Бөкей Ордасының құрылуы (1801 ж.)
XVIII ғ. соңы мен XIX ғ. басында Кіші жүз қазақтарының едәуір бөлігі Еділ мен Жайық өзендерінің сағасындағы жерлерге көшіп барды да 1801 жылы Ішкі немесе Бөкей (өздерінің бірінші ханы Бөкейдің есімімен) Ордасының негізін қалады. Ол Еділ мен Жайық өзендерінің аралығындағы әскери бекіністі шептердің іш жағында орналасқандықтан «Ішкі» деп аталды. Ішкі Орда қазақтарының рулық-тайпалық құрамына адай, байбақты, беріш, жаппас, есентемір, ноғай, жетіру, масқар, серкеш, тана қызылқұрт, кете, таз, төлеңгіт, ру – тайпалары енді.
Патша үкіметі қазақтардың Жайық сыртына көшуіне рұқсат бере отырып, қайта қоныстандыру мәселесін ұйымдастыруды орыс тағына жан -тәнімен берілген, шекаралық патша шенеуніктерінің нұсқауларын екі етпей орындайтын сенімді адамға тапсыруды мақұл көрді. Таңдау Әбілқайыр ханның немересі, Нұралы ханның баласы Бөкей сұлтанға түсті. Патша шенеуніктерінің сипаттауынша Бөкей «жоғары мәртебелі таққа шын берілген» адам болған. Көші-қон жұмыстарын ұйымдастыру барысында Бөкей өз мүдделерін ұмытқан жоқ. Кіші жүз тағына отыру мүмкіндігі мен беделі жетіспей жүрген ол орыс билеушісінің сенімін пайдаланып, Жайықтың оң жағалауында өз хандығының негізін қалауды ниет етті.
Жаңа хандықты орыс жерлері мен бекіністі шептер жан-жағынан қоршап тұрды. Жайық бойында – әскери шептің казактар форпосттары, солтүстігінде – Жаңа өзен шебінің форпосттары, батысында – тұз жолдарының бекеттері мен Астрахан казак әскерлерінің тосқауыл отрядтары, қалмақтар жайлаулары, оңтүстігінде – Каспий теңізінің жағалауларындағы орыс қоныстары орналасты. Хандық шығыстан батысқа қарай 350 шақырым және солтүстіктен оңтүстікке қарай 200 шақырым жерлерді қамтыды. Жайықтың батыс жағалауына көшіп барған қазақтардың кері қайтуларына рұқсат етілмеді.
1812 жылдың басында патша үкіметі Бөкейді «Ішкі қырғыз-қайсақ ордасының ханы» етіп ресми түрде бекітті.
1815 жылғы 12 мамырда орданың негізін қалаушы Бөкей дүниеден өтті. Ол көзі тірісінде-ақ хан атағын мұра ету құқығын өз ұрпақтарына ғана бекітіп берген еді. Өлер алдындағы өсиетінде хандық билігін сол кезде 14 жастағы баласы Жәңгірге қалдыратынын айтқан болатын. Жас Жәңгір кәмелетке толғанша орданы Шығай биледі.
Жәңгір хан өкімет билігін қолға алған соң отаршыл әкімшіліктің өзіне жүктеген міндеттеріне сай қазақтардың өмірі мен тұрмысының және дәстүрлі ел басқару жүйесінің кейбір бағыттарына батыл түрде өзгерту енгізе бастады. Жәңгір көшпелі халықты отырықшыландыру мақсатымен олардың егін егуіне жан-жақты қолдау көрсетті. Орыс хуторлары мен деревняларының үлгісі бойынша тұрақты қоныстар салуға көңіл бөлді. Жәңгір хан өз ордасынан бастап ауылдарда мектептер, училищелер мен мешіттер ашты. Ол патша өкіметі мен жергілікті қазақ ақсүйектерінің мүдделерін ұштастыру саясатын жүргізді.
1827 жылы Нарын құмы Жасқұс шатқалындағы қонысты орда орталығы етіп жариялады. Ол әлеуметтік-экономикалық бағытта Ішкі Ордада феодалдық тәртіп орнатты. XIX ғ. 30 ж. ортасында Ішкі Орданың тұрғындары хан мен оның айналасындағылар патша әкімшілігінің аяусыз қанаушылығына ұшырады.
Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы
бастаған шаруалар көтерілісі (1836–1838 жж.)
Қазақ халқының азаттық күресінде Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілістің маңызы зор.
Ішкі Ордада көтерілістің алғашқы толқыны 1827–1829 жылдары болып өтті. Қазақ ауылдары Оралдың арғы жағына қайта орала бастады. Өткір жер дауы, салықтық езгі, әлеуметтік қысым, отаршылдық қанау 1836 жылы көтеріліске әкелді. Көтерілісті белгілі батыр Исатай Тайманұлы мен ақын Махамбет Өтемісұлы басқарды.
1836 жылдың ақпанында Ішкі Орда қазақтарының Жәңгір ханға қарсы ашық күресі басталды. Оған сылтау болған Исатайдың хан ордасына шақырылуы еді. Ол барудан бас тартты және өзінің ауылдарын қыстаудан көшіріп алып, көтерілісшілердің үлкен лагерін жинады.
Хан мен оның айналасындағылар жала жабуға көшті. Барымта кезінде біреулер бақташы шалды өлтірген болатын. Қарауылқожа жүргізген тергеу ісі Исатайдың және оның жақтастарының өлімге қатыстылығын дәлелдеуге тырысады. 1836–1837 жылдары Жәңгірге қарсы арыз-шағымдар жазуды Исатай халық алдында хан мен оның айналасындағылардың саясатын әшкерелеу үшін пайдаланды. Исатай халық көп жиналған кезде Ордаға арыз тапсырады, бұл арызды хан 12 күннің ішінде қарастыруға уәде береді, бірақ ештеңе де өзгермейді. Хан уәдесінен таяды. 1837 жылдың басында көтерілісшілердің қимылы өрши түсті. Көтерілісшілер Жәңгір ханнан өзінің айналасындағылардың Балқы би мен Қарауылқожаны шеттетуді, билікті ру старшындарының қолына беруді, сондай-ақ көтерілісшілерге қарсы басталған барлық істерді тоқтатуды немесе оларды билер сотының құзырына беруді талап етті. Жәңгір хан қатты састы. И. Тайманұлы әкімшілікті ханмен арадағы қақтығысты бейбіт жолмен шешуге болатындығына көздерін жеткізуге тырысты. Бұл кезде Орынбор әкімшілігі мен хан асығыс түрде казак әскерін, хан жасақтарын жасақтай бастады. 15 қарашада таң алдында Тастөбе елді мекенінде көтерілісшілер мен жазалаушылардың арасында кескілескен соғыс болды. Шайқаста көтерілісшілер жеңіліп, орасан көп малдары қырылды, ондаған адам қаза тапты. Бірақ аздаған қосынмен Жайықтың сол жағасына өтіп Исатай мен Махамбет құтылып кетеді.
Енді көтеріліс Жайықтың сол жағасында жалғасады. 1838 жылғы 12 шілдеде Кіші жүз жеріндегі Қиыл өзенінің бойында көтерілісшілердің жазалаушылармен кезекті шайқасы өтіп, осы ұрыста Исатай мерт болады.
Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің негізгі қозғаушы күші көшпелі рулар болды. Қозғалыстың стихиялығы, нақты бағдарламасының болмауы, ұйымшылдықтың жетіспеуі жеңіліске әкелді.
Махамбет Өтемісұлы халық көтерілісінде маңызды рөл атқарды. Ол жалынды жырлары арқылы халықты патша үкіметі мен отаршылық билікті жақтаған хандарға қарсы күреске шақырды.
Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық қозғалыс (1837–1847 жж.)
Орта жүз қазақтарының отаршылдыққа қарсы бағытталған бас көтерулері 1822 жылы «Сібір қырғыздары туралы жарғыдан» басталады. Осы күрес 1837 жылы жазда Абылай ханның немересі, Қасымның баласы Кенесары бастаған жаңа, қуатты бас көтеруге ұласты.
Кенесары күресті екі майданда – патшалық Ресей мен Ортаазиялық хандықтарға қарсы, әсіресе қазақ халқының бір бөлігін құлдықта ұстап отырған Қоқанға қарсы жүргізуге шешім қабылдайды. Қарулы көтерілістің алдында Қасым мен Кенесары тарапынан Орта жүз жерлеріндегі бекіністер жүйесін алып тастауды талап етіп, Сібір басшыларының атына хаттар жазылған еді, бірақ олар жауапсыз қалды.
1837жылдың көктемінде Кенесары азғана жасағымен Ақмола округінің шекарасына келіп жетті. Қазақтар оның туының астына жаппай ағыла бастады. Жекеленген жасақтардың басында Кенесарының жақын туыстары Наурызбай, Әбілғазы, Бопай ханымдармен бірге халық батырлары – Ағыбай, Жанайдар, Иман, Жоламан, Бұқарбай тұрды. Көтерілістің алғашқы сатысында өздерінің мүдделерін көздеген, Кенесарыдан қорыққан орыс қызметіндегі сұлтандар мен билердің бір бөлігі де қосылды.
Кенесары 1837 жылы жазда Чириковтың жазалаушы отрядын талқандады, сөйтіп қол астына Ақмола, Көкшетау, Қарқаралы және Баянауыл округтерінің аумақтарын қаратты. 1838 жылдың басында бытыраған қазақ жасақтары Кенесарының қол астына бірігеді. Көктемде ол Батыс Сібірдің губернаторы Горчаковқа Ресей өкіметінің саясатына қарсы арнайы қарсылық хатымен елшілік жібереді, қазақ жеріндегі бекініс пункттерін жоюды, тартып алынған жайылымдарды қайтаруды талап етеді. Сұлтанның жіберген өкілдерін жазалаушылар орта жолда ұстап алады, бұдан кейін Кенесары Ресейге қарсы белсенді қимылдарын қайта жалғастырады.
1838 жылдың жазында көтерілісшілер әскер старшинасы Симоновтың отрядын талқандайды. Кенесарының жасағы Ақмола бекінісінің түбінде шоғырланады. 7 тамызда бекініске қиян-кескі тіке шабуыл басталады, барлық құрылыстар өртеліп жіберіледі. Бұдан кейін күз бойы қазақтар партизан күресін жалғастырады, Ресейге жақтас сұлтандардың ауылдарын тонап және байланыс тораптарын үзіп приказдарға, пикеттерге және разъездерге жүйелі шабуыл жасайды. Күзде Кенесарының ауылдары Жоламан батыр бастаған Кіші жүздің жасақтарымен бірігу мақсатында Торғай мен Ырғыз өзендерінің бойына өте бастайды.
1838 жылдың соңынан бастап Торғай мен Ырғыз аудандары қазақ жасақтарының негізгі базасына айналады, ал Кенесарының әскері Орта және Кіші жүздердің көптеген руларын біріктіреді. Орынбор әкімшілігі, жазалаушы экспедицияның еш нәтижесіздігін көргеннен кейін қазақтармен бітім жасасады. Патша үкіметі тарапынан 1840 жылы Кенесарыға кешірім жасалады, оның туыстары тұтқыннан босатылып, орыс әскерлерінің жазалау жорықтары тоқтатылады, хан мен орыс әкімшілігінің арасында келіссөздер жүргізіледі.
1841 жылы қазақ мемлекеттігінің қайта жаңғыруына байланысты азаттық күрестің жаңа сатысы басталады. Ұлытаудағы қазақ рулары өкілдерінің кеңесі 1841 жылы жазда Кенесарыны хан етіп сайлады. Кенесары хан орталық үкіметті нығайтуға және күресті жалғастыру үшін мықты тылды құруға бағытталған бірқатар әкімшілік пен сот реформаларын жүргізді. Хан маңында оның жақтастары кірген кеңесші орган – Хан кеңесі құрылады. Салық жинауға, әскери дайындыққа, мәмілегерлік істерге жауап беретін қызметтер ұйымдастырылады.
Ханның ерекше көмекшілері – жасауылдар ел билеуде ханның сенімді адамдары болды және хан бұйрықтарының орындалуын қадағалап отырды. Сот ісімен тек Кенесарыдан рұқсат қағазы бар билер ғана айналысты. Барлық көшпелі елге «зекет», егіншілерге «ұшыр» салығы салынды. Кенесарыға бағынған қазақ рулары орыс және қоқан қазынасына төленетін салықтан босатылды. Хан өз әскерін қайта құрды. Оның өз артиллериясы болды, қазақтар жаяу әскер өнерін де игере бастады. Тұтқынға түскен және қашқын солдаттар мен офицерлерден Кенесары орыс тактикасының негіздерін үйренді. Ол әскердің ерекшелік белгілерін және көзге түскен жауынгерлерді марапаттау жүйесін енгізді. Көтерілістің күшейген тұсында хан тәртіпті, жақсы үйретілген, жинақы 20 мыңға дейін жететін атты әскер құрады.
Даладағы әскери қимылдар 1843 жылы қайта жанданды. Полковник Бизановтың басшылығымен 5000 адамнан тұратын отряд Сахарная бекінісінен, басқа отрядтар Омбыдан, Қызылжардан (Петропавловск) және Қарқаралыдан шықты. Тобыл өзені жағынан патша үкіметіне берілген сұлтан Ахмет Жантөриннің қазақ жасағы да шықты. Кенесары шайқастарда Бизановтың отрядын әбден титықтатып барып, 1843 жылдың қыркүйегінде оны Орскіге шегінуге мәжбүр етті.
1845 жылы күзде орыс әскерлері және патша үкіметіне берілген аға сұлтандардың жасақтары Кенесарының ауылдарына жаңа шабуылдарын бастады. Оңтүстікке шегіне отырып хан орыс әскерлерімен күресін тоқтатпады, алайда негізгі күш Қоқанмен соғысқа жұмылдырылды. Батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлымен қосылып Кенесары Қоқан билігіндегі қазақ руларын азат ете бастады. 1846 жылы қыста Кенесары жасақтары Іле өзеніндегі және Алатау баурайындағы Ұлы жүздің қоныстарына келіп жетеді. Кенесары қырғыз манаптарын Ресей мен Қоқанға қарсы бірлесіп күресуге шақырады. Алайда Ормон манап бастаған қырғыздар оның ұсынысынан бас тартады да, Кенесарының билігіндегі ауылдарға шабуыл жасай бастайды. Үш майданда – қоқан әскерлеріне, қырғыздарға және орыс отрядтарына қарсы ауыр соғыс басталады.
1847 жылы Кенесары жасақтары қырғыз шекарасына жақындады. Мұнда олар орасан зор қиындықтарға кездесті. Жергілікті жерді білмеу, қырғыздармен арадағы жаугершілік, қырғыз, қоқан және орыс отрядтарының біріккен әрекеттері жеңіліске себеп болды. Кенесарының соңғы шайқасы Пішпекке таяу жердегі Кекілі тауында өтті. Тау ішінде қазақтарды қоқан және қырғыз әскері қоршап алады. Кенесары тұтқынға түседі. Өлім алдында ол тағы бір рет қырғыз манаптарына жаулықты тоқтатып, ортақ жауға қарсы бірігіп күресу үшін күштерді біріктіруді ұсынады, алайда бұл жолы да қырғыз манаптары оның ұсынысын қабылдамайды.
Батыс-Сібір генерал-губернаторы Горчаков соғыста көзге түскен барлық қырғыз манаптарын марапаттайды, ал Кенесарыны өлтірген манап Қалиғұл Әлібековке құрмет хатын табыстап, оны күміс медальмен марапаттады. Кенесары көтерілісі Ресей Отаршылдығына қарсы бағытталған қазақ елінің ең ірі бас көтеруі болды. Көшпелілер он жыл бойы өз тәуелсіздігін, еркіндігін қорғап, мұздай қаруланған Ресей әскерімен алысып, өз хандығын, соңғы ханын қорғады.
Сырдария қазақтарының Жанқожа Нұрмұхамедов
басқарған көтерілісі (1853–1858 жж.)
XIX ғасырдың екінші жартысында Сырдария бойындағы қазақтардың
әлеуметтік-экономикалық жағдайы өте ауыр болды.
Хиуа және Қоқан феодалдары Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы және Ырғыз, Торғай, Емба өзендерінің аңғарларындағы қазақтарды өздеріне қаратуды көздеді. Олар бұл жерлерге үнемі шапқыншылық жасап отырды. Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы Жаңадария және Қуандария алқаптарын басып алып, бұл жерлерде әскери бекіністер салды, оған Арал маңындағы қазақтарды күштеп пайдаланды. Хиуа хандығы жергілікті халықтардан алым-салық жинап отырды. Сөйтіп, қазақтар тек өз феодалдарына ғана емес, сондай-ақ Хиуа және Қоқан билеушілеріне де зекет және ұшыр төледі. Алым-салық жинау үшін олар әскери күштерді пайдаланды.
Хиуа және Қоқан хандықтарының үстемдігіне қарсы Сырдария қазақтары көтеріліске шыға бастады. Мұндағы қазақтардың көтерілісін Әлім руынан шыққан Жанқожа Нұрмұхамедұлы (1780–1860жж.) басқарды. Шекті руы басшыларының бірі – Жанқожа жай қарапайым халық арасында беделді әрі мақсаткер батыр ретінде даңққа бөленді. Жанқожа Сырдария бойы қазақтарының, соның ішінде егінші бұқараның өте күшті отаршылдық езгіге түскендігін түсінді. Сондықтан Сыр бойы қазақтарының бостандығы және хиуалықтардың озбырлығына қарсы күресте батыр өзінің жасақтарын құрды. Оның жасақтары бұған дейін 1838 жылы Кенесары сарбаздарымен бірге Созақ қамалын қамауға қатынасқан болатын. 1842 жылдың күзінде Жанқожаның әскері Хиуаның ірі бекінісі Бесқаланы қиратып, қала коменданты Бабажанды өлтірді. 1843 жылы Жанқожа батырдың жасақтары Қуандария бойындағы хиуалықтар тұрғызған қамалды талқандады, ал 1845 жылы осы қамалды қайтадан қалпына келтіру үшін жіберілген екі мың хиуа шоғырларын талқандап жеңді. 1853 жылы орыс әскерлері Ақмешітті басып алып, жаңадан Сырдария әскери желісі пайда болды.
Алым барлық халықтардан бірдей алынды. Ірі бай, орташа, кедей – бәрі бірдей мөлшерде, яғни әр шаңырақ төлеп отырды. Сырдария бойындағы шекаралық өкімет Райым және Қазалы әскери қамалдарын салу үшін мыңдаған қазақ шаруаларын айдап келіп, еріксіз жұмыс істетті. Әскери қару-жарақтар және азық-түлік тасу үшін де қазақтарды күштеп қызметке тартты. Қазақ еңбекшілері екі түрлі қанаудың патша өкіметі және жергілікті өз феодалдарының тепкісін бастан кешірді.
Орыс отарлаушыларына қарсы Сыр қазақтарының көтерілісі 1856 жылы желтоқсан айында басталды. Көтерілістің басталуының себептері қазақтардың еріксіз жұмыстарға жегілуінде, жолды пайдаланудағы, керуендерге қызмет көрсетудегі ауыр салықтар, сондай-ақ патша өкіметінің қоныс аударушылық саясатында жатты. Бұл көтеріліс кезінде Жанқожа өзінің жақсы меңгерген әскери әдісін қолданды, ол 1856 жылдың аяғында Қазалы фортын қоршауға алды. Бұған дейін көтерілісшілер казак-орыс тұрған Солдатская слобода поселкісін жойды.
1856 жылы 19–23 желтоқсан аралығында көтерілісшілер тобы патша әскерлерінің майоры Булатов қолбасшылық еткен екінші бір отрядпен шайқасты.
Көтерілістің кеңінен таралуы Орынбор генерал-губернаторы әкімшілігін қатты састырды. Оның бұйрығымен көтерілісті басу үшін Ақмешіттен генерал-майор Фитингоф бастаған әскери топ жіберілді. Көтерілісшілермен шешуші шайқас 1857 жылы 9 қаңтарда Қазалыға жақын жердегі Арықбалық мекенінде жүрді. Жанқожа сарбаздарының шабуылы сәтсіздікпен аяқталып, аман қалғандары бытырап тарап кетті. Ауыр жараланған Жанқожаны сарбаздар шайқас болған жерден алып шығып, қауіпсіз жерге жасырды.
Көтерілістің жеңілуінің басты себебі, оның жете ұйымдаспағаны және ол кезде күшті қаруланған патша әскерлеріне, ешқандай зеңбірегі, ататын мылтығы да жоқ, қазақ жасақтарының қарсы тұруы мүмкін емес еді.
Көтерілістен кейін Жанқожаның өзі халықтан бөлініп, тек бидің қызметін атқарды, кейін оны жаулары опасыздықпен өлтірді. Бірақ осыған қарамастан Жанқожа Нұрмұхамедұлы басқарған 1856–1857 жылдары болған Сырдария қазақтары көтерілісінің тарихи маңызы өте зор. Өйткені, ол патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы халық-азаттық қозғалыс еді.
XIX ғ. Қазақстандағы экономикалық қатынастар
XIX ғ. екінші жартысында Ресейдің капиталистік өнеркәсібі мен Қазақстандағы ауылшаруашылық өндірісі арасындағы қатынас күшейді. Сауда және өсімқорлық капиталы Ресейдің орталық губерниялары мен Қазақстан арасындағы ғана емес, сонымен бірге өлкенің өз ішінде де тауар айналысының өсуін шапшаңдатты. Қазақ шаруашылығының рынокпен байланысының ұлғаюына патша өкіметінің салық саясаты үлкен ықпал жасады. Қазақтарға ақшалай көптеген салықтардың салынуы, олардың өнімдерінің бір бөлігін рыноктар арқылы саудаға салуға мәжбүр етті. Мал мен астық барған сайын тауарға айналды.
70–80 жылдарда Ресейде фабрикалық тоқыма өндірісінің шапшаң өсуімен байланысты Қазақстан базарларына Ресейден мата көп келетін болды. Сонымен бірге күнделікті тұрмыста қолданылатын бұйымдар (самауыр, қазан, шалғы, орақ, кетпен, ошақ, балта, пышақ, т. б.) көтеріңкі бағамен сатылды. Қазақстан бұл тауарларға айырбасқа мал мен мал шаруашылығында өндірілетін шикізат берді. Қазақ халқы айырбас шартының қандайына болса да келісуге мәжбүр болды, өйткені ол өзіне қажетті тауарларды еш жерден сатып ала алмайтын еді және шаруашылығының артық өнімдерін тиімді өткізе алмады.
Ресей саудагерлері Қазақстанда сауданың жаңа түрін – жәрмеңкелік сауданы енгізді. Қазақстандағы тұңғыш жәрмеңке 1832 жылы Бөкей ордасында Хан ордасы жанынан ашылды. Кейіннен Ақмола облысы Тайыншакөл, (Петропавл маңында), Константиновск (Ақмола), Петровск (Атбасарда) және 50 ден астам ұсақ және орташа жәрмеңкелер жұмыс істеді. 1848 жылы Қарқаралы уезіндегі Қоянды жәрмеңкесі, ал кейіннен Шар (Семей облысы), Қарқара (Жетісу), Әулиеата (Сырдария облысы), Ойыл, Темір (Орал облысы) жәрмеңкелері жұмыс істеді.
Қазақстанда сауда капиталының пәрменді түрде енуімен өлкеде сауданың тұрақты формалары: дүкендер, көтерме сауда қоймалары көбейді.
XIX ғасырдың 80–90 жылдарында Қазақстанда өсімқорлық сауда жаппай тараған кез еді. Өлкеде тауар айналымы өскен сайын өсімқорлықпен қатар, банктер мен басқа да кредит мекемелері беретін қарыздардың капиталистік формалары орын ала бастады.
Қазақстанда капиталистік түрдегі сауда-саттықтың күшеюі жергілікті сауда буржуазиясының қалыптасуына үлкен әсерін тигізді. Осы кезде, Қазақстанда 30дан астам қалалар мен 400 казак-орыс поселкалары пайда болды. Қалаларда әскери адамдар, құрметті азаматтар мен саудагерлер, қазақ ұлықтары тұрды. Қала халқының көпшілігі кедейленген шаруалар мен майда кәсіпорындарының жұмысшылары болатын.
XIX ғасырдың аяғында Ресей капиталистері Қазақстанда өнеркәсіп өндірісін ұйымдастырып, мұнда өздерінің қаржыларын әкеле бастады. Жер мен шикізат арзан еді, жұмысшылардың жалақысы төмен болды. Мұның өзі банк мекемелерінің ашылып, олардағы ақша айналым қатынастарын күшейтті. 1871 жылы Қазақстанда алғашқы ашылған банктердің бірі – Петропавлдағы негізгі капиталы 40 мың сом болатын қалалық қоғамдық банк еді. 1875 жылы Ташкентте Мемлекеттік банк бөлімшесі құрылды.
Табиғи қазба байлықтарға өте бай Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі өлкенің өнеркәсіп өндірісінің маңызды саласы бола бастады. 1896 жылы бір ғана Қарқаралы уезінде 70-ке жуық шағын мыс, 170 күміс-қорғасын, 3 темір т. б. рудниктері жұмыс істеді. XIX ғасырдың аяғында Жайық өзені мен Каспий теңізі жағалауында балық аулау кәсіпшіліктері капиталистік кәсіпорындарға айналды. Шымкент пен Түркістанда негізінен мақта тазалайтын бірнеше зауыт істеп тұрды. Арал теңізінде, Павлодар уезіндегі Қарабас көлінде, Орал облысы Басқұншақ кәсіпшілігінде тұз кен орындары ашылды.
XIX ғ. 70-ші жылдары ішкі Ресейден Қазақстанға темір жол тартыла бастады. 1874–1876 жылдары Орынбор темір жолы салынып, ол Торғай облысы мен Орынборды Орталық Ресеймен жалғастырды.
Сонымен, капиталистік қатынастардың қазақ даласына енуі өлкеде негізінен мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі және жартылай көшпелі халықтың патриархалдық-феодалдық қатынастарының ыдырау процесін жеделдетті. Елде өнеркәсіптің жаңа салаларын туындатып, қоғамдық еңбек бөлінісіне және жұмысшы табы кадрларының шығуына себебін тигізді.
Қазақстандағы XIX ғ. 60–90 жж. әкімшілік-саяси реформалар
1867–1868 жж.
1865 жылы үкімет Қазақ даласын басқару туралы «Ереженің» жобасын даярлау үшін Далалық комиссия құрды. Оның құрамына Ішкі істер министрліктің және жергілікті генерал-губернаторлықтардың өкілдері кірді. Ресей Қазақстанды басқарудың бұрынғы жүйесін түбірімен қайта құру міндетін алға қойды. Реформаны даярлау кезінде қалың бұқараның көңіл күйі назарға алынбады. Ш. Уалиханов Қазақстанда халықтың өзін-өзі басқаруына негізделген әкімшілік билік жүйесін енгізуді ұсынды. «Сот реформасы жөніндегі жазбаларында» ол қазақ халқы үшін әлеуметтік-экономикалық жаңашылдықтарды аса маңызды деп есептеді.
1867 жылы наурызда Қазақ жерін, Орта Азия өлкесін әкімшілік басқару реформасының жобасын түпкілікті құрастыру үшін әскери министр Д. А. Милютин бастаған ерекше комитет құрылды. Нәтижесінде II Александр патша 1867 жылы 11 шілдеде «Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару туралы уақытша Ережені», 1868 жылғы 21 қазанда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының Дала облыстарын басқару туралы уақытша Ережені» бекітті.
1867–1868 жылдары реформаның негізгі мақсаты «Қазақ даласының XIX ғасырдағы Ресейдің басқа да бөліктерімен толық қосылуына қол жеткізу, Ресейдің қол астындағы халықтарды бір басқарманың астына біріктіру, жергілікті ақсүйектерді биліктен шеттету, рулық бастамаларды әлсірету» болды.
Реформаның негізінде Қазақстан аумағы үш генерал-губернаторлыққа: Түркістан, Орынбор және Батыс Сібір, әрбір генерал-губернаторлық облыстарға бөлінді. Қазақстанның бүкіл аумағында 6 облыс құрылды, олардың екеуі – Жетісу мен Сырдария облыстары Түркістан, Ақмола және Семей облыстары Батыс Сібір, ал Орынбор мен Торғай облыстары Орынбор генерал– губернаторлықтарының құрамына кірді. Әрбір облыс белгілі бір шамадағы уездерден тұрды.
Әкімшілік басқарма әскери сипатта болды. Облыстардың басында барлық әскери және азаматтық билікті толығымен өз қолдарында шоғырландырған әскери губернаторлар тұрды.
1868 жылғы «Далалық облыстарды басқару» бойынша және 1867 жылғы Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару жөніндегі «Уақытша Ереже» бойынша болыстық басқарманың қолына полициялық және нұсқау таратушылық биліктер берілді. Ол «тыныштық пен тәртіпті» сақтауды, салық төлеуді және халықтың барлық міндеткерліктерін өтеуін бақылады. Оның міндетіне билер сотының шешімін орындату кірді. Ауыл старшындары өзінің құзырында болыстық басқармалардың міндеттерін орындады.
«Уақытша Ереженің» 210-тармағына сәйкес Қазақ жері Ресей империясының меншігі болып жарияланды. Сұлтандардың барлық әлеуметтік-саяси және мұрагерлік құқықтары жойылды, ел билігі орыс шенеуніктерінің қолына шоғырланды.
Ескі экономикалық және идеологиялық жағынан тұтас, туыстыққа негізделе біріккен әкімшілік-рулық ұжымдардың орнына «Уақытша Ережені» енгізудің нәтижесінде жасанды бірліктер пайда болды. Осының бәрі қоғамдық билік жүйесінің дәстүрлі базасына әсер етті. Сондықтан тоқырауға ұшырады, оның маңызы, беделі және қажеттілігі төмендеді.
1886–1891 жж. әкімшілік реформалар.
1886 жылдың 2-маусымындағы Түркістан өлкесін басқару туралы ереже. III Александр патшаның Түркістан өлкесін басқару туралы 1886 жылғы 2 маусымда қол қойған Жарлығы кең-байтақ өлкені басқарудың бүкіл құрылымына реформа жасауды бастап берді. Жаңа ережеге сәйкес Түркістан генерал-губернаторлығына үш облыс: Сырдария, Ферғана, Самарқанд кіргізілді. Кейініректе, 1897 жылы, Жетісу облысы да жаңа генерал-губернаторлықтың құрамына берілді. Облыстардың билігі әскери губернаторларға берілді. Халық саны 800 230 адам, жер көлемі 353 430 шаршы шақырым болатын, көршілес Жетісу облысы 6 уезден: Верный, Қапал, Лепсі, Пішпек, Пржевальский және Жаркент уездерінен тұрды.
1886 жылғы Ереженің негізгі өзегі бүкіл жер қорын мемлекеттің меншігіне беру болды, ол қазақтардың экономикалық әл-ауқатының негізгі нысаны – мал шаруашылығына орасан нұқсан келтірді. Жерді мемлекеттік меншік деп жариялап, жергілікті халықты жерін беймерзім жалға берушілер деп қараған үкімет, соңғыларына «мал жаюға, топырақ және тас, балшық жинауға» құқық бере отырып (253-бап), номадтардан құнарлы алаптардың алып қойылуын тездетті, ол XX ғасырдың басында столыпиндік аграрлық реформалардың жүргізілуімен аяқталды. 1886 жылғы Ереженің отаршылдық бағыты салық жүйесінен де өз көрінісін тапты. Ол 1867 жылғы Уақытша ереженің баптарын қайталады; әр түрлі міндеткерліктердің көлемін көбейтті. Мысалы, шаңырақ алымы 4 сомға дейін көбейтілді. Сот құрылымындағы өзгерістер Ережеде көрсетілген жаңалықтардың іске асырылуын заң тәртібімен қамтамасыз етуге тиіс болды және ол рыноктық қатынастарға тартылған әлеуметтік жіктердің мүдделерін қорғауды көздеді. Негізгі үш сот инстанциясы – бітістіруші судья, облыстық сот және үкіметтік Сенат отаршылдық тәртіптер енді ғана орныға бастаған жағдайларда қоғамның тіршілігін құқықтық жағынан қамтамасыз етуді реттеген бұрынғы заң ережелерін жоққа шығарды.
1891 жылдың 25 наурызындағы Далалық облыстарды басқару туралы ереже. Өңдеуші өнеркәсіптің ұлғаюы, кен өндіретін өнеркәсіптің біршама тез дамуы, жаңа темір жол желілерінің салынуы, урбанизация үрдісі, жұмысшы табының қалыптасуы – осының бәрі жинақтап алғанда әлеуметтік-экономикалық факторлардың бүкіл жүйесінің өзгеруіне әкеп соғып, Қазақстанды отарлық шет аймаққа айналдырды, барған сайын нығайып келе жатқан рыноктық кәсіпкерлікті заң арқылы қамтамасыз етті.
Ерекше Комитеттің пікірі бойынша, «бірінші алғашқы ереженің» барлық өзгерістері «оның уақытша сипатын жоюға» және оны жүзеге асыру барысында «іс жүзінде кездестірілген» алауыздық атаулыны неғұрлым «дәл редакциялау» арқылы жоюға, сондай-ақ «империяның басқа бөлімдеріне неғұрлым қолайлы келуі мүмкін негіздерде» басқару және сот жүйесін дамытуға, толықтыруға тиіс болды. Ұсынылып отырған «Ереже» капитализмнің «кеңейе» дамуына байланысты өзгерістерді ескеру негізінде Қазақстандағы Ресей әскери-әкімшілік өкіметін орнықтыру үрдісін аяқтауға тиіс болды. Сонымен, 1891 жылдың 25 наурызындағы патша жарлығын Қазақстанның әр түрлі тілде сөйлейтін халқының өмірін қайта құруға нысаналы түрде жасалған әрекет деп қарау керек. Жаңа реформаны қабылдау уақыты империя халқының саяси белсенділігінің жандануымен, азаттық қозғалысының өрістеуімен ерекшеленді. Облыстарды басқару жүйесі тәртіпке келтірілді: патшаның қалауы бойынша арнаулы «патша жарлығымен» тағайындалатын және босатылатын, далалық генерал-губернаторына бағынатын Ақмола, Семей және Жетісу облыстарының Бас басқармалары құрылды. Генерал-губернатор қайтыс болған немесе қызметінен босатылған, яки ауырған жағдайларда, егер бұл орайда оның міндетін атқаруды император басқа адамға тапсырмаса, оның міндеттерін жергілікті әскери губернаторлықтың қызмет бойынша дәрежесі үлкені уақытша атқарды.
1891 жылғы ережеде далалық облыстардағы сот құрылысына елеулі толықтырулар мен нақтылаулар жасалды. Ең алдымен онда «Уақытша ереженің» көшпелілерді де, отырықшыларды да Ресейдің ішкі губернияларының селолық тұрғындарына теңестіру туралы бабы нығайтылды.
Үкіметтің бұрынғы сот жүйесін қатты өзгертуіне себеп болған негізгі міндет ислам шариғатын уағыздаушы билерді және құқықтық жүйені ығыстырып шығару, олар ондаған ғасырлар бойы пайдаланып келген жеңілдіктерді жою болды. Жаңа ереже билер сотын жойып, халық соты деген жалпы атаумен құқықтық құрылыстың жаңа құрылымын енгізді.
1891 жылғы Ереженің 119-бабында ел мекендейтін де, мекендемейтін де бүкіл жер қорының мемлекеттік меншік деп жариялануы заңдастырылды, ал жазғы жайлаулар дағды бойынша көшпелілердің пайдалануында қалдырылды; кен кәсіпшілігіне арналған қысқы қыстаулардағы жерлер жалға берілді. Жалпы алғанда 1886–1891 жылдардағы Ереже XIX ғасырдың аяғындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жағдаяттарын көрсете отырып, XIX ғасырдың 20-жылдарының өзінде-ақ басталған жаңалықтардың жалғасы және аяқтаушы кезеңі болды.
Ұйғырлар мен дүнгендердің қоныс аударуы
Жетісуда егіншіліктің дамуына XIX ғасырдың 70–90 жылдарында Шығыс Түркістаннан қоныс аударған ұйғырлар мен дүнгендер ықпал етті. Қоныстандыру екі кезеңде болды. Бірінші кезеңде 1877 жылы Тоқмақ ауданына (Солтүстік Қырғызстан) шэньси дүнгендерінің бір тобы келді, 1881–1883 жылдары, Санкт-Петербург шартына сәйкес, Іле өлкесінен ұйғырлар мен дүнгендердің негізгі көпшілігі қоныс аударды.
Қоныстанушылардың жаңадан 5 болыс: Жаркент және Кетпен (қазіргі Панфилов ауданының аумағында), Ақсу-Шарын (Ұйғыр ауданында), Малыбай (Шелек ауданында), Қарасу (Еңбекшіқазақ ауданында) болыстары құрылды.
Жетісуда ең жақсы жерлер казактардың пайдасына тартып алынып қойғандықтан, ұйғырлар мен дүнгендер қолдан суландырылмайынша егіншілікке онша жарамды болмаған учаскелер алды. Облыстың село халқын жерге орналастыру жөнінде 1882 жылы Жетісу облыстық басқармасы белгілеген ережелер негізінде дүнгендер мен ұйғырлар әрбір еркек адамға 10 десятинадан жер алуға тиісті еді. Алайда 1885 жылы қоныстанушыларға үлесті жер бөліп беру қолға алынған кезде, әрбір еркек адамға 4–5 десятинадан ғана жер бөлініп беріліп, 1892 жылдың 1 қаңтарынан бастап оброктық алым – салық салынатын болды.
Селодағы және қаладағы ұйғыр мен дүнген халықтары өздерінің әкімшілігі, мешіті және оны басқаратын дінбасы бар қауымдарға бөлінді.
Қоныстанушылардың кедейленген бөлігі алғашқы кездерде өздеріне берілген үлесті жердің шағын учаскелерін ғана игере алды. Соның нәтижесінде қауымдар ішінде өзінше бір арендалық қатынастар қалыптасып, қауымның кедей мүшелері өздерінің үлесті жерлерін немесе олардың едәуір бөлігін қауымның әлді мүшелеріне беріп отырды, ал өздері «арендаторларға» күнделікті жұмысшылар (мердігерлер) ретінде өнімнің бір бөлігін алатын болып жалданды. Бұл үлесті жерлер формальды жағынан әлі де бұрынғы иелерінің атында болып қалғанымен, іс жүзінде олар жаңа қожайындардың толық иелігіне көшетін.
Сөйтіп, қауымдардың жоғары бай топтары, дінбасылар және дүнген, ұйғыр қауымдарының селолық әкімшілігінің өкілдері қауымның көптеген мүшелерінің үлесті жерлерін өз қолдарына шоғырландырып, ірі жер иелеріне айналды.
Қауымдық жерлердің село байларының қолына шоғырлануына дүнгендер мен ұйғырлардың шет кәсіпке кетуі де себепші болды. Алған жерлері құнарсыз болып, жұмыс көлігі мен ауыл шаруашылық құралдары болмаған кедейлер алым-салықтар төлеу жөніндегі жеңілдік берілген мерзім біткеннен кейін мүлдем күйзелді, өздерінің үлесті жерлерін жаппай тастап, қалаларға жалдама жұмысшы және ауыл шаруашылық батырақтары болып табыс іздеп кетті.
Дүнгендер мен ұйғырлар өздерімен бірге Жетісуға жасанды жолмен суландырылатын егіншіліктің қалыптасқан дәстүрлерін әкелді. Дәнді дақылдар ішінде бидай басым болып, жердің жартысынан астамына бидай егілді.
Ұйғырлар сондай-ақ мақта өсірумен және ішінара жібек құртын өсірумен де айналысты. Дүнгендер мен ұйғырлар май дайындау үшін зығыр мен күнжіт, қыша екті. Кейіннен темекі өсіріп, оны жергілікті рынокта тиімді етіп өткізе бастады.
Жетісуда қоныс аудару қоныстандырушыларға да әсер етпей қойған жоқ. Егер бұрын ұйғырлар мен дүнгендер шаруашылығында ағаш сабандар мен басқа да добал құрал-саймандар қолданылып келсе, енді олар темір соқаларды, тырмаларды, сеялкаларды, т. б. пайдаланатын болды, жаңа ауыл шаруашылық дақылдарын: сұлы, темекі, картоп, помидор және басқаларын егуді игерді. Байырғы халықтар – қазақтар мен қырғыздардың әсерімен дүнгендер мал шаруашылығымен айналыса бастады.
Ұйғырлар мен дүнгендердің тарихи тағдырлары Ресейдің бір бөлігі ретіндегі Қазақ өлкесі халықтарының тағдырымен тығыз астасып кетті.
Қоныс аудару саясаты (XIX ғ. 1870–1880 жж.)
XIX ғасырдың 70-жылдары орыс және украин шаруаларын қоныстандыру басталса, 80-жылдары қарқынды жалғасты. Алғашқы қарашекпен қоныстары 1879 жылы Көкшетау уезінде пайда болды.
Жетісу облысының әскери губернаторы Колпаковскийдің ұсынысы бойынша 1868 жылғы «Шаруалардың Жетісуға көшуі туралы Уақытша ережелер» қабылданып, ол 1883 жылға дейін қолданылды.
1886 жылы Түркістан генерал-губернаторлығының көші-қонды басқару ережесі қабылданды. Бұл құжат бойынша әрбір ер адамға 10 десятина жер берілді, қоныстанушылар 5 жылға дейін салықтан босатылды, кейін 5 жылда салықтың жартысын ғана төледі.
«Ауыл тұрғындарын өз еріктерімен жаңа жерге көшіру және бұрынғы көшірілген топтар туралы арнайы ережесі» 1889 жылдың 13 шілдесінде қабылданып, қоныстандыру тек алдын ала Ішкі істер министрлігінің және мемлекеттік жер иеліктері министрлігінің рұқсаты арқылы іске асырылды. Бірақ патша жаппай қоныстандыру үрдісін бақылай алмады. Шаруалардың өздігінен көшуі жалғаса берді. 1891–1892 жылдары егіннің шықпауынан орыс шаруалары еуропалық Ресейден шығысқа қашып, қазақ жерлеріне қоныстанып алды.
Ережеде қоныстанушылардың аудандары нақты Томск және Тобыл губерниялары, Жетісу, Ақмола және Семей облыстары деп көрсетілді. 1891–1892 жылдары заң Торғай және Орал облыстарына да тарады. Шаруалардың қоныс аударуы қазақ көшпелілерінің жерлерін тартып алу есебінен жүрді. Қоныс аударушы шаруалар арқылы отарлау Сырдария облысына да тарады.
Қазақ жерінің Сібірмен және Приволжьемен темір жол арқылы жалғастырылуы, Қазақстанға орыс қоныс аударушыларына қолайлы жол ашты. Нәтижесінде орыс шаруалары құнарлы жерлерге қоныстанса, қазақтар сусыз, нашар жерлерге көшірілді. Қазақ өлкесінің демографиялық жағдайы да өзгерді. 1897 жылғы жалпы санақ бойынша өз жерінде қазақтардың жалпы мөлшері 87,1%-ға кеміді. Қоныс аударушылар көбінесе стратегиялық маңызды аудандарға көшіріліп, мылтықпен қаруландырылды.
Орал, Торғай облыстарындағы көтеріліс (1868–1869 жж.)
«Уақытша ереженің» енгізілуі Орта жүзде қарсылыққа кездеспеді, сөйтіп көтеріліс негізінен Кіші жүзді қамтыды. Зерттеуші Н. А. Середа Орал облысындағы ашу-ызаның себебі «халық пен реформаларда» емес, қазақтарды сұлтандар арқылы басқару әдісінде деп білді. Көшпелі халықтың ашу-ызасын туғызған факторлардың бірі үкіметтің фискалдық саясатының қатайтылуы еді. Оның үстіне қатардағы көшпелілер мен ауқатты отбасылар бірдей міндеткерлік атқарды. Мұның өзі патша өкіметінің қазақ қоғамының артықшылықтары, топтары жөніндегі қамқоршылық саясатының көрінісі болды; салықтар мен басқа да міндеткерліктердің күрт көбейтілуі Орал, Торғай облыстарында халықтық бой көрсетулердің басталуына түрткі болды.
Патша «Уақытша ережені» мақұлдағаннан кейін үкіметтің бірден дерлік жүзеге асырыла бастаған салық саясатына қазақтардың наразылығы 1868 жылғы қарашаның аяғына қарай қарулы қарсылыққа ұласты. Нашар қаруланған, бірақ жер жағдайын тамаша білген көтерілісшілерге қарсы қимылдаған шағын казак шолғыншылары олардың тегеурінін әлсірете алмады.
Жазалаушылардың неғұрлым ұйымдасқан қимылдары 1869 жылдың көктемінен басталады. Наурыз айының басында Орынбордан Жем ауданына екі жүздік казак отряды жіберілді. Бірақ далада келе жатқан кезінде отряд үкіметтің әлі де реформа енгізуге батылы бармай отырған Қобда және Елек өзендерінің бойында қимыл жасап жүрген «қазақтар қарақшыларының» шабуылына ұшырады. Көтерілісшілердің бұл тобы біріне Ханғали Арсланов сұлтан, екіншісіне Ықылас Досов басшылық еткен екі жасақтың біріккен күші болғаны анықталды.
Қарулы бой көрсетулер шектес екі облыстың бірқатар аудандарында бір мезгілде дерлік болуы себепті тұрақты бөлімдер аз болған кезде қазақтардың нақты күштерін ұтымды бөлу қиын болды. Оның үстіне көтерілісшілер өздерінің бытыраңқы жасақтарын үкіметтің өзін-өзі қорғайтын күштерімен жеткілікті қамтамасыз етілген ірі әскери-тірек бекеттеріне қарсы емес, қайта қазақ ауылдарына казак отрядтарының қорғауымен жасырынып жүрген жеккөрінішті старшындарға, болыстарға қарсы бағыттады.
Көтеріліс Орал облысының солтүстік-батыс аудандарын, атап айтқанда, бұрынғы халық көтерілістері бойынша да отаршылдыққа қарсы қозғалыстарға белсене қатысқаны аңғарылған жауынгер табын, шекті руларының қоныстарын кең қамтыған. Бұл жолы да табындар реформадан кейінгі кезеңдегі отаршылдыққа қарсы күреске елеулі үлес қосты.
Отаршылдық өкімет орындары көтерілістің шектес екі далалық облыс аумағына қанат жаюының шын мәніне бойлап жатпай, мұның себебін барлық уақытта хиуалықтардың ықпалы деп білді.
XIX ғасырдың 60-жылдарына дейін Хиуа үкіметі Ресейге барынша адалдық көрсетіп, онымен ең алдымен өзара тиімді сауда қатынастарын жасап отырды.
Алайда Қазақстанның оңтүстігіндегі Ресейдің соғыс қимылдары, өзбектердің басты қаласы Ташкентті орыс әскерлерінің шабуыл жасап басып алуы Хиуаның Ресейге көзқарасын күрт өзгертті, Хиуа ханы өзін Ресейдің барған сайын өршеленген және ашықтан-ашық «дұшпаны етіп» көрсетті, сөйтіп Орал облысының оңтүстік аудандарында көшіп жүрген қазақ руларын осы аймақтағы Ресейдің ықпалына қарсы аттанысқа итермеледі. Хиуа ханы реформаларды жүзеге асыру қызған кезде, табын, назар руларына өз өкілдерін жіберіп, оларды өз мүдделерінің арнасында ұстауға тырысты. Хиуа билеушілерінің Орал және Торғай облыстарының көтерілісшілерімен тұрақты ынтымағын анық факт деп есептейміз, өйткені Ресей тарапынан ол қоқан хандығын соғыста жеңіп, Қазақстанның оңтүстік шегінде империялық билік орнатқаннан кейін нақты қауіп-қатердің күшейе түскен жағдайында оны дербес ел ретінде Хиуа шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін талап еткен болатын. Оның үстіне далалық екі облыстағы көтерілістің жетекшілері – Ханғали Арсланов сұлтан, билер Дәуіт Асауылов, Әзберген Мұңайтпасов, Уфа молдасы Ықылас Досов, молда Рысқұлов және басқалар Хиуа билігімен әр түрлі дәрежеде байланысты болатын, оның қолдауына сүйеніп, сол арқылы патша өкіметінің Хиуа хандығы аумағында да соғыс қимылдарын жандандыруына себепші болды.
Маңғыстаудағы көтеріліс (1870 ж.)
«Уақытша ереже» Маңғыстауда 1870 жылы енгізілді. Патша әкімшілігі Маңғыстаудың негізгі халқы – адай руы «Уақытша ережені» күрессіз қабылдамайды деп қауіптенді және оны жүзеге асыру үшін неғұрлым қолайлы жағдайларды күтті.
Маңғыстау приставы подполковник Рукин дала тұрғындарының қиын жағдайымен санаспай, адайлардан 1869–1870 жылдар үшін шаңырақ алымын жаңа тарифке сәйкес дереу енгізуді талап етті; көптеген жергілікті тұрғындар, соның ішінде Бозашы түбегінің балықшы жатақтары Рукиннің талабын орындаудан бас тартты. Адайлардың жайлауға көшуін күштеп тоқтатуға тырысқан Рукиннің ойланбай жасаған әрекеттері жер-жерде көтерілістің басталуына себеп болды. Көтерілісшілердің жетекшісі Иса Тіленбаев қалың бұқараға басшылық етуде шеберлік және жазалаушылармен келіссөздерде дипломатиялық әдептілік танытты. Көтерілісшілер сәуір айының басында Николаев станицасына, Александровск фортына шабуыл жасады, алайда олар сәтсіздікке ұшырады. Патшалық өкімет орындарын көшпелілердің батылдығы қорқытты, мұның өзі оларды қосымша әскери көмек сұрауға мәжбүр етті; Кавказдан тың күштердің келуі күштердің арақатынасын өзгертті. Қозғалысты басуға басшылық жасау қолына шоғырландырылған граф Кутаисов «ең жабайы, дөрекі және жауынгер қазақтарды» тыныштандырудың өз жоспарын ұсынды. Графтың жоспарында «елдің ішіне тереңдей еніп, онда жергілікті адайлар өздерінің көшуі үшін қажет болған кезде айналып өте алмайтындай бекіністерді алдын ала басып алып», сол арқылы олардың шегінетін жолына кедергі жасау, «бағынуға мәжбүр ету» көзделді. Орыс отрядтарының алуы үшін қолайлы бекіністер ретінде Кутаисов Маңғыстаудың Киндері шығанағынан және Үстірт қыратының солтүстік бөлігінде, Орынбор даласымен «көршілес» жатқан Сағым алқабынан жүз шақырым жердегі Бесақты шатқалын таңдап алды. Александровск форты ауданындағы әскер топтарының бастығы генерал-майор Комаровтың пікірі бойынша, ауданға тұрақты бөлімдердің едәуір құрамасын шоғырландыру көтерілісшілерге қорқынышты әсер етуге және 1871 жылғы 1 ақпанға қарай оларды отаршыл өкімет орындарының «орыс өкіметіне бағынуы жөніндегі» шартын қабылдауға мәжбүр етуге тиіс болды. Графтың жоспары сәтсіздікке ұшыраған жағдайда Орынбор өлкесінің генерал-губернаторы Н. А. Крыжановский жергілікті тұрғындардың Үстіртке, «бейбіт ауылдарға өздерінің шегіне кірер жолын жауып тастауды ұсынды». Қозғалыс жетекшілерінің Хиуа хандығына оның тарапынан сырттай қолдауды қамтамасыз етуге үміт артып делегация жіберуі жергілікті өкімет орындарын тағы да мазасыздандырды. Хиуалықтар тарапынан талай тонаушылықтар мен алым-салықтарды бастан кешірген адайлар олардың қолдауы туралы, қасиетті Ислам дінін таза сақтау туралы уәделеріне сене де бермейтін еді. Оның үстіне патша өкіметі оңтүстік аймақты басып алғаннан кейін Хиуаның Ресей сияқты құдіретті әскери державамен жанжалға баруы екіталай болатын. 1870 жылдың желтоқсанында қозғалыстың жетекшілері Досан Тәжиев, Ержан, Ертімбет Құловтар, Иса Тіленбаев және олардың көптеген серіктері 3 мың шаңырақпен Хиуа хандығының шегіне өтті.
Көтерілістің негізгі қозғаушы күші – қазақ шаруалары өз қатарларын берік біріктіруге қол жеткізе алмады, мұның өзі саны жөнінен болмашы жазалаушы отрядтардың халық қарсылығының негізгі ошақтарын тұншықтыруына мүмкіндік берді; қазақ шаруаларының рулық тар өрістері мүдделері отаршыл империяның әскери құрамаларының өзінің ұйымдасуы жағынан едәуір кем түскен көтерілісшілер жасақтарындағы тұрақтамаушылықты туғызды. Көтеріліс шағын сипатта болғанымен, оның географиялық шеңбері тым ауқымды болды – бүкіл дерлік Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстанның бір бөлігі қазақ шаруаларының бой көрсетулерімен қамтылып, «Уақытша ереженің» жүзеге асырылуын қиындатты.
XIX ғ. бірінші жартысындағы Қазақстан мәдениеті
Материалдық мәдениет. Материалдық мәдениеттің маңызды элементтерінің бірі мал шаруашылығымен, егіншілікпен, үй кәсіпшілігімен және қолөнермен байланысты еңбек құралдары болып табылады. XIX ғасырдың орта шенінде шалғымен қоса темір айыр да кеңінен қолданыла бастады. Ең көп таралған қару түрі үш метрлік «сойыл», одан соң «шоқпар» болды. XIX ғасырдың орта шеніне дейін аң аулау кезінде садақ қолданылды.
Көшпелі қазақтардың негізгі тұрғын үйлері көші-қонға ыңғайлы киіз үйлер болатын. Қазақтың киіз үйлері олардың үлкендігімен, яғни тігілген киіз үйде қанат деп аталатын кереге санымен анықталатын. Қанаттар саны 4 қанаттан 12 қанатқа дейін және одан да көп болатын. Сыртқы түрі бойынша күмбез тәрізді және шошақ болып келетін. Қысқы қыстаулар орналасқан өзендердің аңғарлар мен тау шатқалдарына қазақтардың киіз үйлері тұрақты үлгімен салынатын. Бұлар жер бетіне киіз үй сияқты етіп тастан (шошала), қамыстан (доғара) тұрғызылған құрылыс түрінде, тік бұрышты жеркепе және жертөле, жер бетіне тік бұрышты етіп салынған шым үй және саз балшықтан домбаздалған соқпа там болды. Дәстүрлі ағаш жәшіктер – кебежелердің, көрпе-төсек жинауға арналған жүкаяқтардың және ескіден келе жатқан төс-ағаштардың орнына, қазақтардың тұрмысында әйнектелген ыдыс қоятын шағын шкафтар, жақтаулы ағаш кереуеттер, іші құлыпталатын, көлемі әр түрлі сандықтар пайда болды.
Ұлттық киім. Қазақтардың ұлттық киімінде өздеріне тән этнографиялық белгілер сақталып қалды. Киім-кешек үшін малдың жүні мен терісі негізгі материалдар болды. Киімнің едәуір бөлігі мақта-мата, жібек және басқа маталардан тігілді. Ұлттық киімнің пішіні мен түріне өзгерістер енді. Еркектер бітеу пішілген кеудесінде тік өңір-қақпағы бар, жалпақ қайырма жағалы, етегі біршама ұзын көйлек киетін болды. Сонымен бірге жаздыгүні олар ешкі терісінен иленген күдері шалбар киіп жүрді; шалбардың балақтарына төменгі жағынан тілік тасталып, ол кестемен сәнделетін.
Қазақтар әдемі «мәуіті шапан» мен «мәуіті шекпен» де дайындады. Сырт киетін қысқы киімнің қадірлілерінің қатарына аң және үй жануарларының терілерінен тігілетін ішік жатады. Өте кең таралған және бәрінің қолы жететін қысқы киім түрі қой терісінен өңделіп, жүні ішіне қаратып тігілген тон болды. Қазақтардың негізгі аяқ киімі былғары етік, кебісті мәсілер болды. Барлық жастағы еркектердің қыста киетін аяқ киімі ішінде киіз байпағы бар, аласа да жалпақ өкшелі, ұзын қонышты саптама етік болды. Ересек еркектердің бәрі шашын тықырлап алдырған, басына тақия, тебетей киетін. Қазақстанның бүкіл аумағында қазақтардың ең көп таралған қыстық бас киімі «тымақ» болды.
Әйелдердің көйлегі иығына тігіс түспейтін етіп пішіліп, жалпақ қайырма жағалы, жеңдері ұзын етіп тігілген. Кеуде тұсындағы өңір қақпағына кесте төгілген. Қыздардың немесе жас келіншектердің көйлектері пішімі жөнінен де, матасы жағынан да жасы үлкен әйелдердің көйлектерінен өзгеше болған. Ол етегі бүрмеленіп, түймеленетін қатырма жағалы етіп тігілді. Жеңі жең ұшына қарай тарыла берді. Әйелдердің былғарыдан жасалатын жалпақ кемер белдіктері күміспен күптеліп, алтынмен апталып, қымбат бағалы тастармен және түсті шынылармен мол әсем әшекейленіп отырды. Барлық жастағы әйелдердің аяқ киімі мәсі және кебіс болатын. Әйелдің жасына және оның отбасындағы жағдайына қарай олардың бас киімдері де ерекшеленіп отырды. Жаз кезінде қыздар түрлі-түсті мақпалдан, жібек пен барқыттан тігілген, төбесі жайпақ дөңгелек тебетей киіп жүрген, ол зеркестемен әсем нақышталатын еді. Бай нақышты үкілі тебетей — «қасаба» деп аталды. Күйеуге шыққан әйелдің бас киімі – кимешек ақ мақта-матадан дайындалған.
Қазақ әдебиеті. XIX ғасырда орыс ғалымдары мен қазақ зиялыларының жекелеген өкілдері ақындар, суырыпсалма жыршылар, жыраулар туралы мәліметтер жинап, тіпті олар шығарған әндер мен жырлардың мәтіндерін жазып ала бастады. Ақындар мен жыршылардың кейбіреулері өз туындыларын жазып отырды. Соның арқасында олардың өлеңдерінің түпнұсқа мәтіні сақталып қалған. XIX ғасырдың ортасынан бастап жекелеген ақындардың өлеңдері мен жырлары жариялана бастады. Бұл жекелей поэзиялық шығармашылықтың айқын көрініс тапқан және дами бастаған дәуірі болды.
XIX ғасырдың басында өмір сүрген Шал, Көтеш, Жанкісі жыраулар өз толғауларында әлеуметтік теңсіздікті, хандардың халыққа жасаған зорлық-зомбылығын әшкерелеген.
Кедей ортадан шыққан Көтеш ақын (1745–1818) өмір бойы жоқшылық тауқыметін тартты. Оның шығармашылығының басты сарыны – кедейдің азапты өмірін көрсету, әділетсіздікті әшкерелеу.
Шал ақынның (1748–1819) шығармашылығы болған оқиғаға ақындық шабытпен сол сәтте үн қосуымен сипатталады. Олар қазақ халқының тарихындағы жекелеген оқиғалармен байланысты. Онда арнау өлеңдер мен мысқыл өлеңдері көп. Шал шығармашылығының негізгі тақырыбы – адам өмірі оның мәні, мораль, этика, дін мәселелері.
Музыка өнері. Қазақ халқының тұрмысы мен қоғамдық өмірі және еңбек әрекетімен біте қайнасқан рухани мәдениетінің етене саласы музыка болды. Дәстүрлі орныдаушылық – жеке ән салу мен аспапты жеке тарту кең тараған, әнді қосылып айту сирегірек; шығармалардың негізгі түрлері — ән мен күй. Жиырмадан аса әр түрлі музыкалық аспаптар болған, олардың бір сарынды ғана дыбыс шығаратын кейбіреулері – шертер, жетіген, саз сырнай, кепшік, шаңқобыз, даңғыра, асатаяқ және басқалары музыка өнерінің кәсіби талаптарына сай келмей, біртіндеп құри берген. Ал дыбыстық сапаларын жетілдіруге келетін басқалары музыкалық аспаптар тобын құрады. Олар: домбыра – ағаштан жасалған, шертіп ойналатын екі ішекті аспап, шанағы сопақша, кейде жазық формалы болып келеді; қобыз немесе қылқобыз – тостақ тәрізді толық ағаш шанақты және мойыны ішіне қарай иілген ыспалы қос ішекті аспап; сыбызғы – ағаштан, іші қуыс қамыс-қурайдан немесе металл түтіктен жасалған, 4–6 саусақ басар ойыңы бар ұзынша үрмелі аспап; дауылпаз – сырты тері жарғақпен қапталған ағаштан немесе металдан жасалған кішкене қазан түріндегі соқпа аспап.
XIX ғасырдың бірінші жартысындағы музыка өнері өткен замандар туындыларының таңдаулы үлгілерін сақтау және олармен сабақтас халықтың күнделікті өмірімен тікелей байланысты жаңа шығармалар жасау негізінде дамыды. XIX ғасырдың музыкалық мәдениетінде 1836–1837 жылдардағы феодализм мен отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов пен оның ең жақын серігі, ақын әрі жыршы Махамбет Өтемісов бастаған көтеріліс елеулі із қалдырды.
Шығармашылық жолын сол жылдары бастаған болашақ халық композиторы Құрманғазы Сағырбаев (1806–1879) өзінің алғашқы шығармаларының бірі — «Кішкентай» күйін Исатай Тайманов көтерілісіне арнады. Көтеріліске қатысқан ол бұл күйінде халықтың отаршылдық бұғауынан азат болуға деген тегеурінді талпынысын көрсетті. Одан халық қайғысының, жеңіліс күйінішінің үні естіледі. «Кішкентай» күйінің музыкасы өзінің тебірентетін тегеурінді бейнелілігімен, композициясының айқындығымен, көркемдік техникасының күрделілігімен тамаша таланттың өсіп келе жатқанын көрсетті. Ол халықтың қалың ортасында өсті және қажырлы еңбегімен кейіннен халықтың кәсіби музыкалық мәдениетінің классикалық шыңына көтерілді.
XIX ғ. екінші жартысындағы Қазақстан мәдениеті
XIX ғ. 60-жылдары Қазақстанда бастауыш мектептердің ашылуы Ы. Алтынсариннің есімімен тығыз байланысты. 1867–1868 жылдардағы реформалардан кейін мұндай мектептер Қазақ өлкесінің көптеген аймақтарында жұмыс істей бастады. 1868–1869 жылдарды Орал облысында 24 орыс-қазақ мектебі, 2 екі сыныптық, 6 селолық 1 сыныптық, 14 жоғары сыныптық мектеп және 2 жекеше училище болды. 1877 жылға қарай Орал казак әскерінің 47 мектебінің бесеуі қыздар мектебі еді. Облыста 70-жылдардың басынан бастап мектеп ісі едәуір жандана түсті. Ер балалар және қыздар гимназиялары мен прогимназиялары, мұғалімдер даярлайтын семинария, ер балалар оқитын уездік приход училищелері, округтік әскери училище, станицалық және басқа да оқу орындары ашылды. 1883 жылы қазақ балаларын оқытуға арналған ер балалар интернаты облыс орталығы Семейде, уездік қалалар Павлодарда, Өскемен мен Зайсанда жұмыс істеді, ал қазақ қыздарын оқытуға арналған интернаттар Семей мен Павлодарда ғана болды. Сырдария облысындағы орыстарға арналған алғашқы мектептер 1860 жылы Райым (Қазалы) бекінісінде және Перовскіде (Қызылорда) ашылды. Жетісу облысының аумағында алғашқы мектептер 1868 жылдан бастап ашыла бастады. Верный және Қапал бекіністерінде приход мектептері құрылды. Облыстың қалған уездерінде 12 станицалық және поселкелік бастауыш мектеп болған еді.
XIX ғ. Екінші жартысында болыстар мен ауылдардағы қазақ балалары әдетте мұсылман мектептері мен медреселерде оқыды. Патша үкіметі Қазақ даласында мұсылман мектептерінің ашылуына жол бермеу үшін шаралар қолданды. Ол жергілікті отарлық органдар мен оқу бастықтарына мұсылман мектептерін қатаң бақылау жөнінде нұсқаулар мен ережелер жіберді. Қандай да болмасын шектеулерге қарамастан жер-жерде, әсіресе Қазақстанның ислам дінінің ықпалы күшті болған оңтүстік облыстарында мұсылман мектептері ашыла берді. Қазақ балалары жаздыгүні киіз үйлерде, ал қыстыгүні жертөлелерде оқытылатын. Бұл кезеңнің оқу құралы «Шариат-ул-иман» немесе «Иман-шарт» болды. Құран оқумен бірге, татар және араб тілдеріндегі кітаптар бойынша исламның негізгі қағидалары мен басты ғұрыптық ережелер оқытылды. Мектептерде көбінесе 8–17 жасқа дейінгі балалар білім алды. Медреселерде мектепте білім алған және өз білімін тереңдетуге тілек білдірген адамдар оқыды. Медресеге түскендер «талиб-улам» (білімге ұмтылушылар) немесе шәкірттер деп аталды. Олар Орта Азияға және Еділ татарларына жалпы белгілі оқулықтар мен оқу құралдары бойынша араб филологиясын және мұсылман діні құқығын, сондай-ақ діни философияға қатысты басқа да бірқатар пәндерді оқыды. Медреселердің «мұғалімдеріне» келетін болсақ, олар негізінен алғанда дін жолын ұстанушылардың ұсынысы бойынша тиісті үкіметтік органдар бекітіп, тағайындаған молдалар болды. Бұл молдалар мешіттерде діни қызмет атқара жүріп, медреселердегі істерді басқарды және шәкірттерді оқытумен айналысты.
XIX ғасыр Қазақстанның мәдени өміріндегі ағартушылық ғасыр деп аталады. Білім мен мәдениеттің дамуына алдыңғы қатарлы орыс зиялылары үлкен ықпал жасады. 1847–1857 жылдарда украин ақыны Т. Г. Шевченко Қазақстанда айдауда болды. Қазақстан Орыс географиялық қоғамы бөлімшелерінің зерттеу обьектісіне айналды, мұнда мәдени-ағарту мекемелері мен статистикалық комитеттер жұмыс істеді; өлкетану мұражайлары ашылып, ертедегі ескерткіштер, халықтың ауызша шығармашылығы және құқықтық заңдар, соның ішінде қазақтардың дағдылы құқығы зерделенді; орыс-қазақ мектептері мен кітапханалар ашылды. Қазақтар өз балаларына білім беруге ұмтылыс жасап, балаларын кадет корпустары бар Омбы мен Орынборға жіберу үшін мүмкіндік іздестірді. Білім алуға деген жаппай ұмтылыс пен ықылас жағдайында Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин бастаған қазақ ағартушыларының тобы қалыптасты.
Шоқан Уәлиханов (1835–1865). Аса көрнекті ағартушы, ғалым және зерттеуші Ш. Уәлиханов Құсмұрын бекінісінде туған. 12 жасына дейін Шоқан Құсмұрындағы жеке меншік мектепте оқып, мұсылман діні ілімімен танысты. 1847 жылдың күзінде Шоқан Омбы кадет корпусына оқуға түсті. Кадет корпусында Шоқан Уәлиханов белгілі ғалым, географ және Азияны зерттеуші Г. Н. Потанинмен бірге оқып, достасып кетті. Ол орыс тілін тамаша меңгерді. Достоевский мен Ш. Уәлихановтың достық қарым-қатынастарын олардың түрлі уақытта жазысқан хаттары дәлелдейді. Ф. М. Достоевский өзінің хаттарында дос ретінде Шоқанға пайдалы кеңестер беріп, рухын көтеріп, оның алдына аса зор игі міндеттер қояды. 1853 жылы Шоқан кадет корпусын бітіргеннен кейін Сібір казак әскеріне қызметке жіберіледі. Көп ұзамай Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорт оның қабілеттілігіне назар аударып, 1854 жылы Шоқан оған адъютант болып тағайындалды. 1855 жылы Ш. Уәлиханов Гасфорттың Омбыдан Іле Алатауына дейінгі сапарына қатысады. Бұл сапар қарапайым халықтың өмірін танып-білудің басы болды, олардың тарихи аңыз-әңгімелері мен жырларын жазып алуға мүмкіндік берді. 1856 жылдың көктемінде болашақтағы Шығыс зерттеушісінің өмірінде өшпес із қалдырған айтулы оқиға болды – ол аса көрнекті ғалым, белгілі географ П. П. Семенов-Тянь-Шанскиймен танысты. Сол жылы Шоқан Уәлиханов екі экспедицияға қатысты – біреуі Орталық Тянь-Шань арқылы Алакөлден Ыстықкөлге дейінгі; екіншісі дипломатиялық тапсырма бойынша Құлжаға сапар. 1857 жылы Уәлиханов алатау қырғыздарына тағы да сапар шегеді, онда көшпелі қырғыз халқының өмірімен, тұрмысымен бұрынғыдан да жақсы танысып, оның тарихын, этнографиясын және халықтық поэзиясын тереңірек зерттеуге мүмкіндік алды. Осы жолы ол қырғыз халқының энциклопедиялық дастаны «Манасты» жазып алды. Ш. Уәлихановтың ғылыми қызметінің жаңа кезеңі 1858 жылғы Қашғарияға құпия сапары болды. 1859 жылдың күзінде Шоқан Әскери министрліктің шақыруымен Петербургке сапар шекті. Оның «Қырдағы мұсылманшылық туралы», «Қырғыздардың көші-қондары туралы», «Сот реформасы туралы» жазба еңбектері бар. 1864 жылдың көктемінде Уәлиханов Черняевтің Оңтүстік Қазақстан аумағын Ресейге қосып алуды мақсат еткен әскери жорығына қатысады. 1864 жылдың жазында Верныйға қайтады. Содан соң албан руының аға сұлтаны Тезек төренің ауылына барып тұрады. Төренің қарындасына үйленеді. Сол кездің өзінде Шоқан өзін нашар сезініп, жорықтағы өмірдің ауыртпалықтарын көтере алмаса керек. Ол 1865 жылдың сәуірінде Алтынемел жотасының етегіндегі Көшен-тоған деген жерде Тезек сұлтан ауылында қайтыс болды.
Ыбырай Алтынсарин (1841–1889). Аса көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда Қостанай облысында туған. Әкесі ертерек қайтыс болып, атасы – Орынбор шекаралық комиссиясының әскери старшинасы Балғожа (Жаңбыршин) бидің қолында тәрбиеленді. 1850 жылы Ыбырай шекаралық комиссия жанынан қазақ балаларына арнап ашылған мектепке түсіп, оны алтын медальмен бітірді. Мектеп бітіргеннен кейін Алтынсарин үш жылдай (1857–1860) атасының қоластында кеңсе қызметкері, содан соң 1859 жылдың 1 тамызынан бастап Орынбор басқармасында тілмаш болып қызмет етті. 1860 жылы облыстық басқарма оған Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балаларына арналған бастауыш мектеп ашуды тапсырды да, өзін сол мектепте орыс тілінің мұғалімі етіп тағайындады. 1864 жылы 8 қаңтарда мектеп салтанатты түрде ашылды. 1868 жылы Алтынсарин Торғай уездік басқармасына іс жүргізуші ретінде қызметке орналасып, содан соң уезд бастығының аға көмекшісі және уақытша уездік судья міндеттерін қатар атқарды. Алтынсарин патша өкіметінің саясатына қарсы болды. 1879 жылы Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалды. Қазақстанда қыз балаларға білім берудің басталуы да Ы. Алтынсариннің есімімен байланысты. 1888 жылы ол Ырғыз қаласында қазақ қыздарын оқытатын, интернаты бар мектеп ашып, патша әкімшілігінен интернаттары бар қыздар училищелерін ашуға рұқсат алды. Алтынсарин көзінің тірі кезінде төрт екі сыныптық орталық «орыс-қазақ» училищесін, бір қыздар училищесін, бес болыстық училище, орыс шаруаларының балаларына арналған екі училище аштырды. Ол орыс-қазақ мектептерінің оқушыларына арнап «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» және «Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық» атты екі оқу құралын жазды, оларды Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалғаннан көп бұрын бастап, 1869 жылы аяқтады.
Абай Құнанбаев (1845–1904). Абай Құнанбаев 1845 жылы 10 тамызда Семей облысының Шыңғыс тауында туған. Абайдың әкесі Құнанбай тобықты руының старшыны болды. Алғашында ауыл молдасынан сабақ алған Абайды әкесі Семейдегі имам Ахмет-Риза медресесіне оқуға жіберді. АлайдаАбайдың қаладағы оқуын бітіртпей, әкесі оны қайтадан ауылға шақыртып алып, бірте-бірте дау-шарды тексеріп төрелік айтуға, келешектегі рубасының әкімшілік қызметіне үйрете бастады. Абай шешендік өнерінің түрлі тәсілдерін шебер меңгерді. Сот ісі қазақтардың ғасырлар бойы қалыптасқан дағдылы құқығы негізінде жүргізілді. Ру тартысына еріксіз араласқан Абай даулы мәселелерді шешу барысында жөнсіздікке, әділетсіздікке және қатыгездікке, билеуші топ пайдасын көздеген талап, мүддеге қарсылық білдіріп отырды. 1886 жыл Абайдың өміріне үлкен өзгеріс әкелген жыл болды. Ол алғаш рет өлеңіне («Жаз») өз атын жазып, көркем шығармашылыққа толығымен ден қояды. Абай қаламынан өлеңдермен қатар, қара сөзбен жазылған ғибраттар, «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» дастандары дүниеге келді. Абайдың мол әдеби мұрасында аудармалары елеулі орын алады.
Музыка мәдениеті. XIX ғасырдың екінші жартысы Қазақстанның музыка өнерінің гүлденген дәуірі болды. Бұл кезеңде өмір сүрген көптеген аса көрнекті кәсіби композитор-әншілер мен күйшілердің шығармалары халықтың музыкалық классикасының негізін құрады. Көптеген халық композиторлары өз заманындағы білімді адамдар еді; олардың бәрі дерлік хат танитын, кейбіреулері орыс тілі мен араб тілін білетін, бірақ өз шығармаларын нотаға түсіріп жаза алмайтын еді.
XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстандағы музыка өнерінің дамуына Дәулеткерей Шығайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Ықылас Дүкенұлы сияқты композитор-музыканттар үлкен үлес қосты. Абай әндері қазақ халқы мен орыс халқының арасындағы бауырлас достықты нығайтуға игі ықпал етті. Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасынан аударған Татьяна хатының сөзіне шығарған «Татьянаның қырдағы әні» қалың елдің сүйікті әніне айналды.
Қазақ әндерін жазып алуда С. Г. Рыбаков көп еңбек сіңірді. Ол 100-ден астам ән жинады. Қазақтың ән әуендері оркестрлік шығармаларда да пайдаланылды.
Өлкетану және ғылыми зерттеу ұйымдарының қызметі. Баспасөз.
Ресей империясының экономикасы мен саяси өмір саласына Қазақстанның енуі оның ерекшеліктерін жан-жақты зерттеуді: оның тарихи өткен-кеткенін ой елегінен өткізіп, табиғи ресурстарын, өндіргіш күштер деңгейін анықтауды қажет етті. Қазақстанды зерттеумен Ресейдің толып жатқан ведомстволары – Ғылым академиясы, Географиялық қоғамы, Тау-кен ведомствосы, Қатынас жолдар министрлігі, Мемлекеттік мүлік министрлігі, Қазан университеті жанындағы Археология, тарих және этнография қоғамы және басқа да ұйымдар айналысты.
Белгілі тарихшы және мемлекет қайраткері А. И. Левшин (1797–1879) «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ далаларының сипаттамасы» деген іргелі еңбегінде еуропалықтарға қазақтардың географиясын, тарихы мен этнографиясын бір жүйеге түсіріп, суреттеп берді. Қазақстанның әр түрлі қалаларында көптеген ғылыми қоғамдар: облыстық статистика комитеттері, географиялық қоғамның бөлімдері, 1887 жылы Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясы ашылады. Ғылыми зерттеу орталықтарының бірі Орынбор болды. 1896 жылы «Дала облыстарын зерттеу жөніндегі экспедиция» жұмыс істей бастады. Экспедицияның міндетіне аумақты табиғи-тарихи жағынан зерттеп, суреттеу, жер түрлерін, бұл мәселедегі ауылдар мен болыстардың маңызын, шаруашылық жүргізу, жерді пайдалану тәсілдерін анықтау кірді. Экспедицияның құрамына Ф. А. Щербина, Ә. Бөкейханов, Л. К. Чермак, П. А. Васильев, Н. Ф. Гусев, Н. Белев, В. А. Владимировский, Н. Ф. Дмитриев, қазақ зиялыларының үлкен тобы – Ұ. Базанов, Т. Жалмұхамедов, И. Жақсылықов, И. Құдайқұлов, И. Тілекеев, Г. Саркин, Р. Мәрсеков, Е. Итбаев, М. Бекетаев, М, Шомбалов, Д. Сатыбалдин, Т. Есенқұлов және басқалар кірді. Экспедицияға қатысушылар арасында экономистер, ботаниктер, топырақтанушылар, агрономдар болды. Олар материалдар жинап, Қазақтардың жер пайдалануы жөнінде Ф. А. Щербинаның экспедициясы жинап, өңдеген материалдардың он үш томын басып шығаруға әзірледі.
XIX ғасырдың екінші жартысында қазақтың ұлттық баспасөзі дүниеге келді. 1870–1882 жылдарда Ташкентте «Түркістан уәлаяты газеті», 1888–1902 жылдарда Омбыда қазақ тілінде «Дала уәлаятының газеті» шығып тұрды.
Қазақстанның XX ғ. басындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы. Отарлық қоныстандыру саясатының күшеюі. Столыпин аграрлық реформасы.
1905–1907 жылдардағы революция жеңілгеннен кейін Ресейде реакция кезеңі басталды. 1907 жылы 3-маусымда Екінші мемлекеттік Думаның таратылғаны, Үшінші мемлекеттік Дума сайлауы туралы ережеге өзгерістер енгізілгені жөнінде патша жарлығы шықты. Заң бойынша қазақтар мен өлкені мекендеген басқа шағын халықтар сайлау құқынан айырылды.
Осы кезде революциялық ұйымдар мен қозғалысқа қатысқандарды сотсыз және тергеусіз жазалайтын тәртіп енгізілді.
Патша өкіметі тек қана қудалау жасаумен ғана шектелмеді, сонымен қатар шаруалар қауымын күшпен ыдырату саясатын жүргізе бастады. 1906 жылы 9-шы қарашада Столыпин шаруаларды қауымнан хуторға бөлу туралы жаңа жер иелену заңын шығарды.
П. А. Столыпин 1906–1911 жылдары Министрлер Кеңесінің төрағасы болған кезде өзінің аграрлық реформаларын әзірледі. Оның бірінші шарты шаруаны жердің иесі етіп бекіту болатын. П. А. Столыпиннің аграрлық саясатының мәні үш заң актісінде көрсетілді. Бұл Сенаттың қарауына берілген 1906 жылғы 9-қарашадағы «Шаруалардың жер иеленуіне және жер пайдалануына қатысты қолданылып жүрген заңның кейбір қаулыларын толықтыру туралы» жарлық. Ол III-Мемлекеттік Думада 1910 жылы 14 маусымдағы «Шаруалардың жер иеленуі жайлы кейбір қаулыларды өзгерту мен толықтырулар туралы» заң етіп қайта қаралып толықтырылды.
1911 жылғы 29-мамырда «Жерге орналастыру туралы» заң қабылданды. Аграрлық реформалар бойынша шараларды жүргізу оның барысында шаруалардың көшіп-қонуына еркіндік берілді, нәтижесінде олардың шет аймақтарға, соның ішінде Қазақстанға жаппай көшуі кеңінен өрістеді.
1910–1911 жж. жаңа экономикалық өрлеуге байланысты Қазақстанда ереуілдік қозғалыстар жандана түсті. 1911 жылы мамыр айында Перовск және Түркістан станциялары теміржол шеберханаларының жұмысшылары, «Атбасар мыс рудалары» акционерлік қоғамы рудниктеріндегі кеншілер ереуілге шықты.
1912 жылы Ресейдің жұмысшы қозғалысында жаңа революциялық өрлеу басталды. Сол жылғы мамырда Қазақстанда Спасск мыс қорыту зауытында басталған ереуіл 1913 жылдың маусым айына дейін созылды. 1913 жылғы қыркүйекте Торғай уезінің Шоқпаркөл көмір кендерінде болған жұмысшылардың толқуы 1914 жылдың бірінші жартысында Ембі мұнайшыларының ереуілдерімен ұласты. Жаңа революциялық өрлеу кезінде Қазақстанның жұмысшы табы жалақыны арттыруға, қожайындардың айыптарды көбейтуден бас тартуына қол жеткізді. Өлке жұмысшыларының ереуілдері патша өкіметіне қарсы шаруалар толқуларының артуына, ұлт-азаттық қозғалысының дамуына ықпал етті.
1905–1907 жылдардағы орыс революциясына Қазақстан
халқының қатысуы.
Қазақстан еңбекшілерінің 1905–1907 жылдардағы ереуілдері орыс халқының революциялық күресімен тығыз байланысты еді.
1905 жылы ақпанда Орал, Перовск, Түркістан, Шалқар теміржолшылары өздерінің экономикалық жағдайларын жақсарту талабын қойған ереуіл жасады. 1904 жылы пайда болған Сібір социал-демократиялық одағы, оның Омбы, Орынбор, Саратов комитеттері Қазақстан жерінде революциялық жұмысты күшейте түсті.
1905 жыл Қазан айындағы Бүкілресейлік ереуілдің әсерімен Қазақстанның барлық қалаларында шерулер, митингілер мен жиналыстар болып өтті. Перовскідегі, Оралдағы, Қарқаралыдағы, Павлодардағы манифестациялар неғұрлым ірі болды. Оларды орыстар арасынан және қазақтардан шыққан жергілікті зиялылар ұйымдастырды. Қарқаралыдағы 1905 жылғы 15 қарашадағы үлкен саяси митингке қазақтардан, татарлардан, орыстардан және басқаларынан тұратын 400-дей адам қатысты. Олар патша өкіметіне қарсы бірқатар талаптар қойды, отаршылық әкімшілікке қарсы күресуге шақырды. Кейіннен Қарқаралы оқиғасының басшылары қуғынға ұшырады. А. Байтұрсынов Орынборға, Ж. Ақбаев Якутияға жер аударылды.
Патша өкіметі 1905 жылы 17 қазанда елдегі революциялық қозғалысты басу мақсатында арнайы манифест қабылдады. Бірақ бұл жоғары мәртебелі манифест жұмысшы қозғалысын бәсеңдеткен жоқ, қайта кейбір жерлерде күшейте түсті.
Қазақ жұмысшылары мен шаруалары патша өкіметіне орыс жұмысшыларымен және қоныстанған шаруалармен қол ұстаса отырып қарсы шықты. Қазақ шаруалары ең алдымен жер, су үшін, теңдік, бостандық пен тәуелсіздік үшін күресті. 1905 жылы жазда Семей, Торғай және Орал облыстарында жер үшін толқулар болды.
Мәскеудегі желтоқсан қарулы көтерілісінің әсерімен 1905 жыл 11 желтоқсанда Успен руднигіндегі жұмысшылардың ірі ереуілі өтті. Ереуіл барысында орыс жұмыскері Петр Топорнин мен қазақ жұмысшысы Әлімжан Байшағыров басқарған «Орыс-қырғыз одағы» құрылды. Жұмысшылар өздерінің жалпы жиналысында қабылдаған талаптарын «Петиция» ретінде рудник басшысы Н. Фелльге тапсырды. Оның бірде-бір пункті қабылданбағандықтан «Орыс-қырғыз одағының» шақыруымен рудникте ереуіл басталды. Рудник кеңсесі үстіне қызыл жалау көтерілді. Успен руднигі жұмысшыларының ереуілі 1905–1907 жылдары Қазақстанда болған революциялық қозғалыс тарихында көрнекті орын алады. Яғни, ол өлкеде революциялық қозғалыстың ең жоғарғы шарықтаған кезі деп саналады.
1906 жылы 6 қаңтарда патшаның арнаулы жарлығымен Ақмола және Семей облыстарының бүкіл аумағына соғыс жағдайы енгізілді. Солтүстік Қазақстанға Меллер-Закомельскийдің жазалау экспедициясы әкелінді.
1905–1907 жж. болған революциялық қозғалыстармен байланысты Қазақстан жұмысшыларының кәсіподақ ұйымдары бой көтерді. Алғашқылардың бірі болып Оралдағы теміржолшылардың кәсіподағы (1905 ж. қараша) құрылды, оған Н. Смуров, Н. А. Покатилов және Н. И. Ульянов басшылық жасады. 1905–1906 жж. Орынбор-Ташкент теміржолшыларының кәсіподағы ең ірі ұйым болып саналды. Оның 6 мың мүшесі болған.
1905 жылы желтоқсан айында I Мемлекеттік Думаны шақыру туралы патша үкіметінің жарлығы шығып, оған Қазақстаннан 9 депутат, оның ішінде 4 қазақ сайланды. Олар: Ә. Бөкейханов, А. Бірімжанов, А. Қалменов, Б. Құлманов. 1906 жылы тамыз айында II Мемлекеттік Дума шақырылды. Оған Қазақстаннан 14 депутат сайланды, оның алтауы қазақ халық өкілдері болды. Олар: Ш. Қошығұлов – Ақмола облысынан, Х. Нұрекенов – Семей облысынан, Б. Қаратаев – Орал облысынан, А. Бірімжанов – Торғай облысынан, Т. Аллабергенов – Сырдария облысынан, М. Тынышбаев – Жетісу облысынан.
Ұлттық қозғалыстың Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов бастаған жетекшілері халықтың азаттық қозғалысын конституциялық монархия, либерал –демократиялық реформалар жүргізу үшін күреске бағыттағысы келді. 1905 жылы қазанда ұлттық интеллигенция өкілдері Оралда бес облыстағы қазақтардың делегаттарының съезін өткізіп, онда олардың ұлттық мүддесін қорғауға тиісті Ресейдің конституциялық-демократиялық партиясының филиалын құрмақшы болды. 1906 жылы сәуір-мамыр айларында Семейде қазақтардың екінші съезі болып өтті.
Қазақ еңбекші бұқарасының 1905–1907 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысы көп жағдайда ұйымдаспаған түрде өтті.
Алаш қайраткерлері
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов (1866–1937) қоғам және мемлекет қайраткері, бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ауылында дүниеге келген. Ұлт-азаттық қозғалыс жетекшісі, публицист ғалым, аудармашы. Әлихан Бөкейханов Орта жүздің ханы Бөкейдің ұрпағы (Бөкей-Батыр-Мырзатай-Нұрмұхамед-Әлихан). Әкесі оны бала күнінде Қарқаралыға алып барып медресеге оқуға берген, алайда ол оқуды қанағат тұтпай қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепте оқиды. 1879–1886 жылдары Қарқаралыдағы қазақ балаларына арналған мектепте білім алады. 1886–1890 жылдары Омбыдағы техникалық училищеде оқып, «техник» мамандығын алып шығады. 1890–1894 жылдары Санкт-Петербургтегі орман институтының экономика факультетінде оқиды. Студент болып жүрген кезде саяси талас-тартыстарға белсене араласып, ұлт-азаттық қозғалыстарға қатысқан. Сол кездің өзінде «саяси белсенділігі үшін» патша жандармериясының қара тізіміне іліккен. Патша өкіметі кезінде қазақ елінің тәуелсіздік үшін күресін басқарды және Павлодарда, Семейде бірнеше рет қамауда отырған. 1917 жылы 5–13 желтоқсанда Орынборда өткен «Алаш» партиясының екінші съезінде Ә. Бөкейханов Алашорда үкіметінің төрағасы болып сайланды. Кеңес өкіметін мойындамады. Қазақтың егеменді ел болуы үшін күресті. 1937 жылы ату жазасына кесілген.
Ахмет Байтұрсынов (1873–1938) қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Ұлт-азаттық қозғалыс жетекшісі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, лингвист, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы. Атасы Шошақ мінезі салмақты, шындықты бетке айта білетін ақылды да беделді адам болған. Мырзалығы сондай, немересі Ахмет дүниеге келгенде құтты болсын айтқан адамдарға бір ат, бір түйеден сүйінші берген. Торғай мен Орынборда білім алғаннан кейін А. Байтұрсынов Ақтөбеде, Қостанайда, Қарқаралыда орыс-қазақ мектептерінде сабақ берген. 1909 жылы саяси белсенділігі үшін Семей түрмесіне жабылады. 1910 жылы Орынборға жер аударылады және 1917 жылға дейін сонда болады. Өзінің сенімді достары Ә. Бөкейханов, М. Дулатовпен бірге 1913 жылдан бастап ұлттық «Қазақ» газетін шығарып, редакторы болды. Ресейде патша өкіметі құлағаннан кейін қазақ жерінде «Алашорда» үкіметін құру үшін бар күшін салды. Большевиктерді мойындамады, қарсы шықты. 1921–1928 жылдары Қазақ халық ағарту институтында сабақ береді. 1929 жылы 2 маусымда Алаш қайраткерлерімен бірге Алматыда тұтқынға алынады. Ресейдің солтүстік облыстарына жер аударылды. Кейіннен босап шығып, бірақ қайтадан 1937 жылы қамауға алынып, атылады.
Міржақып Дулатов (1885–1935) қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданында дүниеге келген. Көрнекті қазақ ақыны, жазушы, педагог, қоғам қайраткері. 20-жылдардың бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі. 1902 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ педагогикалық училищесін бітірген. 1902–1918 жылдары мұғалім болған, «Айқап» журналында, «Қазақ» газетінде қызмет еткен. 1917–1918 жылдары «Алаш» партиясын, Алаш автономиясын, Алашорда үкіметін құрушылардың бірі ретінде, Қазақ мемлекетін құру ісіне белсене атсалысты. 1928 жылы репрессияға ұшырап, 1935 жылы айдауда жүріп қайтыс болды. Міржақып әдебиет пен мәдениетте жаңа демократиялық бағыттың кеңінен орын алып, дамуына зор үлес қосты. Бұл идея «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағында қуатты ұран болып естілді.
Мұстафа Шоқай (1890–1941) Ақмешіт, қазіргі Қызылорда облысында дүниеге келген. Қазақ ойшылы, оқымысты, мемлекет және қоғам қайраткері, XX ғасыр басындағы еліміздің тәуелсіздігі мен бостандығы жолындағы күрескерлердің ірі өкілі. Мектепте мұсылманша білім алып, Ташкент гимназиясын, Санкт-Петербург университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген. Мұстафа Шоқай 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін Ресей Мемлекеттік Думасының Мұсылман фракциясы Саяси бюросында Түркістан халықтарының өкілі болды. Ұлы Түркістан мемлекетін құру идеясын ұстанды. 1917 жылы 22 қарашада Қоқанда мұсылман ұйымдары конгресс өткізіп, Түркістан автономиясын жариялады. Шоқай үкімет мүшесі болып сайланып, көп кешікпей ол орыннан кеткен премьер-министр М. Тынышбаевты алмастырады. Мұстафа Шоқай Алашорда үкіметінің құрамына да енді, бірақ Қоқан автономиясы талқандалғаннан кейін иммиграцияға кетуге мәжбүр болады. Иммиграцияда жүріп Кеңестерге қарсы идеялық күресін жалғастырады. Қазақ халқының отаршылдыққа қарсы күресі тарихындағы аса ірі қайраткер тұлғаларының бірі Мұстафа Шоқай 1941 жылы Берлинде беймәлім жағдайда қайтыс болды.
Жақып Ақбаев (1876–1934) қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушы, қоғам қайраткері, қазақ халқынан шыққан тұңғыш құқық магистрі. Санкт-Петербург университетінің заң факультетін 1903 жылы алтын медальмен бітірген. 1905–1907 жылдары Омбы, Петропавл, Семей, Павлодар, Баянауыл, Қарқаралы қалаларында демонстрацияларға қатысып, митингілер мен жиналыстарда сөз сөйледі. «Степной край» (Омбы) газетінде отарлау аппаратының озбырлығы мен жүгенсіздік әрекеттерін, самодержавиенің халыққа жат саясатын әшкерелеген мақалалар жазып, еңбекшілерді патша өкіметінің отаршылдық саясаты мен езгісіне қарсы күреске шақырды. 1917 жылы Алашорда үкіметінің мүшесі болып сайланды. Жақып Ақбаев патша өкіметіне қарсы күресін тоқтатпағаны үшін 1910 жылы Тобыл қаласына жер аударылды. 1917 жылы шілдеде Колчактың әскери-далалық соты оны Кеңес өкіметін қалпына келтіру үшін халықты көтеріліске шақырды деген айыппен өлім жазасына кесті, 1929 жылы Кеңестік билік жалған айыптармен қуғындап, Воронежге жер аударды. Халқының бостандығы жолында үнемі қуғын-сүргінге ұшыраған Ж. Ақбаев ауруы меңдеп 1934 жылы қайтыс болады. Ж. Ақбаевтың өмірі мен қызметі, саяси және құқықтық көзқарастары оның саяси серіктері А. Байтұрсынов және т. б. Алаш ардагерлерімен үндес келеді. Ж. Ақбаев қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, соның ішінде публицистикалық материалдар жариялады.
Мұхамеджан Тынышбаев (1879–1937) қазіргі Алматы облысы Сарқанд ауданы Тынышбаев ауылында дүниеге келген. XX ғасыр басындағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, Алаш қайраткері, тұңғыш кәсіби-техникалық маман, тарихшы-ғалым. 1900 жылы Верный гимназиясын алтын медальмен, 1906 жылы Санкт-Петербург Жол қатынасы институтын үздік бітірген. 1907 жылы Жетісу губерниясынан II Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланады. Думада патшаның отаршыл саясатына қарсы бағыт ұстанды.
1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі болып тағайындалып, Жетісу өңіріндегі 1916 жылғы көтерілістің зардабын жоюда, қырғыз және қазақ босқындарына көмек ұйымдастыруда белсенділік танытты. Алаштың 1917 жылғы 21–26 шілдеде Орынбор қаласында өткен бірінші бүкілқазақ съезіне қатысады, 5–13 желтоқсан күндері өткен екінші съезде Алашорда үкіметі – Ұлт Кеңесінің құрамына мүше болып сайланады. М. Тынышбаев Түркістандағы Қоқан автономиясының тізгінін де ұстады. Ол Түрксіб темір жол жобасын жасауға, кейін магистральдің құрылысына белсене араласады. 1937 жылы репрессия құрбаны болды. М. Тынышбаев ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, Қазақстан тарихы мен қазақ халқының рулық-тайпалық құрамы туралы құнды еңбектер жазды.
Халел Досмұхамедов (1883–1939) қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Алашорда көсемдерінің бірі, дәрігер, ғалым, публицист. 1903 жылы Орал реалдық училищесін үздік, 1909 жылы Санкт-Петербург Императорлық Әскери академиясын алтын медальмен бітірген.
1905 жылдан бастап, саяси күреспен айналыса бастады. «Алаш» партиясына кіріп, Алашорда үкіметінің мүшесі болды. 1918 жылы қыркүйек айында Батыс Алашордасы құрылып, оның басшылығына Жанша және Халел Досмұхамедовтар тағайындалады. Халел Досмұхамедов Алаштың өзге қайраткерлерімен бірге Алаш партиясының жұмысына, Алаш автономиясын жариялау ісіне, Алашорда үкіметін құруға белсене ат салысып, оның басшылары қатарында болды. 1920 жылы Алаш қызметіне тыйым салынған соң Х. Досмұхамедов бүкіл күш-жігерін ғылым-білімге жұмсайды. Алашордаға қатысқаны үшін саяси айып тағылып, 1939 жылы атылған.
Халел Досмұхамедов қазақ ғылымының қалыптасуына орасан еңбек сіңірді. Ғалым соңына медицина, тіл білімі, тарих, этнография және әдебиет жанры бойынша қыруар мұра қалдырды. «Мұрат ақын сөздері», «Исатай-Махамбет», «Аламан» атты жинақтар шығарды.
XX ғасыр басындағы Қазақстан мәдениеті
Оқу ағарту ісі. XIX ғ. аяғы – XX ғ. басында Ресей империясының халыққа білім беру ісі мен мектеп жүйесіндегі өзіндік ерекшеліктері Қазақстандағы халыққа білім беру ісі мен бүкіл ағарту жүйесіне көп дәрежеде өз ықпалын жасады. Оқу ағарту ісі айқын таптық сипатта болды, оның Қазақстандағы айырмашылығы ұлттық ерекшелікке орай жүргізілді. Ұлттық мектептер туралы 1870 жылы қабылданған «Ресейді мекендейтін бұратаналарға білім беру жөніндегі шаралар туралы» заң ұлттық мектептердегі және ұлттық шет аймақтардағы бүкіл ағарту жүйесін: 1) әлі аз орыстанғандар үшін, 2) орыстары көп жерде тұратындар үшін, 3) жеткілікті дәрежеде орыстанғандар үшін деп, 3 санатқа бөлді.
Заңды жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстанда әр түрлі облыстарда әр алуан үлгідегі мектептер құрыла бастады. Мәселен, Ақмола және Семей облыстарында – мектеп-интернаттар мен ауыл шаруашылық бастауыш училищелері, Торғай мен Оралда – ауылдық мектептер, болыстық (бір сыныпты), екі сыныпты училищелер, Жетісу мен Сырдарияда — «орыс бұратаналық» мектептер, Ішкі Ордада (Бөкей Ордасында) старшындық және учаскелік училищелер құрылды. Олардың бәрі Халық ағарту министрлігіне бағынды.
Халыққа білім беру саласындағы империялық саясат шеңберінде 1906 жылы тамызда болып өткен III жалпымұсылмандық съезі халыққа білім беру ісі бойынша тұтас бағдарлама жасады. Съезд шешімдерінде былай деп белгіленді:
1907 жылы Ресей империясында жалпы білім беруді енгізу туралы жоба жарияланды, онда бастауыш мектептер желісін құру көзделді. Жоба бойынша білім беру ісі 7–11 жастағы балаларды қамтуға тиіс болды, бастауыш білім беруді 10 жыл ішінде енгізу жорамалданды.
Нақ осы жылдарда бастауыш білім беру мұқтаждарына қаражат босату туралы заң (1908) және 1909 жылы Халық ағарту министрлігі жанына «мектеп-құрылыс қорын» құру туралы заң қабылданды. Бұл заң актілері мектепте білім беру жүйесін кеңейтті, халыққа білім беру ісінің, соның ішінде Қазақстанның бүкіл аумағында орыс-қазақ мектептерінің (ол кездегі құжаттарда – орыс-қырғыз және орыс-туземдік) кең желісін құруға кейбір дәрежеде жағдайлар жасады.
Ғылыми мекемелер мен қоғамдардың қызметі.
Мерзімді баспасөз. XX ғасырдың басына қарай Қазақстанда ұлттық қазақ зиялыларының қалыптасу үрдісі жүріп жатты, олардың бір бөлігі еуропалық білім алғандар еді. 1905–1907 жылдардағы революциядан кейін Ресейдегі мұсылмандардың, соның ішінде түрік халықтарының қозғалысы жаңа қарқын алды. Мерзімді баспасөздің пайда болуы мен дамуына капитализмнің, тауар-ақша қатынастарының, көлік пен байланыстың дамуы да, өлкені одан әрі отарлау да себепші болды. Туып келе жатқан ұлттық буржуазияның үстемдік етуші орыс буржуазиясымен бәсекесі, шетел капиталының енуі білім беру, баспасөз және байланыс жүйесі реформасының қажеттігін туғызды.
Қазақ тіліндегі мерзімді баспасөздің алғашқы басылымдары «Түркістан уәлаятының газетін» (1870–1882), «Дала уәлаятының газетін» (1888–1902) және Түркістан генерал-губернаторлығының ресми органы болды, ал екіншісін Омбыда Дала генерал-губернаторлығы шығарды (1902 жылдан кейін олар Ақмола және Жетісу облыстарының «Ведомостарына» қосымша ретінде шығарылды. Сондай-ақ бұл басылымдар ақпараттық-анықтамалық сипатта болды. Сонымен қатар газет ұйымдарына империяның қамқорлығындағы отарлық өлкенің тұрмыс салтын насихаттау миссиясы жүктелді. Осы мақсатпен ресми емес бөлімде түркі халықтарының тарихы, этнографиясы мен әдебиеті жөніндегі материалдар жарияланды.
Қазақ ұлттық баспасөзінің дамуы. Ресми емес қазақ мерзімді баспасөзінің қалыптасуы XX ғасырдың басындағы жалпы азаттық қозғалыспен тығыз байланысты. Ол 1905–1907 жылдардағы революциның арқасында ғана туды. Алайда бұл басылымдар дүниеге едәуір қиындықпен келді. 1907 жылғы 28 наурызда II Мемлекеттік Думаның депутаты Шаймерден Қосшығұловтың бастамасымен «Улфат» газетіне қосымша ретінде «Серке» газетінің бірінші нөмірі шықты. Ш. Қосшығұловтың айтуынша, небәрі 3–4 нөмірі шығарылған. Цензура оны қауіпті деп тауып, газет жабылып қалған. 1907 жылғы наурызда Троицкіде «Қазақ» газетінің бірінші (әрі соңғы) нөмірі шықты.
Қазақ қоғамы демократияшыл жұртшылығының ұлттық баспасөз ұйымын құру жөніндегі ынтасы күшейе берді. 1911 жылғы 16 наурызда Орал қаласында қазақ және орыс тілдерінде шағын көлемді «Қазақстан» газеті шықты. 1913 жылы қыркүйектен желтоқсанға дейін Петропавлда «Ешім даласы» газеті шығып тұрды.
Алайда таралымы шектеулі бұл газеттер орасан үлкен аймақтың түрлі топтарының өскелең талап-тілегін қанағаттандыра алмады. Жалпыұлттық көлемде мерзімді баспасөз құру бұрынғысынша жалпыұлттық проблема болып қала берді.
«Айқап» журналы. 1911 жылғы 10 қаңтарда Троицкіде қазақ халқының тарихындағы тұңғыш «Айқап» ұлттық журналының бірінші нөмірі шықты. Ұйымдастырушы және баспагер, идеялық басшысы және редакторы М. Сералин (1872–1929) бұрын педагогтік және журналистік қызметпен айналысқан, сол кезге қарай белгілі ақын, әдебиетші, қоғам қайраткері болған
«Айқап» журналы 1911 жылғы қаңтардан 1915 жылғы қыркүйекке дейін әуелгіде айына бір рет, ал сонан соң екі рет шығып тұрды. Барлығы 88 нөмірі шықты, таралымы 1000 данаға дейін жетті. «Айқап» журналы ағарту ісі мен мәдениеттің жаршысы болды.
М. Сералин «Айқап» беттерінде мұсылмандардың қасиетті кітабының мазмұнын ыңғайлы, түсінікті нысанда баяндауға тырысқын авторлардың мақалаларын жариялап отырды. «Айқап» журналының қазақ фольклорын зерттеудегі, абайтануды қалыптастырудағы, орыс және дүниежүзілік классикалық әдебиетінің рухани мұрасын насихаттауда атқарған рөлі зор.
Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы жағдайында едәуір шиеленіскен зор қаржы қиындықтары, зиялылардың бір бөлігінің сол кезге қарай өзінің көркемдік толысқандығымен, қазақ әдеби тілін түлетуімен, стилінің сындарлылығымен және ең бастысы толғағы жеткен жалпыұлттық проблемаларды қоюымен әйгілі болған «Қазақ» газеті жағына шығуы 1915 жылдың тамызында «Айқап» журналы шығуының тоқтатылуына себеп болды.
«Қазақ» газеті. «Қазақ» газеті апталық басылым болып шықты. 1913 жылғы ақпаннан 1918 жылғы қаңтарға дейінгі кезең ішінде 3000 дана таралыммен 265 нөмірі жарық көрді. Жекелеген нөмірлері 8000 данаға дейін жететін таралыммен шықты. Редакциялық алқа 1914 жылғы жаңа жылдық 45-нөмірінде газетті 10 облыстың қазақтары жаздырып алатынын хабарлаған. Бұған қоса оны Орынбор, Уфа, Қазан, Петербург, Мәскеу, Томск қалаларындағы, басқа да бірқатар қалалардағы, сондай-ақ Түркия мен Қытайдағы оқырмандар алып тұрды.
«Қазақ» газетінің редакторы Орынборда айдауда жүрген кезінде сол кезге қарай ағартушылық қозғалыстың танымал көшбасшысы болған, аса көрнекті ақын, көсемсөзші, түркі тілінің маманы, ой-өрісі кең және ұлт дамуының жолдарын көре білген жалынды қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов болды. 1914 жылғы 19 мамырда Баспасөз істері жөніндегі бас басқарманың кеңсесі М. Дулатовқа «Қазақ» газетінің екінші жауапты редакторы міндетін атқаруға рұқсат етті. «Қазақ» газеті 1918 жылы (№№261 – 265) Жанұзақ Жәнібековтың редакциялауымен шықты.
XX ғасырдың басындағы демократияшыл қазақ зиялыларының бүкіл азаттық қозғалысы сияқты, бұл газеттің де жетекші бағытын белгілеуде қазақ халқының бостандығы жолындағы аса көрнекті күрескер, саясатшы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, статистик-социолог, көсемсөзші, энциклопедиялық тұрғыдағы ғұлама Ә. Бөкейханов зор рөл атқарды.
Біртұтас болып біріккен үштік – А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов қалың қазақ елінің мүддесін білдіріп, оның шамшырағы болған ғасырдың ұлттық газетін құра білді.
Газетті оның негізін қалаушылар «Қазақ» деп атады. Халықтың өз атын қалпына келтіріп, олар сол арқылы отаршылар тарапынан бұратаналарға менсінбей қарауға қарсы наразылық білдірді, қазақтар арасына ұлтжандылық мақтаныш және бірлік идеясын таратты.
«Қазақ» шын мәнінде бүкілресейлік газет болды. Ол халықаралық жағдайға жүйелі түрде талдау жасап, ондағы Ресейдің рөлін анықтап отырды, елдегі және шетелдегі демографиялық жағдайды ашып көрсетіп, бүкіл түрік дүниесінің, мұсылмандар қозғалысының тағдырын қадағалады. Газет Мемлекеттік Думаның жұмысына, оның мінберінен қазақ халқының мүдделерін қорғау мәселелеріне ерекше мүдделік танытты.
Қазақ әдебиеті. Ресейдегі XX ғасырдың басындағы революциялық қозғалыс ұлттық шет аймақтардың, соның ішінде Қазақстанның да жағдайына әсерін тигізді. Саны аз ұлттық зиялылар осы жағдайды пайдаланып, тәуелсіздік пен бостандық үшін, халықты ғасырлар бойындағы ұйқыдан ояту үшін, қос езгіден: патша өкіметінің отаршылдық бұғауынан және жергілікті патриархаттық-рулық зорлық-зомбылықтан құтылу үшін күрес бастады. Зиялылар халықты тәуелсіздік жолына шығарды, білімді, ғылымды, өнерді меңгеруге шақырды.
XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті дамуының ерекшелігі оның басқа халықтардың әдебиеттерімен байланысы болып табылады. Тарихи жағдай қоғамдық-экономикалық байланыстардың күшеюіне себепші болып қана қоймай, рухани мәдениет саласындағы қарым-қатынас үрдісін жандандыра түсті. XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті сол тарихи дәуірдегі халық өмірінің шындығы туралы көркем шежіре болды.
Ахмет Байтұрсынов (1873–1938) – XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күрес идеясымен байытқан ақын. Ол қазақ тілінің реформаторы. Ол араб графикасы негізінде әліпби жасады. 1912 жылы басталған бұл жұмыс 1924 жылы «Жаңа емле» ретінде ресми қабылданды. А. Байтұрсынов «Оқу құралы» (1912) және «Тіл құралы» оқулықтарын жазды, олар үш бөлімнен: фонетика, морфология, синтаксис бөлімдерінен тұрады. А. Байтұрсыновтың оқулықтары қазақтар үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл түркі тілдес дүние үшін де жаңалық болды. Кейініректе ол әдістемелік сипаттағы «Баяншы» (1926), «Тіл жұмсарту» (1928) деген кітаптар шығарды. Әдебиеттану жөніндегі тұңғыш еңбек — «Әдебиет танытқыш» (1926) та Байтұрсыновтың туындысы.
Міржақып Дулатов (1885–1935) — Ахмет Байтұрсыновтың халық бостандығы жолындағы күрес жылдарында да, әдебиет саласында да онымен қатар жүрген серігі. Оның «Оян, қазақ!» (Уфа,1909) жинағы – халық тағдырының проблемалары өткір көтерілетін алғашқы туындылардың бірі.
«Оян, қазақ!» жарыққа шыққан кезінен бастап отаршылдыққа қарсы бағытталған кітап ретінде қабылданды, оның таралымы жойып жіберілді, ал авторы қуғынға ұшырап, талай рет түрмеге қамалды. Алайда бұл ақынды мойытпады, ол өзінің әдеби-көсемсөздік қызметін сол күйінде белсенді түрде жалғастыра берді. Бұл кезеңде ол «Бақытсыз Жамал» романын (Орынбор, 1910), «Азамат» (Орынбор, 1913), «Терме» (Орынбор, 1915) деген жинақтарын шығарады. 1913 жылдан бастап Орынборда тұрақты тұрып, Ахмет Байтұрсыновпен бірге «Қазақ» газетін шығарады.
М. Дулатов орыс және шетел классиктерінің (Пушкин, Лермонтов, Шиллер, Тоқай) бірқатар туындыларын аударды. Дулатовтың қазақ көсемсөзін дамытуға да қосқан үлесі баға жеткісіз.
Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893–1920) – тәуелсіздік ісіне, халықтың прогресс пен мәдениет жолымен дамуына зор үлес қосқан ақын. Ол өткір сыни бағыттағы, әділетсіз өмір бет пердесін ашатын, надандық пен қараңғылықты түйрейтін туындылар жазды. Отаршылдыққа қарсы күрескен бауырларына ынтымақтастық ниет көрсете отырып, С. Торайғыров «Таныстыру» деген поэмасында (1918) Дулатовты, Байтұрсыновты, Бөкейхановты «күн», «таң», «ай» деп атайды.
Сұлтанмахмұт қазақ әдебиетін оның көркемдік-эстетикалық дамуы тұрғысынан байытты. Бұлармен қатар ол қазақ әдебиеті үшін жаңа жанрларды қалыптастыру мен дамыту ісінде біраз іс тындырды. Оның өлеңмен жазылған «Қамар сұлу», «Кім жазықты» романдары, «Адасқан өмір», «Кедей» поэмалары, лирикалық өлеңдері, көсемсөздік, сын мақалалары оның көркемдік ізденістерінің сан қырлы және жан жақты болғанын ашып көрсетеді.
Үгіттік-ұраншыл өлеңдер шеңберінен шығып, ол табиғат және адамның ішкі дүниесі туралы тереңдігі мен көркемдігі жағынан тамаша лирикалық өлеңдер туғызды. Ақын әлі де феодалдық-патриархаттық негіздердің шырмауында қалып, қараңғылық пен надандық күн кешкен қазақ қоғамы дамуының өткір әлеуметтік проблемаларын ашып көрсете білді («Кім жазықты»). Оның уақытты, дәуірді философиялық ой елегінен өткізуге құрылған поэмалары лирикалық-публистикалық поэма жанрының жаңа да жарқын үлгілері болды. Қазақ әдебиетінде Абай негізін қалаған реалистік өнердің жоғары үлгілерін біз Сұлтанмахмұттың шығармашылығынан таба аламыз.
Қазақ әдебиетінің сыншыл бағытын дамытуда, көркемдік құралдар арқылы ағартушылық идеяларын асқақтатуда Шәкәрім (1858–1931), Сәбит Дөнентаев (1894–1933), Мұхамеджан Сералин (1872–1929), Спандияр Көбеев (1878–1956), Бекет Өтетілеуов (1883–1949), Әріп Тәңірбергенов (1856–1924), Ғұмар Қарашев (1876–1921), Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882–1939), Бернияз Күлеев (1899–1923), Нарманбет Орманбетов (1870–1918) және басқалар шығармашылығының ерекше маңызы болды.
Қазақстан Бірінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде (1914–1918)
Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылы 19 шілдеде (1тамызда) басталды. Ресей соғысқа дайындықсыз, әскери-өнеркәсіптік әлуеті төмен, көлігі нашар дамыған жағдайда кірісті, армия әскери-техникалық жағынан нашар қамтамасыз етілген еді. Соғыс басталған соң жалпы империяда, ішінара Қазақстанда өндіргіш күштердің даму деңгейі бірте-бірте кеми берді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс Қазақстан экономикасын құлдырауға әкеп соқты. Ауыл шаруашылығында өлкедегі егіншілік облыстар бойынша біркелкі дамымады. Ол құнарлы жер көп болған, егіншілікпен оны жақсы меңгерген және орыстың қоныс аударушы шаруаларынан тәжірибе алған халық айналысқан аудандарда бәрінен де жақсы дамыды. Соғыс егін шаруашылығына елеулі өзгерістер енгізді. Ең алдымен, ауыл шаруашылық бақша дақылдарының егіс көлемі ұлғайды.
Ер азаматтарды жаппай майданға алу мал шаруашылығының да құлдырауына әкеп соқты. Ұсақ мал көбірек, ал ірі мал азырақ өсіріле бастады.
Соғыс жылдарында қазақтың мал шаруашылығы бірінші кезекте жайылымдық алаптарды одан әрі тартып алу салдарынан зардап шекті. Бұл мал санының азаюына әсер етті. Қазақтардан тартып алынған жерлерде капиталистік үлгідегі ірі мал өсіретін шаруашылықтар құрыла бастады. Соғыс жылдарында мал санының қысқаруына ауық-ауық өткізіліп тұратын реквизиция да әсер етті. Патша өкіметі соғыс қажеттері үшін жергілікті халықтан түйе, жылқы, сиыр, жинады. Мал санының қысқаруы ең алдымен қазақ халқының армия қажеттері үшін мәжбүрлеу тәртібімен ет беруге болғандығынан орын алды. Сан миллиондық армияның өсе түскен қажеттерін қанағаттандыру мүмкін емес еді. Осының салдарынан соғыс тапсырыстары көбінесе орындалмай қалатын.
1916 жылғы көтеріліс кезеңінде патшалық өкімет орындары қазақ халқына арнайы контрибуция салды, оның бүкіл ауыртпалығы еңбекші бұқараның мойнына түсті. Көтеріліске қатысқан-қатыспағанына қарамастан олардың мүлкі мен малы тартып алынды.
Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған соң, Қазақстан өнеркәсібі де соғыс қажеттері үшін жұмыс істеді. Өлкедегі кен өнеркәсібінің маңызды салаларының бірі Успен және Сасық-Қарасу кеніштерінен темір кенін өндіру болды. Мыс рудасын негізінен «Спасск мыс рудалары», акционерлік қоғамы «Атбасар мыс кендері» акционерлік қоғамдары өндірді.
1915 жылғы қыркүйектің ортасында 80 адамнан тұратын Жетісу әскери-өнеркәсіп комитеті құрылды. Жылдың аяғына қарай Қазақстанның барлық облыс орталықтарында және уездік әкімшілік орталықтарының көпшілігінде ӘӨК (әскери-өнеркәсіп комитеті) құрылды.
Қазақстандағы ӘӨК құрамына қарағанда, оларда көбінесе буржуазияның өкілдері болды, облыстық ӘӨК комитеттерінде армия, жабдықтау және интенданттық сұраныс керек-жарағымен, кәсіпорындарды жұмыс күшімен және отынмен, медициналық қызмет көрсетумен айналысуға тиісті 5–7 бөлім болды.
Соғыс жылдарында жүн өніміне сұраным ұлғайды. Өлкедегі шұға өндіретін тұңғыш Қарғалы фабрикасы әскери тапсырыс орындап, шинельге арналған сұрғылт армия шұғасын дайындай бастады. Соғыс армияны консервіленген ет өнімімен тұрақты жабдықтауды қажет етті. Бұл жылдарда Петропавлда ет-консерв комбинаты, Оралда армия интенданттығының тапсырыстары бойынша жұмыс істеген мал соятын орын салынды.
Кәсіпшіліктерден ең көп таралғандары балық аулау, тұз өндіру және тасымалдау кәсіпшіліктері болды.
Соғыс жылдарында патша үкіметі қазақтардан жерді тартып алуды жалғастырды. Ауылдың ең кедей бөлігі бұрынғысынан да зор қайыршылыққа түсіп, біржола күйзелді. Малынан, жерінен айырылып, кулактар мен байларға батырақ болған немесе өнеркәсіп орындарына, кеніштерге, кен орындарына күнкөріс іздеп кеткен қазақтар саны барған сайын көбейе түсті. 1917 жылға қарай Семей облысында ғана 17 мыңға жуық батырақ қазақтар тіркелген.
Әр түрлі алымдардың 10-ға тарта түрі болды. 1916 жылы 3 миллиард сомға жаңа мемлекеттік заемға жазылу науқаны жүргізілді, ол да қазақ халқының мойнына ауыр салмақ болып түсті. Соғыс басталуына байланысты қазақ халқына тағы бір ауыртпалық: әскери салық салынды, ол әскери міндеткерлік атқармайтындар ретінде қолданылды. Сонымен бірге отаршылдық әкімшіліктің қысымымен қазақ халқына майданға көмек көрсету үшін әр түрлі ерікті қайырымдылық жасау міндеттелді.
Соғыс жылдарында кедейлер мен орташалардың жағдайы нашарлады. Запастағы шен иелері отбасыларының жағдайы өте ауыр еді, олар не кулактар шаруашылығында батырақтар болуға немесе табыс табу үшін өнеркәсіп орталықтарына кетуге мәжбүр болды. Қазақстанда әкімшілік-полициялық езгі жыл өткен сайын күшейтілді.
1916 жылғы 9 қыркүйекте Министрлер кеңесі Сібір мен Дала және Түркістан өлкелерінің облыстарында полициялық күзет енгізу туралы мәселе қарады. Соғыс жылдарында халық бой көрсетулерінің кең таралған нысаны «әйелдер бүліктері» дейтіндер болды, оларды өкімет орындары үкіметке қарсы бой көрсету деп қарады. Солдаттар бұқарасының бой көрсетулері жергілікті әкімшіліктің жазалау шараларын қатайтуына әкеп соқты. Көтерілістерге қатысқаны үшін, ереуілдер ұйымдастырғаны және басқа әрекеттер үшін өлім жазасы енгізілді. Халық бұқарасының соғысқа және патша өкіметіне қарсы қозғалысы 1915 жылдың екінші жартысында ерекше күшейді. 1916 жылдың басында майданнан революциялық күрес тәжірибесі бар жұмысшылар қайтып орала бастады. Жұмысшы қозғалысы қайтадан өрістей бастады. Семей қаласында еңбекшілердің ерекше бой көрсетуі болып өтті. Онда 1916 жылғы 19–20 қарашада 17 дүкен қиратылды. 1916 жылдың екінші жартысында жұмысшы қозғалысының дамуына қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы зор ықпал жасады. Тыл жұмыстарына шақыруға қарсы көтеріліспен байланысты Қазақстанның кең кәсіпорындары мен темір жолдарында жұмысшылардың ірі толқулары атап өтілген. Бұл толқулар жұмысшы қазақтардың жұмыстан жаппай кетіп қалуына ұласты. Жұмысшы қозғалысын басуға тырысып, өкімет орындары үш айға дейін түрмеге қамауға немесе 3 мың сомға дейін ақшалай айыппұл салуға қатаң шаралар қолданды. 1916 жылдың орта шеніне қарай кедейлер әбден ашынған жағдайға жеткізілді. II Николай патшаның «бұратаналарды» тыл жұмыстарына алуы туралы жарлығы Қазақстанның барлық облыстарындағы көтеріліске ұшқын түсірді.
1916 жылдың аяғына қарай Қазақстандағы қоғамдық-саяси қозғалыс халықтың барлық топтарын қамтыды: өнеркәсіп орындарының, кеніштер мен кен орындарының жұмысшылары ереуілдер жасады, қалалар мен селоларда дүкендер мен дүңгіршіктерге ойран салынды, Қазақстанның бүкіл аумағы ұлт-азаттық қозғалысының өртіне оранды.
Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі.
Қазақ жастарын майдандағы тыл жұмысына алу жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы халықтың шыдамын тауысып, олардың отарлау езгісі мен орта ғасырлық қанауға қарсы көтерілуіне себеп болды. Қазақтардың тууы туралы куәлігінің жоғын пайдаланып, болыстық басқармалар мен ауыл старшындары жастарының асқандығына қарамастан кедей жігіттерді майданға жұмысқа алынатын «қара тізімге қосты», ал феодалдар балаларының жасын өз бетінше үлкейтіп, немесе кішірейтіп көрсетіп, әскерге жібермеудің амалын жасап бақты.
Майдан жұмысына қазақ жастарын алу туралы жарлық қазақ халқының зор наразылығын тудырды.
Қазақстандағы бұл қозғалыс көпшілік аудандарда ұлт-азаттық сипатта болып, патша өкіметіне, отаршылдыққа, империалистік соғысқа және жергілікті жерлерде патша өкіметіне сүйеніш болып отырған феодал-байларға қарсы бағытталды. Бұл қозғалысты еңбекші халықтың өкілдері басқарды. Торғай даласында қазақ жастарын Әліби Жангелдин мен Амангелді Иманов, Орал облысы мен Бөкей ордасында Сейітқали Мендешев, Ақтөбе даласында – Әділбек Майкөтов, Жетісуда – Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Тұрар Рысқұлов т. б. басқарды.
1916 жылғы шілде, тамыз айларында көтеріліс бүкіл қазақ даласын қамтыды. Оны басу үшін патша өкіметі жазалаушы отрядтар жіберді. Оның құрамына жақсы қаруланған әскер бөлімдері, казак-орыс шоғырлары кірді.
Көтерілісті басу үшін патша үкіметі өзінің ескі «бөліп ал да билей бер» деген тактикасын да кеңінен қолданды. 1916 жылғы 23 тамызда Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің жарлығымен майдан жұмыстарына шақырылудан қанаушы таптардың бірқатар өкілдері босатылды.
1916 жылғы қазақ халқы көтерілісінің басты аудандарының бірі – Жетісу еді. Мұнда ол 1916 жылғы шілденің алғашқы күндерінде Жаркент – тараншы болысының Городское селосындағы тыл жұмыстарына жіберілетін жігіттердің тізімдерін жасауға қарсылық көрсетуімен басталды.
Жетісудағы көтеріліс басшыларының және қазақтың демократияшыл зиялыларының бірі – Тоқаш Бокин. Ол халықтар арасындағы үгіт жұмысына басшылық етті, соғыстың халыққа қарсы сипатын түсіндірді, үстем феодал-байлар тобының сатқындық рөлін әшкерелеп, патша жарлығын орындамауға шақырды. 1916 жылғы тамыздың бас кезінде революциялық қызметі үшін ол қамауға алынды. Түрмеде Тоқаш Бокин Ақпан төңкерісінің жеңісіне дейін отырды.
Жазалаушылармен соңғы ұрыс 1916 жылғы қыркүйектің аяғында Қапал уезіндегі Быжы өзенінің маңында жүрді. Көтерілісшілердің жасақтары жеңіліске ұшырап, қалғандары тауға кетті. Жетісудағы көтеріліс 1916 жылғы қазанда басып-жаншылды.
Көтерілістің ең бір күшті болған орталығы Торғай облысы еді. Мұнда көтеріліс ең бұқаралық, ең ұзаққа созылған, ең табанды және ұйымдасқан көтеріліс болды. Көтеріліс Торғай, Ырғыз, Ақтөбе және Қостанай уездерін қамтыды.
Торғай уезінің қыпшақ руының қазақтары өздерінің ханы (әмірі) етіп Нияз бидің немересі Әбдіғапар Жанбосыновты сайлады. Ал оның әскерінің бас сардарбегі (әскер қолбасшысы) болып Амангелді Иманов тағайындалды. Арғын руының болыстарын Оспан Шолақов басқарды.
Амангелді Иманов 1873 жылы Торғай уезінің Қайдауыл болысындағы ауылдардың бірінде, кедей шаруаның семьясында туған. Әкесінен ерте айырылған Амангелді байлардың есігінде жүріп, бала күнінен-ақ жоқшылық пен мұқтаждық көрді. Амангелді Имановтың ұйымдастырушылық қабілеті халық көтерілісінің алғашқы күндерінен бастап-ақ айқын көрінді. Көтерілісшілердің штабы (орталығы) Торғай даласының қиыр түкпірінде, Батпаққара маңында орналасты. Ол отрядтарын 10, 50, 100 және 1000 адамнан құралған топтарға бөлді. Олардың басына онбасы, елубасы, жүзбасы, мыңбасы тағайындалды.
1916 жылғы қазанға қарай Торғай және Ырғыз уездерінде 20-ға тарта көтерілісшілер отряды құрылды. 23 қазанда Амангелді Иманов бастаған 15 мың көтерілісшілер Торғай қаласын қоршап алды. Бірақ олар қаланы ала алмай, қоршау бірнеше күнге созылды. Амангелді бастаған көтерілісті басу үшін патша үкіметі генерал А. Д. Лаврентьев басқарған 10 мың әскер жіберді. Лаврентьев әскерлерінің келе жатқанын естіп, көтерілісшілер Торғайды қоршауды қойып, оған қарсы аттанды. Жазалаушылар көп шығынға ұшырап, көтерілісшілер қатарын әрең бұзып өтіп, 16 қарашада Торғай қаласына келіп кірді.
Қарашаның екінші жартысында көтерілісшілердің негізгі тобы Торғайдан 150 шақырым жерге қашықтап шегініп, Батпаққараның төңірегіне жиналды. Мұнда соғыс қимылдарына басшылық ететін кеңес құрылды. Амангелді Имановтың басшылығымен осы жерде жазалаушыларға қарсы көтерілісшілердің партизандық күрес әдістерін кеңінен пайдаланды.
Бірақ қыстың ерте түсуі көтерілісшілердің қимылын қиындатты. Көтерілісшілер өздерін азық-түлікпен қамтамасыз етіп, алыс жерлерге жертөлелер салды, киіз үйлер тікті. Сөйтіп, 1917 жылдың басынан бастап, А. Иманов күресті әрі қарай жалғастыруды көздеді.
Патша жазалаушылары мен Амангелді Имановтың көтерілісшілері арасындағы соғыс қимылдары 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясынан кейін де жалғаса берді.
Торғай облысында Амангелді Имановпен бірге көтеріліске басшылық етіп, оның дүниетанымын қалыптастыруға зор ықпал жасаған большевик Әліби Жанкелдин еді. Ол 1884 жылы Торғай уезінің Қайдауыл болысында кедей семьясында туған. 1902 жылы орыс-қазақ мектебін бітіргеннен кейін, ол Қазан семинариясына оқуға түсті. 1905 жылы Қазақ студенттерінің революциялық қозғалысына қатысқаны үшін, семинариядан шығарылды. 1906 жылы революциялық қызметі үшін, оны осының алдында ғана оқуға түскен Мәскеу семинариясынан шығарды. 1915 жылы большевиктердің Петроград ұйымы оны партия мүшелігіне қабылдады.
Көтерілістің бірыңғай басшылығы және ұйымдастырушы орталығы болмаса да, Қазақстанда болып жатқан оқиғалар басқа аймақтарға ықпал жасап, өзара байланысты болып отырды. Көптеген аудандарда көтеріліс антифеодалдық сипат алды. 1916 жылғы көтеріліс қазақ еңбекші бұқарасының таптық сана-сезімін арттыруда зор рөл атқарды. Көтеріліс патшаның малайлары ретінде феодалдық рулық жоғары топтың шын сиқын қазақ шаруаларына айқын көрсетіп, ауылдағы тап күресін жаңа сатыға көтерді.
Көтерілістің негізгі қозғаушы күші ұлттық шаруалардың қалың топтары, сондай-ақ жаңадан туындап келе жатқан жұмысшы табының өкілдері, қолөнершілері еді. Оған қазақ халқының өзге топтарының, сонымен бірге демократиялық интелегенцияның өкілдері де қатысты. Жалпы алғанда, Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақтармен қатар ұйғырлар, өзбектер, дұнғандар және кейбір өзге халықтардың өкілдері қатысқан тұтас бір ұлттық сипатқа ие болды.
Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы — Ресей империализмі дағдарысының бір көрінісі еді. Бұл қозғалыс Ресейдегі азаттық күресінің жалпы тасқынына ұласты. Ол империядағы саяси және әлеуметтік дағдарыстың одан әрі асқына түсуіне себепші болды, әскери-феодалдық және әскери отаршылдық басқару жүйесінің іргесін шайқалтты.
Қазақстан 1917 жылғы Ақпан революциясы кезінде
1917 жылдың басында Ресейдің революциялық жаңа толқыны көтерілді. Империалистік соғысты азамат соғысына айналдыру ұраны кеңінен насихатталды. Патша өкіметі бұқараның жаппай қарулануынан қатты сескене бастады. Революциялық дағдарыстың пісіп-жетіліп келе жатқандығы ұлт аймақтарында, оның ішінде Қазақстанда да сезілді. Өлке халқының арасында революциялық өрлеудің өрістеуіне бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түсіп, Қазақстан жеріне айдалған Австрия-Венгрия мен Германия соғыс тұтқындары да елеулі әсер етті. 1917 жылы олардың жалпы саны 41.285 әскери адамды құрады. Бұлардың басым көпшілігі Омбы, Ақмола, Павлодар, Семей уездерінде орналасты.
1917 жылы 27 ақпанда Петроградта буржуазиялық-демократиялық революция жеңіске жетті. Патша өкіметі құлатылып, министрлер мен көрнекті шенеуніктер тұтқынға алынды. Патша өкіметі құлатылғаннан кейін бүкіл Ресейдегі сияқты Қазақстанда да қос өкімет орнады. Бұрынғы патша шенеуніктері, эсерлер, меньшевиктер және ұлтшылдар басқарған буржуазиялық Уақытша үкімет органдарымен қатар халықтық өкіметтің жаңа органдары жұмысшылар, шаруа және солдат депутаттарының кеңестері құрылды.
Патша өкіметінің құлатылуын Қазақстан еңбекшілері саяси және ұлттық азаттық алудың бастамасы ретінде қабылдады. Революцияшыл халық бұқарасының белсенді қимылдары нәтижесінде өлкеде бұрынғы өкімет өкілдері орындарынан түсіріліп, тұтқынға алынды. Буржуазиялық-демократиялық ақпан төңкерісінің жеңіске жетуі өлкедегі еңбекшілердің саяси белсенділігін арттырды.
Қазақстанда кеңестер 1917 жылы наурыз-мамыр айларында Семейде, Әулиеатада, Петропавлда, Көкшетауда, Ақмолада, Павлодарда, Оралда, Өскеменде, Атбасарда, Түркістан өлкесінде және т. б. жерлерде құрыла бастады. Жұмысшы табы мен солдат депутаттарының кеңестерімен қатар сәуір-мамыр айларында шаруа депутаттарының кеңестері құрылды. Бұл кеңестерде көпшілік орынды меньшевиктер мен эсерлер алды. Сонымен бірге буржуазиялық уақытша үкіметтің жергілікті органдары 1917 жылы наурыз-сәуір айларында құрылды. Бұлардың басында бұрынғы патша өкіметінің отарлаушы шенеуніктері, қанаушы таптардың өкілдері тұрды.
Ұлттық интеллигенцияның қалыптасуы және «Алаш» партиясының құрылуы.
Қазақстанда қазақ интеллигенциясы басқарған қазақтардың ұлттық облыстық және уездік комитеттері де ұйымдастырылды. Оларға комиссарлар болып ұлттық интеллигенцияның өкілдері, атап айтқанда, Торғай облысында Ә. Бөкейханов, Жетісу облысында М. Тынышбаев, Түркістанда М. Шоқаев, т. б. тағайындалды.
Уақытша үкіметтің Қазақстандағы жергілікті органдары кулактарға, қазақтардың басшы топтарына, қазақ ауылдарының бай-манаптарына арқа сүйеді. Олар жұмысшылар мен еңбекшілердің революцияшылдық шабытын әлсіретуге тырысты, халықты тонауларын жалғастыра берді, бұқараны империалистік соғыстың ауыртпалықтарын өз мойындарымен көтеруге мәжбүр етті. Қазақтарды саяси құқықтарынан айырған ескі заңдар күшінде қалды, орасан зор жер иеліктері мен орыс-казак әскерінің сословиелік артықшылықтары сақталды, қазақ халқының таңдаулы жерлерін тартып алушы Қоныс аудару басқармасы өз қызметін өзгертпеді. Сөйтіп, Уақытша үкімет Қазақстанда бұрынғы патша өкіметінің саясатын одан әрі жалғастырды.
Патша өкіметі құлатылған соң, Қазақстан большевиктері астыртын жағдайдан шықты. Большевиктік партияның қатарына С. Сейфуллин, Б. Серікбаев, Т. Рысқұлов, С. Арғыншиев және басқалары кірді.
Ақпан революциясы жеңгеннен кейінгі Қазақстан жұмысшы табының елеулі табысы – кәсіпшілер одақтары ұйымдарының құрылуы еді. Олардың қалыптасуында Орынбор-Ташкент теміржолшыларының Қүрылтай съезі және Омбы темір жол жұмысшылары мен қызметкерлерінің бірінші съезінің үлкен маңызы болды. Бұл съездердің күн тәртібінде бірқатар маңызды саяси және экономикалық мәселелер қаралды. Олар: Уақытша үкімет пен соғысқа көзқарас, 8 сағаттық жұмыс күні, жұмысшы, солдат және шаруалар депутаттары Кеңестеріне қатыстылық, контрреволюциямен күрес, Құрылтай жиналысына қатысу, пенсиямен қамтамасыз ету және т. б. мәселелер.
Осы кезде Омбы, Орынбор, Ташкент, Семей т. б. қалалары оқу орындарының қазақ жастары алғашқы кезде мәдени-ағарту істерімен шұғылданған жастар үйірмелері мен ұйымдарын құрды. Орынборда «Еркін дала», Омбыда «Бірлік», Оралда «Жас қазақ», Троицкіде «Үміт» деп аталатын және басқа жастар ұйымдары, 20 шақты үйірмелер мен топтар пайда болды. Бұл ұйымдардың белгілі бір бағдарламалары болмады, әлеуметтік құрамы жағынан да біркелкі емес еді. Алайда, олар қазақ халқын патша өкіметінің ұлттық орталық езгісінен азат етуді шын пейілдерімен қалады, өз халқының білім алуын талап етті, еңбекшілердің санасында ұлттық бірлік, бостандық пен тәуелсіздік идеяларын оятуға ұмтылды. Солардың бірі Тұрар Рысқұлов ұйымдастырған «Қазақ жастарының революцияшыл одағы» еді. Оның құрамына қазақ халқының орташа және кедей топтарынан шыққан алдыңғы қатардағы жастар енді. Орынбор қаласында шоғырланған қазақ оқығандары өзара кеңесіп, кезек күттірмейтін ұлттық мәселелерге байланысты бір тұжырымға келу үшін жалпы қазақ съезін шақыру туралы шешім қабылдады. Олар «Қазақ» газеті арқылы қазақ және қырғыз халықтарына арнайы үндеу жолдады. 1917 жылғы 21–26 шілдеде Орынборда болған «Бүкіл қырғыздық» съезде «Алаш» партиясы қалыптасып, басшы органдарын сайлады. Оның құрамына Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдос Омаров, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, т. б. кірді. Бұл партияның сол жылы 5–13 (18–26) желтоқсанда Орынборда өткен екінші съезінде қазақтың автономиясы – Алашорда Үкіметі – Ұлт Кеңесі құрылды. «Алаш» партиясының Бағдарламасы бекітілді. Ол негізгі 10 бөлімнен тұрады. Олар:
Жаңа құрылған үкіметтің құрамына 15 адам, Халық Кеңесі төрағасы болып Әлихан Бөкейханов бекітілді. Бұл үкіметтің негізгі мақсаты ұлттық бірлікті жандандыру саясаты болған еді.
1918 жылғы 5 қаңтарда Бүкілресейлік құрылтай жиналысының күшпен таратылуы Алаш автономиясын құру мүмкіншілігіне де зардабын тигізді. Алашорда басшылары мен большевиктер арасындағы қайшылық тереңдей түсті. Егер Алаш партиясы, біріккен ұлттық зиялылар большевиктерге қазақ қоғамына мүлдем жат әлеуметтік тәжірибені күштеп танушы, қазақ жұртына іріткі салушы күш ретінде қараса, большевиктер Алаш қозғалысына ұлттық буржуазия мен феодалдық топтардың таптық мүддесін қорғайтын төңкеріске қарсы кертартпа күш есебінде қарады.
Сөйтіп, қазақ елінің ғасырлар бойы мыңдаған асыл азаматтары басын тіккен биік арманы – ұлттық мемлекетті қалпына келтіру ісі – Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметімен бірге тоталитарлық өктемдік пен империялық зорлық-зомбылықтың шабуылына көміліп, тарих қойнауында қала берді.