Тұрмағанбет Ізтілеуов (1882-1939 жж.)

Жалшылықта жүріп күн көрген кіші жүздің Кете еліндегі Ізтілеу кедейдің баласы Тұрмағамбет қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Ленин ауыл советінде 1882 жылдың 9 июлінде туған.

Жасынан оқуға ойы сергек, әкесі ерте өліп жетім қалған жігері бар бала ауылдағы мұсылман мектебінен алғаш білімге қанағаттанбай, таудай талаппен оқу іздеп Орта Азияға аттанады. Белгілі жазушы, көрнекті ғалым Садриддин Айнимен бірге Бұхара қаласындағы «Көгелташ» медресесін бітіріп шығады.

Толығырақ…

16 жасқа келгенде әкесі дүние салып, Тұрмағанбеттің балалық шағы қиындықпен өтті. Алғаш рет өз ауылындағы Ораз, Алдашбай ахундардың мектебінен мұсылманша сауат ашып, арабша хат таниды. «Болат кездік қап түбінде жатпайды» демекші, шәкірттер арасында зерек-тігімен көзге түсіп, ұстаздарының ұсы-нысымен сонау Өзбекстан еліндегі Бұхара қаласына арман қуып оқуға келеді. Ұшқан құстың қанаты талатын өркеш-өркеш шағыл құмдардан асып, Қызылқұмның үстімен керуенге ілесіп, жол азабын шегіп әрең жетеді. 1899 жылдан бастап атақты «Көкелташ» медресесіне оқуға түседі. Ол жерде дін оқуымен қатар, араб, парсы, шағатай, өзбек, тәжік тілдерін еркін меңгереді. Шығыс жұлдыздарының шығармаларын қызыға оқиды. Атап айтқанда, Омар Һайям, Шайхы Сағди, Рабғузи, Хафиз, Низами, Әбілқасым Фердауси, Рудаки, Физули, Мақтұмұлы, Жәми және тағы басқа шайырлардың еңбектерімен танысады.

«Фердауси, Науаи мен Низамилер
Өшпестей еңбек жазды назым-насыр.
Солардың асыл сөзін назым еттім,
Естіген қайран қалып басын қасыр», – деген ақынның өлең жолдары осыған дәлел.

Ол шығыс классиктерінің «Данышпан қарт», «Лұқпан хакім», «Іскендір», «Білімсіз бай», «Әділетсіз әкім» сынды шығармаларын оқып, оларды қазақ тіліне аударды. Кезінде Өзбекстан Республикасының қоғам қайраткері болған академик-жазушы Садриддин Сайдмұратұлы Айни да (1879–1955) сол жылдары «Көкелташ» медресесінде дәріс алған. Қос жұлдыздай өнер-білімге құштар екі жас бірге оқып жүріп, тез достасып кетеді. Екеуі де шәкірттер арасынан суырылып шығып, әртүрлі білім сайыстарында көзге түседі, оқуды бірге аяқтап, 1905 жылы шатырхат алып шығады.

Мыңдаған жылдар бойы сылаңдай аққан Сыр өңірінде тарихымыздың төрінен өзіндік орнын тапқан небір асыл тұлғалар өткен. Солардың бірі – қазақ әдебиеті мен мәдениетіне айрықша үлес қосқан, суырып салма ақындығымен, ерекше талантымен елге танылып, «Сыр сүлейі» атанған Тұрмағанбет Ізтілеуов.

Бұдан кейін Тұрмағанбет туған жеріне оралып, мектеп ашып, бала оқытады. Осы кезден ол өзінің ақындық, шығармашылық жұмыстарымен шұғыл-дана бастайды.

«Өнердің ең артығы ілім еді,
Ілімнен барлық пайда білінеді.
Суменен сепкен тұқым көгергендей,
Ой құсы оқуменен тіріледі…», – деп жастарды ғылым-білімге үндеп, кеңес береді. Өз заманындағы тұрмыс ауыртпалығы мен қолдан жасалынған ашаршылықты күйіне жазып, былайша суреттейді:

«Заң азды, төресі әділ жан жоғынан,
Тозды жұрт тойып жейтін нан жоғынан,
Жер жүзін жеті қабат зұлмат басып,
Жол таппай жүдеді жұрт таң жоғынан…».

Оның ең үлкен еңбегі – Орта Азия халықтарының мәдениетінен жоғары орын алған «Шаһнама» эпопеясын қазақ тіліне назиралаған аудармасы. Бұл ең-бекті 1936 жылы қаңтар айында бас-тап, он ай бойы аударып, қазан айында аяқтады. Гомердің «Илиадасынан» кем түспейтін 40 000 жолдан тұратын бұл көлемді шығарманы 934–1020 жылдары өмір сүрген шығыс классигі Әбілқасым Фердауси 30 жыл бойы жазған еді. Аталмыш еңбек Фердаусиден де бұрын түркі халықтарының аузында ертегі-аңыз түрінде баяндалып келген. Онда патшалардың, батырлардың (Дарий, Ескендір, Кейкауыс, Мұхаммед пайғамбар (с. ғ. с.), Әзірет Әлі, Придон, т. б.) есімдері, жағрапиялық жер-су атаулары (Мысыр-Египет, Герат, Ферғана, Самарқан, Кашмир, Үрім (Рим), Шираз, Жейхун, Сейхун, Шаш (Тәшкен) және тағы басқа атаулар мен тарихи деректер кездеседі. Шығарма аңыз түрінде жетсе де, ондағы кейіпкерлер тарихта болған тұлғалар. Бұған нақты зерттеу жүргізілсе, біраз көмескі құпиялардың бетін ашуға болар еді. Ол алдағы уақыттың еншісінде.

Тұрмағанбеттің қол жазбаларын фольклортанушы ғалым жерлесіміз М. Байділдаев жинап, өңдеп баспаға ұсынды. 1961 жылы осы еңбектің бір тарауы «Рүстем Дастан» атты 600 беттік кітап болып 70 000 данамен Алматы-дағы «Жазушы» баспасынан жарыққа шықты. Ақын бұл туралы «Кейінге нені тастап кетемін деп?» деген өлеңінде:

«… Алпысты алдым-дағы қалдым серлеп»,
«Қалайда қапы өтіп кетем бе» деп,
Кітабын «Шаһнаманың» еттім ермек,
Өлеңмен он бір буын он ай жазып,
Бітірдім басым сипап, шаршап, терлеп… «, – дейді.»

Арада он бір жыл өткен соң, 1972 жылы ақынның туғанына 90 жыл толуына орай таңдамалы шығармалары жинақталып, 260 беттік «Назым» атты кітабы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Ақын көзінің тірісінде өзінің жарыққа шыққан еңбектерін көре ал-май кетті. Десек те, ол:

«Дүниеден өмірім бітіп өтсем де өзім,»
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.
«Көре алмай кейінгіні кеттім-ау» деп
Арманда болмай-ақ қой екі көзім! «, – деп артына өшпес мұра қалдырғанын нық сеніммен айтып кеткен еді. „
“… Ер болсаң, ел-жұртыңа тисін пайдаң.
Амалдап әркім асырар бала-қатын», – деп қолынан келсе, ел-жұртыңа қайыр жасауға үндейді.
«Атпаңдар тіл алсаңдар насыбайды,»
Нас атсаң, нас боласың басыбайлы…
Ұнамас отыру да шылым тістеп.
Оны да қолданбаңдар «қолайлы іс» деп…, – деген өлең жолдары жастарды салауаттылыққа үндейді.
«Ақылдыға біткен сақал – жөн,»

Ақылсызға біткен сақал – «жүн», – деп сақалдының бәрі ақсақал болмайтынын, ақсақалдықтың жолын алып жүрудің жауапкершілігін, қартая білу де өнер екенін, өнегелі қарт жоқ жерде өнерлі жас та шықпайтынын, үлкен иманды болса, кіші ибалы болатынын ескертеді.

Т. Ізтілеуовтың еңбегі кезінде еленіп, Орталық Партия комитетінің шақыруымен Қазақ КСР Оқу халық комиссариатында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Л. И. Мирзоян, Т. Жүргенов, Ә. Қоңыратбаевтармен араласып, қызметтес болды.

«Ақыл тон аңдағанға тозбайтұғын,
Ғылым кен күнде өніп, қоздайтұғын.
Иелік екеуіне еткендердің

Жаны жоқ жер жүзінде озбайтұғын», – деп ақынның өзі жырлағандай, мәдениет саласындағы шоқтығы биік асылдарымыздың өлеңдерін ұрпақ білгені дұрыс.

Өлеңдері
«Кейінгіге нені тастап кетемін» деп
«Бар» мен «Жоқ», «Ал» менен «Бер»
Іні
Абайды оқығанда
Адамдық іс
Арқаның аруы не қозбайтұғын
Арқаның аруы не, қозбайтұғын
Атақ
Ақжібек
Ақындарға айтарым
Балаларым
Жер бетін жеті қабат зұламат басты
Жолдас
Жыл келді
Кең ойлармен кеңес қыл
Күн шықса
Кәрілік белгісі
Мінез
Мақта
Назым
Насыбай
Не қызық?
Ой
Оқ
Рубағият көңіл
Сымбатты сұлу
Сөздері Лениннің — шырын еді
Топжарған төрт тұлпарға
Туғызып қой үстіне бозторғайды
Түс
Шылым
Қадамың құтты болсын, кеңес аға
Қайрама, халық тісіңді
Әр елдің бар бұлбұлы
Өмір
Өмір өткелдері
Мысал
Төрт дос

Ұжымдастыру және жаппай жазалау(1930 — 1940 ж.ж.)