Қазақ хандығының төлеңгіттері

ХҮІІІ ғасырдағы қазақтың үлкен хандары Әбілмәмбетке, Абылайға және Әбілпейіз сұлтанға Қызмет жасаған Шұбартау төлеңгіттері Қазақ хандығы қалыптаса бастағанда Керей мен Жәнібекке тірек болған ертедегі төлеңгіттердің жұрнақтары болатын. Төлеңгіт деген ұғым тым көнеде төре, яғни мемлекет қызметкері деген ұғыммен бірге қалыптасқан болуы мүмкін. Ф. Зоболиннің мәліметі- Шұбартау төлеңгіттерінің ХІХ ғасырдың ортасында ресми қағаздарда арғынның көз таңбасын қолдануы. Өлкетанушы Н. Кошкин төлеңгіттерді «хан мен сұлтандарға жартылай тәуелді жағдайда болған адамдар… Олардың шығу тегі және құқықтық жағдайы осы күнге дейін белгісіз» деп жазады.

Семей өлкесін зерттеушілердің бірі Н. А. Логутов: «төлеңгіттер- әскери жорықтарда хандардың негізгі сенімді арқа сүйер тіректері, әскери күш ретінде қызмет жасайтын жартылай тәуелді адамдар. Қалайда болсын жартылай тәуелді болып қалып, бір ханнан басқа бір ханға өтуіне немесе тіпті қожайынынан бір жолға кетуге ерікті болады»деген.

Төлеңгіттер жасақ ретінде хан мен сұлтандардың қуат көзі ретінде қызмет жасады дейді зерттеуші К. Л. Задыхина. Төлеңгіттер қазақ халқының рулық қауымынан тысқары тұрды. К. Задыхина қазақ төрелерінің патшадан келген сыйлықтардан, ұрыста олжа түскен мал- мүліктен үлес, жылқы, киім, қару түрінде төлеңгіттерге беріп отырғанын жазады. Қазақ ғылымының негізін салушы Е. Б. Бекмаханов ХҮІІІ ғ. Төлеңгіттерді тек ақсүйектер ғана иеленетін болды десе, ал ХІХ ғасырда кейбір сұлтандар төлеңгіттерді өздерінің басыбайлы шаруалары ретінде ұстағысы келгенмен, бұл шаралары жүзеге аспағандығын көптеген мұрағат құжаттарына сүйеніп жазады. Қазақта «Өмірзақтың құтына, Жаназардың туына жиналған ел» деген аталы сөз қалған. Өмірзақ – Шұбартауға Әбілпейіз сұлтанды бастап келген, қалың елге құт болған атақты адам. ХҮІІІ ғасырдың аласапран кезеңінде, Шар Құрбанның бойында ұйлығып, әрі баруға қытайдан қауіптеніп отырған қалың елді бастап, Алтай мен Тарбағатайды игеруді хан Кеңесі Әбілпейіз сұлтанға жүктеп, жанына мың шаңырақ аталық әулеті Өмірзақ пен Әбілмәмбет хан төлеңгіттерін бастаған Жаназар батырды бірге жібереді. Олардың ХҮІІІ ғасырдағы ең ауыр шекаралық алқапқа «Ақ табын» батыс, «Сары табын»орталық, ал шығыс алқапқа «Қара табын» атауымен орналасуы осы мәселеге байланысты. Қара басының қамын кейінге қалдырып, төре әулетіне, яғни қазақ мемлекетіне қызмет жасаған осы азаматтардың арқасында еліміздің Шығыс өлкелері Қазақ хандығының құрамына енді.