Дүниеге келгені: 1925 1 сәуір
Аманқарағай дуаны, Күнтимес орда-қыстауы, Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылы
Қайтыс болғаны: 1998 қазан
Алматы облысы, Жамбыл ауданында
Тілендиев Нұрғиса Атабайұлы (1925–1998) – қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы.
Туып өскен жері — Алматы облысының Іле ауданына қарасты Шилікемер ауылы. Топырақ бұйырған жері Жамбыл кесенесінің іргесі.
Мазмұны:
1. Білім теңізі;
2. Туындылары;
3. Музыкалық мәдениет;
4. Толығырақ;
5. Күй сезіну;
6. Дарын;
7. Ұлылардың сөзі;
8. «Арман».
НұрғисаМәскеудің П. И. Чайковский атындағы консерваторисының дирижерлік факультетін (проф. Н. П. Аносовың класы бойынша) бітірді. Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында (1953–1961), қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық халық аспаптар оркестрінде (1961–1964) және тікелей өзінің ұйымдастыруымен дүниеге келген «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінде (1981–1998) бас дирижер қызметін атқарды. Сондай ақ, 1968 жылдың «Қазақфильм» киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы болып істеді. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО ның халық әртісі. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Н. Тілендіұлына 1998 жылы «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
Тілендіұлы Нұрғиса қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол 500-ден астам муызкалық төл туындылардың авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да қайран қалдырады: ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, балет. Сүйікті шығармаларынан «Достық жолымен» (1958), «Менің Қазақстаным» контатасын (1959), Қ. Қожамяровпен бірлесіп жазған «Алтын таулар» операсын (1961), «Ата толғауы» және оркестр үшін жазылған шығармаларын (1962), «Халық қуанышы» (1963), «Қайрат» (1964), «Жеңіс солдаты» (1975) сияқты увертюраларын атауға болады. Оның «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Фараби сазы» сияқты күйлері мен «Саржайлау», «Алатау», «Ақжайық», «Ақ құсым», «Өз елім» сияқты ондаған әндері халықтық бояу нақышының қанықтығымен, өзіндік қолтаңбасының айқындығымен жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын рухани қазынасын айналған. Мұның сыртында қырықтан астам пьесаға және жиырмадан астам фильмге музыка жазған. Тілендіұлы Нұрғиса музыкасын жазған М. әуезовтың, Ш. Аймонвтың, Т. Ахтановтың, Ә. Тәжібаевтың пьесалары, сондай ақ «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Ақсақ құлан» фильмдері әлдеқашан қазақ сахнасын мен экран өнерінің классикасына айналған. Ол Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге…», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім…», «Ішім өлген, сыртым сау…», «Қызарып, сұрланып…» өлеңдеріне ән шығарған. Сонымен қатар қазақ ақындарының өлеңдеріне «Ғашыққа мойын қой», «Абай арманы», «Әйгерімнің әні», «Ақынның пайғамбары — Абай ата» әндерін жазды. Қазақстан Республикасы Мемлетінің сыйлығының лауреаты.
Тілендіұлы Нұрғиса қазақтың музыкалық мәдениетіндегі сал серілік дәстүрдің соңғы тұяғы. Ол өнер туындату барысында уақыттың идеологиялық өктемдігіне, ассимиляцияшыл әсіре үрдісіне мүлде мойын ұсынбастан, өзінің тәңір дарытқан төлтума қалпынан қылдай ауытқымай жүріп, шығармашылық даралығын сақтап қала алды. Бұл ретте, Нұрғиса жерден қуат алатын Антей сияқты, қазақтың музыкалық дәстүріне табанын нық тіреп тұрып, өзінің арман аңсарын еш жасқанбастан дыбысқа айналдыра білді. Ол өз заманының музыкалық танымын терең игерген кәсіпқой музыкант бола тұра суырыпсалмалық дәстүрді ұдайы шабыт тұғыры етіп отырды. Былайша айтқанда, көргенді күйттеп, естігенді жаттап отыратын оркестрлік қасаңдыққа Нұрғиса буырқанған шабыт еркіндігін дарыта білді. Бұл рете, Нұрғиса сахараның ақ бас абыздары сияқты, өз үнін көп дауысқа тұншықтырмай, өз лебізін көп даңғазаға ілестірмей, қазақтың дәстүрлі музыкалық тіліндегі дарашыл қасиетті (монодийность) тәу етіп өтті. Нұрғисаның композитор, дирижер, орындаушы ретіндегі ойы көпке ортақ, тілі көпке түсінікті. Егер, салсерілер өнері адамның жан жүрегіне бағытталуымен дараланса, сол ұлы дәстүр Нұрғисаның да барша шығармашылық болмысында аста төк болып, шалқып шашылып жатты. Дәл осы тұрғыда Нұрғиса қазақтың дәстүрлі музыкасының әрін тайдырмастан, нәрін жоғалтпастан тек қана өзіне тән профессионализмді қалыптастыра алды.
Нұрғиса тұңғыш рет қазақтың төл музыкасын төл аспаптарымен оркестрлік үлгіде дыбыстау арқылы, әрі қалай дамытудың тамаша үлгісін көрсетті. Енді, орындаушы Нұрғиса, яғни домбырашы Нұрғиса туралы. Қашанда айғақсыз деректің бәрі қиялмен қоңсылас, болжаммен кіндіктес. Айғақты дерек атаулы шын тарихтың тапжылмас іргетасы. Қазақ маңдайына біткен ұлы күйші – композиторлардың, шүкір қатары қалың. Бүгінге жеткен күй мұрасына да кенде емеспіз. Дегенмен, сұлулыққа іңкәр көңіл кейде қиялдайды: шіркін – ай, осынау құдірет күйлерді сол шығарушы құдіреттердің өзі қалай тартты екен деп. Өкініштісі, арыдағы дәулескер күйшілерден жеткен «қолтаңба» жоқ. Қолдан – қолға көшіп жеткен күйлеріне қанағат. Домбырашы – орындаушылық өнерді көксегенде де, сол көненің күйлерін көкірегіне қонақтатып, бүгінгі күнімізге жеткізген саңлақтардың өнеріне жұбанамыз. Жай ғана жұбанып қоймаймыз, орындаушылық ұлы дәстүрдің жығасы қисаймай, барша сән – салтанатымен, барша шеберлік – шалымымен жеткеніне де күмәнсіз сенеміз. Сендірмей қоймайтын құдірет – бүгінгі күй құмар қауым Дина Нұрпейіскеліні, Қали Жантілеу, Әбікен Хасен, Жаппас Қаламбай, Төлеген Момбек, Нұрғиса Тілендіұлы, Мағауия Хамза, Ырысбай Ғабди, Қаршыға Ахмедьяр, Әзидолла Есқали, Талас Әсемқұл, Шәміл Әбілтай, Секен Тұрысбек, Сыматай Үмбетбай, Мұхаметжан Тілеухан сияқты күйші – орындаушылықтың жылжыған жорғасы мен жылмиғмн жүйріктерін естіп – көріп отыр. Бұлардың әр қайсысы бір – бір мектеп, әр қайсысының саусағына ілесіп сан ғасырдың шеберлік – шалымы жеткен. Сонан соң, бұлардың бәрі де жай ғана жапттап тартатын жайдақ орындаушылар емес, күйші – орындаушылар. Яғни, күй туындататындар, содан да, олар тартатын күйінің ішіне түсіп, кейіпкеріне айналып тартады. Олар арыдағы құдірет күйшілердің өзі тіріліп келіп тыңдаса, өкіндірмейтін дүлдүлдер. Міне, осындай дүлдүл орындаушылардың бірі ғана емес, бірегейі – Нұрғиса. «Солақайдың сойынан сақтан» дегендей, Нұрғиса солақай домбырашы болған. Мұның өзі оң қол саусақтарының пернелерге қапысыз қадалатын икемділігін пайдаланып, мөлдір дыбыстар шығаруына дес берген сияқты. Ол домбыра арқылы айтар ойын жеріне жеткізе айтқан домбырашы.
Қазақ домбырашылары күй өнерін көз арқылы, қол арқылы және құлақ арқылы жұғады деп отырады. Осылардың ішінде күйді құлақпен сіңіретіндердің жөні бөлек. Себебі, көз – көргенінен танбайды, қол – ұстағанынан – айырылмайды. Яғни, күйді көз бен қол арқылы жұғысты еткендер, әдетте, қасаң қайталаушылыққа ұрынады. Ал, құлаққа сіңген күй, сөз жоқ, санаға да сіңеді. Санаға сіңген күй жүректі тербеп, жүрекпен тартылмақ. Нұрғиса болса, күйді құлақпен сіңіріп, жүрекпен тартатын домбырашы. Оның тартқан күйлері жүректен шыққан соң да жүректерді байрап жатады. Нұрғиса домбырашы – орындаушы ретінде қазақтың күйшілік мектептеріне тән төл ерекшеліктерді терең танып – түсінген; сол танып – түсінгенін дыбыстай алар әдіс – тәсілдерді қапысыз меңгерген. Ол Алтайдың тік күйлерін, Арқаның қоғыр күйлерін, Сыр бойының бойлауық күйлерін, Жетісудың жайсаң күйлерін, Атыраудың адуын күйлерін тартқанда, солардың қай – қайсысының да әрін тайдырмай, нәрін жоғалтпай, сәні мен салтанатын келістіріп тарта алған санаулы ғана саңлақтардың бірі. Егер Нұрғиса композитор да болмай, қоғам қайраткері де болмай, тек қана домбырашы – орындаушы болса, ол сонда да қазақтың мәдени – рухани шежіресіндегі көрнекті тұлға ретінде төрден орын алар еді.
Отырар сазы оркестріТілендіұлы Нұрғисаның бойындағы осындай Тәңір дарытқандай көп қырлы, алуан сырлы аста – төк дарынның сыр – себебі кім – кімге де ден қойдыртса керек. Әрине, ондай сыр – себептің негізі қашанда туған топырақ, шыққан тек, өсіп — өнген ортамен кіндіктес. Бұл ретте, Нұрғисаны жарық дүниеге келген сәттен бастап – ақ әнге бөлеп, жырмен құндақтап, күймен тербеткен Жетісудың өнерпаздық дәстүрін тағдырлы себептің зоры десе жөн. Мұндайда көктей шолып болса да, Жетісудың өнер мектебіне тұғыр болған тұлғалардың атын атап, түсін түстеп өті қажет. Бұл ретте, әрине, Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет, Бақтыбай, Бармақ, Үмбетәлі, Қалқа, Кенен, Қуат, Балтағұл, сияқты айыр көмей ақындар, Кебекбай, Сапақ, Ноғайбай, Бөлтірік сияқты от ауызды, орақ тілді шешендер, Қанадан, Байсерке, Бердібек сияқты дәулескер күйшілер, Дәурен – сал, Қырмызы, Жидебай, Балқыбек сияқты толлықсып – бұлықсыған сал – серілер, Ұлбике, Әлмен, Ақкүміс, Ләтипа, Жаңылдық сияқты жезтаңдай қыз – келіншектер алдымен еске түседі. Олар қалыптастырған ұлы өнер мектебі, ұлағатты өнеге Нұрғисадай туа біткен дарынды жөргегінде тыныш жатқызуы мүмкін емес еді.
Осы орайда, Нұрғисаны ақ көйлекпен туған, ақжолтай жан деуге болады. Ол өнерпаздықтың ұлы дәстүрін талбойына сіңірген әкесі – Тілендінің бауырында өсті. Тәңірдің тіліндей күй сарындарын әке алдында отырып бала көкірегіне қонататты. Нұрғисаның анасы Салиха әйгіліКенен ақынның қарындасы, ол кісі де төңірегін әншілігімен тәнті еткен. Сол кісінің сызылта салатын сұлу әндеріне бала Нұрғиса жан – жүрегін тербелтіп өсті. Мүшел жасқа толар – толмас кезінің өзінде – ақ ауылындағы қазақ пен қырғыздың, орыс пен татардың музыкалық аспаптарын тегіс қолынан өткізіп, алуан түрлі ән мен күйді құйқылжыта тартқанда ауыл – аймағы аузын ашып, көзін жұматын болды. Есейе келе Нұрғиса әншіліктің ақиығы Кененнен бата алып, жыр жампозы Жамбылдың сарқытын ішті. Мұның бәрі де Нұрғиса өнерпаздығының себепшісі, бастау бұлағы деуге әбден болады. Алайда, үлкен өнердің сара жолына қадам бастыртқан, тағдырдың жазуындай орайлы сәтке Нұрғиса он төрт жасында кезікті. Кезігушісі – қазақ музыкасына пайғамбардай шапағаты тиген әйгілі Ахмет Жұбан еді. Жеті қабат жер астынан жаңа ғана бұлқынып шығып, булыға ағып, енді ғана жүлге тарта бастаған кәусар бұлақтың тегеурінін жазбай танитын қарт бағьан сияқты, бала Нұрғисаның бойындағы бұла дарынды дана Ахмет те бірден таниды. Таниды да, Нұрғисаны қолынан жетектеп алып келіп, қазақ ұлт аспаптар оркестрінің домбырашылар тобына қосады. Бұл, жазмыш дегенді қойсайшы, оркестр құрамындағы өңшең дәулескер домбырашылардың ішінен домбырашылықтың дүлдүлі Қали Жантілеудің оң жағынан Нұрғисаға орын тиеді. Қалидың алдын көрген құйма құлақ Нұрғиса кешікпей – ақ, бұрын күйді қызығып тартса, енді күйді құнығып тартатын болады, бұрын күйді еліріп тартса, енді күйді елігіп тартады. Міне, осының бәрі де Нұрғиса әлеміне тапжылмас тұғыр болды, осының бәрі де Нұрғиса дарынының сарқылмас қайнар көзі еді. Тілендіұлы Нұрғиса өзінің барша қабілет – дарынын халқының рухын асқақтатуға арнады. Бұл жолда ол халқымен етене тіл табысып, халқының сырласы да, мұңдасы да бола алды. Оның музыкасы баланың да, дананың да жүрегіне жол тауып, дүйім жұрттың рухани жан серігіне айналды. Ол атақ – даңқ іздеген жоқ, атақ – даңқ оны іздеп тапты. Қазақстан композиторларының ішінде тұңғыш рет Халық қаһарманы атағын алды. Кез – келген кесек дарынның күмәнсіз орындалатыны сияқты, бұған дүйәм жұрт қалтқысыз көңілмен қуана қол соқт. Нұрғисаны біртуар дарын, қайталанбас тұлға ретінде көзінің тірісінде – ақ әйгілі замандастары бірауыздан мойындады. Олар Нұрғисаны мақтаған жоқ, халықтың мәдени – рухани өміріндегі құбылыс ретінде Нұрғисамен мақтанды.
Осы ой – толғамдардың алып – қосары жоқ, бәре де ақиқат сөздер. Ойдың орамын Тілендіұлы Нұрғисаның өз сөзімен түйіндеуге болар: «Кейде мен өзімді әке – шешеден тумағандай сезінем. Өйткені, халық алақанына салып, өмір бойы аялап келеді,» — дейді екен. Бұл да шығар күндей шындық.
Бір ауылда той болып, сол тойға Тілендіұлы Нұрғиса арнайы шақырылыпты. Өзі той болған соң, оған Нұрғиса шақырылған соң, әрине, күй талтылады. Күйді, әрине, Нұрғиса тартады. Елдің де күткені сол, күй тартылған сайын тыңдаушы жұрттың айызы қанып, желпіне түседі. Жұрт желпініп, қошамет көрсеткен сайын Нұрғисаның арқасы қозып, домбырасын қырық құбылтады. Тыңдаушының делебесі одан сайын қозады. Жұрт осылайша мәз – мейрам болып жатқанда, бір ақ сақалды қарт құйған мүсіндей болып, шеттеу отырады. Бейне бір тас керең адам секілді, тартылып жатқан күйге селт етпейді. Әрбір күйді тартқан сайын қолпашты қардай боратқан көпшілік Нұрғисаны одан сайын қолқалай түседі.
Еті қызып алған Нұрғиса домбыраны төсіне қойып, басына шығарып, шырқ үйіріп тартады. Тыңдаушы көпшіліктің есі шығып, одан сайын үздіге түседі. Тек, әлгі шеткерірек отырған ақ сақалды қарт сол құйған мүсін сияқты қалпынан селт етер емес. Нұрғиса болса арқаланып алған, домбырасын одан сайын бебеулетіп, одан арман безілдете түседі. Әлден уақытта делебесі қозған бір жас жігіт: «Нұрғиса, сіз күйді башайыңызбен тартады дейді ғой, башайыңызбен тартыңызшы!» деп өзеурейді. Нұрғиса болса сұраушыны жалындырмайды, кебісті қағып тастап, домбыраны башайымен қағады.
Жұрт қыран – топан, айран – асыр, таң – тамаша. Бірақ, шеткеріде отырған қарт қана, селт етпестен, сол тұнжыраған қалпынан танбайды. Содан, күйдің неше атасы тартылып, әннің неше атасы айтылып, тыңдаушының құмары қанып, түннің бір мезгілі болған кезде Нұрғиса тынығып, дем алмақшы болады. Қонақтарды алдын – ала сайланған үйлерге бөліп – бөліп жатқызу үшін тарата бастайды. Нұрғиса болса, бағанағы құйған мүсіндей тұнжыр қарттың үйіне бөлінеді. Үйге келеді. Тап – тұйнақтай қонақ түсетін үй екен. Нұрғисаның көзіне төрде ілулі тұрған қозы қарын қызыл домбыра алдымен шалынады.
Домбыра көрсе Нұрғисада тағат қала ма, қызыл домбыраны қолына алып, шертіп көрсе, домбыраның көмейі күмбірлеп, көкірегі өксиді екен. Нұрғиса қызықғып кетеді де, үй иесіне: «Ақсақал, бір күй тартып берейінші!» дейді. Үй иесі самарқау қалпымен Нұрғисаның бетіне барлай қарап алады да: «Тартсаң тарт, шырағым. Тек, үйдің берекесін алмай, адам құсап тартшы!» — дейді. Қарттың үні мүлде түңілгендей, дені дұрыс күй тыңдаудан күдерін үзгендей болып естіледі. Нұрғиса болса дүние төңкеріліп түскендей «Ах!» дейді. Күнұзынғы қолпаштың, күнұзынғы марапаттың бәрі желге ұшқандай, бәрі жалған сияқты жаны құлазып сала береді. Ол аздай – ақ, сол сәт әкесі Тіленді марқұмның дәл жаңағы қарт сияқты «Күйдің берекесін алмай, күйін келтіріп тартар болар» деп отыратын сөзі есіне түсіп, одан сайын құмығыды.
Тап бір әке өсиетін аттанғандай, күйші әкесінің арманына қылау түсіріп алғандай, жан – дүниесі әп – сәтте әптер – дәптер болады. Сол сәт көкірігінен «Ах, арман – ай!» деген сөздің қалай лықсып шыққанын өзі де аңғармай қалады. Нұрғиса тұғырдағы қырандай дүр сілкініп, есін жияды. Сол қалпында домбыраны үгітіп жіберердей құшырлана бауырына басып отырып, жөргектен құлағына сіңген ескі сарынды сұңқылдатып қоя береді. Күй қолымен емес, жүрегімен тартылады. Тереңнен тепсініп шыққан шұңғыла сарын гөй –гөйлеп, небір нақышты иірім – қайырымдар өзінен — өзі құйылып арманымен қауышқандай сезіне беріледі. Күй аяқталады. Нұрғиса қарсы алдында қақшиып отырған қартқа қарайды.
Қарттың қабағы ашылып, жанары шоқтай жайнап, мүлде басқа күйге түскен. Сол қалпы ботадай елпілдеп: «Ой, бәрекелді, өркенің өссін, қарағым!» дейді. Нұрғиса сонда ғана өзіне өзі келгендей болып, көңілі орнына түседі… Сөйтсе, бұл қартыңыз соғысқа барғанға дейін тыңдаушысын тәнті еткен дәулескер домбырашы екен. Соғыстан сол қолы шынтағынан кесіліп оралыпты. Қол кесілгенмен, көкірек сау, күйге ынтық көңілін өзінше аулап, домбырасын баптап қояды екен. Міне, осы қарттың алдында тартқан күйін Нұрғиса кейін «Арман» деп атап жұртқа жайса керек.