Ақан Сері, А қ ж і г і т Қ о р а м с а ұ л ы — ақын, әнші, композитор. Ақан 1843 ж. бұрынғы Көкшетау (қазіргі Ақмола) облысындағы Үлкен Қоскөлдің маңында туған.
Шыққан тегі — Арғын ішіндегі Қарауыл руы. Әкесі Қорамса, шешесі Жаңыл қарапайым шаруа адамдары болған.
Алғашқыда ауыл молдасынан сауат ашып, содан кейін Қызылжардағы Уәли (Ахметуәли) медресесінде оқыған (1856-—1859).
Мұнан кейін өз ауылына қайтып оралып, өнер жолына бір жола өмірін арнаған. Халық Ақаңның бойындағы қайталанбас биік өнерді жоғары бағалап, оның сұлу сырлы өлеңдерін сүйіп айтып, өнерге өмірін арнаған бекзаттығын қадірлеп «Ақан сері» деп атаған.
Ақан сері бірінші әйелі Жұман қызы Бәтимадан туған жалғыз ұлы Ыбан (Ыбырайым) тілсіз, мылқау болған. Бәтима өлген соң Ұрқия атты қызға үйленіп, онымен ұзақ отаспаған. Ақанның «Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия» деп басталатын өлеңі осы Ұрқияға арналған. Ақын өмірінде — өшпес із қалдырған адам — Ақтоқты сұлу. Ақтоқтыға үйленуді тағдыр Ақанға жазбаған. Ақанның «Ақ көйлек», «Аужар», «Алтыбасар», «Ғашық жарға», «Тағрипың» деп аталатын терең сырлы, ғажайып сезімге толы әндері осы Ақтоқтыға арналған.
Сал-серілік дәстүрді барша сән-салтанатымен ұстанған Ақан сері жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазыны жан серігі еткен. Мұндай өмір салтын оның әншілік-ақындық шабытына тұғыр болып, «Құлагер», «Маңмаңгер», «Көкжендет», «Екі торы ат», «Алай көк», «Тер қатқан» сияқты тамаша әндердің дүниеге келуіне себепші болған. Сондай-ақ, оның «Көкшетау», «Сырымбет», «Кербез сұлу» деп аталатын әндері туған жерге, өскен елге деген перзенттік махаббаттың жарқын айғағы.
Құлагердің мерт болуы (1880-жылдардың ортасы) да егде тартқан серінің өмірі мен шығармашылығында ұмытылмас оқиға болды. Өмір соққысын көрген ол жайлауға көшпей, баласы Ыбан екеуі қыстауда қалады. Дұшпандары оны әр саққа жүгіртіп өсек таратады. Бірақ Ақан өмірден де, өнерден де қол үзбейді. Осы тұстағы ән-өлеңдерінің елеулісі – «Балқадиша». 1890 жылдардағы шығармашылығында айтыс едәуір орын алды. Ақанның елдің жер-судан, қоныстан айырылуына наразылық білдірген азаматтық лирикалары мен сықақ өлеңдері де өткірлігімен ерекшеленеді. Қонысынан айрылған елдің мұң-мұқтажын ақын халық атынан айтады. 1913 ж. Ақан өзінің туған жерінде дүние салды. Ақан сері – өмір шындығын үлкен суреткерлікпен жырлаған заманының асқақ ақыны ғана емес, мұңшыл да сыршыл, әншілік-орындаушылық өнерімен танылған өзгеше дарын иесі. Оның композиторлығы ақындығынан кем түспейді. «Ақан сері» атанып, кезінде жұртшылыққа кең танылуы, атақ, даңқының шар-тарапқа жетуі – әншілік-композиторлық өнерінің жемісі.
Ол жас кезінде айналасына әнші-күйші жастарды жинап, өзгеше бір өнерлі топ болып ел аралады. Балуан шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иман Жүсіп, Құлтума сияқты атақты ақын-әншілер Ақанның ең жақын достары болған. Ол қазақтың ұлттық өнерін кәсіби биікке көтеріп, дәстүрлі өнердің классикалық үлгісін жасады. Елуге жуық музыкалық мұрасы қазақ мәдениетінің алтын қорына енді. Оның шығармаларын белгілі әншілер Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Жәнібек Кәрменов, т. б. ел игілігіне айналдырды. Қазақстан композиторларының симфониялық және опералық шығармаларына кеңінен енгізіліп, Ақан әндері екінші өмірін бастады. Серінің өмірі мен тағдыры туралы Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасын, Ғабит Мүсірепов «Ақан сері – Ақтоқты» драмасын, Сыдық Мұхамеджанов осы аттас операсын, Сәкен Жүнісов «Ақан сері» романын жазды.
Ақан сері өз кезінде Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты ақын-әншілермен бастас болып, халықтың мәдени-рухани өміріне айрықша ықпал еткен.