Нұрмақов Нығмет Нұрмақұлы

1895 жылы 25 сәуірде Семей облысы Қарқаралы уезіне қарасты Қу болысында дүниеге келген. Нығметтің әкесі Нұрмақ еті тірі, өнерпаз, сергек кісі болған.

Нығмет бастапқыда ауылдан ашылған орыс мектебінде оқып, кейін Қарқаралыдағы екі класты орыс-қазақ училищесіне түседі.

1911 жылы Романовтар әулетінің патша тағына отыруының 300 жылдығы қарсаңында Омбы қаласында ауылшаруашылық көрмесі өтеді. Осы көрмеге Қу болысының атақты байы Ақайдың Қасені қатысады. Ол өзімен бірге хатшылыққа ұлттық дәстүрдің қыр-сырын түсіндіретін аудармашылыққа орысша жетік білетін Нығмет Нұрмақовты ала келеді. Осы көрмеде ол Шоқанның серігі Григорий Потанинмен, Омбыдағы мұғалімдер семинариясының қызметкері, халықшыл-демократ Александр Седельниковтармен танысып, кейін олар оның Омбы семинариясына түсуіне себепші болады.

Омбы семинариясында оқып жүріп, сондағы білім алушы жастар С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, М. Саматовтармен қосылып, «Бірлік» атты мәдени-ағарту ұйымын құрады.

1915 жылы Нығмет Қарқаралыдағы өзі оқыған орыс-қазақ училищесіне оқытушы болып қызметке кіреді. Ағарту ісімен шұғылданып жүргенде 1917 жылғы төңкерістер оның өмірін күрт өзгертіп жіберді. Сол жылдың күзінде «Дала одағы» деген атпен құрылған еңбекші кеңесіне басшылық жасайды. Бұл кеңес белсенді ұйым болған. Көп кешікпей Колчак үкіметінің орнауымен кеңес таратылып, Нұрмақов бір топ жолдастарымен тұтқынға алынды. 18 ай түрмеде отырып, 1919 жылдың желтоқсанда босанып шығады.

1915 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын, 1931 жылы ВКП (б) ОК жанындағы Коммунистік университетті тәмамдады.

1915—1918 жылдары Қарқаралыда мектеп мұғалімі. 1918 жылы ақпан-мамыр айлары — жұмысшы шаруа депутаттары Қарқаралы уездік кеңесінің хатшысы. 1918—1919 жж. Ақгвардияшылар түрмесінде.

Кейін Қарқаралыдағы еңбекші кеңесін құру барысында П. Бабин, И. Радченко сияқты большевиктермен үзеңгілес жүріп, өмірдің саяси талас-тартысынан мол тәжірибе жинақтайды. Осылайша, Нығмет Нұрмақов жан-жақты ойланып барып, большевиктерге қосылады.

1920—1921 жж. — Қарқаралы уездік ревкомының, уездік атқару комитетінің, Семей губерниялық әскери ревкомының мүшесі және бөлім меңгерушісі, губкомның бөлім меңгерушісі, Семей губерниялық атқару комитетінің мүшесі.

1921 жылдың қазанынан революциялық Трибуналдың төрағасы. 1922 жылдың ақпан айында Орынборға ауысады. Алғашқыда Қазақ өлкелік партия комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары болады. 1922 жылдың қазан айында өткен III Бүкілқазақтық кеңестер сьезінде Нығмет Нұрмақов Қазатком төралқасының құрамына сайланып, оған Республикалық Жоғарғы Трибуналды басқару жүктеледі.

1923 жылдың 11 сәуірінен РСФСР Жоғарғы Сотының қазақ бөлімінің төрағасы. Н. Нұрмақовтың Жоғарғы Сот пен губерниялық прокуратураның қалыптасуындағы ролі ерекше зор.

1923—1924 жж. Юстиция халық комиссариатының алқа мүшесі ретінде оның мәжілісінде тұрақты қатысып, әуелі прокуратура, кейін сот құрлысының қайнаған ортасында жүрген басшының бірі. 1923 жылдың мамырында Юстиция комиссары міндеті жүктеліп, әрі сол жылдың күзіне дейін Сот төрағасы қызметінде қалуының мәнісі оның іскерлігі мен мемлекет басшыларының ортасындағы қалыптасқан беделінде болса керек.

Осы кезеңде прокуратура мен сот органдарын ұйымдастыру, сот құрлысы ережелерін енгізді, кәсіби кадрларды даярлау, іс жүргізуге қазақ тілін енгізу жұмыстары аяқталды. Прокуратура және сот қызметкерлерінің білімін арттыру, білікті жаңа кадрларды қалыптастыру, оларды қызметке тұрақтандыру, жалақыларын өсіру, тұрмыстық жағдайларын жақсарту мәселелерін шешуде де оның табандылығының арқасында біраз жұмыстар атқарылды. Орынборда тұңғыш өлкелік заң курсының ашылуы Нұрмақовтың қызметке келуімен дәл келді. Қысқа мерзімді курстар Семейде, Ақмолада, Қостанайда ашылды. Олардың жанынан еңбек сессиялары ұйымдастырылды.

1922 жылғы 13 шілдеде екінші шақырылған КирЦИК-тің ІІІ сессиясында прокурорлық қадағалау туралы, адвокатура туралы Ережелер қабылданды. 1923 жылғы 28 желтоқсанда КирЦИК жанындағы бас Тәртіптік Кеңес туралы қаулы бекітілді.

1924 жылдың 9 қыркүйегінде Нұрмақов юстиция комиссары міндетін жаңа тағайындалған Н. Ералинге тапсырды. Бұл ауысу Түркістан құрамындағы Сырдария мен Жетісудың Қазақстанға қосылуы нәтижесінде басшы қызметкерлерді іскерлігіне қарай қайта орналастыру қажеттілігінен туындаған болатын.

Нығмет Нұрмақов алғашқыда бірер ай өлкелік партия комитетінде үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Көп кешікпей оған Халком кеңесінің төрағасы міндеті жүктелді.

Нығмет Нұрмақов Қазақстан Комиссарлар Кеңесінің төрағасы қызметінде 4 жыл 4 ай отырды. Сол жылдардағы өмірге жолдама алған мемлекеттік маңызды құжаттардың бәрінде Н. Нұрмақовтың қолы тұрды. Бұл жылдарда Қазақстанның халық шаруашылығы құлаш жайып, Екібастұз, Қарағанды, Ембі, Балқаш өндіріс орындары елге таныла бастады. Түркістан-Сібір темір жол құрлысы басталды.

1924 жылғы қазан — 1929 жылғы сәуір — ҚАКСР Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы. 1929—1931 жж. — Мәскеуде оқуда.

1925 жылғы қыркүйек—қазан айлары — ВКП (б) Киробкомының бөлім меңгерушісі.

1929 жылдың сәуір айында Нығмет Нұрмақов Мәскеуге кетуге мәжбүр болған. Бұл Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік жағдайына байланысты Голощекинмен келіспеушіліктің шегіне жеткен тұсы еді. Нығмет Нұрмақов үкімет басшысы ретінде «Байларды тәркілеу туралы» декретке қолды амалсыз қоя отырып, «науқан» барысында туған әділетсіздіктер мен асыра сілтеушіліктерге ашық наразылық білдірген.

Мәскеуде Нығмет Нұрмақов Бүкілодақтық атқару комитеті хатшысының орынбасары және аз ұлттар бөлімінің меңгерушісі болады. Сібір, Павольженің аз халықтар тұратын аудандарын аралап, қызмет жасады.

1931—1937 жж. — ВЦИК хатшысының орынбасары. ВЦИК Президумының бөлім меңгерушісі ВКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің ҚАКСР ОАК мүшесі.

1937 жылдың қуғын-сүргініне Нығмет Нұрмақов алғашқылардың бірі болып ілінді. Кейін Алматыда, Қарағандыда Нығмет Нұрмақовтан «тапсырма» алып отырған О. Исаев, А. Асылбековтардың ұйымдары табылды мыс. Олардың орталықтағы басшы ұйымын Нығмет Нұрмақов, Т. Рысқұловтар басқарған болып шығады. Мұның бәрі, әрине, ойдан шығарылған болатын.

Мәскеу архивінің анықтамасы бойынша Нығмет Нұрмақов 1937 жылдың 3 маусымында Мәскеудегі пәтерінде тұтқындалып, 27 қыркүйегінде «айыбын мойнына алып», «үштіктің» үкімімен 15 минутта тағдыры шешіліп,42 жасында атылады.

Сталин қайтыс болғаннан кейін 1950 жылдарың екінші жартысында Нығмет Нұрмақов толығымен ақталды. Сүйікті жары Зүфнін 19 жыл өмірін тұтқын лагерьлерінде өткізген. Тұңғыш қыздарын сол жылдары жоғалтып алған. Ұлдары Ноян Ұлы Отан соғысынан аман-есен оралып, әскери полковник шенінде 1986 жылы Мәскеуде қайтыс болған. Зүфнін апай Алматыдағы туған-туысқандарының ортасында тоқсаннан асып көз жұмған.

1937 жылы атылып, 1956 жылғы тамызда ақталды.

Қазақстан Мемлекетінің азаттығы үшін, тәуелсіздігі үшін ақылын, ерік-жігерін аямай, бар өмірін сарп еткен мемлекет қайраткерлерінің алдыңғы сапында әрқашан Нығмет Нұрмақовтың есімі берілді.


Ұжымдастыру және жаппай жазалау(1930 — 1940 ж.ж.)