Жаңа кезеңдегі тарих (ХІХ — жаңа ХХ ғ.ғ.)
Қазақстанның Ресейге қосылуы XVIII ғасырдың 30-жылдары басталып, ұзақ және күрделі оқиғалар мен үрдістерден кейін ғана XIX ғасырдың 60-жылдары аяқталды. Қазақстанның Ресейге қосылуы үш кезеңнен тұрады:
- XVIII ғасырдың 30-жылдарынан – XIX ғасырдың 20-жылдарына дейін. Бұл жұзжылдықтың ішінде Ресей мен Қазақ хандығының арасында протекторат қарым-қатынасы орнады. Ресей бекіністері мен шептері қазақ жерінің солтүстік шекарасын жан-жақтан қоршады. Қазақ хандарының сыртқы істеріне орыс билігі тығыз араласты және хандарды бекітіп отырды.
- Бағыныштылық (вассалитет) кезеңі, XIX ғасырдың 60-жылдарына дейін. Оның негізгі көрінісі 1822 жылы қабылданған «Сібір қырғыздары туралы Жарғы» мен 1824 жылы қабылданған «Орынбор қырғыздары туралы Жарғы». Осы жарғылардың нәтижесінде хандық билік күшін жойып, Ресей бодандығындағы қазақ өлкесінде ішкі және сыртқы округтер ашылды. Округ басшылары аға сұлтандар мен сұлтан-правительдер генерал-губернаторлықтарға бағынды. Округтерде болыстықтар мен дистанциялар ашылды.
- Таза бодандық кезеңі, 1860 жылдары басталады. Оның негізгі белгісі Қазақ жерінің тұтастай Ресей империясының құрамына енуі, облыстарға бөліну, олардың уездерге т. б. бөлінуі. Қазақтың саяси элитасы – сұлтандар мен билер биліктен біржолата шеттетілді. Қазақ шаруашылығы Ресейдің тауарлы-сауда қарым-қатынастарының шеңберіне тартыла бастады.