Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов (1924 ж.)

Нурмагамбетов Сагадат (1924)

Дүниеге келгені: 1924

Ақмола облысы, Қосым ауылы

Мансабы: генерал

Сағадат Нұрмағанбетұлы Нұрмағанбетов 1924 жылы Ақмола облысының Қосым ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1942 жылы әскер қатарына шақырылды. 1-Белорус майданында, Солтүстік Кавказ, Украина, Молдавия, Польша, Германия майдандарында соғысқан. Пулемет взводын, ротаны, 5-екпінді армияның атқыштар батальонын басқарды. Гитлер канцеляриясын шабуылдауға қатысты. 1946 жылы Әскери академияны, 1981 жылы Бас штаб академиясын бітірді. 1950–1989 жылдары – Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округы әскерлері бастығының орынбасары, Оңтүстік әскер тобы (Венгрия) бастығының бірінші орынбасары. 1990 жылдан ҚР соғыс, еңбек және Қарулы күштері ардагерлері Кеңесінің төрағасы, 1991–1992 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы. 1992–1995 жылдары ҚР қорғаныс министрі, армия генералы. 1996 жылы ҚР Президентінің кеңесшісі. КСРО.

Ресей, Украина, басқа да мемлекеттердің ордендерімен марапатталған. Армия генералы, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы. Әскери адамды бойынан, жүріс-тұрысынан бірден аңғаруға болады. Маңғаздана денесін тік ұстаған офицерге кім болмасын біреудің алдында бас иген жараспас. Оның әр минуты санаулы және өз шенін қүрметтейтін офицер қандай жағдайда болмасын кешікпейді. Көп сөйлемейтін, шешенсуден аулақ генерал сұхбат кезінде өзі белгілеген бағытынан бір рет те таймады, әңгімесінің тоқ етерін ғана айтып, журналистердің арандатушылық сұрақтарына да бой алдырмады. Тәртіпке үйренген ол редакцияның қоқырсыған шкафына өзінің генералдық шинелін іліп жатып: «Сендерге старшина болғанда мына жерді тәртіпке келтірер еді!», — деді ренішті үнмен.

Отан алдындагы борышына асқан адалдықпен қараған ол Орта Азия әскери округінің ең беделді басшыларының бірі бола тұрып, өзінің ағайын немересін Ауғанстанға соғысқа жіберді… Ал өзінен шені төмен офицерлер болса, өтірік-шыны аралас сылтау келтіріп, өз жақындарын әскер қатарынан алып қалып жататын. Өкінішке орай, қатардағы жауынгер Кеңес Нұрмағамбетов дүшмандардың оғынан қаза болып, отбасына шайқас алаңынан осымен екінші рет суық хабар келді. Біріншісі — баяғыда қырық бірінші жылы келген болатын. Ол кезде Кеңестің атасы және Сағадат Қожахметұлының жалгыз ағасы (қатардағы жауынгер Сағит Нұрмағамбетов) Псков түбінде із-түзсіз жоғалды. Сағит қарапайым еңбеккер болды, шахтада, онан кейін колхозда Жұмыс істеді, — деп еске алды генерал. — Соғыс басталысымен, ол артына жары мен екі баласын қалдырып, майданға аттанды. Жолда кетіп бара жатып екі хат жолдап үлгерді. Бірінші хатында түн қата Мәскеуден өткенін жазса, екіншісінде — Псков маңында алғашқы ұрысқа кіріскендерін, күн қақап тұрғанын айтқан… Бұл 1941 жылдың соңы болатын.

Онан кейін хабарсыз кетті. Бейбіт күнге қол жеткеннен кейін де мен ең болмаса жерленген жерін таппақ болып, қаншама іздеу салдым, бірақ… бәрі нәтижесіз болды. Соғыстың сұрапыл күндеріндегі жағдайды өздеріңіз де білесіздер, Сағитым қай жерде қалғанын қалай іздерсің… Егер ашығына келсек, Нұрмағамбетовтар отбасының кіші ұлы әскери қызметке баруды еш жоспарламаған.

Сағадат армия генералы болуды емес, география және тарих пәнінің мұғалімі болуды армандаған. Бұл пәндерге деген ықыласы ерекше болатын! Жұмулы көзбен ол әлем картасынан кез келген жерді көрсетіп бере алатын. Сол кезде картаны көрсеткіш таяқшамен емес, Еуропаны жаудан азат ете отырып, барлық қала мен даланы өзі жүріп өтетінін, кейіннен жас мемлекет үкіметінің мүшесі ретінде бүкіл әлемді шарлайтынын білді дейсің бе?.. Қырық бірінші жылы соғыс оның мұғалім болсам деген арманына тосқауыл қойды. Соғыс, әскер, әскери іс… Оның бүкіл өмірінің мәніне айналған іс. Майданға жазылу үшін келген мұрты шықпаған бозбалаларға әскери бөлімшедегілер: «Алдымен мұрындарыңды сүртіп алыңдар!»— деп күлкі ететін. Бірақ зерек Сағадатты бірден байқап, саяси ағарту қызметкерлері курсына жіберді. Келесі жылы әскери училищеге бөлді.

Оқу тез қарқынмен жүрді: соғыс өз дегенін істетті. Келесі жылы Ақмола облысының Қосымауылынан шыққан кешегі бала өзінің пулеметшілер взводымен Солтүстік Кавказдағы Курка өзеніндегі неміс қорғанысын талқан етті. Қайтпас жүректілік пен қырағылық, ағасының өлімі үшін кек алу сезімі мен әрбір солдаттың өмірін сақтап қалуға деген қамқорлық, үлкен жауапкершілік пен балалық қызбалық оның бойында араласып, өзгелерді тыңдатуға мәжбүрледі. Донецкіге өткен бойда-ақ ол пулеметшілер ротасын басқарды. Днепрді алды, онан соң Украина, Бессарабия, Белоруссия, Полыпаны азат етті… Берлинге ол комбат болып кірді. «Батяня-комбат» деген ән сөздері есіңізде ме? Ол болса жасы жиырмадан жаңа асқан батяня?! Ал батальонда 3 атыс ротасы, пулеметшілер ротасы, артиллериялық батарея, шаруашылық взводы… Барлығы 250–300 адам.

Адамдар, қару-жарақтар мен танкілердің үлкен тобын жас комбаттың бір ғана сөзі қозғалысқа келтіретінін елестете аласыз ба? Сіз оның орнына сіздің қамқорлығыңызды қажет ететін бозкүйек өз балаңызды қойып көріңізші. Бірақ біздің де ұлдарымыз өзге қиын шыңдарды алуда. Тек заман басқа және армия да бұрынғыдай емес. Армия бұрынғысындай қалды. Талап та бұрынғыдай, тек күшеймесе азайған жоқ. Армиядағы басты қағида — дара басшылық. Барлығы заңға, тәртіпке бағынуы керек. Жаттығу алаңында, мәселен, уақыт секундқа дейін есептеліп қойылған. Оның өз мөлшерлері бар: 10–15 секунд — оқ атылады. Уақытты жіберіп алдың ба — өлгенің. Бұл біреудің әпербақандығы немесе назы емес. Аман қалу заңы. Әскери адам уақытты Бұлжытпай естіп, өлімге немесе жеңіске апарып соғатын қауіп-қатерді дөп басуы тиіс.

Генерал Нұрмағамбетовтың әскери ерліктерін тізбектемесек те болады. Олар туралы жеткілікті түрде жазылып жүр. Кейіпкеріміз туралы, дәлірек айтқанда, Отанымыздың тарихына айналған жан туралы білгісі келетіндерге көптеген әскери естелікнамаларға, оның ішінде «В памяти нет тишины» және «Мой передний край» деп аталатын оның өз кітаптарына бағыт сілтейміз. Бейбіт уақытта да Сағадат Қожахметұлы алдыңғы қатарда болды. Қазақстандағы әскери құрылым оның қатысуынсыз болмады.

Тарих пәнінің мұғалімі болу бұйырмаса да, ол өзінің ерекше тағдырымен республиканың әскери басшыларының тарихын құрып берді. Бүгінгі таңда генерал Нұрмағамбетов отставкада болғанына қарамастан әскери иерархияның ең жоғарғы сатысында. Өмір тәжірибесі отставкаға кетпейді. Ол кітаптар жазады, жастармен кездесіп, ел мен армияның тағдыры туралы толғанады. Өмірінің ең үлкен кезеңі — 1942 жыл мен 1996 жыл аралығын ол әскери карьераға арнады. Тамаша офицер — тамаша карьера. Ол жас тәуелсіз мемлекеттің Қорғаныс министрлігін құрған түңғыш жан болды. Әрине, бос орыннан емес, армия өмір сүрді, бірақ… қазақтар арасынан бірде бір полк командирі болмады, әскери училищеде небәрі екі әскери мамандыққа оқытты, орасан зор материалдық- техникалық ресурстарды ысырап ету, жақсы кадрлардан айырылу қаупі болды.

Бәрін бір уыстың астында ұстау, бәрін орнықты қолдану, әскери машинаны қозғалысқа келтіру үшін ерлік, ерік-жігер, дәл осындай әскери басшының тәжірибесі қажет болды. Ол қазіргі армияның өзекті мәселелері туралы неге онша ашылып айтқысы келмегенін, әскери формадағы жемқорлық туралы тіпті ойлауға да ерік бермегінінің сырын ұқтым. Ол үшін армияның ар-ұжданы — қаншама жылдар бойы термен келген өзінің ар-ұжданы. Көрнекті мемлекеттік қайраткер. Әскери атағы — армия генералы. Үйленген. 2 баласы, 4 немересі бар.

Ұлы Отан соғысы (1941 — 1945 ж.ж.)