Мұратбаев Ғани (3.6.1902, қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданы – 15.4.1925, Мәскеу) – Орта Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, БЛКЖО мен Коммунистік Жастар Интернационалының қайраткері. Қазалыдағы орыс-қазақ мектебін, жоғары бастауыш училищесін (1910–18), Ташкенттегі орта білім беретін қазақ-қырғыз педогогикалық училищесі жанындағы ауылдық мектептер үшін нұсқаушы-лекторлар курсын (1919–20), Ташкенттегі мемлекеттік үлгі-тәжірибелік мектебін және Орта Азия мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетін (1920–21) бітірген.
1919 жылы Коммунистік Жастар ұйымына мүше болып қабылданып, бірер жыл қалалық, уездік комитетте жұмыс істеді. Жетісу облысында мұғалімдер даярлайтын курстар ұйымдастырды, Жетісу облысы және Ташкент, Самарқанд, Верный қаласы комсомол ұйымдарының негізін қалауға ат салысты. Ташкенттегі жетім балаларды интернатқа, балалар үйіне орналастыруға белсене кірісіп, олар үшін ұйымдастырылған интернаттың директоры болды. 1920 жылы Түркістан комсомолының 3-съезінде ОК мүшелігіне сайланып, қазақ-қырғыз жастары бюросын басқарды.
1921 жылы алдымен Самарқанд өлкелік комсомол комитетінің, кейін Түркістан Республикасы комсомол ұйымы ОК-нің бірінші хатшысы болып сайланды. Ол осы уақытта Ташкентте «Жас алаш» газетін ұйымдастырып, оның тұңғыш редакторы болды. Қазақстан комсомолының құрылуын жариялаған 1-өлкелік съезді (1921 жылы 7–13 шілде) өткізуге тікелей басшылық жасады. 1922–24 жылдары РКЖО-ның 5-съезінде Ресей Коммунистік Жастар одағы ОК-нің мүшесі, Коммунистік Жастар одағы ОК Орта Азия бюросының алғашқы төрағасы болып сайланды. 1924–25 жылдары Ресей Лениншіл Коммунистік Жастар одағы ОК-нің бюро мүшесі, Коммунистік Жастар Интернационалы атқару коммитетінің шығыс елдері жастар арасындағы жұмыс бөлімінің меңгерушісі болды. Ол Коммунистік Жастар Интернационалының 3–4 конгрестерінің, Коминтерінің 4-конгресінің делегаты болып сайланды.
Өкпе ауруынан қайтыс болып, Мәскеудегі «Ваганьков» қорымына жерленді. М. Хорезм республикасының Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Қазалы қаласында мемориалдық мұражайы ашылды. «Біздің Ғани» атты көркем фильм, «осындай қысқа ғұмыр» атты деректі фильм түсірілді.