Семей ядролық полигоны, Семей сынақ алаңы – КСРО Қорғаныс министрлігі мен Атом өнеркәсібі министрлігінің бұйрығымен құрылған, ядролық жарылыстар жүргізілген сынақ аймағы. Полигон бұрынғы Семей облысы, Абыралы ауданы, сонымен қатар Павлодар және Қарағанды облыстарының біраз жерін қамтыды. Сынақ аймағында 1949–1989 жылдар аралығында 470-тей қуаты әр түрлі ядролық жарылыстар жасалды. Әуеде – 90, жер үстінде – 26, жер астында – 26.
Алғашқы атом сынағы үшін әскери құрылысшылар көлемі 300 шаршы километр «тәжірибе алаңын» дайындады. Алаңның қақ ортасындағы 30 метрлік темір мұнараның төбесіне қуаты 20 килотонн ядролық заряд орнатылды. Айнала темірбетон қорғаныштар, бронды мұнаралар мен доттар бой көтерді. Орталықтан әр түрлі қашықтықта әскери техника, артиллерия қаруы, танктер, ұшақтар, автомобильдер, бронемашиналар орналастырылды. Салынған пана-жайлардың көпшілігіне тәжірибе жасалатын хайуанаттар – қойлар, шошқалар, иттер, атжалмандар кіргізілді. Одан сәл қашықтау тұтас бір қалашық – үш қабатты тұрғын үйлер, өнеркәсіп орындары, жер асты жолы, теміржол және автомобиль көпірлері салынып, оларда жанар май құйылған вагондар мен цистерналар тұрды. Алаңға әскери форма кигізілген адам кейпіндегі заттар, азық-түлік салынған жәшіктер қойылды. Мұның бәрі ядролық жарылыстың алапат күшінің, қуатын зерттеу үшін дайындалды.
1949 жылы 29 тамызда таңертеңгі сағат 6.30-да Абай және Абыралы аудандарында халыққа алдын ала ескертілместен қуаттылығы 30 килотонна болатын бірінші жарылыс жасалды. Мұнда 1951 жылы 18 қазанда уран бомбасы, 1953 жылы 12 тамызда жер үстінде дүние жүзінде алғаш рет қуаттылығы 500 килотонна болатын сутек бомбасы сыналды.
Семей ядролық полигонында 1961–1962 жылдары әуеде және жер үстінде 50-дей ядролық бомба сыналды, 1963–1988 жылдары жыл сайын 14–18 сынақ өткізіліп, Жер астында барлығы 343 ядролық жарылыс жасалды. Осы жарылыстардың әсерінен радиоактивті шөгінділер жарылыс болған эпицентрден бұлттар мен жел арқылы таралды. Сынақ жүргізілген жерлерде радиацияның деңгейі 448 Бэр-ге жеткен. Семей ядролық полигонында ауада және Жер бетінде сыналған ядролық зарядтардың қосынды қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан 2,5 мың есе асып түсті.
Сынақ аймағын радияциялық тексеруден өткізгенде, ондағы радиоактивтік заттардың (цезий-137, стронций-90, плутоний-239; 240, кобальт-60) мөлшері қалыпты мөлшерден бірнеше есе жоғары екені анықталды. Зиянды радиоактивтік заттар топырақты, суды, егістік жерлерді және мал жайылымдарын ластады. Семей аймағының халқы сәулеге ұшырау мөлшеріне қарай 3 категорияға бөлінеді: 1-категорияға – жарылыс эпицентрінен 100–150 км қашықтықта орналасқан Абай, Бесқарағай және бұрынғы Абыралы, Жаңасемей, Шұбартау ауданы мен Семей қаласы жатады; 2-категорияға – 150–300 км жерде орналасқан Жарма, Аягөз, Бородулиха және бұрынғы Шар, Жаңашүлбі аудандары кіреді; 3-категория эпицентрден 300 км-ден әрі орналасқан Үржар, Көкпекті және бұрынғы Таскескен, Ақсуат, Мақаншы аудандарының тұрғындарын қамтиды.
Бұл қала бірде бір географиялық картада көрсетілмеген. Курчатов – Павлодар облысының Май ауданындағы қала. Ресми түрде Шығыс Қазақстан облысының құрамына кіреді. Семей қаласынан солтүстік-батысқа қарай 130 км. жерде, Ертіс өзенінің сол жағасында орналасқан. Іргесі 1947 жылы әскери горнизон ретінде қаланды. Аса құпия жер болғандықтан оның аты жиі өзгеретін. Москва-400, Семей-21, Ақырғы нүкте, ал 1974 жылы қалалық статус алып, Курчатов болып аталды. Мұнда Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының Бас дирекциясы орналасқан.
Мұнда зерттеу және эксперимент жасау жұмыстары үшін барлық жағдай жасалды, ал тұрғындар үшін «коммунистік пейіш» орнады. «Курчатов қаласында И. Курчатов, Ю. Харитон, А. Сахаров, Я. Зельдович сияқты кеңестің көрнекті физиктері уақытша тұрып, жұмыс істеді.
Семей ядролық полигонындағы жергілікті тұрғындарды медициналық тексеруден өткізгенде тұқым қуалайтын ауруға шалдығуына байланысты адамдарды, әсіресе, жасөспірімдердің арасында ерте қайтыс болу жиі кездесетіні анықталған. Сондай-ақ қатерлі ісік, сүйек тіндерінің аурулары, иммунды жүйелер мен қан құрамының бұзылуына байланысты ауруға шалдыққандар көп. 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды.
Полигон өмірінен деректер:1. 1949–1963 жылдар – бұл Семей полигонында ядролық қаруды ашық жерде сынаған кезең.
2. 1961 жылы елімізде континентарлық баллистикалық ракеталар жасалды да, оларға қажет ядролық зарядтарды сынақтан өткізу міндеті қойылды. Сондықтан 1961–1962 жылдары сынақтар жиірек өткізілді.
3. Қазақ ССР Ғылым академиясы Жоғары энергиялар институтының деректері бойынша, Семей полигонында атмосферада және жер бетінде сыналған ядролық зарядтардың қосынды қуаты Хиросима бомбосының қуатынан 2,5 мың есе асып түседі.
4. 1949–1963 жылдар кезңінде 50 мыңнан астам адам кәдімгі ядролық жарылыстар жағдайында йондаушы радиацияның күшті және созылмалы сәулесіне көп рет тап болды.
5. Ядролық сынақтардың басталғанына 1–2 жыл өткен соң-ақ зардап шеккен аудандарда балалар өлімі 4–5 есе көбейіп, жаңа туған 100 нәрестенің 85–100-і ажал құшағына енді.
6. Статистика мынаны көрсетеді: әрбір жерасты сынағының ертеңінде және содан кейінгі 3–4 күн бойына дәрігерлік мекемелерге әртүрлі шағыммен келген азаматтар саны әдеткі күндердегіден 3–4 есе көп болған.
7. Зерттеу мына бір жағдайдың бетін ашты: полигонға тікелей тақау жерде тұратындар арасында, одан едәуір шалғай елді-мекендерде тұрушыларға қарағанда өзін-өзі ажалға қию 5 есе жиі кездеседі екен.
»Невада -Семей" ядролық жарылысқа қарсы халықаралық қозғалыс – қоғамдық-саяси ұйым. 1989 жылы 26 ақпанда құрылып, қазан айында ресми тіркелді. Оны басқарған – белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов. Республика халқынан кеңінен қолдау тапқан қозғалыс ядролық жарылыстарға қарсылық білдіріп, әлемдегі ядролық қауіпті жоюды мақсат етті, Семей ядролық полигонында ядролық сынақтарды тоқтатуға қол жеткізді. Қазақстанның көптеген қалалары мен аймақтарында, сондай-ақ Ресей, АҚШ, Италия, Жапония, Түркия, т. б. елдерде ұйымның бөлімшелері құрылған.