Әскен (Әжі) ұлы Әбілқайыр хан (1693–1748) – қазақтың Кіші жүзінің ханы, Аңырақай шайқасындағы қазақ қолының бас сардары, қазақ сұлтандарының кіші буыны – Үсектің ұрпағы. Болат хан өлгеннен кейінгі тақ таласында Сәмекенің (Шахмұхаммедтің) «Әбілқайырдың атасына хандық әуелден бұйырмаған. Жеті атасынан хан болып келе жатқан менің тұқымым, хан тағының заңды иесі менмін» деуі де оның осы кіші буыннан екенін меңзейді. Ол – кейін өзінің күшімен, айласымен, шабуылды ұйымдастыра білушілігімен даңқы шығып, хандыққа қол жеткізген, батырлығы мен өркөкіректігі, ақылдылығы мен билікқұмарлығы, саяхатшылығы мен бірбеткейлігі астасқан қайшылығы мол күрделі тарихи тұлға.
Ол 1723 жылға дейін Түркістан қаласында тұрып, одан жоңғар басқыншылары қуып шыққан соң, Бұқар мен Хиуа хандықтарының шекарасындағы өзіне қарайтын тайпалардың арасына кетеді.
Қазақ халқының жоңғарларға қарсы азаттық күресі күшейген кезде Ордабасында болған халық жиналысында Әбілқайыр қазақ жасақтарының бас қолбасшысы болып сайланып, Аңырақай шайқасында үлкен жеңіске жетеді.
Болат хан өлгеннен кейін «қазақтың бас ханы болу жолы менікі» деп сеніммен жүрген Әбілқайыр жеме-жемге келгенде билік тізгінінің басқаның қолында кеткенін көргенде шарт сынып, ашуланып, бәрін тастап еліне кетеді. Қазақтарды әлсіретіп, бүкіл Орта Азияға жол ашар қақпаның кілтін тезірек қолға түсіру жөнінде патшасынан нұсқау алған орыстың далалық әкімдері бұл оқшаулануды өз мүдделеріне пайдаланып қалуға жанталаса кіріседі. Бұл ретте отарлаудың ежелден сыналған тәсілі — «жабайыны жабайының қолымен құртуды» іске қосады. Сөйтіп олар өздерінің бодандары Еділ қалмақтарын да, башқұрттарды да, сондай-ақ Жайық қазақтарын да айдап салып, Кіші жүз қазақтарының тынышын кетіре бастайды. Соның аяғы Әбілқайырдың 1730 жылы өзін Ресей империясының қол астына алуын сұрап, Петербургке елшісін жіберуіне әкеп соғады. Онда ол өзінің Ресей империясына башқұрттар секілді қызмет етіп, солай сияқты алым төлейтінін айта келіп, өздеріне Ресейдің өзге бодандары тарапынан ешқандай қиянат және шабуыл болмауын талап етеді, патша тарапынан тыйым салынбаса, башқұрттардың өздігінен шабуыл жасауды тоқтатпайтынын айтады. Сондай-ақ Ресей бодандары қолдарындағы қазақ тұтқындарын қайтарса, қазақтар да өз тарапынан олардың тұтқындарын кері қайтаратынын білдіреді.
Бірақ бұл бодандық Әбілқайыр ойлағандай нәтиже бермейді. Содан кейін ол Жоңғар хандығының қонтайшысы Қалдан Серенге адам салады. Іздегенге сұраған ол да мұны құп алады. Ол жоңғар тұтқынынан босатылған Абылай арқылы жіберген жарлығында Әбілқайырдың тілегін орындағанын толық көрсетеді. Арадағы достық қатынастар сенімді болу үшін Әбілқайырдың өз баласына мың қазақты ертіп, Жоңғарияға жіберуін, осыған жауап ретінде өз баласын мың ойратпен қазақтарға жіберетінін айтады.
Дегенмен, Әбілқайырдың Қалдан Серенмен құда болып, оған арқа сүйеп, ойдағымды жүзеге асырам ба деген үміті де ақталмай қалады. 1745 жылдың қыркүйегінде Қалдан Серен қайтыс болады. Осыдан үш жыл өткенде Әбілқайырдың өзі де Барақ сұлтанның қолынан қаза табады.
Әбілқайыр қазақ-қалмақ қарым- қатынасы мейлінше шиеленісіп тұрған 1716–1718 жылдары Ресей империясынан көмек алу мақсатымен Сібір губернаторы князь М. П. Гагаринге, Уфа воеводасына хат жазып, қазақтардың ахуалын біршама реттеуге атсалысты.1726 жылы Ордабасыдағы халық жиналысында қазақ жасақтарының қолбасшысы болып сайланды. Бұланты өзенінің жағасындағы (1728),
Аңырақайдағы (1729–1730) жоңғарларды талқандаған соғыстарда қолбасшылық қабілеті ерекше көрінді. Қазақ хандары мен сұлтандкарының алауыздығы артып, сыртқы қауіп күшейген шақта Ресей империясына арқа сүйеуді ойлады. Әбілқайырдың Құндағұлов Сейтқұл мен Көштаев Құтлымбет бастаған елшілігі Петербургке барып (1730), Ресей Сыртқы істер министрі коллегиясының А. Тевкелев бастаған елшілігі оған келді (1731).
Елшілік қазақ ұлысын Ресейдің қарамағына алу туралы келіссөз жүргізді. Әбілқайыр 1731жылы қазанда Ресей империясының қарамағына кіргендігі жөнінде ант берді. Ант беру арқылы ол Ресеймен тату тұруды, оның қарамағына өткен башқұрт пен Еділ қалмақтарының қазақ қоныстарына шапқыншылығын тоқтатуды, Ресейдің көмегімен жоңғар қалмақтарыныңқол астында қалған қазақ жері мен қалаларын қайтарып алуды, империя әкімшілігіне сүйеніп, қазақ арасындағы беделін арттырып, үш жүздің басын біріктіріп, өзі билеуді, хандықты балаларына сайлау тәртібімен емес, мұрагерлік жолмен қалдыруды көздеді.
Ол жеке мүддесімен бірге халықтыапаттан сақтауды да ойлады. Алайда Ресей саясаты да тереңде жатты. Әбілқайыр Петербург сарайы мен оның Орынбор әкімшілігінің саясатын дер кезінде түсінді. Кіші жүзде дербес саясат жүргізуге тырысуы, ел тәуелсіздігін сақтау бағытындағы шаралары отаршылдықтың барлық көріністеріне қарсылығын байқатады. Жоңғар шапқыншылығы әлсіреген сайын Ресейден бойын аулақ салуға тырысты.1740 жылы Хиуаны басып алып, аз уақыт осында хан атанды.
Бірақ ИранныңНәдір шаһынан ығысып, тастап шығуға мәжбүр болды. Әбілқайыр үш жүздің қадірлі билерімен, белгілі батырларымен, саяси қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынасжасады. Өзінен жас беделі өсіп келе жатқан Абылаймен әр кезде түсінісе білді. Кіші жүз ханы ретінде оның саясатында қайшылықтар да бар. Қазақ даласын отарлаудың тірегі болған ОР бекінісін салуды өзі ұсынды. Әбілқайырдың дербестігі мен қазақ даласына жайылып кеткегн атағы кейбір сұлтандарға ұнамады. Солардың бірі Орта жүздің сұлтаны Барақ Ор бекінісінен қайтып келе жатқан Әбілқайырмен ен далада кездесіп қалып, оны өлтіреді. Ханның серіктері де сол жерде қаза тапқан.