Жабаев Жамбыл (1846–1945) – ұлы ақын, жырау, жыршы. Жамбыл облысы Жамбыл тауының етегінде туған. Ол жасынан өлең-жырға қанып өскен, өз анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген, «Менің пірім – Сүйінбай…» деп Жамбылдың өзі жырға қосқандай, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім-тәрбие алған. Жамбылдың ақын болып қалыптасуы тек Жетісу ақындық мектебінің ауқымында қалған жоқ.
Ол өзіне дейін өмір сүрген атақты жыраулардың, өзімен қатарлас ақындар мен жыршылардың бай мұрасын, күллі халық поэзиясын толық меңгеріп, өз шығармашылығына тұғыр еткен. Асан Қайғы, Бұқар жырау, Шөже, Балта, Шернияз, Шортанбай, Дулат, Сүйінбай, Досқожа, Нысанбай, Майкөт, Майлықожа, Құлыншақ, т. б. ақындарды үлгі тұтқан. Сонымен бірге Жамбыл туысқан қырғыз елінің де сөз өнерін жетік білген.
Қырғыз манасшылары мен жомоқшылары арасында әріптес достары көп болған, солармен бірге қырғыз айылдарын аралап, өлең айтып, жыр тоғытқан, күй тартып, айтысқа түскен. Атақты Тоқтоғұл, Мұраталы, Әлімқұл, Балық, Тыныбек, Қатаған сияқты дүлдүлдермен өнер сайысына түскен, солармен жарыса «Манас», «Ер Төштік» эпостарын жырлаған, олардың ілтипат-ықыласына бөленген.
Ақын бүкіл әлемге тараған «Мың бір түннің» тарауларын, Орталық Азия мен Кавказ халықтарына ортақ «Көрұғылы» жырын, Фирдоуси «Шахнамасының» үзінділерін жасынан жаттап алып, айтып жүрген. Осындай қайнарлардан нәр алған Жамбыл өсе келе тек қазақ еліне ғана емес, барша әлемге әйгілі жырау, ақын, жыршы болып қалыптасқан. Сөз өнерінің бұл үш түрін бір адамның меңгеруі – сирек кездесетін құбылыс. Ал Жамбыл өзін әрі жырау, әрі жыршы, әрі ақын ретінде сезінген («Шын жүректен жыр төгіп, сөйлеп бір кетті жырауың», «Нені естісек, соны айту – ежелден ісі жыршының», «Жамбыл ақын сөйлеген сөзді бекер демеңдер»). Жүз жыл өмірінің сексен бесін өлең-жырмен өткізген Жамбыл — өткен екі ғасырдың куәсі болды, қайшылыққа толы, күнгейі мен көлеңкесі аралас, жақсылығы мен жамандығы қатарлас екі түрлі қоғамда ғұмыр кешті.
Ол аз болғандай, 20 ғасырдың 20-жылдарында ақ пен қызылдың соғысы, атамандар мен комиссарлардың ылаңы, кәмпескелеу мен ұжымдастыру сияқты оқиғалар халықтың бүкіл бітіміне теріс әсерін тигізді, қарапайым адамдардың да, зиялылардың да психологиясын өзгертті. Осындай жағдайдың куәгері болған Жамбыл шындықты айтып, замана болмысын суреттеді, өзінің өкініші мен күйінішін ащы дауыспен жырлайды, мысқылдайды, сынайды, күйініп те, қиналып та сөйлейді. Шыншылдық пен сыншылдық қасиетін Жамбыл ақындармен айтыстарында да сақтап, турашылдығымен ерекшеленеді.
Жамбылды нағыз ақын ретінде байтақ елге танытқан, оның есімін бүкіл Жетісуға, Қырғызстанға, Сыр бойына таратқан өнері – оның айтыстары. Ақындармен айтыс Жамбылдың суырып салмалық дарынын шыңдады, ақындық шеберлігін арттырды, азаматтық өресін өсірді және тақырып аясын кеңейтті. Жамбылдың Сайқал қызбен, Жаныс ақынмен, Бөлектің қызымен, Бұрым қызбен, Айкүміспен, Сарамен, Сары ақынмен, Шыбылмен, Бөлтірікпен, Майкөтпен, Сарбаспен, Құлмамбетпен, Доспамбетпен, Шашубаймен, т. б. айтыстары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылды. Оның айтыстарында қыз бен жігіттің қайым айтысы да, түре айтыс та, сүре айтыс та бар. Осының қай-қайсысында да Жамбыл өзінің нағыз майталман, кестелі сөздің шебері, әрі ұшқыр ойлы, тапқыр шешен екенін көрсетеді.
Жамбыл айтыстарының көтеріңкі, лепті интонациямен басталады, ұйқастары әр алуан болып келеді. Қарсыласын ащы мысқылдау, өлеңмен тұқырту, өзін көтере сөйлеу, қарсыласы мақтаған адамдарын мінеу секілді сол заманның айтыстарына тән барлық әдісті Жамбыл да пайдаланады. Қажетті жерде Жамбыл өз руының атынан да сөйлейді. Сонымен қатар айтыстарда Жамбылдың ақындық, дара «мені» айқын көрінеді. Әсіресе, атақты ақындармен сүре айтысқа түскенде өзінің жеке қасиеттерін ерекше сезінеді, өзінің көпшіліктен бөлек тұлға екенін айрықша түсінеді.
Мұны ол айшықты образдар мен метафоралар арқылы жеткізеді («Мылтықта түтеп тұрған мен бір пистон», «Құйындаған көкке ұшқан мен бір пырақ», «Сен – күйкентай, мен – тұйғын», «Мен – қорғасын сақамын», «Мен – бір соққан дауылпаз», «Сөз иесі – мен деймін», т. б.). Айтыста көрінетін Жамбылдың екі «мені» (рулық әрі ақындық) кейін, 1930–1940 жылдары өте жоғары мәнге ие болып, азаматтық «мен» дәрежесіне көтеріледі. Бұл кезде Жамбыл ақын ғана емес, ұлы жырау болған еді.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына Жамбыл ақын белсене қатынасты. Патша жарлығына қарсы көтерілген халық бұқарасының қалың ортасында жүрді. Өзінің жалынды үндеу жырларын сол қозғалысқа арнап шығарды. Оның көбісі сақталмаған. Тек есте қалып, хатқа түскені – «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» деген өлең-толғаулары. Осы шығармаларында Құлансаз, Қарабастау жайлауындағы Қарғалы, Самсы, Ұзынағаш және Шейінпенде болған қақтығыстардан елес береді. Жамбыл көтерілісшілерді өлең-жырымен жігерлендірді, оның үгітшілік қимыл-әрекетін патша әкімдері жазаламақ болды, бірақ халық Жамбылды қорғап қалып отырған.
Жамбыл 1919 жылы Жетісу халық ақындары бас қосқан слетке қатысты. 1934 жылы республикалық өнер шеберлерінің тұңғыш слетінде жыр толғап, тағы бір көзге түсті. «Замана ағымы», «Белсенділерге», «Қазақстан тойына», «Жастар алдындағы сөз» сияқты арнау, толғаулары осы тұста жырланды. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі кезінде оның дауысы бұрынғыдан да асқақ естілді. Ежелгі данышпан жырауларша Жамбыл 1930–1940 жылдар аралығында мемлекеттік мәні бар мәселелерді көтеріп, қоғам өмірі мен ел мүддесін жырлайды, замана жайында толғайды. Мұндай толғауларында қарт жырау, көбінесе, ертедегі болмысты суреттеп, көне тарихқа көз жүгіртеді, өз дәуірінің асқарынан дана абыз болып замана ағымын шолады, мезгіл мен өмір туралы ойланады, соларға мінездеме береді. Ол байырғы ұлы жыраулардың дәстүрін қайта түлетіп, біздің дәуірімізге жаңа сапада, соны мазмұнға байытып жеткізді. Асан Қайғы, Шалкиіз, Жиембет, Үмбетей, Бұқар жырау сияқты Жамбылдың да қалың жұртшылық алдында мемлекет басшылары мен партия көсемдеріне қарата айтқан жырларында жалпы мемлекеттік мәселелерді көтереді.
Ұлы Отан соғысы тұсында бүкіл Кеңес Одағында Жамбылдан дәрежесі, мәртебесі биік ақын болған жоқ. Жамбыл есімінің әлемнің шартарабына танылған тұсы да осы кезең еді. Ақын жырлары майдандағы әр ұлттан құрылған жауынгерлердің бәрінің де жүрегіне жетіп, жігерін қайрады. Оның Украинаны, Мәскеуді, Кавказды, Ленинградты (қазіргі Санкт-Петербор) қорғаушыларға арнап, солардың рухын көтере, ерлікке шақыра жыр төккені де – жыраулықтың үрдісі. Ол замана туралы толғап, дәуірге сипаттама береді, өтіп жатқан оқиға-құбылыстарға өз бағасын айтады.
Жамбыл айтқан «Өтеген батыр» жырының ескі нұсқасын салыстыру арқылы байқауға болады. Ол нұсқалар бір сюжетке құрылған екі шығарма болып шыққан. Жамбыл шығармаларының көркемдік, бейнелеу құралдары мейлінше мол және олардың эстетикалық қызметі де айрықша мәнді. Оның толғау, дастандары, негізінен, шұбыртпалы, төкпе жыр ұйқасына құрылған.
Сондай-ақ, оның шығармаларында метафора, символ, метонимия, меңзеу, аллегория, сарказм мен ирония, ұлғайту мен кішірейту, немесе дамыту мен шендестіру, эпитет пен теңеу және басқа бейнелеу құралдары молынан табылады. Оларды Жамбыл дара, жалаң пайдаланбай, тығыз бірлікте, поэтикалық тұтастық аясында қолданады. Ақын шығармаларындағы бейнелеу құралдарының мұндай тұтастығы Жамбыл поэзиясын ерекше көркемдік-эстетикалық жүйе деңгейіне дейін көтереді. Жамбыл өшпес мұра қалдырды. Оның үздік шығармалары 40-тан астам шет елдер тілдеріне аударылды. Ұлы жырау қазақ халқын, оның поэзиясын бүкіл әлемге жария етті. 1938 жылы Жамбылдың шығармашылық өнерінің 75 жылдығын тойлағанда, оған әлемнің әр түкпірінен құттықтаулар келді. Ромен Роллан, Мартин Андерсен, Нексе, Катарина Сусанна Причард сияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді. Жамбыл туралы жүздеген өлең-жырлар жазылды. 20-ғасырдағы халық ақындарына Жамбылдың әсері өте зор болды. Бұл қатарда Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Әбдіғали Сариев, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев, Саяділ Керімбеков, Орынбай Тайманов сияқты белгілі импровизаторлар бар. Қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін Жамбыл «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.
1941 жылы Сталиндік (кейін КСРО Мемлекеттік) сыйлығының лауреаты атанды. 1-ші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды. Жамбылдың есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше аудандарға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына берілді. Қазақ халқы Жамбылдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті.
1945 жылы 22 маусым айында 100 жасқа бірнеше ай қалғанда қайтыс болады.