Алматының 2,5 мың жылдық тарихы бар. Қала тұрған жерді ежелден қазақ ұлтын құраған тайпалар мекен еткен Іле Алатауының етегінде орналасқан. Алмату қаласы туралы алғашқы жазба деректер Рашид ад-Диннің шығармаларында кездеседі. Бабыр Шыңғыс хан шапқыншылығынан қираған Алмалык, Алмату қалалары туралы жазады. Мухаммед Хайдар Дулати және Шараф ад-Дин Йезди өз шығармаларында Алматуды атап кеткен. Археологиялық зерттеулер қазіргі Алматының орнында ертеректе сақтар, кейінірек үйсін, орта ғасырларда дулат тайпалары өмір кешкен елді мекендер мен қалашықтар, Алмалық пен Алмату қалалары (екеуі екібасқа қала) болғандығын дәлелдеп отыр. Бұл қалалардың қираған құрылыстарын 1251–1259 жылы франццуз королі IX Людвигтің елшісі және Қытай саяхатшысы Чжан Дэ өз көздерімен көргендіктерін жазған. Алмату қаласының аты жазылған күміс ақшалар, сақтардың 25 барыс бейнесімен безендірілген «Жетісу құрбандық табағы», ғажайып «Қарғалы тәттісі» бұл жердің мыңдаған жылдық тарихы бар өркениетті өлкенің орталығы болғандығын көрсетеді.
Ол Іле Алатауының солтүстік етегінде теңіз денгейінен 700–900 метр биікте, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің алқаптарында жатыр. Ертедегі түріктердің салты бойынша қала осы өзендердің атымен аталған. Алматы шаһарының орналасқан аймағынан археологтар қола мен темір дәуірлерінен қалған ескерткіштерді ашты.
Б. з. д. 10 — 9 ғғ. қола дәуірінде қазіргі қала аумағы ертедегі жер өңдеушілер мен малшылардың қонысы болды. Бұған дәлел — ерте кездегі Тереңқара мен Бұтақты қоныстарының табылуы. Бұл жерлерде керамика, тастан жасалған қарулар, темір мен сүйектен жасалған бұйымдар табылған.
Б. з. д. 7 ғ. — б. з. д. сақ дәуірінде Алматы сақтардың, кейіннен үйсіндердің тұрғылықты жері болған. Осы кезеңнен көптеген қорғандар мен қоныстар орындары қалған; олардың арасында ерекшеленетін «сақ патшаларының» қорғандары. Солардың ішіндегі ең танымалы — Есік қорғаны, онда «Алтын адам», Жалаулы қазынасы, Қарғалы диадемасы, Жетісулық «Көркемдік қоласы» — шамдар, құрбандық шалатын орын, қазан сияқты көне дәуір жәдігерлері табылған. Сақ және үйсін дәуірінде Алматы аумағы Қазақстан жерінде құрылған ертедегі мемлекеттердің орталығы болған.
Б. з. 8–10 ғғ. Алматы өміріндегі келесі кезең орта ғасыр кезеңі. Бұл қала мәдениетінің даму, отырықшылыққа көшу, жер өңдеу мен қолөнердің дамуы, Жетісу аумағында көптеген қалалық қоныстардың пайда болу кезеңі. Қазба жұмыстарының нәтижесінде керамика, темір және сүйек бұйымдар табылған.
10–14 ғасырларда «Үлкен Алматы» аумағындағы қалалар Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда байланысына қатысты. Алматы сауда, қолөнер және ауылшаруашылық орталығының біріне айналды. Бұған дәлел — осы жерде табылған 13 ғасырдың 2 күміс дирхемі. Бұл дирхейде алғаш рет қаланың аты аталынады.
Алматы — Сақ, Үйсін дәуірлерінде іргетасы қаланып, біздің заманымыздан бұрынғы ІІ-І ғасырларда Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қалалардың бірі әрі бірегейі. Өйткені ол осы сауда жолының Солтүстік желісінің үстінде орналасқан қала. Қытайдың Ланьчжоу қаласынан Ұлы Жібек жолы басталып, Шығыс Түркістандағы Дуньхуан қаласына келіп, ол Оңтүстік және Солтүстік болып екіге айырылған. Оның Солтүстік тармағы Қашқар, Жаркент қалалары арқылы Қойлық, Алматы, Қаскелең, Ұзынағаш, Қарақастек қаласы және асуы арқылы Шу, Талас өңірлеріндегі қалалардың үстімен Ташкент, Самарқанд, Бұхара шаһарлары арқылы осы күнгі Түрікменстандағы Мерв қаласына барып, Ұлы Жібек жолының екі желісі қосылып, бір тармақ болып Византияға дейін жеткен.
Орыс офицері В. Городецкий Алматыны арнайы зерттемей, тек көзге түскенін қағазға түсіріп, негізгі орталығы туралы жазған сияқты. Оның ең маңызды деп жазғаны, өзіне ерекше әсер қалдырған соң, картаға нақты түсіргені керуен сарай болса керек. Тарихи деректерге қарағанда, бұл — қалаға ат басын тіреген үлкен керуендер тоқтайтын сарай болған. Оған шартараптан саудагерлер, саяхатшылар, елшілер келіп тұрған. Қазақстанды отарластырғаннан кейін, Алматы қаласына Ресейдің белгілі шығыстанушы ғалымдары П. П. Семенов-Тянь-Шанский, Н. М. Пржевальский, Г. Н. Потанин, И. В. Мушкетов, Н. А. Северцов, А. Н. Краснов, В. В. Бартольд, т. б. жиі-жиі келіп тұрған. Орыс әскерінің қатарында қазақ халқының көрнекті ағартушысы, ғалымы Ш. Уәлиханов та Алматыға бірнеше рет ат басын тіреген.
Ш. Уәлиханов тайға таңба басқандай етіп былай деп жазған: «Орыстар келгенге дейін ұлы жолдың үстіндегі дүниеге белгілі Алматы қаласының болғаны және бұл қалаға Италияның Генуя қаласынан Қытайға бара жатқан саудагерлерді және қыпшақ елшілерін кездестірген». Мұның өзі Алматының сол кезде-ақ белгілі сауда орталықтарының бірі екенін дәлелдейді. 1855- 1858 жылдары Ш. Уәлиханов Жетісу қалаларының ішіндегі Алматы, Қойлық, Алмалық қалалары мен Таңбалы тас ескерткіштерін зерттеп, суретке түсірген, біршама теңгелер тапқан. 1855 жылы Шоқан Уәлиханов күнделігіне жазғандай, Қоқан ханы Алматыға «40 000 әскер жіберіп, қаланың төңірегіндегі ондаған шақырым жерді қоршап алған».
1854 жылғы ақпанның 4-інде Іле Алатауының баурайында Ресей империясының әскери қамалы Верныйдың негізі қалануымен қала тарихының жаңа кезеңі басталады.
1854 жылдың күзінде Верный қамалының құрылысы аяқталды. Верный қамалының бір жағы Кіші Алматы өзенінің бойымен орналасқан, ағаштан құрылған бесбұрыш пішінінде салынды. Кейіннен ағаш кірпіш пен таспен ауыстырылды.
1855 жылғы шілденің 1-інде Верный қаласына казактардың бірінші тобы көшіп келді. 1856 ж. орыс шаруалары да көшіп келе бастады. Олар қамал жанынан салынған Үлкен Алматы орталығына қоныстанды. Қоныс аударғандардың көбеюіне орай Кіші Алматы бекеті мен Татар (Райымбек) көшесі пайда болды. Бұл жерге татар қолөнершілері мен саудагерлері қоныстанды. 1859 жылдың мамырында қоныс аударғандардың саны 5 мыңға жетті. Құрылыс жұмыстарына инженер Л. Александровский жетекшілік жүргізді, ал құрылысты басқарған әскери-инженер Ц. Гумницкий болды.
1867 жылғы сәуірдің 11-інде Верный қамалының атауы өзгертіліп, Алматинск қаласы аталды. Бірақ сол жылы «Дала комиссиясының» баяндамасы бойынша қаланың аты Верный болып қайта өзгертілді. Верныйдың қала болуы сол кездегі реформаларға байланысты болды. Верный өзімен аттас Верный уезі мен Жетісу ауданының орталығына айналды.
1921 жылы Кеңес өкіметінің ұйғарымымен Верный қаласына бұрынғы Алматы аты қайтарылды. 1929 жылы астананың Қызылордадан Алматыға көшірілуі қаланың қарқынды өркендеуіне жол ашты.
Алматы – республикамыздың ірі ғылыми, мәдени, білім және өндіріс орталығы. Басыңда мәңгі қар жатқан әсем Алатаудың баурайына орналасқан. Алматы – дүниежүзіндегі көрікті қалалардың бірі. 1998 жылы Қазақстанның астанасы қазіргі Астана қаласына көшірілді. Осыған орай «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң қабылданған болатын. Ол заң бойынша Алматы бұрынғысынша еліміздің ғылыми, мәдени, тарихи қаржы және өндіріс орталығы болып қала бермек.