Тарихи хроника

Ұлы Отан соғысының басталуы (1941–1945 жж.)

1940 жылғы 18 желтоқсан – фашистік Германия басшылығы «Барбаросса» соғыс жоспарын жасады.

Мақсаты:

  1. КСРО-ға қарсы соғыс ашу;
  2. «Қауырт соғыс» идеясы бойынша соғысты 1941 жылдың күзінде аяқтау.

Бұл соғыс жоспары бойынша фашистер КСРО-ны:

  1. Сансыз көп ұлттың жасанды және тұрақсыз бірлестігі;
  2. Ішкі бірліктен жұрдай этникалық конгломерат ретінде қарастырды.

КСРО территориясын, бірнеше рейхкоммиссариатқа бөлуді көздеді:

  1. Остланда-Беларусь пен Балтық жағалауы;
  2. Украина;
  3. Московия — Ресей жері;
  4. Кавказ;
  5. Еділ-Орал;
  6. Гросс Түркістан (Үлкен Түркістан).

«Үлкен Түркістанға» енетін аймақтар: Қазақстан, Орта Азия, Татарстан, Башқұртстан, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Қырым, Шыңжан, Ауғанстанның солтүстігі.

Фашистік Германияның қуыршақ мемлекет құрудағы көздеген экономикалық және саяси мақсаттары:

  1. Ұлы герман империясы үшін қуатты шикізат және азық-түлік базасын жасау;
  2. Кеңес елін отарға айналдырып, халықтарын құлдыққа түсіру.

1941 жыл 22 маусым – фашистік Германия КСРО-ға тұтқиылдан соғыс ашты. Ұлы Отан соғысы басталды.

Еңбекшілер Отан қорғаушылар қатарына өз еркімен жазыла бастады. Республикада 2 миллионнан астам адам әскери даярлықтан өтті.

Соғыстың алғашқы кезеңінде 14-атқыштар және атты әскер дивизиясы, 6 бригада құрылып майданға жіберілді. Қазақстандық 36-жеке атқыштар бригадасы 30 дан астам ұлттан құрылды. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған жігіттерден 316-атқыштар дивизиясы (командирі – генерал М. В. Панфилов) жасақталды.

Армия қатарына 1млн. 196164 (1 млн. 196.300) қазақстандық қосылып, әрбір бесінші адам майданға аттанды.

Еңбек армиясы құрылып, Қазақ КСР-нен 700мыңнан астам адам шақырылды. Соғыс жылдары 27 әскери оқу орны 16мың офицер даярлап шығарды. 1941–1945 жылдары әскери оқу орындарына 42мыңнан астам қазақстандық жіберілді.

Республика экономикасын майдан мүддесіне бағындыру (1941–1945 жж.)

Соғыстың алғашқы айларынан бастап, Қазақстандағы экономиканы соғыс мүддесіне бейімдеп қайта құру, материалдық және адам ресурстарын қайта бөлу шаралары жүргізілді. Сонымен қатар неміс фашистері басып алған жерлерден кәсіпорындар көшіп келе бастады. 1941 жылдың екінші жартысында республикаға барлығы 142 кәсіпорын көшіріліп әкелінді. Тек Алматының өзінде 34 зауыттың, фабрика мен цехтың жабдықтары орналастырылды. Олардың ішінде Луганск паравоз жасау зауытының бір бөлігі, Харьков вагон жөндеу зауыты және басқалар бар. Сондай-ақ жеңіл және 14 тоқыма өнеркәсіп орнының жабдықтары келді. Украинадан әкелінген үш фабрика негізінде Семей аяқ киім фабрикасы құрылды.

Майдан шебінен көшіп келген кәсіпорындарды орналастыруға республикада 2300мың шаршы метр өндіріс аудандары босатылды.

Республикаға 1,1 млн. астам адам көшіріліп әкелінді. Қазақстан өнеркәсібінде 1940 жылы 158мың адам жұмыс істесе, 1945 жылы 255мың жұмысшыға дейін жетті. 1943 жылы қорғаныстық маңызы бар ондаған кәсіпорындар іске қосылды, бұрыннан істеп тұрған кәсіпорындар өнім өндіруді арттырды. Мәселен, сол жылы республикадағы қара металлургия өндірісінің тұңғышы Ақтөбе ферросплав зауыты іске қосылып, өнім шығара бастады. Ақтөбе химия комбинаты бор, фосфор қышқылдарын, сода шығаруды жолға қойды. Шымкент дәрі-дәрмек жасау зауыты шөптен дәрі жасауды игерді. Теміртауда Қарағанды металлургия комбинатын салу қолға алынды. Машина жасау зауыттары Алматыда, Шымкентте, Қарағандыда іске қосылды. Балқаш, Қарсақпай мыс қорыту зауыттары күшейді. Түсті металл шығару өсті. Тамақ өнеркәсібінің: Шымкентте жеміс-жидек консерві комбинаты, Алматы, Қарағандыда кондитер фабрикалары, Петропавлда темекі фабрикасы пайдалануға берілді.

1944 жылы Текелідегі қорғасын-мыс комбинатының бірінші кезегі, Өскемен мыс зауыты іске қосылды. Республикада қара металлургия, мұнай өңдеу өнеркәсібі қалыптасты. Ертісте халықтық құрылыс Өскемен ГЭС-і салынып бітті.

Соғыс жылдары Қарағанды көміршілері Сібір, Орал, Поволжье өнеркәсіп аудандарын жоғары сапалы кокстелген көмірмен жабдықтап тұрды. 19 жаңа шахта мен 3 көмір разрезі іске қосылды. Соғыстың соңғы үш жылында Қазақстан 2472,2мың тонна сапалы мұнай өндірді. Соғыс кезінде барлығы 460 зауыт, фабрика, кеніш, шахта және басқа өндірістер салынды.

Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанның темір жол транспорты майдан мен тыл қажеттерін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. Темір жолдағы жұмыстың көбін әйелдер атқарды. Олар теміржолшылардың 35 пайызын қамтыды. Ақмола-Қарталы, Гурьев-Қандағаш, Орск-Қандағаш темір жолдары іске қосылды. Бұлардан басқа жергілікті маңызы бар Жамбыл-Шолақтау, Талдықорған-Текелі, Лепсі-Андреевка, Ағадыр-Ақтау, Састөбе-Кельтемашат темір жол желілері салынды. Жалпы теміржолдың ұзындығы 1940 жылғы 6 581 шақырымнан 8 200 шақырымға дейін өсті.

Қазақстандықтардың майданға аттануы және олардың қаһарман ерліктері (1941–1945 жж.)

Ұлы Отан соғысының даңқты тарихының беттеріне жазылған қазақстандықтардың ерлігі аз болған жоқ. Еліміздің басқа да халықтарының ұл-қыздарымен қатар біздің республиканың жастары да жаумен Балтық теңізінен Қара теңізге дейінгі майдан шептерінде ерлікпен шайқасты. Даңқты Брест қамалын қорғаушылардың қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. Олардың арасында Ғ. Жұматов, Ш. Шолтаров, В. Лобанов, К. Әбдірахманов, К. Иманқұлов, Е. Качанов, В. Фурсов т. б. Жаумен жан аямай шайқасып, ерліктің үлгісін көрсетті. Ұлы Отан соғысының алғашқы айларында қазақстандықтар Лиепая, Перемышль, Саарема аралы, Минск, Одесса, Бельцы, Шауляй, Севастополь және т. б. қалалар үшін шайқасты. Әсіресе 1941 жылғы қараша, желтоқсан айларында Мәскеу түбіндегі шайқаста қазақстандықтардың жауынгерлік даңқы шықты. Республикада жасақталған 316-атқыштар дивизиясына астанаға апаратын негізгі өзекті жолдардың бірі – Волокалам тас жолын қорғау тапсырылды. Мұнда майор Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-ші атқыштар полкі жау шабуылына дивизияның басқа бөлімдерімен бірге ерлікпен тойтарыс берді. 316-дивизияның жоғары қаһармандық қабілетін қамтамасыз етуге оның командирі И. В. Панфилов зор еңбек сіңірді.

Дубосекова разъезі түбінде 28 панфиловшы жауынгерлер жаудың 50 танкісінің шабуылына қарсы тұрды. Саяси жетекші В. Г. Клочковтың жауынгерлерді ерлікке жігерлендіріп: «Ресей жері кең байтақ, бірақ шегінер жер жоқ, артымызда Мәскеу!» — деген сөздері бүкіл майданға тарап кетті. 28 жауынгер – орыстар, қазақтар, украиндар, қырғыздар – 4 сағат бойы өршелене жасалған жау танктерінің тынымсыз шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Олар қасық қаны қалғанша шайқасты. Бәрі дерлік қазақ тапты, бірақ жауды өткізбеді. Сондай-ақ Мәскеуді қорғау тарихына панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П. В. Вихров, М. Ғабдуллин, автоматшылар Т. Тоқтаров, Р. Аманкелдиев өздерінің ерліктерімен мәңгі өшпес із қалдырды. 316-дивизия жауынгерлерінің ерлігі мен қаһармандығы жоғары бағаланды. 1941 жылы 17 қарашада оған құрметті 8-ші Ұлан дивизиясы атағы берілді.

Мәскеу шайқасының тарихи маңызы

Қызыл Армия Москва түбінде гитлерлік басқыншыларды алғаш рет жеңді. Бұл жеңісте қазақстандықтардың үлесі де көп болды. Қазақстандық генерал-майор И. В. Панфилов пен комиссар А. С. Егоров басқарған 316-атқыштар дивизиясының аты аңызға айналды. Бұл дивизия 1941 жылы 26 қазаннан 18 қарашаға дейін ерлікпен жауға қарсы шайқасты. 1941 жылы 18 қарашада И. В. Панфилов ерлікпен қаза тапты. Кейіннен «28 панфиловшы» ерлігі аңызға айналды. Панфиловшы, ротаның саяси жетекшісі, қазақстандық КСРО батыры П. Б. Вихрев те ерлікпен қаза тапты.

Бауыржан Момышұлы басқарған батальон жаумен болған шайқаста ерліктің тамаша үлгісін көрсетті. Москва облысының Бородино селосының түбінде неміс штабына басып кіріп, немістердің көзін жойған Т. Тоқтаровқа кеңестер Одағының батыры атағы берілді.

М. Ғабдуллин басқарған автоматшылар тобы да ерекше ерлік көрсетіп, жау танкілерінің бірнешеуін жойды. М. Ғабдуллинге Кеңестер Одағы батыры атағы берілді.

Бородино селосының түбінде Амангелді Имановтың ұлы Рамазан Амангелдиев 13 фашистің көзін жойды.

Фашистердің Москва түбінде жеңілуі, яғни «Блицкриг» жоспарының күйреуі жеңістің бастамасы, Ұлы Отан соғысындағы түбегейлі бетбұрыс болды.

Ленинград шайқасының тарихи маңызы

Ленинград қаласын қорғауға қазақ КСР-де құрылған 310-атқыштар дивизиясы мен 314-дивизия алғашқы кезеңнен қатысты.

Ленинград үшін шайқаста қазақ жауынгері Сұлтан Баймағанбетов кеудесін оққа төсеп, Александр Матросовтың ерлігін қайталады. Ол Кеңестер Одағының батыры атанды.

Балтық флотында көптеген қазақстандықтар жауға қарсы ерлікпен шайқасты. Мысалы, «Киров» крейсерінде 156 қазақстандық болған. Қазақстаннан барған әскерлердің 30%-дан астамы Ленинград түбіндегі шайқасқа қатысты. Рота командирі Қойбағаров өз бөлімшесімен неміс окоптарына басып кіріп, өшпес ерлік жасаған. Одан басқа Ленинград түбінде Дүйсенбай Шыныбеков, С. Жылқышев, Г. П. Зубков т. б. қазақстандықтар ерекше ерлік көрсетті.

1941 жылы қыркүйекте қазақстың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың ленинградтықтарға арнап жазған «Ленинградтық өренім» жыры фашистердің қоршауындағы қаһарман қала халқына, оны қорғаушыларға үлкен рухани дем берді.

Сталинград шайқасының тарихи маңызы

1942 жылы Сталинград түбінде қиян-кескі шайқас басталды. Қазақстанның батысы Сталинград облысымен 500 шақырым шектесіп жатқандықтан, соғыстың оты Батыс Қазақстан өңірін қамтыды.

1942 жылы 1 қыркүйекте Гурьевте қорғаныс комитеті құрылды. 1942 жылы 15 қыркүйекте Гурьев облысында соғыс жағдайы мен қатерлі жағдай енгізілді. 1942 жылы 9 қазанда Қазақ КСР үкіметі Сталинград майданының ең жақын тылы Қазақстан екенін, сондықтан бұдан артық шегінетін жер жоқ екенін айтып, Сталинградты қорғаушы жерлестеріне үндеу тастады.

Батыс Қазақстан жерінде 6 қорғаныс шебі, Сайхан, Орда, Чапаев, Тайпақ аудандарында арнайы аэродромдар салынды. Ақтөбе облысында да қорғаныс құрылыстары салынды.

Сталинград майданының көптеген әскери бөлімдері, материалдық, техникалық базалары Батыс Қазақстанда орналастырылды. Орал қаласында әскери байланыс торабы орналасты. Батыс Қазақстан жерінде 20-ға жуық әскери госпиталь жұмыс істеді.

Сталинград майданын барлық жағынан Қазақстан қамтамасыз еткен. Осында көптеген әскери техника жөндеуден өтті. Қазақстан жерінде құрылған 292, 387-атқыштар дивизиясы, 81-атты әскер дивизиясы т. б. Сталинградты қорғауға қатысты.

Жамбылдың ұлы Алғадай Сталинград түбінде ерлікпен қаза тапты. Кеңестер Одағының батыры, қарағандылық ұшқыш Нұркен Әбдіров өз ұшағын жаудың әскери базасына құлатып, Гастеллоның ерлігін қайталады.

Сталинград түбінде қазақстандықтар Қ. Сыпатаев пен А. А. Бельгин өздерінің ерлігі нәтижесінде Кеңестер Одағының Батыры атағына ие болды. Сталинград шайқасы соғыс тарихында ерекше орын алды. Гитлерлік басқыншылардың Сталинград түбіндегі жеңілуі олардың соғыстағы тағдырының шешілу уақытын жақындата түсті.

Қазақстан жеріндегі жекеленген халықтардың қоныс аударуы. Қоныс аударған халықтың жағдайы (1941–1945 жж.)

30-жылдары Қазақстанға өзге ұлттарды қоныс аударту кеңінен жүргізілді. Өлке аумағына елдің орталық аймағынан халық көптеп келе бастады. Бұл кезеңнің қоныс аудару саясатын үш бағытқа бөлуге болады: өндірістік, ауыл шаруашылық және күштеп, жазалау тәртібімен қоныс аударту. 1928–32 жылдары РКСФР-дің басқа республикаларынан елімізге 100 мыңға жуық шаруашылық көшіп келді. Ашық және ресми түрде жүргізілген жоспарлық қоныс аударудан басқа 30–40 жылдары әлеуметтік, кейін ұлттық белгі бойынша күштеп қоныс аудару ісі кеңінен жүргізілді. Ұжымдастыру науқаны басталысымен арнайы қоныс аудару бұқаралық сипат алды. 1930 жылы көктемде Қазақстанға 0,5 млн. «арнайы қоныс аударушылар келді».

1937 жылы қазақстанға жапон барлау қызметімен байланысы бар деп айыпталған 95мың 903 адамнан тұратын корей диаспорасы қиыр Шығыстан көшіріліп қоныстандырылды. 1939–1941 жылы Батыс Беларуссия мен Батыс Украинадан, балтық жағалауындағы Кеңестік республикалардан поляктарды қоныс аудару (депортация) жүзеге асырылды. Санақ бойынша депортация алдына 1939 жылы Қазақстанда 54,7мың поляк, 3,6мың латыш, 808 литвалықтар және т. б. тұрған.

1941 жылы 28 тамызда фашистермен байланысы бар деген айыппен 349713 неміс, 1944 жылдың ақпанында ингуштер мен чешендер, наурызда башқұрлар, қарашада түрік месхетиндер Қазақстанға күштеп қоныс аударушылар болды.

Ішкі істер халық комиссариаты мен КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ресми құжаттары күштеп қоныстандыру себептерін фашистік режимді қолдаушыларға, бандитизмнің пайда болуына қарсы жасалған әрекет деп түсіндіреді.

Жалпы алғанда Қазақстанда 30 — 50-жылдары қоныстанушылар саны, ГУЛАГ тұтқындарын санамағанда, орта есеппен 1560мың адамға жетті.

1939–1959 жылдар аралығында халықтың өсуі 3210234 адамды құрады. Бұл кезеңде қазақ халқының тағдырына зор қауіп төнді. Тоталитарлық режим Қазақстанды қоныс аударушылар лагеріне, ГУЛАГ, концлагерьлер еліне айналдырып жіберді. Қазақ халқы сталиндік саясат құрбандарын құшақ жая қарсы алды. Олармен азық-түлігімен бөлісті, қайғысына ортақтасты, өздері аш-жалаңаш отырған қазақтар бақытсыздарға бала-шағасының аузынан жырып көмек көрсетті.

Қазақстан – майдан арсеналы (1941–14–945 жж.)

Соғыстың алғашқы күнінен бастап Қазақстан майдан арсеналдарының біріне айналды (арсенал – күш-қуат, қару-жарақтар қоймасы).

Қарағанды шахтерлері ерен еңбек етті, төрт жыл ішінде олар 34млн тонна көмір өндірді, бұл шахтаның бүкіл өмір бойы өндіргенінен 3 млн. тонна артық еді. Орал-Ембі мұнайлы ауданының кәсіпорындары сұйық отын шығаруды 39 пайызға арттырды, электр қуатын өндіру екі есе дерлік өсті.

Көмір өнеркәсібі

1941 жығы 27 қарашада БК (б) П ОК «Қарағанды көмірін тиеу туралы» шешім қабылдады. Партияның ОК ӨҚХК-ін (Өнеркәсіп пен құрылыс халық комиссариатын) көмір тасу үшін Орал мен Сібір жолдарында қосымша 200 айналма бағыт ашып, Томск, Омбы, Қарағанды, Оңтүстік Орал, Пермь, Орынбор, Пенза, Оңтүстік-Шығыс, Рязань-Орал, Қазан Түркістан-Сібір жолдары басқармаларында көмір мен кокс тиелген поездарды бақылап отыратын арнайы диспетчерлік топ құруға міндеттеді: МҚК құрылыстары толық аяқталуын күтпей, Ақмола – Қарталы желісінің өткізу қуатын арттыру туралы шешім қабылдады.

Мұнай өнеркәсібі

Әскери-шаруашылық жоспарға сәйкес Еділ бойы, Батыс Сібір, Қазақстан мен Орта Азия аудандарында қара және түсті металлургияны, отын-энергетикалық өнеркәсіпті, темір жол транспортын жедел дамыту қолға алынды. Ембіде мұнай көздерін барлап өндіру, Қарағанды мен Маңғыстауда шахталар, бірқатар электр стансалары мен балқаш мыс қорыту зауытында от пен мыс тазарту цехы құрылыстарын салу белгіленді. Қазақстандағы отын-энергетика комплексі мен түсті металлургияны дамыту нұсқауы бойынша КСРО-ның соғыс кезеңіндегі халық шаруашылық жоспарының құрамдас бөлігі ретінде қарастырылды.

Шахталар құрылысын тездету кен шығарудың шапшаңдатылған әдістері есебінен жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде соғыстың алғашқы бір жарым жылында 12 жаңа шахта іске қосылды.

Соғыс жылдарындағы ірі құрылыстар

Қорғаныс өнеркәсібінің кәсіпорындарын түсті металдармен жабдықтаудың негізгі ауыртпалығы соғыс қарсаңында КСРО-дағы мыс қорының жартысынан астамы топтастырылған Балқаш пен Жезқазған зауыттарына жүктелді. 1941 жылғы шілдеде Шығыс Қоңырат молибден кен орнының, Балқаш мыс қорыту зауытындағы мыс тазарту және ұсатып-үгіту цехтарының құрылыстары әскери маңызы бар екпінді құрылыс деп жарияланды. Қысқа мерзімнің ішінде су корпусын – арнаулы молибден цехының құрылысын аяқтады. 1941 жылдың 7 қарашасына қарай еліміздің металлургиялық зауыттарына қажетті алғашқы молибден өнімі шығарылды. Бұл құрылысқа Орал мыс кеніштерінің бұрғылаушылары келді.

Ақшатау молибден-вольфрам комбинатын салу аса ірі екпінді құрылысқа айналды.

Темір жол

Республика көлік қатынасы ұжымдары да өз жұмыстарын соғыс уақытына бейімдеп, қайта құрды. Поездар қозғалысы ауыспалы графикке көшірілді. Бірінші кезек әскерлер мен әскери жүкке берілді, жолаушы тасымалдауға шектеу қойылды. Түркістан-Сібір темір жолында шаруашылық жүктерін тасу жылына 2,5 есе өсті. Бүкілодақтық жарыс жеңімпаздарының қатарында 1942 жылғы маусымда Түрксібтің Шар бөлімі де болды. Бұл ұжымға ең жоғарғы награда – МҚК-нің ауыспалы Қызыл Туы тапсырылды.

Село еңбеккерлерінің ерлігі

Қазақстанның колхозшы шаруалары соғыстың жеңіспен аяқталуына қомақты үлес қосты. Республиканың колхоз-совхоздарына жыл сайын 300 мыңға жуық қала халқы еңбек етті. Жау басып алған аудандардан көшіп келген шаруалар еңбекте ерліктің үлгісін көрсетті.

Қазақстан еңбекшілері тары өсірудің шебері – Шығанақ Берсиевті, атақты күрішшілер – Ыбырай Жақаев пен Ким Ман Сам сияқты үздік шыққан жаңашылдар мен астықтан мол өнім алудың майталмандары Мұнира Сатыбалдинаны, Анна Дацкованы, Нүрке Алпысбаеваларды және т. б. орынды мақтан етті. Ақтөбе облысы Ойыл ауданының озат тары өсірушісі Ш. Берсиев тарының қуаңшылыққа төзімді, жоғары өнімді, жергілікті ауа райына икемді сортын өсіріп шығарды. Ол 1942 жылы әр гектардан – 175ц, ал 1943 жылы – 202ц. өнім жинады. Қызылордалық күріш өндіруші Ы. Жақаев 1943 жылы әр гектардың өнімін 192ц. жеткізді.

Мал шаруашылғы өнімдерін өндіру мен қоғамдық мал басының өсу жоспарлары ойдағыдай орындалып отырды. Малшылар арасынан көптеген республикаға танымал еңбек озаттары шықты. Мысалы, Жезқазған ауданы Аманкелді атындағы колхоздың шопаны Ж. Мұқашев жыл сайын жүз қойдан 180ге дейін қозы алып, аман өсірді. Атырау облысы «Жаңа талап» колхозының жылқышысы Ш. Шұғаипова бір мыңнан астам жылқыны ешқандай шығынсыз бақты. Қоғамдық мал басы Республикада соғыс жылдарында 3млн. басқа жуық өсті. 1944 жылы Бүкілодақтық еңбек жарысында мал шаруашылғын өркендетудегі орасан зор табыстары үшін Батыс Қазақстан облысының Жаңақала, Гурьев облысының Қызылқоға аудандары КСРО Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Жалпы соғыс кезінде Қазақстанның ауыл-село еңбеккерлері өздерінің патриоттық және еңбек парыздарын айтарлықтай өтеді. 1941–1945жж. олар майдан мен елге 5 829мың тонна астық, 734мың тонна ет және басқа да азық-түлік, өнеркәсіп үшін шикізат берді.

Қазақстан халқының материалдық жағдайы

1941–1945жж. Қазақстаннан батыс аудандардың 532,5мың тұрғыны баспана, жұмыс, тыл еңбекшілерінің қатарынан өз орнын тапты. 970мыңдай репатрицияланған немістер, поляктар осында келді. Олардың көпшілігі ауылдар мен селоларға таратылып орналастырылды. Ал қалаларда соғысқа дейін қиын болған тұрғын үй проблемасы одан сайын шиеленісе түсті: 1940 жылы қаланың әрбір тұрғынына 5,1 шаршы метрден келсе, соғыс жылдары 4,3 ал Қарағанды қаласында 2,2 шаршы метрден ғана келді.

Бөлшек сауда жүйесіне азық-түлік және көпшілік қолды товарлар бұрынғыдан 7–15есе аз түсті, ал базардағы баға 10–15есе көтерілді. Елде халықты нан және басқа аса маңызды азық-түлікпен жабдықтауға карточка жүйесі енгізілді, көмекші шаруашылықтар жүйесі, ұжымдық және жеке бақша шаруашылығы кеңейтілді. Мемлекеттің, еңбек ұжымдарының, республика тұрғындарының бірігіп күш жұмсауы арқасында ел азық-түлік проблемасын шеше алды. Молшылық болған жоқ, бірақ барлық жұрт ең аз қажетін өтеді.

Бүкілхалықтық майдан мен тылға көмек

Майданға ерікті көмек кең құлаш жайды. Халықтың патриоттық үлестерінен жиналған қорғаныс қоры 1943 жылы қазанға дейін ақшалай 185,5 млн. сомға және тапсырылған облигациялардың құны 193,6 млн. сомға жетті. 1941 жылы күзден бастап патриоттардың қаржысына танктер, ұшақтар, сүңгуір қайықтарын сатып алу науқаны басталды. Олар нақты жауынгерге арналды. Сондай-ақ бүтіндей колонна, эскадрилья сатып алынды. Қазақстанның қару-жарақ жасауға өткізілген барлық соғыс заемдарының және ақшалай-заттай лотереялардың құнын есептегенде республика халқының майдан қажетіне ерікті үлесі 4700 млн. сом болды, бұл соғыстың екі жетілік тікелей әскери шығынын өтеуге жететін еді.

Әсіресе соғыстың бірінші қысында жылы киім көмегі едәуір болды. Республикада халықтың 2,5 млн. жылы киім, оның ішінде 11,5мың шолақ тон, 312мың пар киіз байпақ түсті. Мұның үстіне майдандағы солдаттарға 1600 вагон жеке және ұжымдық сәлем-сауқаттар жіберілді, кейде оларды облыстың немесе республиканың арнаулы өкілдері алып барды. Отан қорғаушылардың олармен кездесуі, сол сияқты Қазақстан артистерінің майдан шебіндегі ормандарда, жер астындағы клубтарда немесе алдыңғы шептегі блиндаждарда көрсеткен 1216 концерттері майдан мен тылдың бірлігінің айқын көрінісі болды.

1943 жылы Қазақстан өз ресурстарынан Ресейдің Краснодар және Ставрополь өлкелеріне, Украинаның шығыс облыстарына 2700 трактор, 123 комбайн, 880 сеялка, 2500 соқа және көп мал, азық-түлік, киім жіберді. Осының бәрін жеткізіп апарғандардың ішінен 295 комбайншы, 636 трактор бригадасының бригадирі, 115 механизатор, 115 агроном, 65 МТС директоры сонда қалып, шаруашылықты қалпына келтіруге көмектесті.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан мәдениеті (1941–1945 жж.)

Ғылым мен мәдениет

Соғыс жылдарында экономиканы соғысқа бейімдеу мақсаты мен КСРО Ғылым академиясы жанынан «Орал, Батыс Сібір, Қазақстан ресурстарын қорғаныс қажетіне жұмылдыру жөніндегі комиссия» құрылды. Комиссия құрамында А. А. Байков, В. Л. Комаров, В. К. Обручев сияқты ғалымдар болды. Сонымен қатар Қазақстан жерінде Л. С. Берг, С. Н. Бернштейн, Н. Д. Зелинский, Л. И. Мендельштам, А. Н. Бах т. б. академиктер жұмыс істеді.

Академик А. С. Орлов соғыс жылдарында орысша-қазақша сөздік құрастырып, «Батырлар жыры» атты еңбек жазды. Алматыға майдан өңірінен 20-ға жуық ғылыми-зерттеу мекемесі көшіріліп жұмыс істеді. КСРО Ғылым академиясының қазақ филиалы да соғыс мұқтажына жұмыс істеді. Майдан қажетіне байланысты сирек металды зерттеу ісінде Қ. И. Сәтбаев көп еңбек сіңірді. 1942 жылы Қ. И. Сәтбаевқа Жезқазған мыс кен орындарын зерттеу еңбегіне байланысты Мемлекеттік сыйлық берілді. Қазақстанда орналасқан Москва авиация, алтын және түсті металдар институттары, Киев университеті ерекше екпінді еңбек етті. Соғыс жылдарында қазақстанда ашылған жоғары оқу орындары: Алматы шет тілдер институты, Шымкент технология институты, Дене шынықтыру институты т. б.

90-ға жуық ақын, жазушы майдандағы жауынгерлер қатарында болды.

Соғыс жылдарында Ж. Жабаев «Ленинградтық өренімді», Ж. Саин өлеңдер жинағын, Қ. Аманжолов «Ақын өлімі туралы аңыздар», С. Мұқанов «Өмір мектебін», М. Әуезов «Абай» роман эпопеясының 1 кітабын жазды. А. Толстой «Қазақстан жерінде болғанда», «Иван Грозный» кітабын жазды.

Майдан өңірінен Қазақстанға 23 көркемөнер ұйымы көшірілді.

1941 жылы Қазақстанға «Мосфильм», «Ленфильм» киностудиялары көшіріліп әкелінді. Бұл киностудиялар Алматы киностудиясымен бірігіп, екі жыл ішінде 23 кинокартина түсірді. Олардың ішінде «Партизандар», «Екі жауынгер», «Георгий Сакадзе» сияқты танымал кинокартиналар бар.

Соғыс жылдарында Алматыда актерлерді даярлайтын бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты жұмыс істеді. Киностудиялар М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов т. б. жазушылардың көмегімен «Абай әндері», «Жауынгер ұлы», «Саған майдан», «8-гвардиялық» сияқты картиналарды түсірді. Қазақстанда құрылған 11 концерт бригадасы майданда өнер көрсетті. Соғыс жылдарында ғылым мен мәдениет майдан қажетіне осылай аянбай қызмет етті.

Қазақстандықтар тек майдандарда ғана емес, жау тылында да шайқасты. Елдің басқа халықтарымен бірге олар жаууақытша басып алған аумақтардағы партизандық құрамалары мен отрядтарында 1500- дей, Ленинград облысында 220-дан астам қазақ шайқасты. Смоленск облысындағы 15 партизан бригадалары мен отрядтарында 270 қазақстандық ұрыстарға қатысты. Белорусияның әр түрлі аймақтарында әрекет еткен 65 партизан бригадалары мен отрядтарының құрамында 1500-ден аса қазақстандық болды. Соғыс жылдары партизан қозғалысына қатынасқан Қазақстандақтардың саны 3,5 мыңға жетті. Партизандық қозғалыстың Ғалым Ахмедияров, Ғалым Омаров, Нұрым Садықов, Қасым Қайсенов, Нұрым Сыздықов, Әди Шарипов, Тәжіғали Жангелдин т. б. батырлардың есімі көпке танылды. Партизандар қатарында қазақстандық әйелдер – Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақәділова т. б. аянбай шайқасты. Ерлер мен Әйелдер Фашистерге қарсы күресте батырлық пен ерлік көрсетті. Поляк партизандық жасақтарында Жамбыл облысынан Салтынбек Төлешов, Шығыс Қазақстан облысынан Константин Трокин, Қарағанды облысынан Михаил Авдейчик, Қызылордадан Омар Тойымбетов тағы басқалары шайқасты. Чехословакияны неміс фашистерінен азат етудегі партизандық ұрыс қимылдарына алматылық Алексей Ильин, семейлік Николай Мошкин, Оңтүстік Қазақстан обл. -ң тұрғыны Жұбандық Сұранқұлов, Павлодарлық Николай Тарановтар қатысты. Югославия жерінде Фашистерге қарсы шайқаста Көкшетаулық Телжан Желқожинов, Ақтөбе облысының тұрғыны Арық Есентаевтар ерлік көрсетті. Грекия, Француз жерлерінде фашистерге қарсы күресте алматылық Петр Рев, Дәулет Қаражұмынның батырлығымен аты шықты. 1943 жылдың жазында Белгияда фашистік тұтқыннан қашып шыққан Кеңес әскерлері партизандық бөлім құрды. Олардың ішінде қазақстандық- Ақтөбе облысынан Өтеген Абдуллин, алматылық Иван Карасев, Ақтөбеден Борис Бондаренко, Талдықорғаннан Федор Малаховтар болды. Қазақстандық 23 жауынгер итальяндық қарсыласу қозғалысы құрамында –Қарағандыдан Тәкіш Әлпеисов, Қызылордадан Қалданбек Дүйсенбеков, Ақтөбеден Жаймақ Көлшіков т. б. жаумен қасық қаны қалғанша шайқасты.

Қасым Қайсенов — Қазақстанның Халық Қаһарманы, Халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы, Ұлы Отан соғы­сының ержүрек батыры, әйгілі пар­тизан, көзі тірісінде аты аңыз­ға ай­налған халқымыздың қайта­лан­бас біртуар даңқты перзенті. [1]

Өмірбаяны

1918 жылы 23 сәуірдеШығыс Қазақстан облысыныңҰлан ауданында дүниеге келген. Ол 2006 жылы 30 жел­тоқсан күні 89 жасқа қараған ша­ғында ауыр науқастан дүние салды.

1934 жылы мектеп бітірген­нен кейін Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына түсіп, 1938 жылы оны бітірген соң Павло­дар облыстық оқу бөлімінің саяси-ағарту жөніндегі нұсқаушысы болып қызмет атқарып жүргенде әскер қатарына шақырылып, әскери-барлау мектебіне жіберіледі.

1941 жылы қараша айында осы мектепті бітірген бойда, Оңтүстік-Батыс майданының штабына жөнелтіліп, сол жерден арнайы тапсырма алып, Украинаның бас­қыншылар қолында қалған жерінде партизан отрядын құру үшін жау тылына түсіріледі. Ол жерде Қайсенов Чапаев атындағы пар­тизан құрамасының үшінші отря­дын басқарады. Одан кейінгі кез­дерде, 1944 жылдың аяғына дейін Молдавия, Чехословакия, Румыния жеріндегі партизан қозғалыстарына қатысады.

Отряд командирі болып жүріп, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткереді. Соғыс аяқталған соң Отанына — Қазақстанға ора­лып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сінің Президиумы аппаратында жауапты қызметте болады.

Жамбыл облысыныңЖуалы, Свердлов аудандарында атқару комитеттері төрағаларының орынбасары ретінде соғыстан кейінгі ауыл шаруашы­лығын қалпына келтіру науқанына белсене араласады.

1951-1954 жыл­дары Қазақстан Компартиясы Орта­лық комитеті жанындағы екі жылдық партия мектебінің аудар­ма­шылар бөлімінде оқиды.

1953-1972 жылдар аралығында «Жазу­шы» баспасы директорының орын­басары, Қазақстан Жазушылар одағы көркем әдебиетті насихаттау бюросы директоры, «Қайнар» бас­пасы директорының орынбасары болып қызмет істейді. [1]

Шығармашылығы

Қайсенов Ұлы Отан соғысы­ның қиын-қыстау кезеңін, жауын­герлердің жанқиярлық ерлігін шы­найы суреттеген, оқушы жұртшы­лыққа кеңінен мәлім көптеген шығармалардың авторы.

1954 жылы орыс тілінде «Жас партизандар» атты алғашқы кітабы жарық көрді. Одан кейінгі кездерде «Илько Витряк», «Переяслав партизан­дары», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала», «Днепрде», «Жау тылында», «Партизан соқпақтары», тағы басқа әңгіме, очерк, повесть жинақтары оқырман қолына тиді. Бұл шығармалары орыс, украин, басқа да көптеген тілдерге ауда­рылған. Кейінгі кездері «Елімнің ертеңіне сенемін», «Естеліктер мен жазбалар», тағы да басқа кітаптары жарық көрді.

Марапаттары

Қайсенов «Богдан Хмельниц­кий», «Отан соғысы», «Чехосло­вакия партизандары», Украинаның «За заслуга» ордендерімен, Ке­ңестер Одағының көптеген орден, медальдарымен марапатталған. Ол Қазақстан Жазушылар одағы­ның Бауыржан Момышұлы атын­дағы әдеби сыйлығының лауреаты. Қазақстанның халық қаһарманы

ҚасымҚайсеновтыңерлігімадақталғанкөркем фильм экранғашықты. Қазақтың партизан-жазушысы, ХалыққаһарманыһәмҰлыОтансоғысының батыры жайлы картина 4 бөлімнентұрады. Туындыныңаты да «Қасым» депаталады. Жанры жағынан – шытырманоқиғалытарихи фильм. Бірақпсихологиялықколлизиядан да, мелодрамадан да алысемес