Тоқаш Бокин (1890–1918) – Жетісудағы 1916 жылғы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі. Бұрынғы Жетісу облысының Верный уезінде көшпелі кедей шаруа отбасында дүниеге келді. 1898–1906 жылдары Верный қаласындағы ерлер гимназиясында білім алды. Одан соң 1914 жылға дейін Верный уезінің сот органдары мен қоныс аудару басқармасында тілмәш болды.
1913 жылы Верный қаласында өзінің 1802 сөзді қамтыған қазақша-орысша сөздігін шығарды. 1914–1916 жылдары Санкт-Петербор қаласында сот палатасында жұмыс істеді. Осы кезеңде ол патша үкіметіне қарсы түрлі саяси ұйымдардың бағдарламаларымен танысады. 1916 жылы елге оралған Т. Бокин қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінің Жетісу ошағы жетекшілерінің бірі болды. Ол қазақтар, қырғыздар, ұйғырлар, дүнгендер арасындағы үгіт жұмысына басшылық жасады, соғыстың халыққа қарсы сипатын түсіндіріп, патша жарлығын орындамауға шақырды.
1917 жылы большевиктер басқарған саяси күштермен жақындасып, Жетісу облысында Кеңес өкіметін орнатуға ат салысты. Ол 1918 жылы қаңтардың 2–13-і аралығында Верный қаласында өткен Кеңес өкіметін орнатуды жақтаған Жетісу облыстық шаруалар депутаттарының 2-ші съезіне қатысты, одан соң Жетісу соғыс-революциялық комитетінің мүшелігіне сайланды. Большевиктік өкіметтің жергілікті (болыстық, ауылдық, селолық) жүйесін құру ісіне қатысып, жергілікті әскери бөлімдерін жасақтап, оларды 1918 жылдың көктем және жаз айларында азық-түлікпен қамтамасыз етуге күш жұмсады.
Т. Бокин сол жылы өлкеде азамат соғысы етек алған кезде саяси күрестің құрбаны болды. Белгілі жазушы З. Шашкин көрнекті қоғам қайраткерінің өмірінен сыр шертетін «Т. Бокин» атты роман жазды. 1967 жылы Алматы қаласында оған ескерткіш орнатылды, Алматының бір көшесі, Іле ауданының бір ауылы Тоқаш Бокин есімімен аталады.