Абдолла Ахметұлы Розыбакиев (31.10.1897, Верный уезінің [Киікбай] ауылы — 1937) — қоғам қайраткері. Қазақстанда Совет өкіметін орнатуға және нығайтуға белсене қатысқан партия, совет қайраткері. 1917 ж. сәуірде Верный (Алматы) қалалық мұсылман жұмысшылар одағының хатшысы болып сайланды. 1918 ж. Жетісу облыстық ревкомына мүшелікке өтті. Ол О. Жандосов, П. Виноградов, Т. Бокин, т. б. қоғам қайраткерлерімен бірге Жетісу өңірінде Кеңес өкіметін орнатуға қатысты. 1920 жылдың көктемінде Жаркент уездік, қалалық ревкомының төрағасы болып тағайындалды.
Сол жылдың соңында өзі ұйымдастырған ерікті ұйғыр полкінің комиссары ретінде Ферғана "даласында” басмашыларға қарсы күреске қатысты. 1921 ж. тамызда БК (б) П Жетісу облыстық комитетінің хатшылығына әрі облыстық "Қосшы” одағының төрағалығына сайланды. 1924 ж. Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік межелеу жөніндегі комиссияның мүшесі болды. 1925 — 27 ж. Мәскеудегі коммунистік университетте оқыды. БК (б) П Қызылорда округтік комитетінің бірінші хатшысы (1929, мамыр — 1930, наурыз), Қазақ АКСР-інің дайындау комиссары (1930 жылдың соңы — 1932 ж.), Шығыс Қазақстан облысының Павлодар аудандық (кейін округтік) партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. Өмірінің соңғы жылдары Қазақстан КП ОК-нің баспасөз және баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.
1921 ж. маусым айының басында Ташкентте, кейін Алматыда ұйғыр тілінде шыға бастаған «Камбағарлар авази» ("Кедей дауысы”) газетін ұйымдастырушы әрі редакторы болды. 1937 ж. саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. Алматы қаласындағы бір көшеге Розибакиев есімі берілген.