Өзінің тарихи даму жолында қазақ халқы XVII-XVIII ғасырларда тар жол, тайғақ кешу заманын басынан өткізді. Солтүстік-батыс және солтүстік жақтардан озбырлық көрсетіп отырған қалмақтармен, башқұрттармен, орыс казактарымен ұдайы қақтығыстар болып тұрды. Ал оңтүстік пен оңтүстік шығыс жағымыздан жоңғарлар төндіріп келген қауіп-қатердің жөні тіпті бөлек.
Сөйтіп, 300 жыл бойына қазақтармен үздіксіз соғыс жағдайында болып келген жауынгер халық Жоңғарлар карта бетінен біржола жойылды. Осынау өзара қырқысқан соғыстардың салдарынан миллиондаған қазақтар қырылып, екі мемлекет те мейлінше әлсіреді, экономикалық жағдайы төмендеді. Тек қана қазақ халқының табанды ерлік, соғыс кезіндегі ауыз бірлігінің нәтижесінде ел мен жер біржола құрып кетпей, сақталып қалды. Бұған XVIII ғасырдағы Абылай ханның кемеңгер сыртқы саясаты, оның шайқастар кезіндегі талантты басшылығы үлкен ықпал етті.
Халықтың дәстүрлі құқықтарын нығайтуда Тәуке ханның атқарған рөлі мейлінше үлкен болды. Тәуке хан ұзақ та мағыналы ғұмыр кешті. Халық жадында оның заманы алтын ғасыр ретінде сақталып қалды. Тәуке жоңғарларға қарсы күрестерде аты шыққан атақты Жәңгір ханның бел баласы болатын. Жастық шағы үнемі жоңғарларға қарсы қиян-кескі соғыстармен өткен ол батыр әрі ақылгөй ретінде ел-жұртына ерте танылды. Ата-баба жолымен ол да хандыққа сайланып, ел басқарудың күрделі кезеңдерін бастан кешті. Ол тақта ұзақ отыру үшін әскери күштерге иек артқан жоқ. Жеке басының жақсы қасиеттері, шешендік өнері, жан-жағын болжай білетіндігі оның үш жүзге де ықпалды хан болуына септігін тигізді.
Бірақ ол шексіз биліктің иесі болуға ұмтылған емес. Көптеген маңызды жұмыстар хан кеңесі – билердің, батырлар мен сұлтандардың бас қосулары арқылы шешіліп отырды. Тәуке ханның заманында қазақ мемлекеттігін нығайту жолдары үнемі назардан бір сәт түсіп көрген жоқ. Кіші жүздің бытыраңқы жеті руының Жетіру атанып, бірігуі, Орта жүздің Керей мен Уақ руларының бірлесуі осы ханның тұсында болғаны ел аузынан мәлім. Бұндай жақындасулар ірі ру-тайпа одақтары арқылы әскери күш-қуатты арттыруға, ел іргесін бекітуге орынды ықпал жасады. Қазақ қауымында мәңгі бітпес жер дауы, жесір дауы деген мәселелердің шешілуін жеңілдету үшін ру-тайпалардың жеке таңбалары, көші-қон жолдары нақты белгіленді. Тарихи қалыптасқан ел ішіндегі құқық нормалары жүйеленді. Сөйтіп Тәуке хан тұсында XVII ғасырдың аяғына қарай дала қоғамының заңдары тиянақталды.
Жеті жарғы – Тәуке хан (1678–1718) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы. Ол жеті бағыттағы баптардан тұрды:
«Жеті жарғы» баптары
а) Кімде-кім бір адамның көзін шығарып жіберсе, оған қызын беруі тиіс, ал қызы жоқ болса, қызға берілетін қалың мал мөлшерінде құн төлесін.
б) Кімде-кім біреудің қол-аяғын зақымдаса, құнына өз атын төлесін.
«Жарғы» сөзі қазақша әділдік, шешім деген ұғымды білдірген. «Жеті жарғы» — жеті әдеттік құқықтық жүйеден тұратын қоғамдық қатынастарды реттейтін салалардың жиынтығы. Олар: жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тәрбиесі және неке, қылмыстық жауапкершілік, рулар арасындағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Жеті жарғыны» қазақ халқы ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданып келді. Ал кейбір заңдар Қазан төңкерісіне дейін қолданылды.
«Жеті жарғыны» жасауға үш жүздің билері мен өкілдері қатысқандықтан, ондағы міндеттер мен құқықтар барлық қазақ жерінде қолданылды. Жыл сайын күзге қарай Ташкенттен қырық шақырым жерде, Ангрен өзенінің сол жақ жағалауындағы Күлтөбе дегн жерде үш жүздің өкілдері бір-екі айға жиналып, кеңес құратын. Бұл жиындарда халқымыздың тағдырындағы сыртқы жаулардан қорғану, көші-қон жолдарын реттеу, ел-жұрт арасындағы дау-дамайларды шешу сияқты ең маңызды мәселелер талқыланатын. Бұл жиындарда мемлекеттің сыртқы және ішкі жағдайына байланысты мәселелер дауыс беру негізінде шешілді. Жиынға қару асынып келген азаматтардың ғана дауыс беру құқықтары болды. Сонымен бірге қару ұстап келген азамат жылына өз байлығының жиырмадан бір бөлігін салық ретінде мемлекетке беруге міндеттелді. Жиынға қатысушы әр рудың өз таңбасы болды. Бұл таңбалар құрылтайда мемлекеттік рәміз дәрежесінде бекітілді. «Күлтөбенің басында – күнде кеңес» деген ұғым сол уақыттардан қалған.
Қазақтың негізгі байлығы мал болғаны белгілі. Сондықтан «Жеті жарғы» заңдарына сай әр меншік иесі өз малдарына ен салуға міндеттелді. Сонымен қатар, әр рудың жайылым жер меншігі қатаң белгіленді. Жазалаудың ең көп таралған түрі – құн төлеу болған.
«Жеті жарғының» негізін салғандар Ұлы жүзден шыққан Төле би Әлібекұлы (1663–1756), Орта жүзден шыққан Қазыбек би Келдібекұлы (1667–1763) және Кіші жүз Әйтеке би Бәйбекұлы (1682–1766) сияқты қазақтың атақты үш биі деседі. Бұлар — «Жеті жарғыны» тәптіштеп жасап қана қоймай, өмірдің барлық салаларында қолдануға көп еңбек сіңірген адамдар. Би дегеніміз – сот және басқа құқық мәселелерімен айналысатын, әділет жаршысы, заң адамы болған. Тәуке ханның заманында бұл жарғы талаптары қатаң сақталып отырған.