Адамдар өте ерте кезден-ақ бір-бірімен сауда жасасқан. Бұл сауда орындарының – базардың, жәрмеңкенің, сонымен қатар ел мен елді, қалалар мен халықтарды бір-біріне жалғаған сауда жолдарының пайда болуына себепші болды. Жолдар бір-біріне қосылып, батысқа, шығысқа, оңтүстікке, солтүстікке қарай көршілес жатқан жерлердің бірінен соң біріне жылжи отырып созыла берді. Осылайша Еуропа мен Азияда Ұлы Жібек жолы пайда болды. Чжан Цянбның жасаған саяхаты нәтижесінде б. з. б. 2 ғасырда ашылды.
Ұлы Жібек жолының бір тармағы – Египет пен Вавилонда, Иранда өте қымбат бағаланатын, әдемі көк тас лазурит тасымалданған — «лазурит жолы» деп аталған. Екінші тармағы – Қытайдағы императорлар мен ақсүйектердің сүйікті заты болған әшекейлер жасау үшін әдемі нефрит тасын тасымалдайтын — «нефрит жолы» болған. Ал үшінші «бұлғын жолымен» қымбат бағалы терілер тасылған. Ғалымдардың анықтағананындай бұл б. з. б. II ғасырда болған.
Ұлы Жібек жолы ежелгі Қазақстан жерімен де өткен.
Бас сауда жолы Тянь-Шань тауларының бөктерімен жүріп, Сырдария, Талас, Шу, Іле алқабын кесіп өтіп, Қытайға қарай созылып жатты. Оның тармақтары бұрын Яксарт, кейінірек Сейхун деп аталған Сырдария жағасымен Аралды бойлап Жайық өзеніне, ары қарай Қара теңіз жағалауына, Византияға, Батыс Еуропаға өтті.
Басты жолдан Орталық Қазақстан даласымен Сарыарқаға, Ертіске, Алтай мен Моңғолияға апарар жолдар тарамдалып жатты. Жолдың бойында Испиджаб, Тараз, Құлан, Аспара, Алматы, Талхир, Қаялық, Усбаникет, Отырар, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Янгикент, Сарайшық қалалары бой көтерді.
«Ұлы Жібек жолы» деген атау тек 1877 жылы пайда болды. Оны неміс географы Фердинанд фон Рихтгофен қалыптастырды.
Сол кездегі сауданың басты тауары Қытайда өндірілетін жібек болған. Сондықтан жол «Жібек жолы» деп аталған. Жібекпен бірге Шығыстан Батысқа, Батыстан Шығысқа – Римде, Францияда, Византияда, Русьте, Иран мен Араб халифатында, Ерте түркі қағанаттарында, Қытай, Корей, Жапонияда өндірілген көптеген тауарлар ағылды.
Мұндай экзотикалық тауарлардың тізімі өте үлкен. Олар: хош иісті заттар – жасмин (ақгүл, ақтамақгүл) суы мен асбра иіс майлары, кардамон астатымы, мускат жаңғақтары; женьшень мен дәрі-дәрмектер; кілемдер мен кенептер, бояулар мен минералдық шикізаттар; алмас, яшма, янтарь мен теңіз маржандары; морж сүйегі мен азу тістері, алтын мен күмістер; қымбат терілер мен теңгелер; садақ-жебелер, қылыш пен найзалар және бұдан басқа көптеген заттар.
Қазақстандық археологтар ортағасырлық қалаларға қазба жұмыстарын жүргізу барысында тауып алған металл ақшалар алыстағы Қытай мен Византияда, Иран мен Үндістанда соғылған. Сонымен қатар, сол елдерден керуендер арқылы жеткізілген басқа заттарды да кездестірді.
Ежелгі Талхир қаласына жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде Иранда жасалған қола табақ пен қытай фарфоры, жапонның фаянс ыдыстарының сынықтары аршылып алынды.
Осы ирандық ыдыстар Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұражайдағы экзпозицияға қойылған.
Жібек жолын зерттеудің әрі маңызды, әрі сирек олжасы – Отырардан табылған күміс ақша мен заттар көмбесі. Көмбедегі тиындардың жиыны таңғаларлық. Ол жерде Шығыс Түркістан қалалары – Алмалық, Пулад, Эмиль (Еміл), Орда әл-Азамның; еуропалық Қырымның; малайзиялық Сива, Кони, Тебриздің; қазақстандық Жент қалаларының ақшалары жинақталған. Ақшалардың соғылған уақыты XIII ғасырдың 40–60 жылдары. Заттардың ішінен, әсіресе, күмістен жасалған ұйғыр жазуы бар құрама белдік жапсырмалар, ортаазиялық бұрама білезіктер, поволжиялық өрме білезіктер, Кіші Азия қалалары шеберханаларының бірінде жасалған белдік айылбастар – теңдесі жоқ жәдігерлер. Көмбе Моңғол империясы кезіндегі Жібек жолы бойында орналасқан қалалардың айғағындай.
Сонымен қатар, Жібек жолы арқылы жан-жаққа діни ой-пікірлер де таратылды. Миссионерлер (басқа діндегілер арасына өз дінін, әдет-ғұрпын уағыздайтын, насихаттайтын адам) өз діндерін алыс елдерге алып барды. Үндістаннан Орта Азия мен Шығыс Түркістан арқылы Қытайға, Кореяға, Жапонияға буддизм келді. Вавилоннан Иран мен Закавказье арқылы иудей діні тарады.
3–6 ғасырларда Ұлы Жібек жолымен көбіне «қажылар жолы» ретінде пайдаланылды, бұл жол арқылы будда монахтары Қытайдан Үндістанға, Үндістаннан Қытайға сапар шекті. 7–10 ғасырларда Ұлы Жібек жолының халықаралық маңызы арта түсті – Қытай Византиямен және арабтармен байланыс орнатты. 15 ғасырдан теңіз байланысының дамуына байланысты Ұлы Жібек жолы маңызын жоя бастады. Ұлы Жібек жолының ұзындығы 7 км-ден асты.
Жібек жолы буддизммен қоса Батыстан Шығысқа қарай христиан және ислам діндерінің кең өріс алуына себепкер болды.
Жібек жолы – әлемдік өркениеттің Азиядан Еуропаға шексіз дала, асқар тау арқылы жол салған жарқын көрінісі.