Ежелгі Ұлы Жібек жолында, кең арналы Сырдария өзенінің жағасында бой көтерген осы Отырар қаласы бағзы замандарда Фараб атауымен әйгілі болған. Осы бір құтты мекенде әл-Фараби жарық дүниеге келіп, жастық шағын өткізген. Әбу-Насыр Мұхаммед әл-Фараби Фарабтың өзінде емес, соның маңындағы Весиж қалашығында туған. Алайда Весижді ешкім біле бермейтін, ал Фарабтың атақ-даңқы сол кездің өзінде шартарапқа кеңінен мәлім еді. Уақыт өте келе Весиж ұмытылып, асқан ой иесінің Отаны Фараб қаласы саналып кетті. Арыс өзенінің Сырдарияға құяр сағасына таяу орналасқан бұл қаланы қыпшақтар Қарашоқы деп те атаған.
Ортағасырлық ұлы ғұлама, асқан ойшылдың отаны – Фараб шаһары қазіргі Оңтүстік Қазақстан өңірінде орналасқан. Ол Араб халифаты құлағаннан кейінгі уақытта мұсылман әлемінің саяси және мәдени орталығы болған.
Мұхаммед әскери ойындардан гөрі өзіне ерекше бір ермек тапты. Кітап оқып, хат тануға ден қойды. Ол уақытта кітап дегенді қолға түсіру оңай емес-ті, сондықтан кітап тауып оқуға бар мүмкіндігін салды. Қағазға жазылған сиқырлы таңбалардың құпиясын шешкен сайын өзіне жаңалық ашқандай болды. Мұхаммед өз құрбы-құрдастары сияқты ойын қуғанның орнына, өзімен өзі болғанды ұнататын. Әсіресе, қолы қалт етсе Арыстың жағасына келіп, көк шалғынға жайғасып, айналадағы заттар мен құбылыстардың ішкі сырына үңіліп, ой жүгірткенге құмар еді.
Аристотель әл-Фарабидің өмірінде үлкен рөл атқарды, үнемі дұрыс жол сілтейтін темірқазықтай болды. Аристотельдің асқан білімдарлығы оның замандастарын тәнті еткен. Тіпті мыңдаған жылдар кейін де ғалымдар мен философтарды таңдандыруын қоймаған. Атақты Александр Македонскийдің өзі Аристотельдің шәкірті екені белгілі. Шығыста бұл ғұламаны «Бірінші Ұстаз» атап кеткен. Оның ізін қуған оқушылары мен мұрагерлері өте көп болғанымен, ешқайсысы «Екінші Ұстаз» деген жоғары атаққа жете алмаған.
Тек Аристотельден кейін бір мыңжылдық және екі ғасырдай уақыт өткен соң ғана Шығыста, «ай астындағы әлемде» бір ойшыл-ғалым ғылым шыңына көтерілді. Оны замандастары «Муаллим ассана», яғни «Екінші Ұстаз» атандырды. Бұл ұстаздың шын аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед әл-Фараби еді. Оның басты ұстанымы, өмірінің мәні әлемді танып, біліп, оның заңдылықтарын адамдарға көрсетіп беру болды. Әбу Насыр әл-Фараби ұлы ғалым, философ, математик, өнертанушы, әдебиетші әрі ақын болған.
Ортағасырлық Отырарда кейін қазақ хандығының құрамына енген қыпшақ, қаңлы, қоңырат рулары тұрды. Ол жартылай дихан, жартылай көшпелі халықтың сауда орталығы болды.
Арабтар Отырарды Фараб деп атайтын. Ұлы ғұламаның әл-Фараби аталуы осыған байланысты. Оның қыпшақша толық аты – әл-Фараби Мұхаммед ибн ұзлақ Тархани. Бұл арада түркінің «Тархан» сөзі адамның ақсүйек тұқымынан шыққанын білдірсе, екіншіден, әскери тұлғаға қатыстығын да сездіреді. Әл-Фарабидің негізгі еңбектері 200-ден астам. Ол философиямен, математикамен, қоғамдық ғылымдармен, саз өнерімен, поэзиямен айналысқан.
Сонымен қатар әл-Фараби тамаша музыкант, орындаушы болған және өлең де шығарған. Домбыра, қобыз сияқты аспаптар жасап, музыка жазған.
Ол Отырарда медресе бітіріп, ондағы аса бай кітапханадағы қолжазбалармен танысады. Білім алуды одан әрі жалғастыру үшін сол кездегі аса ірі мәдени орталық саналған Бағдад қаласына барады. Бағдадта ғалымдар үйі және әлемдегі ең бай кітапхана жұмыс істеген. Өмірінің көп жылдарын Бағдад қаласында өткізеді.
Әл-Фараби өнер-білім меңгеруде тамаша еңбекқорлық пен төзімділік танытады. Ол кейбір кітаптарды түсіну үшін 100–200 рет қайталап оқыған. Бала кезінен оны табиғаттағы ғажайып құбылыстар таңғалдырған. Оны дұрыс түсіну үшін, ғылым-білім іздеп көптеген елдер мен қалаларда: Хорасан, Каир (Мысыр), Дамаскіде (Шам) болып, жиі саяхат жасаған. Сол кездегі белгілі ғалымдармен кездесіп, олармен сырласады. Ол өте қарапайым, қанағатшыл адам болған. Жұпыны киіріп, той-думаннан бойын аулақ ұстаған. Күндіз қалалық бақта күзетшілік қызмет атқарған. Ал тапқан ақшасына кітап сатып алып, түні бойы шырақ жарығымен оқып, ізденумен болған.
Маңызды еңбектер жазып, бұрынғы белгісіз болған көптеген ғылыми жаңалықтарды ашады. Көптеген қиындықтарға да кездеседі. Оның дүниені танып-білу көзқарасына кейбір адамдар қарсы шыққан кездер де болған. Сондықтан ол Бағдадтан алдымен Хорасанға қоныс аударады, өмірінің соңын Дамаскіде өткізеді. Мұнда өзінің көптеген еңбектерін жазады.
Оның философиялық және математикалық еңбектерінің ең көрнектілері — «Алмагестке түсініктемелер», «Диалектика», «Метафизика», «Ғылымдардың шығу тегі туралы», «Кәріптер туралы», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы трактат» және т. б. Әл-Фараби поэтикалық шығармашылық психологиясын алғашқылардың бірі болып зерттеді. Поэзия жайында үлкен трактат жазған оның өзі де тамаша ақын еді. Әл-Фараби 950 жылы 80 жасында Шам шаһарында қайтыс болды.