шығанақ Берсиев (1881 — 1944 жж.)

Берсиев Шыганак (1881 — 1944)

Дүниеге келгені: 1881

Қайтыс болғаны: 1944

Мансабы: тары өсіру шебері

Шығанақ Берсиев (1881 —1944 жж.) Асан қайғы бабамыз «Ойыл көздің жасы еді, Ойылда кеңес қылмадың, Ойылдан елді көшірдің…» деп Жәнібек ханға зілді сөйлеп, Ойылдың орны бөлек екенін айғақтады. Осы Ойыл өңірінен шыққан текті тұлғаның бірі — Шығанақ Берсиев.

Ақтөбе облысының Ойыл ауданындағы «Құрман» колхозының звено жетекшісі, тары өсірудің әйгілі шебері. Ол әуелі «Құрман» колхозында мұрап, 1938 жылдан звено жетекшісі болып істеді. Шөлейтті аймақтың ауа райына қарамастан, ұзақ жыл бойы Берсиев тарыдан мол өнім алды. Оның звеносы әр гектардан: 1939 ж. 25,5; 1940 ж. 155,8; 1941 ж. 165; 1942 ж. 175; 1943 ж. 201 ц өнім жинады. Берсиев тарыға арам шөптен таза, құнарлы жер таңдап алып, оған қой қиын төкті. Сеялкамен әр гектары 20 кг-нан тоғыспалы әдіспен 5–6 см тереңдікке тұқым сеуіп, топырақты ауыр ағаш катокпен тегістеді. Өсімдіктің өсіп-жетілу кезеңінде егістікті 4 рет суарып, 2 рет үстеп қоректендірді. Берсиев жаз бойы егістіктің 3 рет арам шөбін отап, кейде оған күл мен құс саңғырығын шашты. Ол тарыны пісуіне қарай таңдап оратын.

Жыл сайын ойыл ақ тарысының сабағы майысып тұрған күлтелерін таңдап, оның ірі дәнін ғана тұқымға іріктеп алды. Сөйтіп, тарының жақсартылған жаңа сортын өсірді. Жазушы Мұстафиннің «Шығанақ» романы Берсиев өмірінен жазылған. Осы еңбегін бағалап, Кеңес үкіметі Берсиевті Ленин орденімен (1940) марапаттады. Байлардың мал-мүлкін тәркілеу мен оған ұласқан аштық, одан кейінгі отыз жетінің сойқаны ел-жұртты есеңгіретіп тастағаны былай тұрсын, тұтас елдің жер бетінен жоғалу қаупі туғанда кез Ойылдағы Шығанақтың белсеніп еңбек еткен кезеңіне түспа-түс келеді. Ол аштықтан қырыла бастаған ел- жүртын аман сақтап қалудың бірден-бір жолы — тары өсіріп, жұрттың өзегін жалғау деп ұғынды. Өз үйінің көмбесінен алған ақ тары тұқымы Ойылға ауған жұрттың жаппай қырылып қалуына жол бермеді. Сол уақыт өткеннен кейін Қызыл Армияның мұқтаждығына жұмсалды.

Шығанақ қолдан жасалған ашаршылық әбден діңкелеткен халқын аман сақтап, мақсат-бағдарынан айырылып, артына ерген әлсіз жұртына күнкөріс көзін ашты. Осы тұрғыдан алғанда, елінің көшбасшысы, ұйытқысы бола білді. Бұл ерлігі екпінді бесжылдықтар тізбесіне жазылмай қалды. Маңдай термен өсірілген астық дереу майданға жөнелтілді, еңбегіне тиесілі қыруар қаржы армияға қару-жарақ сатып алуға жұмсалды. Ал, өзі болса ұжымшардағы балшықтан соққан қоңыр үйінде, еңбегін міндетсінбей, жерлестерінен ерекшеленбей тіршілік кешіп жатты.

Әлемдік рекордтың атасы өлгенінше Қарасу бойындағы қараша үйінде тұрды. Одақтағы нөмірі бірінші тары өсіруші атағы оны Сталин кабинетіне дейін алып баруға күші жеткенімен, диқан болмысын өзгерте алмады. Мүмкіндігі болып тұрғанына қарамастан «Құрман» ұжымшарындағы шаруашылығын, кетпенін басқаға айырбастаған жоқ. Соғыстың соңғы шешуші сәттерінде, алпыстан асқан диқан сол тары егістігінің шетіндегі қарапайым үйінде сырқаттанып қалды. Кремль алаңдады, бүйрық берді. Мәскеудеі аттандырылған арнайы ұшақ «Құрман» ұжымшарына ұшып келген. Акыр 1944 жылы пайғамбар жасына жетер-жетпесте өмірден озды даңқты еңбек ерлері Ел-жүртын аштықтан құтқарған сол кездің ескерткіші — қастерлі ақ тары тұқымы Ленинград мұражайында сақталған.

Бұл колхоздан тары өсірудің көптеген шебері шықты. Берсиевшілер — тары шығымдылығын арттыруда дүниежүзілік рекорд жасаған Берсиев Шығанақтың ізін қуушылар. Ұлы Отан соғысы алдында Ақтөбе облысында берсиевшілер қозғалысы кең өріс алды. Әрбір шаруашылықта берсиевші звено, бригада құрылды. Мұны бастаушылар: Ойыл ауданында Зәуре Баймолдина, Ақбала Берсиева, Қашқын Соқыров, Таган Үзақбаев, Балмұқан Ақабаев, Қобда ауданында агроном Ивченко, Әзима Бектенова, Ырғыз ауданында Өксікбай Ашамбаев, Қойлыбай Белесов, Мартөк ауданында агроном Неженцева болды.

Ұлы Отан соғысы (1941 — 1945 ж.ж.)