Қайтыс болғаны: 1936
Ұлты: қазақ
Кәрім Тоқтабаев-XX ғасырдың басында өмірі күреспен өткен, күрделі тұлғалардың бірі, бұрынғы Торғай облысы, Торғай уезінің Шұбалаң болысында туған. 1909 жылы Орынбордағы Қазақ мұғалімдер мектебін бітіреді. 1909 жылдан бастап 1912 жылға дейін Тосын болыстық мектебінде мұғалім болады. 1912–1919 жылдары Торғай қаласындағы медресе жанынан ашылған орыс сыныптарының меңгерушісі болып тағайындалады. Сонымен бірге Торғайдың жоғары бастауыш мектебінің математика және физика пәндерінің оқытушысы болады. 1917–1919 жылдары Торғайдан шыққан ұлт қайраткерлері — А. Байтұрсынұлы мен М. Дулатовқа жәрдемдесті.
Мұғалімдік қызметті ол жаны сүйіп, бар ынтасымен істейді. К. Тоқтабаев үшін мектеп өзінің алған білімін жастарға беріп, ұрпақ тәрбиелейтін орын ғана емес, халықты ояту идеясын жастарға сіңіретін, Алаш жұртының мүддесі үшін күресетін саяси мінбе болды. Ақпан төңкерісінен кейін 1917–1918 жылдары ол саяси күреске бет бұрады. Алаш қозғалысына араласып, Торғай кеңесіне мүшелікке алынады. Кейіннен кеңес үкіметі жағына шығады.
1919 жылдан 1921 жылға дейін Семей губерниялық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады.
1921 жылы Көкшетау уезінің азық-түлік комиссары болып бір жылдай жұмыс істейді. Қазақ орталық атқару комитетінің Қызыл керуен уәкілі болады.
1922–1924 жылдары Қазақ автономиясы кеңестік социалистік республикасы Халық ағарту комиссарының орынбасары, саяси ағарту жұмыстары бас басқармасының бастығы болады.
1924–1925 жылдары Қазақ орталық атқару комитеті егін шаруашылығы халық комиссариаты жерге орналастыру бас басқармасының меңгерушілігіне көтеріледі. Бір жылдан кейін 1925 жылы Семей губерниялык атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалады.
1927 жылы Қазақ орталык атқару комитеті халык ағарту, Егін шаруашылығы комиссары қызметтеріне тағайындалып, бұл міндетті 4 жыл атқарады.
1931 жылдан бастап үш жыл КСРО БРОАК жанындағы Қазақстанның өкілі болып Мәскеу қаласында түрады. Алматы облысындағы «Дегерес» қосалқы шаруашылығының меңгерушісі болды.
Кеңес үкіметі Тоқтабаевты лауазымды жұмыстарға қойса да, оның сонау баста алашшыл болғанын ұмытпайды.
1933 жылы қазанда тұтқынға алынады. Алашордашыл деген қылмыс тағылып, 1934 жылы сәуірде бес жылға бас бостандығынан айырылады.
1934 жылы мамырда Воронеж қаласына жер аудару жазасымен ауыстырылды.
1936 жылы айдауда қайтыс болды.