Бөгембай Ақшаұлы, Қанжығалы Бөгембай, кейбір деректерге Бөгенбай, 1690ж. Қаратау бөктеріндегі Бөген өзенінің бойы-1775 ж., кейбір деректерде 1776, 1778ж. ж. Ақмола облысы Ерейментау ауданында Қоржынкөл көлінің маңында өмір сүрген.
Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресі тарихында ерекше рөл атқарған батыр, қолбасшы. 18 ғ-дағы қазақ батырларының жасы үлкен ақсақалы, сондықтан оны халық аңыздарында ардақтап «Қанжығалы қарт Бөгембай» деп атап кеткен. Қарабалта түбінде қырғыздармен болған шайқаста Бөгенбай батыр 77 жаста болған деседі. Арғынның қанжығалы руынан Батырлар әулетінен шыққан. Атасы Әлдеуін батыр Есім хан әскерінің қолбасшысы, әкесі Ақша батыр Тәуке ханның 80 мың қолын басқарған сардар болған. Бөгенбай батыр 1708 ж. (кейбір деректерде 1709 ж.) Әз Тәукенің бұйрығымен 30 мың жасақты бастап, қазақ елінің берекесін ала бастаған қазақ-орыстарды түре қуып, Еділден әрі асырып тастағаны туралы деректер бар. Осы ұрыста Бөгенбай алғаш рет ерлігімен көзге түсті. Бөгенбай жоңғарларға қарсы 100-ден астам шайқасқа қатысқан. «Қазақтың қамал-қорғаны» (Бұқар жырау) баһадүр Бөгенбай қазақ халқының Абылай бастаған ұзақ жылдарғы ұлт бірлігі үшін күресінің ұйтқысы болды. 1710 ж. Қарақұмда өткен үш жүз қазақтарының құрылтайында бүкілқазақтық жасақ құрып, жоңғар шапқыншылығына тойтарыс беру жоспары талқыланды, бұл жиында көшіп кетіп жан сақтауды ұсынғандар да болады, бірақ «сол кездегі ерлігімен әйгілі болған рубасы Бөгенбай мұндай әрекеттердің бәрін тыйды». Осы құрылтайда Бөгенбай батыр үш жүздің бас сардары болып сайланды. 1726 ж. Бөгенбай бастаған қазақ қолы Бұланты өзенінің бойында қалмақтарға қарсы күйрете соққы берді. 1772 ж. Көктемде Қожаберген басқарған қазақ-татар жасағымен тізе қосып, Бөгенбай бастаған қазақ-ноғай-қарақалпақтың біріккен әскері Нияз, Аюлы тауларының етегінде жоңғарлармен болған шайқаста жеңіске жетті. «Аңырақай шайқасында» Орта жүз қолын басқарған Бөгенбай батыр Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Керей Жәнібек т. б тізе қоса отырып, қазақ елінің тұтастығын сақтап қалауда ерекше ерлік көрсетті. Бөгенбай Жайық, Жем, Ойыл өзендері бойы мен Ерейментау, Қарқаралы, Аягөз, Түркістан, Шу бойы, Жетісу өңірі, Қырғыз жердеріндегі, т. б. шайқастарда қол бастаған. 1756–58 ж. Бірінші рет Шығыс Түркістандаға келген қытай әскерімен болған әйгілі Талқы соғысында қытай әскеріне қатты соққы беріп, оларды Үрімжіден асыра қуды. Бөгенбай жасы ұлғайған шағында ауырып қайтыс болған. Мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи мешітіне жерлеу үшін батырдың денесін таза арулап, былғарыға орап, қыс бойы сөреге қойып сақтаған. 1776 ж. Көктемде баласы Тұраналы мен қанжығалы Айтбай Аткелтірұлы басқарған елдің игі жақсылары батырдың сүйегін нарға теңдеп, Түркістанға жеткізіп, Қожа Ахмет Иасауи мешітіне жерленген. Бөгенбай батырдың денесі сөреге қойылған жер бүгінге дейін Ереймен өңірінде «Бөгембай сөресі» деп аталды. Бөгенбай батырдың ерлігін Қожаберген жырау «Елім ай» атты тарихи дастанды жырлап, «Ер Бөгенбай» аталатын қисса арналған. Бұқар, Үмбетей, Керей Жанкісі, Сегіз сері Шақшақұлы Бөгенбай туралы дастандар шығарған. Бөгенбай батыр туралы дастандар шығарған. Бөгенбай батырдың баласы Тұраналы, немересі Бапан би, оның баласы Сәбден (Саққұлақ би) де өз замандарында атақты адамдар болған. 1991 ж. Астана-Павлодар, Ерейментау- Павлодар тоғысқан жол торабында Бөгенбай батырға арнап ескерткіш орнатылды.