Қазақ халқының қалыптасуы

ХІҮ-ХҮ ғасырларда Шығыс Дешті Қыпшақ пен Солтүстік Моғолстан халқының тұтас этнос ретінде қалыптасуына тарихи жағдай туды. Қазақ этносы қалыптасқан аймақтарды Қазақ хандығы біріктіре бастады. Біресе өзбектер, біресе өзбек-қазақтар, енді бірде қазақтар атанған Ақ Орда тұрғындарының, қазақ ұлыстарымен тығыз араласқан шығыс ноғайлардың, Жетісуда «моғол» деген атаумен аталатын дала көшпелілерінің ортақ этникалық сипаттары басым түсті. Ортақ тіл қалыптасқан этникалық аумақ шекаралары анықталды, мәдени- шаруалық түрі, бірыңғай материалдық және рухани мәдениет қалыптасты. Адамдар санасында біртұтас халық екендігін мойындау сезімі нығая түсті.

«Қазақ» этносы мен Қазақ хандығының пайда болу тарихы ХҮІ ғасыр авторы Мұхамед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» деген еңбегінде баян еткен. Онда қазақтардың жағдайы, даму ерекшелігі, мемлекет билеушілері, оларға бұл атаудың берілу себептері туралы арнайы сөз қозғалады. Мұхамед Хайдар Дулат: «Керей мен Жәнібекпен еріп кеткендер өздерін „қазақтармыз“ деп атады да, осы атау оларға біржолата бекіді» деп жазады. Ұзақ жылдарға созылған қазақ халқының құралу жолындағы этникалық құбылыстың ең жоғарғы сатысы «қазақ» этнонимінің пайда болуы және Керей мен Жәнібек хандар басқарған Қазақ хандығының құрамы 1468 ж. Әбілқайыр хан өлгеннен кейін топ- тобымен ағылып келе бастаған жаңа рулар мен тайпалардың есебінен ұлғая түсті. Қазақстанның кең байтақ даласындағы өз географиялық шептерінде күні бүгінге дейін тұрып жатқан «қазақ» этникалық қауымдастығы біржола орнықты.

«Қазақ» шын мәнінде жалпыхалықтық атау. Оның есептері бар. Әуелі, «қазақ» сөзі ертеден қолданыста еді. Тұрмыс-тіршілігі ұқсас, көшіп-қонып жүрген еркін тайпалар «Қазақ» атанған. Сөз мағанасы –"еркін", басқаша жорамалдауда – жылжымалы, көшпелі, т. б. Белгілі бір саяси билікке байланбаған, «еркін», қарулы адам- «қазақ». Бірлікке ұмтылған халыққа ортақ атау қажет болған. Қазақстанда күшті, ықпалды ру- тайпалар көп, бірқатары ертеде жеке мемлекет, жеке халық болған. Кең мағналы атаулардың өзі ел ынтымағына шақырмады. Бірі- «өзбек», бірі –"моғол". Жетісу «моғолдары», "қазақ " деген ортақ атауды ұстанды. Сол атау бүкіл халықтың атауы, оның мемлекетінің атауы болып қабылданды.

Қазақ хандығының құрылған уақытынан бастап, ХҮ ғ. екінші жартысынан бері қарайжазба әдебиетінде де «Қазақтар» деп жазыла бастады. ХҮІ ғасырда бұл атау өзге атаудың бәрін ығыстырып негізгісіне айналды.