Тарихи хроника

Қазақстандағы ұжымдастыру саясаты (1925–1933 жж.)

Қазақ ауылы ұжымдастыру қарсаңында

ЖЭС-ті жүзеге асыру мәселесі шаруашылыққа біраз өзгерістер әкелді. Ең алдымен кооперативтік қозғалыс дамыды.

Ұжымдастыру қарсаңында 1072 ұжымдық шаруашылық жұмыс істеді. 1929 жылы республикадағы мал саны 40,5 миллионға дейін жетті. Бірақ Ф. И. Голощекиннің «ауылды кеңестендіру» бағыты игі нәтижелерге кері әсер етті.

1928 жылы 27 тамызда Қазақ АКСР-ның Халық Комиссарлар Кеңесі мен Орталық Атқару Комитеті «Ірі бай шаруашылықтарын, жартылай феодалдары конфискелеу және жер аудару» декретін қабылдады. Нәтижесінде 657 бай жер аударылып, олардан 145 мың мал алынды. Малдар, негізінен, колхоздарға берілді. Көптеген орташа шаруалар байлардың қатарына жатқызылды.

Ауыл шаруашылғын күштеп ұжымдастыру

Коммунистік партияның XV съезінде ауыл шаруашылғын ұжымдастыру ісінің аяқталуы 1932 жылға жоспарланды. Қазақ жерінде колхоз құрылысы 1922 жылдан бастап кеңейді.

Ұжымдастыру ісіне көмек ретінде ауылды жерлерге 8000 жұмысшы жіберілді. 25 мыңдықшылар деп аталған 1204 "ұжымдастырушы" Мәскеу, Ленинград сиқты орталықтардан жіберілді.

Ауыл шаруашылығының ұжымдастырылуы өте қатал жағдайда жүргізілді. 1931 жылы көшпенді және жартылай көшпенді шаруаларды жаппай отырықшыландыру жөнінде міндет қойылды. Ұжымдастыру жедел және жоспарсыз жүргізіле бастады.

1928–1931 жылдардағы ұжымдастыру барысы:

республика шаруашылығының 1928 жылы 2% -ы,

1930 жылы сәуірде 56,4%-ы,

1931 жылы қазанда 69%-ы ұжымдастырылды.

Ауыл шаруашылық өнімдерін және малдарды күшпен алды. Мысалы, 1931–1932 жылдары Шұбартау ауданында малдың 80%-ы етке өткізілді. Балқаш ауданының халқына 297000 малға салық салынды, ал Балқаштың барлық малы 173000 ғана болды. Торғайдағы 1 млн. малдың 98 мыңы ғана қалды.

Кулактарды жою ісі қатал жүргізілді. Шолақ белсенділер орташалармен қатар кедей шаруаларға да зорлық жасады.

Ұжымдастыру зардабы

1929–1933 жылдар аралығында Қазақстандағы біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) 3386 адамды ату, 13151 адамды түрмеге қамау туралы үкім шығарды. Көптеген адамдар өздерінің малдарынан айырылды.

1930–1932 жылдары Қазақстанды әйгілі ұлы жұт аштық жайлады.

Тәркілеу. Бай мен кулактарды жою.

Елде аграрлық саясатты іске асыру барысында кеңес өкіметі ірі байлардың, «жартылай феодалдардың» ең әуелі малын, сосын еңбек құралын, одан кейін олардың тұратын үйлерін тартып алып, жер аударып жіберуге бағыт алды. 1927 ж. желтоқсанында Республика өкіметінің жоғарғы буындарында ірі-ірі байлар шаруашылғын тәркіге салу жөніндегі заң жобасын әзірлеу үшін комиссия құрылды. Комиссияның төрағасы болып Е. Ерназаров тағайындалды. Оның құрамына О. Исаев, Н. Нұрмақов, Ғ. Тоқжанов, О. Жандосов т. б. кірді. 1928 ж. 27 тамызында Орталық Атқару Комитеті мен Республика Халық Комиссарлары Кеңесінің мәжілісінде тәркілеу жөніндегі Заң жобасы қабылданып, жарлық қаулы түріндегі құжатқа айналды. Ауыл-ауылға тікелей мыңнан астам өкіл жіберілді, демеу комиссияларында 4700 адам жұмыс істеді.

Қазақстан бойынша көшпелі аудандарда Қаулыға сәйкес 400-ден аса малы бар 700 шаруашылықты, жартылай көшпелі аудандарда малы – 300, ал отырықшы аудандарда малы 150 ден асатын шаруашылықты тәркіге салу белгіленді. Бұл науқанды 1928 жылдың 1 қарашасында аяқтау жоспарланды. Науқанның қорытындысы бойынша іс жүзінде 696 шаруашылық тәркіге салынды, олардың 619-ы тұрған округінен тыс жерлерге айдалды. Тәркіленгендерден ірі қараға шаққанда 145 мыңдай мал және ауыл шаруашылық саймандары тартып алынды.

Тәркіленген малдың 80 мыңы кедейлер мен батырақтарға, 30 мыңға жуығы ұжымшарларға берілді. Мал мен құрал сайманға ие болған кедейлер ауылдағы орташалар тобы қатарына көтерілді.

1920-шы жылдардың аяғында Қазақстанда көшпелі және жартылай көшпелі қазақтарды отырықшыландыруға бағытталған шаралар іске асырылды. Мұның өзі бастапқыда кейбір жеңілдіктер беру арқылы бірте-бірте жүргізілетін болып белгіленгенмен, күштеп отырықшыландыру әдісі белең алды. Көптеген жерлерде көшпелі шаруашылықтар бір жерге иіріліп, киіз үйлерден көшесі бар қалашықтар құрылды. 10–15 күннен кейін ондағы адамдар жан-жаққа ешкімді тыңдамай қашуға, көшуге мәжбүр болды. 1930–31 жылдарда осындай зорлап отырықшыландыру зобалаңына ұшыраған мал шаруашылығымен айналысатын 25 ауданнан 35 мыңнан астам шаруашылықтар республикадан тыс жерлерге көшіп кетті. Жалпы Қазақстан бойынша 1931 жылдың тамыз айына дейін 281 мыңнан астам шаруа қожалықтары республикадан тыс жерлерге көшіп кетті.

1931–1933 жылдардағы аштық. Тұрар Рысқұловтың Сталинге жазған хаты.

Аштық жылдарындағы халық шығыны:

1930 жылы аштықтан 313 мың адам,

1931 жылы аштықтан 755 мың адам,

1932 жылы аштықтан 769 мың адам өлді.

Ауыл халқының 40% -ын жоғалтты (1 млн 750 мың адам).

1 миллионнан астам адам шетелге көшіп кетті. Оның 616 мыңы қайтқан жоқ. 1931–1933 жылдары аштықтан 6,2 млн. адамның 2,1 миллионы өлді.

1929 жылы Қазақстандағы 40,5 млн. малдан 1933 жылы 4,5 млн. ғана қалды.

1932 жылғы аштық, оның себептері туралы мемлекет қайраткерлері Ғ. Мүсірепов, Қ. Қуанышев, М. Ғатауллин, Е. Алтынбеков, М. Дәулетқалиев Ф. И. Голощекинге хат жазды. Бұл хат «Бесеудің хаты» деп аталды.

1933 жылы мемлекет қайраткері, сол кезде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған, Т. Рысқұлов Қазақстандағы ұжымдастырудың зардаптары, елді жайлаған аштықтың себептері, халықтың тартып отырған қасіреті жайлы И. В. Сталинге ашық хат жазды.

Ұжымдастыру саясатына қарсы шаруалар толқуы

1929–1931 жылдары Қазақстан жерінде шаруалардың ұжымдастыру саясатына қарсы ұйымдастырылған қарулы қозғалысы болды.

Ірі көлемде шаруалар қозғалысы өткен жерлер:

1929 жылы 29 қыркүйек – Бостандық,

1929 жылы 1 қараша – Батпаққара (Қостанай),

1930 жылы 2 ақпан – Созақ,

1930 жылы 25 ақпан – Ырғыз,

1930 жылы 26 наурыз – Сарқанда т. б.

Шаруалар қарсылығының түрлері:

1930 жылы мамырда Семей округінің Өскемен, Самар, Катонқарағай аудандарында халықтың ірі толқулары өтті.

Торғайдағы батпаққара көтерілісін орталық бандиттік басмашылар қозғалысы деп атады.

Қарақұм көтерілісіне қатысқандар саны 5000-ға дейін жетті. Бұл көтеріліс күшпен басылды.

1930 жылы Созақта ұжымдастыру саясатына қарсы Қазақстандағы ең ірі шаруалар көтерілісі өтті. Көтерілісшілер аудан басшылары мен шолақ белсенділерді өлтірді. Көтеріліс күшпен басылып, оған қатысқан 68 адам атылды. Балқаш, Қордай, Шұбартау, Абыралы, Адай даласы, Іле өңірлерінде шаруалардың ірі көтерілісі болды. Көтеріліске қатысқандар аяусыз жазаланды.

30-жылдардағы қоғамдық саяси өмір

30-жылдары КСРО-да социалистік қатынастар орнығып болды. Социализмнің тоталитарлық, казармалық сипатының көрінісі:

  1. Мемлекеттік меншік нығайып, өндіріс-құрал жабдықтарына қоғамдық меншік орнап, шаруалар жерден шеттетілді.
  2. Бюрократиялық орталық нығайып, республикалар іс жүзінде толық егемендік алмады.
  3. Республикалардың заң шығару бастамасы болмады.

1936 жыл – сталиндік КСРО Конституциясы жариялаған бюрократиялық орталықтандыру орнықты.

Елде «Социализм жолымен ілгерілеген сайын тап күресі шиеленісе түседі» деген сталиндік теория үстемдік етті. Нәтижесінде:

Одақтық Ішкі істер халық комиссариаты құрамында ерекше кеңес құрылып, жазалау шаралары іс жүзіне асырылды. Жазалау шаралары:

Жеке адам құқығы аяққа басылып, балама пікір айтқан адам «халық жауы» қатарына жатқызылып, жазаланды.

Ұлттар мен ұлтшыл-уклонистер туралы айқай-шуды ушықтыруға және жергілікті зиялыларды қудалауда өлкелік партия комитеті ұйымдастыру-нұсқаушылық бөлімінің меңгерушісі Н. И. Ежов зор «үлес» қосты.

1937–1938 жылдары лаңкестік жаппай сипат алды. Ұлт зиялылары «халық жаулары» деп айыпталып, сталиндік жендеттердің қолынан қаза тапты. Қазақ әдебиетінің негізін салушылар – С. Сейфуллин (1894–1938 жж.), Б. Майлин (1894–1938 жж.), І. Жансүгіров (1894–1938 жж.), М. Жұмабаев (1893–1938 жж.), М. Дулатов жазаға ұшырап өлтірілді.

Жазалау шараларының құрбандары:

Қазақстанда лагерьлер жүйесі құрылды:

Степлаг – Далалық лагерь.

Карлаг – ерекше режимді Қарағанды еңбекпен түзеу лагері.

ЧСИР – Отанға опасыздық жасағандар отбасыларының мүшелеріне арналған лагерь.

Алжир – Отанға опасыздық жасағандар әйелдерінің Ақмола лагері.

ГУЛАГ – Лагерьлер Бас Басқармасы.

Үштіктер – үш адамнан құралған комиссия.

БМСБ (ОГПУ) – Біріккен мемлекеттік саяси басқарма.

Карлаг азабын көргендер арасында Одақ көлемінде белгілі ғалымдар, мемлекет қайраткерлері т. б. болды.

30–40 жылдар мен 50-жылдарда контрреволюциялық қылмыскерлер туралы істерді негізінен сот органдары емес, БМСБ (ОГПУ) алқасы, «Үштіктер», ерекше кеңестер шешті.

Социалистік құрылысты бұрмалаған жеке адамға табыну идеологисясының зардаптары:

101 мың қазақстандық ГУЛАГ-қа жабылып, 27 мыңы атылды. «Халық жауларының» 40 мыңы ақталды.

Сталиншілдіктің басты қылмысы:

  1. Әміршіл-әкімшіл жүйені қолдану.
  2. Лагерьлер жүйесін құру.
  3. Халықтарды күштеп көшіру.
  4. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзу.

31 мамыр – Ұлттық аза күні болып белгіленді.

Алаш қозғалысының қайраткерлеріне қарсы репрессия. 1920 ж. басы мен 1930 ж. аяғындағы сот процесі.

20 ж. аяғында жағдайды ушықтыру мен күдікшілдік жаппай сипат алды. Орталықта троцкишіл-зиновьевшіл оппозициямен және «оңшыл оппортунистермен» күрестің күшеюі ұлт республикаларында ұлт-азаттық қозғалысының өкілдерін жазалау түрінде көрініс тауып жатты. 1928 ж. аяғында «буржуазияшыл ұлтшылдар» деп аталғандардың – бұрынғы Алашорда қайраткерлерінің ішінен 44 адам жалған айып тағылып, қамауға алынды. Олардың ішінде А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Х. Ғаббасов және басқалар бар еді. Құрамында М. Тынышпаев, Х. Досмұхамбетов, Ж. Досмұхамбетов, Ж. Ақпаев, Қ. Кемеңгеров және басқалары бар ұлттық интеллигенцияның (40 адамдай) басқа тобы 1930 ж. қыркүйек-қазанда қамауға алынды. Олардың ішінен 15 адам Ресейдің Орталық қаратопырақты облысына жер аударылды. Бұлардың барлығы 1937–1938 жж. жазаланды.

1920 ж. аяғы мен 1930 ж. басында КСРО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы дағдарыс шиеленісе түскен сайын Кеңеске қарсы зиянкес элементтер мен астыртын ұйымдарды іздеу кең өрістей берді. Шахталар мен кәсіпорындарда кездейсоқ авариялар болса, колхоздар мен совхоздарда мал өлсе, өрт және табиғи апаттар болса – бәрі де тап жауларының әрекеті деп түсіндіріліп, осыған сай халық жауларына және кеңеске қарсы деген бүлікші ұйымдар жөнінде қолдан жасалған қылмысты іс қозғалды. 1932 ж. Семейде, осы облыстың Абралы, Шыңғыстау және Қу аудандарында өмірде болмаған, орталығы Алматы болып табылатын астыртын «Қазақстан шаруалар партиясының» филиалы «ашылды». Алайда шаруалардың жаппай көтеріліс жасауына және ауылдар мен селоларда ашаршылықтан адамдардың өлуіне қарамай, бұл «іс» кең өріс алмады. Осы іс бойынша 20-дан астам адам жауапқа тартылды. 1933 ж. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында «байшыл-ұлтшыл контррреволюциялық „Жайлас“ ұйымы әшкереленіп», жойылды. Бұл іс бойынша 55 адам қылмыстық жауапқа тартылып, оның 12-і атуға бұйырылды.

Осымен қатар партия ұйымдарын тазалау жүргізілді. Сенуге болмайтындардың немесе бір кезде қате жібергендердің бәрі қуылды. Олар негізінен троцкийшілердің, оңшыл және «ұлтшыл ауытқушылардың» қатарында болды немесе соларға жаны ашыды деп айыпталды.

КСРО жаңа Конституциясының жобасын талқылау осындай үрей және жанталас жағдайда өтті. Ол 1936ж. 5 желтоқсанда кеңестердің Бүкілодақтық VIII Төтенше съезінде қабылданды. КСРО-ның жаңа Конституциясы бойынша Қазақ АКСР-сы Одақтас Республика болып қайта құрылды. 1937ж. 12 желтоқсанда Қазақстан Кеңестерінің X төтенше съезі Қазақ КСР-ның Конституциясын бекітті. Республика Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өткізілді.

1937–1938жж. жаппай саяси қуғын-сүргін. Тоталитарлық жүйенің нығаюы.

1937ж. басталған саяси жазалау бүкіл елді қамтыды. 1936ж. Желтоқсан Пленумында, мұнан кейін 1937ж. Ақпан-наурыз пленумында Орталық Комитетінің, И. В. Сталин мен оның айналасындағылардың «екіжүзділердің, халық жауларының бәрінің тамырын шауып, жойып жіберу» қажеттігі туралы нұсқауы берілді. 1937–1938жж. жазаланған «ұлтшыл-фашистер» деп аталатындардың істерінен көрінгендей, Н. И. Ежов пен оның сыбайластары мұндай істерді қолдан жасауға көп қиналып жатпаған. Бұл «істерге» — «ұлтшыл-фашистер» және басқа «халық жаулары» дегендердің істеріне кең құлашты сипат беру үшін НКВД органдары оларды троцкишілдермен және оңшылдармен одақ жасады деген қисынды ойдан шығарды. Жер-жерде «ашық» сот мәжілістері өткізіліп, оларда сотталғандардан қажетті «мойындаулар» зорлап алынды. «Халық жауларының» негізгі көпшілігінің тағдыры КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының үштігінің мәжілісінде шешілді.

1937–1938жж. Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Т. Рысқұлов, Н. Нұрмақов, С. Қожанов, Ұ. Құлымбетов, О. Жандосов, Ә. Досов, А. Асылбеков, Ж. Сәдуақасов, Л. Мирзоян, А. Сафарбаев, Ж. Сұлтанбеков, Т. Жүргенов, Н. Сырғабеков, З. Төреғожин және басқа да көптеген адамдар өтірік жаламен жазаланды. Қазақтың ғылым мен мәдениеті орны толмас шығынға ұшырады. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров, Қ. Жұбанов, Ж. Шанин, Т. Шонанов, Қ. Кемеңгеров және т. б. кінәсіз жазалаудың құрбаны болды.

Сөйтіп, 20ж. соңы мен 30ж. тоталитарлық жүйе қоғамдық саяси өмірдің барлық саласында бекіді. Оның көрінісі әсіресе Қазақстанда ерекше жиіркенішті түр алды. Олар күшпен ұжымдастыру мен 1937–1938жж. саяси жазалау дәуірінің қайғылы оқиғаларымен ұштасып жатты. Өлкедегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, Қазақстанға Одақтас республика дәрежесін беру, мәдени құрылыстағы, халық ағарту ісіндегі және ғылымдағы табыстар тоталитарлық жүйенің қатаң идеологиялық қыспағында өтті. Міне осының бәрі Қазақстанның КСРО құрамында болашақ даму жолын айқындап берді.

Қазақ КСР-інің құрылуы

Алғышарттары:

Еңбекке жарамды 3,3 млн. адамның 1 млн. -ға жуығы жұмысшылар мен қызметшілер болды. Олардың 20%-ы – түсті металлургияда, 120 мыңы – тасымал жұмысында, 46 мыңы – құрылыстарда еңбек етті.

Осылайша, Қазақстан 15 жыл ішінде кеңестік мемлекетті қалыптастыру жолымен жүріп өтті.

l 1936 жылғы 5 желтоқсан – КСРО Кеңестерінің төтенше VIII съезінде КСРО Конституциясы қабылданды.

Қазақ АКСР-ы Одақтас республика болып қайта құрылып, Қазақ КСР-і атанды (барлығы 11 одақтас республика)

l 1937 жылғы наурыз – Қазақстан Кеңестерінің төтенше X съезінде Қазақ КСР-і Конституциясы қабылданды. Онда:

1938 жылғы маусым – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өткізілді. Оған барлығы 300 депутат сайланды:

112-сі – жұмысшы;

116-сы – колхозшы;

152-сі – қазақ;

60-сы әйел, оның 27-сі қазақ әйелі.

1938 жылғы 15 шілде – Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясы болып, оны Ж. Жабаев ашты.

1939 жылғы желтоқсан – жергілікті Кеңестер сайлауы өткізіліп, оған 48762 депутат сайланды.

20–30 жылдар кезеңінің қорытындысы:

Тиімді жағы:

  1. Қазақ халқының саяси теңдікке, территортялық автономия құқығына қолы жетті.
  2. Индустриясы жедел дамыды.
  3. Мәдениет, білім беру саласында табыстарға қол жетті.

Тиімсіз жағы:

  1. Экономика мен мәдениет саласында қол жеткізген табыстар тым қымбатқа түсті;
  2. Тоталитарлық, казармалық жүйе орнықты;
  3. Қоғамдағы табыстар сталиндік қатал идеологиялық қыспақ қоршауында қалды.

Соғыс алдындағы жылдар

1939 жыл – партияның XVIII съезінде КСРО-ның индустриялық қуатын кеңейту, қорғаныс қабілетін нығайту бағыты көрсетілді.

Үшінші бесжылдықта (1938–1942жж.) республика экономикасындағы атқарылуға тиісті міндеттер:

1938–1941 жылдары іске асырылатын шаралар:

Осы жылдары еңбек кітапшалары енгізілді, мемлекеттік сақтандыру тәжірибесі жақсартылды, 8 сағаттық жұмыс күніне, 6 күндік жұмыс аптасына көшірілді.

1940 жылдың аяғында мемлекеттік еңбек резевтері жүйесі пайда болды. Әйелдер ірі өнеркәсіп жұмысшыларының 26,1% -ын құрады (1940 жыл). Жаппай ерлер мамандығын меңгеру қозғалысы басталды.

1941 жылғы маусымда – П. Ангелинаның (Батыс Қазақстан облысы, Теректі МТС-де істеген Украина тракторшысы) «Тракторды меңгеріңдер» бастамасымен 26 мыңнан астам әйелдер тракторшы мамандығын меңгерді.

Тұрақты механизаторлар кадрлары қалыптасып, 116 мың маман даярланды.

Соғыс қарсаңында халық шаруашылығында 11 мыңнан астам инженер, техниктер еңбек етті. Стахановшылар мен өндіріс жаңашылдарының қозғалысы өрістеді.

Риддердегі алғашқы стахановшы-шахтер Б. Ықыласов.

Соғыс алдындағы жылдарда құрылыстарды салу жеделдеді. 1940 жылдың басы – ұзындығы 806 шақырымдық Ақмола – Қарталы жолы 9 айға толмайтын мерзімде салынды. Бұл жол құрылысының маңызы:

Бұдан басқа Атырау-Қандыағаш, Қандыағаш-Орск, «Шығыс орамы» (806 км. Шығыс Қазақстан мен Семей облысы), Алматы-Сарыөзек, Жамбыл-Алакөл темір жолдары (2681 км.) салынды.

1938–1940жж. 1,4 мың шақырым жаңа темір жол төселді.

Үшінші бесжылдықтың 3,5 жылындағы өнеркәсіптегі, тасымал мен байланыстағы күрделі қаржы – 3,1 млрд. сом.

Республика өнеркәсібінің жалпы өнімі – 57,3%-ға артты.

Түсті металлургия Қазақстан өнеркәсібінің жетекші саласына айналып, түсті металлургия бойынша Қазақстан екінші орында болды. Бұл сала кәсіпорындары: Шымкент қорғасын, Балқаш мыс қорыту, Лениногорск, Зырянов полиметалл зауыттары, мыс балқыту комбинаты, Ащысай, Қоңырат кеніштері.

Салынып жатқан құрылыстар: Ақтөбе ферроқорыту зауыты, Текелі полиметаллургия, Жезқазған мыс балқыту комбинаттары.

Шымкент қорғасын зауытының қорғасыны елдегі ең таңдаулы деп танылды. 1939 жылы зауыт ұжымы одақта 1-орынды жеңіп алып, Ленин орденімен марапатталды. Қазақстан Одақ көлемінде:

Қорғасын өндіруден 1-орын, мұнай мен көмір өндіруден 6-орынға шықты.

1940 жылы 2580 ірі кәсіпорын жұмыс істеп, индустрияның жалпы өнімі 1940 жылы 1913 жылмен салыстырғанда 7,9 есе өсті.

1940 жылы Қазақстан одақ бойынша:

  1. көмірдің – 4,2%-ын;
  2. мұнайдың – 2,2%-ын;
  3. қорғасынның – 87%-ын;
  4. мыстың – 21%-ын өндірді.

Соғыс алдындағы жылдарда Орталық Қазақстанның өнеркәсіпті шикізат аймағы қалыптасты.

Орал-Қазақстан-Сібір «үшбұрышы» мырыш, қорғасын, молибден т. б. өндіруден КСРО-да жетекші орын алды. Волга-Орал арасындағы темір жол (ұзындығы 581 км.) Одақтың және республиканың ірі өнеркәсіпті орталықтарын жалғастырды.

Соғыс алдындағы жылдарда колхоз құрылысы дамыды. 1940 жылы колхоз бен совхоздарда:

Ауылшаруашылық техникасы 330 МТС және 194 совхозға шоғырландырылды. 116 мың механизатор, тракторшы, комбайншы даярланды. 1940 жылы жоғары және арнаулы орта білімі бар 4 мың 600 агроном, зоотехник, мал дәрігері, орманшы болған.

1938–1940 жылдары 1338 ТОЗ ауылшаруашылық артельдерінің жарғысына көшіп, 6 мың 900-ға мыңға көбейді.

Халықтық құрылыс әдісімен 100 мың колхозшы каналдар мен суландыру жүйелерін салуға қатысты. 1938–1940 жылдары 145 мың га-дан астам жаңа суармалы жер игерілді. Батыс Қазақстанда Орал-Көшім каналы салынды.

1940 жылы әлеуметтік-мәдени шараларға мемлекеттен бөлінген қаржы – 1 млрд. сомға жақындады (1932 жылмен салыстырғанда 12,5 есе көп).

1938–1940 жылдары республикада тұрмыстық қызмет көрсету орындары салынды:

Үшінші бесжылдықтың жарты жылында тұрғын үй құрылысына жұмсалған қаржы – 876 млн. сом (екінші бесжылдықта – 351 млн. сом)

1938–1940 жылдардағы шешілмеген проблемалар:

XXғ. 20–30 жылдардағы Қазақстанның мәдени құрылысы.

Ересектер арасында сауатсыздықты жою

Шаруашылықты дамытып, жақсы өмір сүру үшін ең алдымен халықтар арасында сауатсыздықты жою және ағарту ісін дамыту міндеті тұрды.

1924 жылы Қазақстанда «Сауатсыздық жойылсын» қоғамы ұйымдастырылды. 1921–1927 жылдар аралығында Қазақстанда 200 мыңға жуық адам әр түрлі жерде оқыды. 1928 жылы Қазақстанда барлық халықтың 28%-ы сауатты болды. Ал қазақтар арасындағы бұл көрсеткіш 10% болды. 1931 жылы Қазақстанда 15–20 жас аралығындағы барлық адамдардың сауатын ашу, яғни оларға міндетті білім беру жүйесі енгізілді. Сауатсыздықты жою мақсатында республикада ағарту ісіне жұмсалатын қаржының мөлшері көбейді.

Сауатсыздық жою ісі жөнінде Қазақстан одақ құрамындағы басқа мемлекеттерден артта қалды. Мұның себебі – әміршіл-әкімшіл жүйенің бюрократтық саясаты. Сауатсыздықты жою ісінде ең алдымен комсомол ұйымы белсенділік танытты. Тек қана 1930 жылы бұл іске комсомол құрамындағы 5000-ға жуық жастар қатысты.

1936 жылы жер-жерден ашылған сауатсыздықты жою мекемелерінде 500000-нан астам адам оқыды.

Республикада ересектер арасында сауатсыздықты жою ісіне сол кездегі «Ауыл мұғалімі» журналы мен «Төте жол» газеті әдістемелік құрал ретіндегі көмегін тигізді.

1939 жылы Қазақстандағы сауатты адамдардың үлесі 65% болды, қазақ халқының арасында бұл көрсеткіш 40%-ға жетті. Республикадағы ірі қалалар, негізінен, сауатты қалаларға айналды (Алматы, Шымкент, Қарағанды, Лениногорск, Тараз, Орал т. б.)

Халыққа білім беру ісі

1926 жылы Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесі «Қазақ АКСР біртұтас еңбек мектептерінің жарғысын» қабылдады. Көптеген қалаларда арнаулы білім беретін және соның ішінде қазақ қыздарын оқытатын мектептер ашылды.

1930–1931 жылдары Қазақстан халықтарының арасында жалпыға бірдей оқу міндеті енгізілді. Жалпыға бірдей білім беру ісіне үкімет қолдау көрсете бастады. Сонымен қатар Қазақстан комсомолы бұл істің жүзеге асырылуын және білім беру ісінің дамытуын өз мойындарына алды. Білім беру ісін дамыту бағытында ана тіліндегі оқулықтарды жасаған қазақтың ұлттық зиялылары үлкен үлес қосты. Мысалы, А. Байтұрсынов суретті әліппе, Ж. Аймауытов ана тілі оқулықтарын жазды.

20–30 жылдары қазақ мектептеріне арналған оқулықтарды жасау бағытында Ғ. Мүсірепов, С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Қ. Кемеңгеров, Ә. Бөкейханов, С. Сәдуақасов, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов көп еңбек сіңірді. Республика жерінде орыс, қазақ, өзбек, татар тілдерінде оқытатын мектептер жұмыс істей бастады. 1934–1935 жылдары Қазақстанда 221 интернат жұмыс істеді.

Соғыстың алдында республика мектептерінде 44000 мұғалім жұмыс істеді. С. Ақышев, С. Көбеев, А. Ақатов, Ш. Сарыбаев, Л. И. Довранская, Н. В. Волков т. б. білім беру ісінің үздіктері «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» деген атаққа ие болды.

Кәсіптік білім беру ісінің дамуы

1928 жылы Қазақстанда тұңғыш жоғары оқу орны Алматы педагогика институты ашылды. Бұл институт Абайдың есімімен аталды.

1929 жылы Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институты ашылды.

1930 жылы Алматыда Қазақ ауыл шаруашылық институты ашылды.

1931 жылы Ленинград әскери медицина академиясының қамқорлығымен Алматы медицина институты ашылды.

1934 жылы Алматыда Қазақ кен металлургия институты ашылды. Кейін политехникалық институт аталған бұл оқу орны инженер-технолог кадрларын даярлайтын іргелі оқу орны болды.

1931–1932 жылдары Қызылорда, Орал қалаларында педагогика институты ашылды. Семей, Петропавл, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Шымкент қалаларында мұғалімдер институттары ашылды. Соғыстың алдындағы жылдарда Қазақ КСР-де жоғары оқу орындарының саны 20-ға, арнаулы оқу орындарының саны 118-ге жетті. Кәсіптік білім беретін бұл оқу орындарында 40000-ға жуық жастар білім алды.

Ғылымның дамуы

XX ғасырдың 30 жылдарында Қазақстан ғылымы қалыптасып, дами бастады. Қазақстанды ғылыми тұрғыдан зерттеу ісіне 1920 жылы құрылған «Қазақстанды зерттеу» қоғамы көп үлес қосты. Бұл қоғамда Қ. Жұбанов, С. Аспандияров, Ж. Аймауытов, А. В. Затаевич, А. Байтұрсынов, Ә. Диваев, А. П. Чулошников сияқты ғалымдар еңбек етті. 1926 жылы М. Е. Массон Тараз қаласының орнында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.

Н. Г. Кассин, С. С. Неустроев, М. П. Русаков, А. Е. Ферсман, Р. А. Барунайов сияқты геолог ғалымдар қазақ жерінің табиғи ресурстарын зерттеуде ірі табыстарға жетті. Қарағанды, Екібастұз көмір қорлары, Ембі мұнай қоры анықталды.

1932 жылы КСРО Ғылым академиясының қазақстандық базасы құрылды. Бұл базаның құрамында 1935 жылы тарих және геология секторы, Қазақ ұлттық өнер ғылыми-зерттеу институты құрылды.

1935 жылы КСРО Ғылым академиясы Кенді Алтай түсті металын, Жезқазған мысын, Орал-Ембі мұнайын зерттеуге арналған сессия өткізді. Зерттеу нәтижесінде Қазақстанның одақ көлемінде көмір қоры жөнінен бірінші орын алатыны анықталды.

1935 жылы профессор С. Аспандияровтың еліміздің тарихы жөнінде «Қазақстанның көне заманнан бергі тарихы» атты ғылыми еңбегі жарық көрді.

А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Сейфулин, С. Мұқанов бастаған әдебиеттанушылар лингвистика, тіл білімі және әдеби зерттеулер бойынша ғылыми еңбектер жазды.

Қазақ КСР-де ғылымды дамыту жолында С. М. Вавилов, В. Л. Камаров, А. Н. Смаилович (түрколог), А. Д. Архангельский (геолог) есімді академиктер мол үлес қосты.

1940 жылы Қазақстанда 57 ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеді. Бұларда 1700-ге жуық қызметкер еңбек етті. 1939 жылы елімізде ғылыми істерге жұмсалатын күрделі қаржы 14,4 миллион сомға жуық болды.

Соғыс қарсаңында КСРО Ғылым академиясының қазақ филиалы құрылды.

Қазақ Кеңес өнерінің дамуы

XX ғасырдың 20–30 жылдарында Алматы, Орал, Петропавл, Семей, Ақмола, Қостанай қалаларында түрлі деңгейдегі мәдениет мекемелері жұмыс істеді.

А. В. Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» (1925 жылы), «Қазақ халқының 500 ән мен күйі» (1931 жылы) деген еңбектерін жазып, қазақ музыкасын зерттеу ісіне үлкен үлес қосты. А. В. Затаевичке 1932 жылы Қазақ АКСР-ның халық артисі атағы берілді.

1922 жылы Қарқаралыда халық жыршылар бәйгесі өтті.

1924 жылы Москвада өткен халықтар музыкасының концертіне Петропавл педучилищесінің қазақ хоры қатысты. Хорды И. В. Коцых басқарды.

Қазақ әншісі Әміре Қашаубаев 1925 жылы Германияның Майндағы Франкфурт қаласындағы, 1927 жылы Францияның астанасы Париждегі концерттерге қатысып, Батысқа қазақ әнінің құдіретін танытты.

1926 жылы Қазақстанда алғашқы ұлттық қазақ театры сол кездегі астана Қызылорда қаласында ашылды. Театрдың алғашқы директоры актер, режиссер Жұман Шанин болды. Театр ұйымдастыру ісіне Ә. Қашаубаев, И. Байзақов, Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Қ. Жандарбеков, Е. Өмірзақов, Қ. Бадыров көп еңбек сіңірді. М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы – театрда алғаш қойылған пьеса. Бұдан басқа театрда Ж. Шаниннің «Арқалық батыр», Б. Майлиннің «Шаншар молда», С. Сейфулиннің «Қызыл сұңқарлар», М. Әуезов пен Л. Соболевтың «Абай», Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесалары, Д. А. Фурмановтың «Бүкіл», Шекспирдің «Отелло», Н. В. Гогольдің «Ревизор», «Үйлену» қойылымдары сахнаға шығарылды.

1937 жылы бұл театр қазақ академиялық драма театры аталды.

1930 жылы Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Ақтөбе қалаларында театрлар ашылды.

1933 жылы Алматы қаласында ұйғыр музыкалық драма театры ашылды. Бұл театрда А. Садыров пен Ж. Асимовтің ержүрек ұйғыр қызын бейнелейтін «Анархан» пьесасы және т. б. қойылды.

1937 жылы Қызылорда қаласында Корея театры ашылды. Мұнда Д. И. Дон-Имнің «Чуп-хан-дан» музыкалық драмасы қойылып, көпшіліктің көңілінен шықты.

Сонымен қатар азамат соғысы кезінде және басқа да қиын-қыстау жылдары Ә. Жангелдин басқарған отрядта, Түркістан атқыштар дивизиясы мен бірінші кеңестік қазақ атты әскер полкінде жылжымалы театрлар жұмыс істеді.

Онда Ж. Аймауытовтың «Ел қорғаны», Р. Мәлібаевтың «Әдет күңі», М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», Е. Ерданаевтың «Мылқамбай» сияқты пьесалары қойылды.

30 жылдары қазақ киносының дами бастаған кезі болды. Осы кезде Алматы қаласында жұмыс істеген «Востоккиноның» бөлімшесі «Жайлауда», «Түрксіб» сияқты деректі фильмдер мен «Қаратау құпиясы», «Жұт», «Дала әндері» сияқты дыбыссыз көркем фильмдерді түсірді.

1934 жылдан бастап республикада хроникалы фильмдер студиясы жұмыс істей бастады.

1938 жылы республикадағы алғашқы дыбысты фильм «Амангелді» фильмі қойылды. Бұл фильмді «Ленфильм» киностудиясы түсірді.

1934 жылы Абай атындағы Қазақ академиялық опера және балет театры ашылды. Мемлекеттік музыка театры болып ашылған бұл театрда М. Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектаклі 100 реттен астам көрсетілді.

1934 жылы А. Жұбановтың жетекшілігімен Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік оркестрі құрылды.

1936 Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясы құрылды.

1938 жылы мамырда Москвада өткен қазақ өнері күндерінде «Жалбыр», «Қыз Жібек» опералары қойылып, Күләш Байсейітова бастаған әншілер ән шырқады. К. Байсейітова КСРО халық артисі атағына ие болды.

Әйгілі суретші П. Г. Хлудов қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі болды. Алғашқы қазақ суретшісі Әбілхан Қастеев – Хлудовтың шәкірті. Ә. Қастеевтің «Амангелді» картинасы – қазақ бейнелеу өнерінің озық туындыларының бірі.

1930 жылдары Қазақстанда мәдени ағарту орындары жұмыс істей бастады.

1934 жылы Алматыда кітапхана техникумы, Орал, Семей, Өскемендегі педагогикалық техникумдар жанынан кітапхана бөлімдері ашылды.

1939 жылы республикада 3304 кітапхана жұмыс істеді. Соғыс қарсаңында республикадағы мәдениет үйлерінің саны 5237-ге жетті.

Соғысқа дейінгі жылдарда Қазақстан мәдениеті осындай зор жетістіктерге жеткенімен, сталиндік бюрократиялық жүйе мәдени рухани салаға орны толмас шығын әкелді.

Әдебиеттің дамуы

XX ғасырдың 20–30 жылдарында қазақ әдебиетінде Ж. Аймауытов, А. Байтұрсынов, С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, М. Дулатов, М. Жұмабаев бастаған ақындар мен жазушылардың орны ерекше болды.

С. Сейфуллин — «Қазақ жастарының марсельезасы», «Көкшетау», «Советстан» шығармаларының авторы. 1927 жылы Қазан революциясы, азамат соғысы жайында «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи романын жазды.

М. Жұмабаев «Батыр Баян», «Жүсіп хан», «Қойлыбайдың қобызы», «Ертегі» т. б. дастандарын жазды.

С. Мұқанов «Сұлушаш» поэмасын, «Ботагөз» романын жазды.

І. Жансүгіров «Құлагер», Б. Майлин «Азамат Азаматыч», И. Байзақов «Құралай сұлу», Ғ. Мұстафин «Өмір мен өлім», Ж. Аймауытов «Қартқожа» туындыларын осы кезде жазды. Б. Жәнікешов, Б. Ізтөлин – азамат соғысы жылдарындағы белгілі ақындар.

Ғ. Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», Ж. Аймауытовтың «Ел қорғаны», «Мансапқорлар», Б. Майлиннің «Жалбыр», М. Әуезовтің «Түнгі сарын», «Айман-Шолпан» сияқты туындылары қазақ драматургиясының ірі табыстары ретінде белгілі болды. Қазақ әдебиетінде кеңестік басқа ұлт өкілдерінің де алатын орны ерекше. Мысалы, қазақ жеріндегі ұжымдастыру жөнінде Мате Залка «Тұман тұмшалаған ауыл» атты романын жазды.

20–30 жылдардағы қазақ әдебиетінде аударма ісі де ерекше орын алды.

Алаш қозғалысының жетекшісі Ә. Бөкейханов аударма ісінің шебері болды.

А. Байтұрсынов И. А. Крыловтың шығармаларын, Ж. Аймауытов М. Ю. Лермонтов пен А. С. Пушкиннің, Ғ. Тоқай Ф. Шиллердің шығармаларын;

М. Жұмабаев М. Горький мен Г. Гейненің, Гете мен Д. Мамин-Сибиряктың, В. Ивановтың шығармаларын аударды.

Ж. Аймауытов «Интернационалды» аударды.

Ж. Жабаев пен Н. Байғаниннің, Ш. Қошқарбаевтың т. б. ақындардың өлеңдері мен дастандары қазақ поэзиясын одан әрі дамытты.

XX ғасырдың 20–30 жылдарында Ә. Тәжібаев, Қ. Аманжолов, Ә. Сәрсенбаев, Д, Әбілов, Қ. Бекхожин, Ж. Саин, Т. Жароков бастаған жас буындар әдебиет саласында белгілі болды.

Сталиндік бюрократизм, жазалау шаралары, репрессия қазақ әдебиетіне орны толмас шығын әкелді. Мысалы, жазықсыз жолмен М. Дулатов түрмеге қамалып, 1935 жылы қайтыс болса, А. Байтұрсынов 1937 жылы атылды.

31 мамыр — Саяси қуғын — сүргін құрбандарын еске алу күні

1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығы шығып, соған сәйкес 31 — мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні болып жарияланды. Бұл күні бүкіл ел саяси қуғын-сүргін құрбандары болған біздің отандастарымызды еске алады. Қазақстанда саяси қуғын-сүргіннің не екенін біледі: еліміз күштеп ұжымдастырудың ауыр қалін бастан өткізді, голощекиннің Ашаршылығын, сталиндік кезеңнің Үлкен террорын, жер аударылған халықтың трагедиясын, басқаша ойлайтындарды тоқырау жылдарындағы қуғындауды, 1986 жылғы желтоқсандағы қантөгіс уақиғаларын еске алады.

2 миллионға жуық қазақ өлген немесе Қазақстаннан көшіп кетуге мәжбүр қылған Голощекин Ашаршылығы өткен уақытына 80 жылдан асты. Голощекиннің саясатынан Қазақстанда тұрған басқа этностар да жапа шеккен: орыстар, украиндықтар, өзбектер және т. б. Елдің қырылған халқының орнына Украинадан, Ресейден шаруаларды, Волга жағалауынан немістерді, кейінірек: қоныс аударған халықтарды: корейлерді, түрктерді, ингуштерді, шешендерді және басқаларды арнайы қоныс аударушыларды айдап әкелді. Сондай-ақ Қазақстан халқы ГУЛАГ-тың, КАРЛАГ-тың, АЛЖИР-дың тұтқындарымен және басқалармен толықтырылып, олардың дені Қазақстанда тұрып қалды.

Үлкен Террордың 75-жылдығын – отандық тарихтағы ең қатал және жаппай кісі өлтіру кампаниясы нәтижесінде қазақ интеллегенциясының бетке ұстарлары: А. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, О. Жандосов, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, М. Тынышбаев, М. Жұмабаев. С. Асфендияров… қуғындалған. Қазақстанда саяси қуғын-сүргін 40- және 50-жылдары да жалғасты, Қ. Сәтбаев, М. Әуезов, А. Жұбанов, Е. Бекмаханов және басқалар соның құрбандары болды. Басқаша ойлау тоқырау жылдарында да қатаң қуғындалды сол кезеңнің шарықтау шегі көтеріліске шыққан жастарды аяусыз басуға, қатысушылар мен жанашырларын жаппай ату мен қуғын-сүргіндеуге айналған 1986 жылдың қанды желтоқсаны болды…

Өткен уақыттағы биліктің бақылаусыздығы қандай трагедияларға әкелгенін, қоғам тарапынан бақылау болмағаны болашақты қауіпті және алдын ала болжалмайтындай ететінін есте сақтай отырып, біз, Қазақстанның қоғам қайраткерлері, Отанның тағдырына селқос қарамайтындардың бәрін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау күніне қатысуға шақырамыз. Олар көп, бейкүнә қаза болғандар, азапталғандар, белгілі және белгісіздер, біздің борышымыз — барлықтарын есте сақтау және бекерге құрбан болмағандары үшін бәрін істеу, алдыңғыларды құрметтеу, олардың не істегендерін және не үшін істегендерін үмытпай, олардың ерліктері мен істерін жалғастыру.

Өткен ғасырдың 30- жылдарында «халық жаулары» ретінде атылған сталиндік Үлкен террордың құрбандары тәуелсіздік алғаннан кейін ұлт батырлары болды, «тәркіленген бай-кулак шаруашылықтары» — бостандықтың азап шеккендері, 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларына қатысушылар «қазақ ұлтшылдары», ал арасында көбісі ІІМ мен ҰҚК қызметкерлері, ЖОО-ның оқытушылары және медицина қызметкерлері мен қарапайым дұрыс адамдар олардың «астыртын дем берушілері» көтеріліс жасаған студенттерге көмектескен, қорғаған және сол үшін өздерінің мансабынан айрылғандар – нағыз патриоттар болған. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау КСРО-да 1954 жылы басталды, бірақ 1960- жылдары бұл жұмыс тежеліп, тек қана қайта құрудың нағыз қызған кезінде 1980-жылдардың соңында қайта басталды.

Ашаршылық зардаптары

1920–1932 жылдардағы алапат қырғынды, 1937–1938 жылдардағы саяси қуғын- сүргінді ұйымдастырушы- сол кездегі большевиктік партиясы. Бұл партия қазақ халқынан ашық түрде кешірім сұрауы керек. Өйткені, аштан өлген, жазықсыз зардап шеккен «сталиндік репрецияға» ұшырағандар саны 2 миллион адамнан асты. Мамандар қазақ халқының дамуын 110 жылға кейін шегерді деп айтып жатыр. Мәселен, бұл бағытта демограф- ғалым Мақаш Тәтімовтің тарихи деректерді тауып жариялаудағы еңбегі зор. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «… егер ашаршылық болмағанда біз қазір 45- 50 миллион халық болып отырар едік» деген. Егер біз қазір 45- 50 миллион халықты құрап отырсақ, даламыз шын мәнінде осыған лайық болатын еді.

Саяси қуғын- сүргінге ұшырағандар

1936–1938 жылдары Қазақстанда 25833 адам партиядан шығарылып, олардың 8544-іне «халық жаулары» немесе «халық жауларының сыбайластары» және т. б. айыптар тағылды. Танымал қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері түгелге жуық саяси қуғын- сүргінге ұшырады. Олардың отбасы мүшелері де жазықсыз қудалау көрді. Жалған айып тағылғандардың қатарына 1931–1933 жылдардағы қазақтардың жаппай қырылуына байланысты ашық наразылық білдіріп, Қазақстан халқының мүдделерін қорғағандар да қосылды. "халық жауларының " негізгі көпшілігінің тағдыры КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасының мәжілістерінде, «екілік» пен «үштік» атанғандар мен НКВД-ның ерекше кеңестерінде құпия жағдайда шешіліп жатты. Жалған халық жауларымен күрес конслагерьлердің құрылуына жағдай жасады. (Қарлаг, Степлаг, АЛЖИР) Көптеген аудандар тікен сымдармен қоршалып, ол сақадай сай қаруланған әскермен күзетілді. Кейінірек атылған адамдарды жаппай жерлеген жерлер анықтала бастады. Мемлекет, қоғам қайраткерлері, шаруашылық басшылары мен өндіріс озаттары сынды тоталитарлық тәртіптің мыңдаған құрбандары құпия жағдайда жерленді.

Болып жатқан оқиғалардан шет қалуға болмайды, енжар болуға болмайды, ел тарихындағы өзгерісті кезеңде бейтараптылықты ұстануға болмайды! Енжарлар мен бейтараптардың үнсіз келісімімен қылмыс жасалады.

1930–32 жылдардағы ашаршылықтан, 1937–38 жылдардағы қудалаудан халықтың рухы сынды. Әрине бұл дүрбелеңнен басқа халықтар да өтті. Бірақ, ашаршылық қазақ үшін ұлттық қасірет болды. Оның салдарынан әлі күнге құтыла алмай келеміз. Жоғарыдағы айтылған дозақтардан аман қалған халық, оның ұрпақтары осындай ұлттық қасіретті, қаралы тарихымызды ешқашан ұмытпауға тиіспіз.

Екі ұғым бар: халық және тобыр. Тобыр – бұл кескінсіз бұқара, туысқандықты білмейтін мәңгүрт – адамдар, «нан мен ойын-сауық» қана толғандыратын бәріне бірдей енжар, парықсыз қарайтын тұтынушылар. Халық – бұл өз Отанын сүйетін, өз тарихын есте сақтайтын және өз батырларын құрметтейтін, өз өмірін елдің өмірімен байланыстыратын, ол үшін жаны ашитын, бүгінгі күннің тарихын жасау үшін және бұдан да артық болашақ үшін қуанышты да қайғыныда да бірге көретін, тамырлары осы жермен байланысты адамдарды біріктіретін үлкен отбасы.