Б. з. б. 1 мыңжылдықтың басында Қазақстан аумағын мекендеген халықтардың шаруашылық өмірінде бірқатар маңызды өзгерістер болды. Қазақстанды мекендеген тайпалар осы кезде көшпелі мал шаруашылығына бейімделе бастады. Бұл жағдай шаруашылықтың дамуына негіз болды. Мұнымен қатар көшпелілер арасында мәдениет те дамыды. Б. з. б. VIII – VII ғғ. Қазақстан аумағын мекен еткен тайпалар темірді пайдалана бастады. Бұл кезең тарихта тас, қола дәуірінен кейінгі ерте темір дәуірі деп аталды. Аталған дәуірге жататын ескерткіштер Қазақстанның Зайсан көлі маңынан, Жетісудан, Тасмола қорғандарынан табылды. Бұл дәуірде Қазақстан аумағын сақ, ғұн, қаңлы т. б. тайпалары мекен еткен.