Қазақ хандығының құрылуы

Қазақ хандығы құрылуының этникалық, экономикалық және саяси алғы шарттары. Шығыс Дешті Қыпшақ жерін, қазіргі Қазақстанды ерте замандардан этникалық бірлігі жақын, туыстас тайпалар мен тайпа-халықтар мекендеді. Бір этникалық бірлік болып қалыптасқан қазақ халқының көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығына негізделген, егіншілігі мен қолөнері бар, саяси, мәдени, сауда ортадықтары қызметтерін атқарған қалалары, қала мәдениеті дамыған ортақ тұрмыс- тіршілігі болды. ХІІІ-ХҮ ғғ. Қазақстан жеріндегі халықтың шаруашылық байланыстары мен тұтастығы артты.

Қазақстан өлкесінің күрделі саяси дамуы туыс тайпалардың саяси бірігуінің жолын жоққа шығармады. Бұрынғы мемлекеттерге қарағанда іріленген ұлыстық одақтарының құрылуы белгілі дәрежеде, бұрынғы тайпа- халықтардың саяси оқшаулықтарын жоя бастады. Қазіргі тарихнамада алғашқы Қазақ мемлекеті болып таныла бастаған ХІҮ ғасырдағы Ақ Орда Әмір Темір шапқыншылығына тап болып, ыдырап, бөлшектеніп кетті. Алайда, бірнеше мемлекет иеліктерінің құрамында қалған, қазақтар ірілене бірігу мүддесін аңғартты. Бір кезде тайпалардың сенім тізгінін алған Әбілқайыр хан ел мүддесіне сай бірігу саясатын жүргізе алмады. Халықтың көбі даланың заңды билеушісі болып танылған Орыс хан ұрпақтарын қолдап шығады. Саяси бірігу мақсаты Қазақ хандығын құруды күн тәртібіне қояды.

ХҮ ғасыр ортасында жаңа мемлекетті құру үшін тиімді жағдайлар қалыптасты. Әбілқайыр хандығын ішкі тартыстар жайлап, хандық ыдырау алдында тұрды. 1457 жылы Ә. хан әскерлеріне қалмақтар күйрете соққы берді.

Құрамында Жетісу қазақтары бар Моғолыстан хандағы да саяси қиын жағдайда еді. Ондағы Есенбұға ханның орталық билігі әлсіз болатын. Бірқатар тайпа бектері жеке биліктерін сақтаса, басқалары көрші мемлекеттерге кетіп қалды. Жетісу қазақтарының Арқа қазақтарымен бірігуіне жағдай туды.

Керей мен Жәнібек сұлтандардың жаңа саяси орталық құруы. Қазақтардың жаңа саяси орталық құрып, ізінше жаңа хандықты жариялауы ортағасырлық тарихнаманың көрнекті өкілі Мұхаммед Хайдар Дулат жылнамасында толымды баян етіледі. Оқиға маңызын сол кездегі ойшылдардың да жақсы аңғарғандығы айқын.

1457–59 жж. қазақтар қолдаған Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр ханнан алыстап, Моғолстанның шекаралық аймақтарына ауа көшті. Көшіп кеткендер Шу алқабы және Қордайдағы Қозыбасы жайылымына орналасты. Қалмақтардан жеңілген Әбілқайыр хан мемлекеттік басқаруды қалпына келтіру үшін жаңа, қосымша салықтар мен міндеткерліктерді жариялаған. Бұған наразы болған қатардағы көшпелілер хан саясатына қарсы шыққан Керей мен Жәнібекке қолдау көрсеткен. Керей мен Жәнібек сұлтандар өздерінің батыл қимылымен Қазақ хандығының құрылуын және қазақ халқының бірігуін тездетті. Сол себепті, олардың қазақ тарихынан алатын орны құрметті. Керей мен Жәнібек сұлтандардың қол астындағы халықты «өзбек- қазақ», «қазақ» деп атады.

Керей мен Жәнібек сұлтандарды Есенбұға хан әуелі өзінің қол астына көшіп келген билеушілер ретінде танығысы келді. Алайда, көшіп келушілердің көптігі және олардың Жетісу қазақтарымен ынтымағы жаңадан құрылған саяси ортаны тез арада тәуелсіз бірлікке айналдырды. Хандыққа Керей (ұлы хан) мен Жәнібек (кіші хан) сайланды. Қазақ хандығының жариялану жылын ортағасырлық тарихшы М. Х. Дулат 1465 ж. деп көрсеткен.

Қазақ хандығының құрылуы – қазақ халқының тарихындағы аса маңызды белестің бірі. Небәрі 10 жыл көлемінде (1459–1470ж. ж.) қазақтар Орталық Азия елді біріктіре алған қуатты ұлттық мемлекет құрды.