Әміре Қашаубаев (1888 -1934) — қазақтың атақты әншісі, актер әрі музыканты. Шығыс Қазақстан облысының Абыралы ауданына қарасты Дегелең тауының алабында туған. Шыққан тегі Орта жүз ішіндегі Тарақты руы.
Кедей шаруа отбасында туып өскен. Әміре 12 жасқа толғанда әкесі Семей қаласына көшіп келген. Жас Әміре Исабек деген байдың ат айдаушысы болып еңбекке ерте араласады. Исабек жас әншіні жанына ертіп жүріп, той-жиындарда ән салғызады. Көп ұзамай Әміренің атақ-даңқы бүкіл Семей өңіріне жайылады.
Атақты Қоянды жәрмеңкесіне барып, ел аралап ән салып, қараөткелдік Сәтмағамбет, Ғазиз Айтбаев, баянауылдық Жаяу Мұса, Қали Байжанов, керекулік Майра Уәлиқызы, қарқаралық Мәди Бәпиұлы сияқты арқалы әншілермен танысып, өнерін одан әрі шыңдай түседі.
Әміре Қашаубаев 1921–1924 жылдары Семейде құрылған қазақ жастарының ағарту ұйымы «Ес-аймаққа» мүше болып, әншілік өнерін шыңдай түседі. 1924 жылы Семейде өткен өнерпаздар байқауында Қали Байжановпен бірге бас жүлдеге ие болады. 1925 жылы Қызылордада өткен Қазақстан Кеңестерінің V съезі мен 1927 жылы Мәскеуде болған Кеңестердің IV съезіне делегат ретінде қатысып, делегаттар үшін ұйымдастырылған концертте өнер көрсеткен.
1925 жылдың 26 маусымында осы концерт жайында «Правда» газеті «Керемет концерт. Маусымның шыңы. Керек болса башқұрт қурайшысы Исенбаев, қазақ әншісі Әміре Қашаубаев, өзбек биші-әншісі Тамара Ханум… шын мәнісіндегі халық артистері» деп жазды.
1925 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік сән өнері көрмесінде этнографиялық концертте «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қос балапан», тағы басқа әндерді орындап екінші орын алып, күміс медаль иемденеді. «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикль» журналы Әміре Қашаубаевтың сирек кездесетін талант екенін жазса, Сарбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған. Осылайша Әміре Қашаубаев шет елде өнер көрсетіп қазақ елін танытқан тұңғыш әнші болды. 1927 жылы Мәскеу консерваториясында қазақ әндерін тамылжыта шырқады. Германияның Майндағы Франкфурт қаласындағы концертке қатысып, қазақтың халық әндерін тағы да әлемге паш етті. Әміре Қашаубаевтың әндері дүние жүзі мәдениетінің ірі өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс тағы басқалар тарапынан жоғары баға алған.
А. В. Затаевич Әміренің әншілік өнеріне тәнті болып, одан «Балқадиша», «Дударай», «Бес қарагер», «Көк көбелек» тағы да басқа әндерін жазып алған. Оның әншілік өнерін, өнердің парқын терең түсінетін мамандар А. В. Луначарский, Г. Любимовтер және қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілдері М. Әуезов, С. Сейфуллин, И. Байзақов, Ә. Марғұлан, Ж. Елебеков, А. Жұбанов, Қ. Жандарбековтер жоғары бағалаған.
1925 жылы Әміренің орындауында фонографқа жазылып алынған «Жалғыз арша», «Үш дос», «Ағаш аяқ», «Смет», «Дударай», «Бес қарагер» әндерін 1974 жылы музыка зерттеушісі Ж. Шәкәрімов тауып, олар техникалық өңдеуден өткеннен кейін қайтадан күйтабаққа түсірілген.
Әміре Қашаубаев орындаған қазақтың классикалык әндері ол айтқан үлгі өнегемен орнығып, кейінгі әншілердің репертуарларында жалғасын тапты. Бұл ретте Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Жәнібек Көрменов, Қайрат Байбосынов, Мәдениет Ешекеев, Бекболат Тілеуханов сияқты жез таңдай әншілердің Әміре өнерін жалғастырушы лайықты ізбасарлар болғанын атап айтқан жөн.
Ә. Қашаубаев 1926 жылы Қызылордада ашылған жаңа театр труппасына қабылданды. М. Әуезовтың «Еңлік-Кебек» трагедиясы алғаш қойылған кезде Жапал рөлін ойнады. Кейін М. Әуезовтың «Қаракөз», «Бәйбіше-тоқал», «Айман-Шолпан» спектакльдерінде Қоскелді, Қойшы, Жарас, Ақын образдарын сомдаған. Өмірінің соңына дейін театрда әнші-әртісі болған. 1934 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ опера жөне балет театрына ауысты.
Ауыр сырқатқа ұшыраған әнші оқыстан қайғылы қазаға ұшырады.
Әміре Қашаубаев жөнінде жазылған бірнеше зерттеулер, көркем шығармалар жарыққа шықты.
Ә. Қашаубаев атындағы республикалық жас әншілер байқауы өтіп тұрады. Семей қаласындағы облыстық филармония Ә. Қашаубаев атымен аталады.