Музыка өнері
Қазақстандық орындаушылар республика тәуелсіздік алғаннан кейін әлемнің түрлі елдерінде болған аса ірі халықаралық конкурстарда талай рет табыстарға жетті. Елдер мен құрлықтарда гастрольде болған отандық артистер көпшілікке біздің еліміздің мәдениетін кеңінен таныстыруда. Республиканың белгілі музыканттары халықаралық музыкалық қызмет саласында жемісті еңбек етуде. Мысалы, Құрманғазы атындағы Алматы консерватоиясының ректоры Жәния Әубәкірова француз әдебиеті мен өнері орденімен марапатталды, ал халықаралық конкурстардың иегері, профессор, қазақ музыка академиясының ректоры Айман Мұсахожаева 1998 жылы «Әлем артисі» жоғары атағына ие болды.
Орындаушылық өнермен қатар кәсіби музыкалық білім саласында да өзгерістер орын алды. Соңғы он жылдықта республикада осы пішіндегі бірқатар оқу орындары ашылды және жаңа музыкалық ұжымдар құрылды:
· КСРО және Қазақстан халық артисі Ә. Дінішев 1993 жылы Вокал театры мен академиясын құрды
· 1994 жылы Қазақстанның халық артисі Ж. Әубәкірова авторлық колледж ашты.
· 1998 жылы Астана қаласында Қазақ ұлттық музыка академиясы дарынды музыканттар үшін есігін айқара ашты.
· 1993 жылы Қазақстанның халық артисі А. Мұсахожаеваның басшылығымен «Солистер академиясы» Мемлекеттік оркестрі құрылды.
· 1998 жылы Қазақстанның халық артисі, профессор Г. Мырзабекованың басшылығымен «Қазақстан камератасы» камералық оркестрі құрылды.
«Классика» музыкалық агенттігінің арқасында қазақстандық музыканттар гастрольде өнер көрсеткен түрлі елдерде түсірілген 24 музыкалық фильм жасалды. 1988–1999 жылдары «Классика» агенттігі ұйымдастырған «Франциядағы қазақ маусымы» тамаша оқиға болды. Ж. Әубәкірованың сольдік концерттерімен қатар Францияда: М. Бисенғалиев (скрипкашы), А. Бөрібаев (виоленчельші), Т. Орманшеев (пианиношы), М. Мұхамедқызы және Н. Үсенбаева (вокалистер) өз шеберліктерін паш етті.
Тәуелсіздік жылдары түрлі музыкалық халықаралық фестивальдер мен конкурстар, соның ішінде дәстүрлі музыка халықаралық фестивальдер, еуразиялық фестиваль өткізілді:
· 1998 жылдан бастап Қазақстан шығармашылық жастарының «Шабыт» фестивалы жыл сайын өткізіліп тұрады.
· 2000 жылғы сәуірде Орталық Азия, Қазақстан және Әзірбайжан пианиношыларының тұңғыш Халықаралық конкурсы ұйымдастырылды.
Қазіргі кезде Қазақстанның орындаушылық мектебі Таяу және Шалғай Шығыс елдерінің арасында озық орын алады. М. Бисенғалиев, А. Аюпова, Р. Ахмедиярова, Н. Кәрімов, Г. Қадырбекова, А. Құсайынов, Н. Измайлов, Р. Ермеков, Ғ. Несіпбаев, В. Тебенихин т. б. өнер адамдарының арқасында музыканттардың жаңа ұрпағы тәрбиеленіп келеді, олар Халықаралық конкурстарда өнер көрсетіп, лауреаттар мен дипломанттар құрметті атақтарын жеңіп алуда (Ж. Сүлейменова, Т. Орманшеев, А. Әлпиев, Ж. Бекішев). Олар XXI ғасырдың тамаша музыканттарының шығармашылық әлеуетін құрайды.
2000 жылы республиканың Композиторлар одағы өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы кезеңге дейін композиторлардың бірнеше ұрпағы ауысты. Қазіргі кезде Одақ 120-дан астам композиторлардан тұрады. Олардың қатарында Е. Рахмадиев, С. Еркінбеков, К. Дүйсекеев, Б. Баяхунов, Н. Меңдіғалиев, Э. Богушевский, Ж. Тұяқбаев, Б. Дәлденбаев, А. Бестібаев т. б. бар.
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры Еуразия кеңістігі аумағындағы классикалық әндердің аса ірі орталықтарының бірі болып табылады. Оның сахнасын К. Байсейітова, Қ. Байсейітов, Р. Жаманова, Е. Серкебаев, Б. Төлегенова т. б. даңққа бөледі, А. Және Ғ. Жұбановтар, М. Төлебаев, Е. Рахмадиев есімдерімен байланысты. Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының артистері Н. Үсенбаева, С. Байсұлтанов, Ж. Баспақова, М. Мұхамедқызы, түрлі халықаралық конкурстардың лауреаттары С. Ищанова, У. Кенжебеков т. б. отандық операны әлемнің түрлі сахналарында кеңінен таныстырып келеді.
Қазақстан дәстүрлі Халықаралық опералық фестиваль өткізілетін орынға айналды. Мысалы, 2000 жылы он бірінші фестиваль Алматы мен Астанада өткізілді. Оған Ресейден, Қырғызстаннан, Моңғолиядан және басқа елдерден келген артистер қатысты.
Қазақ ұлттық музыкасының негізгі уағыздаушылары:
· Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптар мемлекеттік академиялық оркестрі;
· «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі
· «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ұжымы;
· «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ұжымы.
Бұл ұжымдар ғасырлар қойнауынан жеткен далалық сазды ән-күй өнерінің өзіндік ерекшеліктерін лайықты түрде жинақтаған, ұлы қазақ композиторларының бітімі ерекше шығармаларынан сусындауға мүмкіндік беруде. А. Жұбанов, Н. Тілендиев, Ш. Қажығалиев бастаған ұжымдық қазақ аспаптық музыка өнерінің дәстүрлерін А. Жайымов, Ж. Бегендіков, Ы. Нұрғалиев, Б. Төлегенов жалғастыруда. А. Есқалиев, Т. Шәмелов, Р. Стамғазиев, Б. Сәмединова т. б. жеке аспапта орындау және вокалдық дәстүрлерді ойдағыдай дамытуда.
Эстрада және цирк өнері
Тәуелсіз даму жылдары еліміздің музыка өнерінің эстрадалық жанры Р. Рымбаеваның, Н. Есқалиеваның, М. Ерәлиеваның, М. Жүнісованың, Г. Сиқымбаеваның, Б. Тайлақбаевтың т. б. есімдерімен белгілі болды.
1980 жылдары Алматыда «А-Студио» тобы құрылды, ол республикадан шалғай шеттерге де танымал болды.
«Үркер», «АБК», «Л Дуэті» және басқалар 90-жылдардағы Қазақстан эстрадалық өнерінің өкілдері болып табылады. 90-жылдары авангардтық бағыттағы топтар да шыға бастады, олардың арасында «Рэп зона», «Металлик», «Драматик» т. б. бар. Олардың стандартқа жатпайтын өнерлері және музыкалық стилінің сонылығы – рэп, рйв, металл, рок, ауыр рок осындай топтардың көпшілікке кеңінен танымал болуына септігін тигізді.
Жаңа техникалық құралдар және осы заманғы мүмкіндіктер жас ұрпақтың шығармашылық белсенділігі мен көркемдік қиялының көрініс табуы үшін кең өріс ашты. Олар өнердің жаңа түрінің – дискотеканың, жастардың бос уақытын ұйымдастырудың жаңа формаларының пайда болуы үшін негіз қалады. Студиялық музыканың дүниеге келуі және жетілдірілуі – қазіргі кезеңдегі дискотека дамуы шарттарының бірі.
«Азия дауысы» фестивалі Қазақстанның көпшілікке танымал музыка саласындағы ірі оқиға болды. «Азия дауысы» атты музыкалық халықаралық конкурс 1990 жылы дүниеге келді. Таңбалы шатқалында табылған жартастағы сурет: Митра – билеп дүрген он екі кішкене адам қоршаған күн құдайы конкурстың эмблемасына айналды. «Азия дауысы» Дүниежүзілік конкурстар мен фестивальдер федерациясына қабылданды. Кейін әлемнің 50-ден астам елінің өкілдері конкурсқа қатысты. Осы фестивальдің арқасында Қазақстан эстрадасында бүгінгі таңда бүкіл әлем халықтарының әндері шырқалды. Жас қазақстандықтар М. Жүнісова, Б. Исаев, Б. Шадаева, М. Байтасов, Б. Қажымұқанов, В. Ступин, Г. Оразымбетова, «Роксонаки» тобы, «Жерұйық» тобы 11 жыл бойына соншалықты беделді конкурстың лауреаттары мен дипломанттары атанды.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда эстрадалық әннің жас орындаушыларының түрлі конкурстары пайда болды, олар: «Жас қанат», Ә. Бейсеуов атындағы «Армандастар» қазақ әнінің республикалық конкурсы, Ш. Қалдаяқов атындағы республикалық ән конкурсы т. б. Эстрада жанрының орындаушылар арасында «Алтын диск» («Золотой диск») республикалық фестиваль жыл сайын өткізіле бастады.
Кәсіби қазақ циркі 1970 жылы Республикалық эстрадалық-цирк өнері студиясының негізінде құрылды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Үлкен қазақ циркі өзінің қол жеткізген жетістіктері деңгейінен түскен жоқ. Соңғы онжылдықта «Сиқырлы киіз үй», «Азия жұлдыздары», «Аяз Ата компьютерлік ойындары», «Цирковой Ералаш», «Новогодняя заварушка» және «Три толстяка» бағдарламалары жасалды.
Цирк ұжымы Қытай Халық Республикасына талай рет гастрольмен барды, ал оның жекелеген нөмірлері Польшада, Францияда, Бельгияда, Жапонияда, Германияда, АҚШ-та, Австралияда табыспен өтті. 1983 жылы Прагадағы Халықаралық конкурста сайқымазақтар – Мұрат және Елизавета Жұмағалиевтер лауреаттар атанды. Цирк артистері Досбатыровтар Веронда (Италия), Бельгияда, Монте-Карлода және Қытайда өткен цирк өнерінің Халықаралық фестивальдерінде жүлделі орындарды жеңіп алды. Артистер Т. Трестин мен Ж. Бәкенова Польшада өткен еуропалық конкурста алтын жүлдені ұтып алды. А. Кириченконың басшылығымен «Әуеде самғау» (1993) нөмірлерінің артистері, Қ. Күнғожиновтың басшылығымен өнер көрсеткен жігіттер, В. Гашутаның орындауындағы «Ренские колеса», Р. Симоненконың басшылығымен өнер көрсеткен топтар Қытайда өткен конкурстың лауреаттары мен жүлдегерлері болды.
Қанат Шалабаевтың басшылығымен қазақтың шабандоз жігіттер тобы американ циркінде он жыл бойына ойдағыдай өнер көрсетуде. Серік Әбішев бастаған белгілі топ Австралия циркінде бес жылға жуық жұмыс істеуде.
Қазақ мемлекеттік циркінің жанында А. Р. Измайлова басқаратын «Ерке» ұлттық би ансамблі жұмыс істейді. Ол «Айналайын» атты жасөспірім таланттар халықаралық бірінші фестивалінің (1996 жыл) лауреаты, «Netz Carnaval Club» (Франция,1999) халықаралық фестивалінің дипломанты, «Азия дауысы» халықаралық конкурсының лауреаты болып табылады, ансамбль – Түркиядағы «Fomged» халықаралық конкурсына және «Walt Disneu World» (АҚШ,2000) мәдени бағдарламасының тұрақты қатысушысы. 1999 жылы цирк өнерінің эксперименттік мектебі құрылды (жетекшісі М. В. Қуатова), мұнда қазақ циркінің ардагерлері педагог болып жұмыс істеуде. Сол жылы көптеген конкурстардың лауреаты — «Фарандолб» цирк балеті (жетекшісі М. Редько) құрылды; үш ұжымды біріктіретін би мектебі (жетекшісі Е. Рудикова) құрылды, олар: «Бэби-Дэнс» тобы («Азия дауысы» конкурсының лауреаты); «Дэнс-Класс» және «Просто так» шоу-балеті; "Мюзик-холл «Улыбка» балалар эстрадалық театры, оның қатысушылар «Әнші балапан» және «Азия дауысы» конкурстарының лауреаттары болды.
Жалпы айтқанда, өнердің «жұмылғыш» жанры болған Қазақстанның музыка өнері тәуелсіздік жылдары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.
Театр өнері
Театрларға шығармашылық таңдау және қызмет бағыттары еркіндіктерін беру республиканың мәдени өміріндегі жүргізіліп жатқан демократиялық реформалардың көрініс болып табылады. Бүгінгі таңда театрлар репертуарды таңдауда, спектакльдер қойылымында, режисссурада және актерлер құрамын іріктеуде, гастрольдердің маршруттарын белгілеуде және ішкі проблемаларды шешуде дербес болып табылады.
1995 жылдан бастап М. О. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театры «Театр көктемі» атты дәстүрлі театр фестивальдерін өткізіп келеді. Бір аптаға созылатын осы фестиваль кезінде театр ұжымы соңғы жылы қойылған спектакльдерді мамандар мен көрермендердің талқысына ұсынады. Бұл орайда спектакльді дайындаған бүкіл шығармашылық топтың қосқан үлесі түрлі номинацияларда бағаланады («Таңдаулы режиссерлік жұмыс», «Таңдаулы актер», «Бірегей грим» т. б.). Осылармен қатар республика ауқымында жыл сайын театр фестивальдері таңдаулы қойылымдарымен қатысады. Мұндай фестивальдер Алматыда, Жезқазғанда, Семейде өткізілді.
Мәдениет саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың кеңейтілуі Қазақстанда халықаралық театр фестивальдерін ұйымдастыруға және өткізуге жәрдемдесті. Театр өнері саласындағы шетелдік театр труппалары мен жекелеген қайраткерлер «Шығыс-Батыс Самалы» (1997), «Адам және сана» (Тұңғыш халықаралық қуыршақ фестивалі, 1998), «Қазіргі заманғы театр» (2000) фестивальдеріне қатысты. Өз кезегінде Қазақстанның театр ұжымдары шалғай және таяу шет елдер театрларының сахнасында талай рет өнер көрсетті.
Қазақстанның егемендікке қол жеткізуі театр қойылымдарының мазмұнында елеулі өзгерістерге септігін тигізді. Ең алдымен, Қазақстан театрларының сахналары отандық тарихтың бұрын белгісіз қаһармандық беттері және «ақтаңдақтары» туралы шындықтың халыққа жеткізілуіне көмектескен буынға айналды. Жекелеген спектакльдер уақыттың объективті талаптары мен сұрауларына орай туындады.
Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында қойылымдардың арасында Абылай ханның бейнесіне арналған — «Абылай ханның ақырғы күндері» (авторы және режиссері М. Байсеркенов), «Абылай хан» "авторы Ә. Кекілбаев, режиссері Б. Атабаев) сияқты спектакльдерге көрермендер ерекше ілтипат білдірді. «Томирис» спектаклі (авторы Ш. Құсайынов, режиссері Т. Жаманқұлов) қазақ тарихы мен мемлекеттілігінің бастау көзіне арналды. Драматург Р. Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» қойылымы Семей ядролық полигонының зұлматын бейнеледі. А. Тасымбековтың, Қ. Ысқақовтың, Б. Атабаевтың «Кебенек киген арулар» драмасында сталиндік қуғын-сүргін тақырыбы көрініс тапты. Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, атап айтқанда оның Жетісудағы ошағы М. О. Әуезовтің «Қилы заман» (режиссері А. Рахимов) атты белгілі шығармасы бойынша сахналанды.
Қазіргі заманғы Қазақстан театр өнері режиссерлік мектебінің алдыңғы сапында Ә. Мәмбетов, Р. Андриасян, Ж. Хаджиев, Р. Сейітметов, Е. Обаев т. б. өздерінің шығармашылық жолын жалғастырады. Тәуелсіздік жылдары қазақстандық театрдың шығармашылық жоспарларын іске асыруға халық әртістері Х. Бөкеева, Ш. Жандарбекова, А. Әшімов, Ә. Өмірзақова, С. Оразбаев, Ж. Медетбаев, Т. Жаманқұлов, Т. Мейрамов, Ф. Шәріпова және басқа көптеген артистер өздерінің қолдан келген үлесін қосты және ұмытылмас бейнелер жасады.
Театрдың халықаралық театр фестивальдеріне қатысуы олардың сахналық өнерін шыңдай түсті. Мәселен, 1996 жазда театр Египетте болды. М. Байсеркеновтің «Абылай ханның соңғы күндері» спектаклі табыспен өтті. Театр артистері Эдинбург қаласындағы (Ұлыбритания) халықаралық театр фестивалінің негізгі бағдарламасына қатысуға талай рет шақырылды.
К. Әшірдің «Қабыл — Адам ата баласы» спектакліне 2001 жылы қаңтарда Алматы қаласында өткен «Ғасыр» театр фестивалінің «Фестивальдің таңдаулы спектаклі» ретінде Гран-при жүлдесі берілді. 2000 жылы көктемде Уфа қаласында (Ресей) өткен түркі тілді елдердің «Туғанлық» халықаралық үшінші театр фестивалінде бұл спектакльге «Режиссердің таңдаулы жұмысы үшін» құрметті жүлдесі берілді. «Қабыл – Адам ата баласы» қойылымы Эдинбург фестиваліне үш рет шақырылды.
2000 жылғы қазанда театр И. Ғайыптың пьесасы бойынша Б. Атабаевтың «Естайдың қорланы» атты спектаклімен Германияда болды. Мұнда театр немістердің Мюльхайм қаласында өткен халықаралық театр фестивалінің жұмысына қатысты.
Қазақстанның театр өнерінің дамуына Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры айтарлықтай үлес қосты. Соңғы он жылда театр бірқатар жаңа қойылымдарды жүзеге асырды, олардың қатарында Г. Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур», "Дж. Пуччинидің «Турандот», Ж. Бизенің «Маржан іздеушілер», Дж. Россинидің «Неке векселі», В. Беллинидің «Норма» (концерттік орындалуы) қойылымдары бар. Театрдың шығармашылық ұжымы Р. Вагнердің «Тангейзер» операсының әлемдік премьерасын және «Тұрандот» операсының сахналық нұсқасын дайындады.
Қазақстанда театр сахнасына сырттан енгізілетін жаңа идеяларға «бейімделудің» күрделі үрдісі жүріп жатыр, әдетте «бетбұрысты» кезеңдерде көбінесе ұлттық классиканың қойылымдарына немесе халықтың ұлттық өткенімен байланысты қойылымдары ықылас туғызады.
Қазіргі заманғы театр өнерінің дамуы жолында шығармашылық қызметтің жанданғанын мойындауға тура келеді. Ұлттық классика жаңа әуенде естіле бастады. М. Метерлинктің, Б, Брехттің, Г. Ибсеннің т. б. шығармалары бойынша әлемдік репертуар пьесалары қазақ театрларында қойылды.
Қазіргі заманғы кезеңде өнердің басқа түрлерінің көркемдік құралдарын пайдалану әрекеттері театр режиссурасының дамуындағы маңызды үрдістердің бірі болып табылады, мұның өзі драма театрының жаңа тәсілдер мен формаларды игеруге ұмтылысын көрсетеді.
Егемендік жылдары Оралда, Өскеменде, Петропавлда, Павлодарда Қазақ драма театрларының ашылуымен және Астанада К. Байсейітова атындағы опера және балет театрының ашылуымен атап өтілді. Бұл театрлардың актерлік құрамының негізгі құрамын қазіргі Т. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік өнер академиясының түлектері құрады.
Соңғы жылдардағы қызықты жетістіктерге және театрлар репертуарларының айтарлықтай толығуына қарамастан, Қазақстанның қазіргі заманғы театр өнері саласында тоқмейілсуге негіз жоқ. Мұнда шешілмеген проблемалар, іске асырылмаған идеялар мен жобалар көп. Қазақстан театры кеше болған, бүгін бар және ертең болатын өмірдің сахналық жалғасы болып табылады.
Хореография өнері
Қазақ халқының көп қырлы бай шығармашылығында би үлкен орын алады. Қазақ халқының тұрмысын, дінін, тілін, мәдениет, фольклор жәдігерлерін зерделеу бидің оның рухани және көркем мәдениеті дамуының бүкіл тарихи барысында қатар өрілген деп тұжырымдауға негіз береді.
Қазақстанда көптеген жылдар бойына балет өнерінің үлкен шығармашылық әлеуеті қалыптасты. Елдің хореографиялық өнері үшін кадрлар А. Селезнев атындағы мемлекеттік хореографиялық училищесінде, сондай-ақ Т. Жүргеноа атындағы Өнер академиясында даярлануда.
Мәскеу хореографиялық мектебінің дәстүрлерін оның түлектері – КСРО халық артисі Р. Бапов, Д. Нақыпов, Б. Жантаев, ҚР халық артистері Р. Байсейітова және Ж. Көшербаева-Қастеева, ҚР еңбек сіңірген артисі Р. Оңғарова, балет артистерінің «Пермь-92» халықаралық конкурсының жүлдегері С. Көкшінова қазақ сахнасында жалғастырып келеді. Қазақ балетінің белгілі артистері С. Көшербаева мен Б. Аюханов, Г. Түткібаева мен З. Райбаев өздерінің шеберліктерін Санкт-Петербург пен Мәскеуде жетілдірді.
А. В. Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институтының (ГИТИС) атақты шеберлерінде К. Андосов, О. Шубладзе, Р. Көрпешева, К. Жақыпова, С. Наурызбаева, А. Капесов, Д. Фадеева, С. Қосманов, Г. Адамова, Р. Мусин балет педагогикасының мектебінен өтті. Қазір олар – қазақ балеті саласындағы жетекші мамандар. Олар 1930–1990 жылдары Қазақстан хореографиясын қалыптастырды және жаңа мыңжылдықта қазақ биі дәстүрін, сабақтастықты сақтап, ұзақ сахналық өмірге жол ашты.
Бүгінгі күндері мына ұжымдар өздерінің шығармашылық қызметін жалғастыруда: бұрынғы «Алматының жас балеті» классикалық бидің Мемлекеттік академиялық ансамблі, қазіргі – Б. Аюхановтың ҚР классикалық биінің Мемлекеттік академиялық ансамблі, «Гүлдер», «Алтынай», «Салтанат» халық биі Мемлекеттік ансамбльдері. 1991 жылдан 2000 жылға дейінгі кезеңде хореография өнерінің айтулы мамандары көзге түсті.
Д. Нақыпов 1995 жылы негізін қалаған Хореографтар одағы «Дәстүрлер жүлдесі», «Галина Уланова жүлдесі», Ұлттық мәдениетті қолдау қоры — «Қазақстандықтар – әлемдік балет жұлдыздары» атты дәстүрлі халықаралық би фестивальдеріне құрылтайшы болды. Бұл тізімді Шара Жиенқұлова атындағы қазақ би өнерінің республикалық конкурстары толықтырды. Мұндай фестивальдер Қазақстан балетін халықаралық өріске шығарған тарихи қажеттілікке айналды. Оларға қатысудың арқасында соңғы он жылда қазақ балетінің жас жұлдыздары дүниеге келді, олар: Г. Түткібаева, Б. Смағұлов, Л. Әлпиева, С. Кауков, Г. Усина, Д. Сушков, С. Көшкінова, А. Ақылбекова, басқа да көптеген бишілер.
2005 жылғы қарашада Астанада және Алматыда «Дәстүрлер жүлдесі» атты Халықаралық VIII фестиваль өтті. Осы атақты бастамаға және оның өтуіне мұрындық болған Е. Қанапияновтың арқасында тәуелсіздік жылдары Қазақстанда әлемдік балет жұлдыздарының тұтас бір шоғыры: Уланова, Плисецкая, Васильев пен Максимова, Лавровский Үлкен және Марин театрының қазіргі заманғы жұлдыздарынан бастап Сан-Францисконың модерн-балетіне дейін, Лос-Анджелестің «Степ-Данесы», Юрий Григоровичтің балет театрының артистері өнер көрсетті. Мұндай оқиғалар хореографиялық өнер әлеуетінің және қазақстандықтардың мәдени деңгейінің өсуіне ғана жәрдемдесіп қойған жоқ. Сонымен бірге Қазақстанның әлемдегі балет мәдениетінің орталықтары қатарына кіргенін де дәлелдеді.
Қазақстан хореографиясының дамуына дүние жүзінің басқа елдерінен келген әлемге аты әйгілі өнер шеберлері де елеулі үлес қосты. Абай атындағы Опера және балет театрының сахнасында «Махаббат туралы аңыз» балетінің 2007 жылғы қойылымы осының мысалы бола алады. Егер Ю. Григорович өзінің «Махаббат туралы аңыз» балетін әлемнің барлық балет театрларында: АҚШ-та, Францияда, Англияда және Стамбұлда қойғанын ескерер болсақ, онда бұл оқиға Қазақстанның мәдени өмірі үшін айтарлықтай өреге көтерілу қатарынан орын алады.
Жоғары кәсіби шеберлікті, би-пластикалық тілдің көркем құралдарының кең дамығандығы Қазақстанның қазіргі заманғы хореография өнерінің көркемдік принциптері болып табылады. Бұл өлшемдер тек балет спектакльдерінің шешімінде ғана көрініс тауып қоймайды, сонымен бірге қазіргі заманғы көп жанрлы хореографияда да, сондай-ақ халықтық сахналық би өнерінде де көрініс табуда.
Кино өнері
1980-жылдардың екінші жартысынан бастап қазақтың көркем-кино өнерінде «Жаңа толқын» орын алды. Қазақ кинематографында осы бағыттың негізін қалаушылар Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының (ВГИК) түлектері, белгілі режиссер Сергей Соловьевтің эксперименттік шеберханасынан шыққан жастар болды. 1987 жылы С. Апрымов «Соңғы аялдама» толықметражды фильмін түсірді, ол халықаралық дәрежеде танылды. "Соловьев түлектері бірінен соң бірі тартымды фильмдер түсірді, олар: Р. Нұғымановтың «Инесі», Д. Өмірбаевтың «Шілдесі», «Жаңа толқын» осылай дүниеге келді. Кинематографистердің жаңа буынында өздерінің көркемдік және идеялық принциптері болды. Олардың кейбір еңбектері шығармашылық тәсілдің сонылығымен, әлеуметтік шиеленісімен ерекшеленді. Мұның өзі республиканың мәдени өміріндегі оң аяқ алысты аңғартты. Деректі кино түсірушілердің еңбектері де шыншылдығымен көрінді.
Жаңа ұрпақ жаңа діл – Батыс пен Шығыстың, Еуропа мен Азияның синтезін жасай бастады. Жаңа тұрпатты режиссерлер дүниеге келді. Сонымен бірге қазақ киносының 1980 жылдардағы – 90-жылдардың басындағы «жаңа толқыны» дәстүрлі қазақ мәдениетінің шарықтап самғауын бейнелеуге тырысты. «Жаңа толқындағы» Қазақстан кинематографының картиналары отандық баспасөз бен кино сынында жоғары баға алды.
90-жылдардың басында «Қазақфильм» киностудиясымен қатар 28 жеке меншік киностудия дүниеге келді. Сөйтіп 3–4 жылдан кейін, аман қалу-қалмау осы жеке меншік киностудиялардың басты мәселесі ғана болып қоймай, өтпелі уақытқа байланысты – фильмдердің өздерінің де басты тақырыбына, олардың сюжеттік арқауына айналды. 90-жылдардың бірінші жартысы орта буындағы және «жаңа толқын» кинорежиссерлерінің бірқатар елеулі еңбектерінің дүниеге келуімен тұспа-тұс келді, олар Қазақстан кинематографиясын әлемге таныстыра бастады.
Мұндай түсірілімдер қатарында Д. Өмірбаевтың «Қайрат» («Күміс қабылан» жүлдесі – ХКФ, Турин, Италия; Халықаралық баспасөз қауымдастығының ФИПРЕССИ Бас жүлдесі, Локарно, Швейцария; таңдаулы бейнелеу шешімі үшін жүлде, ХКФ, Ашхабад, Түрікменстан; ХКФ Гран-приі, Страсбург, Франция), Ә, Қарақұловтың «Жадылаушы» және «Көгершін қоңыраушысы» (ФИПРЕССИ жүлдесі, Мәскеу, РФ; ХКФ дипломы, Венеция, Италия; ХКФ Гран-приі, Таорамин, Италия). Т. Теменовтің «Қызғыш құс» (арнаулы жүлде – ХКФ, Турин, Италия). Е. Шынарбаевтың «Сұр қалпақ астындағы орын» («Алтын қабылан» жүлдесі – ХКФ, Локарно, Швейцария). Б. Қалымбетовтің «Соңғы қара суық» (режиссерлігі үшін ФИПРЕССИ жүлдесі – ХКФ; Турин, Италия; Жюри дипломы – ХКФ, Берлин, ГФР; ХКФ дипломы, Киота, Жапония; Операторлық жұмыс үшін жүлде – ХКФ, Миннесота, АҚШ) т. б. фильмдер.
1990 жылдардың ортасында республикадағы барлық фильмдердің жартысына жуығын түсірген жеке меншік студияларға қаражат табу қиынға соқты. Олардың көбісі өздерінің қызметін тоқтатуға мәжбүр болды, ал кино саласындағы мемлекеттік саясат болжалды және әбден қисынды сүрлеуіне түсті – тарихи тақырыптағы киноларға тапсырыс беріле бастады.
1990–1993 жылдары Қазақстанда жылына 20-ға жуық көркемфильм шығарылды. 90-жылдардың ортасынан бастап фильмдер шығаруда құлдырау байқалды. Алайда олардың санының аздығына қарамастан, режиссер Е. Шынарбаевтың «Әлжуаз жүректер» (Сан-Себастьяндағы фестивальдің жүлдесі және бірқатар халықаралық кинофорумдарға қатысушы), Д. Өмірбаевтың «Кардиограмма» (Венециядағы кинофестиваль конкурсына тұңғыш рет қатысты, Токио, Канн конкурсында және әлемнің басқа да бірқатар беделді конкурстарына қатысты). А. Қарпықовтың «Кім нәзік болса, сол». В. Пұсырмановтың «Хомучи мерген» картиналарын жұртшылық жоғары бағалады.
Әлемдік нарықта кеңінен сатылған фильмдердің арасында режиссер А. Әмірқұловтың «Абай» картинасы көзге түсті. Бұл фильмнің жоғары техникалық және шығармашылық сипаттамаларын айғақтайды.
Қазақстанның деректі киносы да халықаралық дәрежеде танылды. С. Дворцовойдың «Бақыт» (Лейпцигте Гран-при) және В. Тюлькиннің «Крест тәжірибесі» (Каннда Гран-при) деректі кинолары әлемдік байқаулардың жүлдегерлері атанды.
1998 жылғы қазанда Алматы қаласында «Еуразия» 1-халықаралық кинофестивалы өтті, онда Қазақстан кинематографистерінің соңғы еңбектері көрсетілді. Деректі фильмдердің арасында режиссер И. Гонопольскийдің «Алматыдағы Эйзенштейн» картинасы ерекше көзге түсті, ол белгілі кино шеберінің 1942–1945 жылдардағы Қазақстандағы өмір кезеңін мұқият зерттеу болып табылады. Қырғыз авторлары – режиссер А. Әбдіхалықовтың және оператор Х. Қыдырәлиевтің «Бешкемпир» картинасы Гран-приді жеңіп алды. Фильм жаңа мыңжылдықтың табалдырығынан аттағанда, адамзат баласының салт-дәстүрлері де жаңа реңк алуға тиіс екенін әңгімелейді. Бұл ұрпақтардың сабақтастығы, мызғымас туысқандық байланыстар, аға ұрпақтың өз мұрагерлерінің рухани қалыптасуындағы рөлі жайындағы фильм.
Соңғы он жылдағы қазақ киносы отандық кинематографистердің өзін-өзі таныту еркіндігі, өзінің шығармашылық және өмірлік мұрат-мақсаты аясында дамып келеді.
Бүгінгі таңда Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық компаниясы (2000 жылы құрылған) жыл сайын ондаған толықметражды көркем фильм шығаруға қабілетті, бұл фильмдер халықаралық беделді фестивальдарда басқа елдердің өнімімен бәсекелесе алады. Ол ішкі және сыртқы кино нарығынан лайықты орын алуы үшін аса ірі кинокорпорациялармен бірлесіп фильмдер шығару жөніндегі ірі ауқымды халықаралық жобаларды да жүзеге асырады. Бірақ әріптестермен пікір алысуға мүмкіндік беретін және жалпы бүкіл кино үрдісін ретке келтіретін кино туралы Заңның жоқтығы мен отандық кинопрокаттың әлсіздігі де бұл мәселенің толық шешім табуына бөгет жасап отыр.
2006 жылы «Көшпенді» фильмінің шығарылуы Қазақстанның кинематографиялық өміріндегі маңызды оқиға болды. Фильмнің идеясын бастапқыда Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаев тұжырымдады. Режиссерлер – үлкен С. Бодров, И. Пассер, Т. Теменов қазақ-жоңғар тайталасы дәуірімен байланысты қазақ халқының тарихи өткені туралы кино нұсқасын ұсынды. Қазақ халқы тарихының драмалық беттері туралы эпикалық фильм Қазақстанда да, одан сырт жерлерде де түсіністікпен жылы қабылданды.
2007 жылғы ақпанда «Kazakh Ginema Distribution» компаниясы мен «ТұранӘлем» Банкі DVD жинақтама жинағындағы қазақ киносының «Алтын жинақтамасын» тарту ретінде ұсынды. Жинақтаманың шығуы отандық киноның тарихына жаңа бет болып енді, ол қалпына келтірілген 30 фильмнен тұрады. Фильмдер Қазақстан мен ТМД елдерінің «Қазақфильммен» түрлі уақытта ынтымақтасқан (жинақтамада «Мосфильммен», «Ленфильммен» және «Қырғызфильммен» ынтымақтастықта түсірілген фильмдер бар) артистердің ең жарқын жұлдыздары ойнаған. «Қазақ киносының алтын жинақтамасы» — нағыз қазына, Одақ ыдырағаннан кейін құтқарылған және мұқият қалпына келтірілген, кинематографистердің баға жетпес мұрасы. «Алтын жинақтама» фильмдері сценарийлерінің режиссерлері мен авторлары арасында Н. Михалков, А. Қарсақбаев, Қ. Қожықов, Е. Арон, Б. Шәмшиев, Б. Мансұров, А. Михалков-Кончаловский, С. Бодров, Р. Нұғыманов бар. «Алтын жинақтама» фильмдерінде М. Өтекешова, А. Әшімов, Н. Арынбасарова, О. Табаков, В. Цой, А. Смехова, Н. Михалков т. б. көптеген актерлер ойнаған.
«Жаңа толқындағы» атақты қазақ режиссерлерінің орнына жас режиссерлер келді. Олар бұқаралық көрермендерге жол табуға тырысуда, көркемдік деңгейін жоғалтқан жоқ. Есімдер тек Қазақстанда ған мәлім емес: Болат Шәріп Мағжан Жұмабаевтың шығармалары бойынша «Қасиетті күнә» фильмін түсірді, Дамир Манабай Әбіш Кекілбаевтың повесі бойынша «Кек» фильмін түсірді. Рымбек Әлпиев Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздар күні» әңгімесін экранға шығарды. Болат Қалымбетовтың «Сардар» кинокартинасы Америкадағы кинофестивальге қатысып, сондағы кинокартина прокаттаушылардың назарын аударды. Біздің кино өнерімізге жетпейтін нәрсе кәсіби менеджмент.
Қазақстанның бүкіл тәуелсіздігі жылдарында көптеген жетістіктерге жеткен отандық кинематография, көптеген елдерде жасалып отырғанындай, бар жағынан мемлекеттік қамқорлық ниет артуға құқылы, мұның өзі еліміздің беделіне де сөзсіз оң ықпалын тигізері және өнер атаулыға және бүкілқазақстандық көрермендерге игілікті іс болар еді.
Сәулет өнері
Егеменді Қазақстанның сәулет өнерінің дамуында академик Ә. Ш. Тәтіғұлов екі кезеңді бөліп көрсетеді:
1. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі алғашқы бес жылды қамтиды, Алматыда — «Оңтүстік астанада» бірқатар ескерткіштердің және қазіргі заманғы сәулет кешендерінің құрылысымен байланысты.
2. Келесі бесжылдықты қамтиды. 1997 жылы астананың Алматыдан Астанаға (бұрынғы Ақмола) көшірілуімен, сондай-ақ біздің мемлекетіміздің жаңа орталығын жаңғыртумен, кең ауқымда абаттандырумен, келешегін жобалаумен байланысты.
Қазақстанда мемлекеттіліктің қалпына келтіру үрдісі Атырау, Түркістан, Семей, Қостанай, Қарағанды, Тараз т. б. қалаларда жаңа архитектуралық және мемориалдық жәдігерлерде көрініс тапты.
Қазақстан егемендігі мен Тәуелсіздік символын бейнелейтін екінші мыңжылдықтың аяғындағы архитектуралық кешендердің арасында Президент Резиденциясын (1995 жыл) және Алматы қаласының Республика алаңында бой түзеген Тәуелсіздік монументін (1996 жыл) ерекше бөліп атауға болады.
Тәуелсіздік монументі 1996 жылғы 16 желтоқсанда тәуелсіздіктің 5 жылдығы күні, Қазақстандағы Желтоқсан оқиғаларының 10 жылдығы күні ашылды. Оның авторлары – Ш. Уәлиханов, А. Жұмабаев, Н. Далбаев, Қ. Жарылғапов, Қ. Сұраншиев. Көрнекті тарихи ескерткіштің дүниеге келуі заңды құбылыс еді. Басқа елдер мен халықтардың тарихында, әдетте елеулі немесе аса маңызды тарихи оқиғалар бағаналар, сәулетті аркалар, монументтер тұрғызу арқылы тиянақталып отырды. Мұны Египетте, Вашингтонда, Парижде, Римде, Лондонда, Санкт-Петербургте тұрғызылған бағаналар, сондай-ақ Еуропа мен Азияның бірқатар мемлекеттерінде тұрғызылған сәулетті аркалар айғақтайды. Алматыдағы Республика алаңында тұрғызылған Тәуелсіздік монументінің өзгешелігі – оның өн бойында қазақ тарихының тағдырлы беттері бейнеленген және егеменді Қазақстанның өткенін, қазіргісін және болашағын бейнелейді.
Тәуелсіздік жылдары бой түзеген бес жұлдызды «Анкара» мейманханасы (авторы Бижан Туберг, Түркия), «Рахат-Палас» қонақ үйі, «Астана» т. б. Алматы қаласының қазіргі келбетін қалыптастыруға елеулі ықпал етті.
Республика экономикасының нарықтық қатынастарға көшуі банктердің, офистердің, сауда кешендерінің, үйлер мен заңғар маркеттердің қазіргі заманғы сәулетінде көрініс тапты. Соңғылардың арасында «Рамстор» сауда желісінің ғимараты ерекше көзге түседі, олардың екеуі Алматыда, біреуі Астанада.
Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрының ғимаратын қайта қалпына келтіру 2000 жылы аяқталды. Отандық мәдениеттің орталығы болып келе жатқан бұл ғимаратта қазірдің өзінде бірнеше халықаралық фестивальдер мен конкурстар өткізілді.
Ел Президенті сәулетшілердің алдына қойған міндеттерге орай жаңа астананың қазіргі заманғы келбетінде — Астана қаласында Еуразия құрлығы мәдениетінің барлық таңдаулы жетістіктері көрініс табуға тиіс.
Астанада жүзеге асырылған бірінші кезектегі жобаларға мыналар жатады: Президент резиденциясының, Министрлер Кабинеті әкімшілігінің, Парламент пен Ішкі істер министрлігінің ғимараттары, Қаржы министрлігінің кешені, «Самал» тұрғын үй ықшамауданы, әуежай, Есіл өзенінің төңірегіндегі сәулет кешендері т. б. жатады. Соңғы уақытта мұнда Үкімет үйінің жаңа ғимараты, «Сити маркет» сауда орталығы, Спорт сарайы, Ұлттық мұражай, Еуразия университетінің корпусы т. б. бой көтерді.
Егеменді Қазақстанның жаңа астанасын сәулеттендіру үрдісін жан-жақты қамту мақсатымен 1998 жылы Астананы дамытудың Бас жоспары үшін графикалық идеялардың халықаралық конкурсы жарияланды. Конкурсқа әлемнің түрлі елдерінен 40 өтініш және 27 жоба түсті. Конкурстың академик Ә. Ш. Тәтіғұлов бастаған төрешілер алқасының шешіміне сәйкес бірінші орынды белгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның және оның әріптестерінің жобасы жеңіп алды.
2000 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Түркістан қаласының 1500 жылдығы атап өтілді. Бұл датаға орай Қ. А. Йасауидің бүкіл әлемге белгілі кесенесі күрделі жөндеуден өткізілді. Есім хан алаңы жасалды, «Иассы» қонақ үйі салынды, сондай-ақ Ұлы Жібек жолының символы болып табылатын «Керуен» кешенді жәдігері ашылды.
Мамандардың пікірінше, Қазақстан тәуелсіздігінің он жылында бой түзеген сәулет жәдігерлерін төрт топқа бөлуге болады:
1. «Ата-бабалардың және өткендегі тарихи қайраткерлердің жәдігерлері» деп атауға болады. Олардың арасында – Қорқыт ата мемориалдық кешені (Қызылорда), Домалақ ана кесенесі (Оңтүстік Қазақстан облысы), Бекет ата мешіті (Маңғыстау), Сарайшық, Қарасай және Ағынтай батырлар (Айыртау, Солтүстік Қазақстан облысы) кесенелері. Қазақстан тарихы батырларының ескерткіштері: Сұлтан Бейбарыс (Атырау), Мұхаммед Хайдар Дулати (Тараз), Абылай хан (Алматы), Қарасай, Наурызбай, Райымбек батырлар (Алматы облысы), Әбілқайыр (Ақтөбе), Шақшақ Жәнібек (Арқалық), Қаракерей Қабанбай (Рождественка, Астана), Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би (Астана), Ш. Уәлиханов (Кішкенекөл, Солтүстік Қазақстан облысы), Абай-Шәкәрім (Семей), Абай (Астана). Олардың дүниеге келуі қазақтардың ұлттық тарихына ұдайы көңіл бөлу үрдісінің қалыптасуына жәрдемдеседі.
2. Тәуелсіздік кезеңі жәдігерлерінің екінші тобының тақырыбы — «Халық перзенттері». Бұған А. Байтұрсыновтың (Қостанай), М. Жұмабаевтың (Солтүстік Қазақстан облысы), С. Торайғыровтың (Павлодар), Қажымұқанның (Оңтүстік Қазақстан облысы), Қ. Сәтбаевтың (Алматы) ескерткіштері кірді.
3. «Батырлар» — жәдігерлердің үшінші тобын осылай деп атауға болады. Оларға тарихи жәдігерлерге айналған ескерткіштер жатады, олар: Б. Момышұлы (Тараз), Мәншүк пен Әлия (Алматы), Ә. Молдағұлова (Ақтөбе), С. Нұрмағамбетов (Көкшетау). Бұл топқа Астанадағы, Тараздағы, Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске түсіруге арналған Мемориалдық кешендерді де жатқызу керек.
4. Жәдігерлердің төртінші тобын «Әдебиет пен өнер» тақырыбы біріктіреді. Соңғы он жылда Ж. Жабаев (Алматы), Н. Байғанин (Ақтөбе), М. Әуезов (Шымкент), А. С. Пушкин мен Т. Г. Шевченко (Алматы) ескерткіштері бой түзеді.
Қазақстанның болашақтың қаласы бейнесінде қарқын алып отырған жаңа елордасының – Астана қаласының құрылысы тәуелсіздіктің нақты мазмұнының бір бөлігіне айналды. 2008 жылы шілдеде Астана өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтті. Астананы мерекелеу әлемдік мәндегі оқиғаға айналды, таяу және шалғай шет елдерден келген қонақтардың көптеген сапарлары, әлемдік телеарналардың, радио және мерзімді баспасөздің ақпараттық хабарлары осыны айғақтайды.
Соңғы жылдары Қазақстан астанасының — Астана қаласының мәдени инфрақұрылымын жақсарту жөнінде бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Республика астанасында Қазақ музыкалық-драма театры, Мұражайды, Кітапхананы және Концерт залын қамтитын Президенттік мәдениет орталығы ашылды. Ақорда, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Ұлттық кітапхана, Киноконцерт залы, Цирк – жалпы алғанда Астананың қазіргі заманғы сәулет-мәдени ансамблі құрылысы тәуелсіз Қазақстан астанасының тарихындағы жаңа дәуірдің символдарына айналды.
Соңғы жылдары Қазақстанның көптеген қалалары мен ауылдарының, әсіресе Алматы және Ақмола облыстарындағы қалалар мен ауылдардың архитектуралық келбеті айтарлықтай өзгерді. Өзінің келбетімен елдің болашақтағы дамуының шындығы мен келешегін бейнелейтін көптеген әкімшілік ғимараттары, тұрғын үй кешендері дүниеге келді.
Қолданбалы және бейнелеу өнері
Қазақстан қоғамында болып жатқан мәдени-экономикалық өзгерістер қазіргі заманғы қолданбалы және бейнелеу өнерінде де өзгерістер туғызды. Дәстүрлі ағымдармен қатар мұнда жаңа ағымдар: авангардизм, модернизм, неоавангардизм және басқалар байқалып отыр.
Қазақстан кескіндеме өнерінің мектебі Қ. Телжановтың, М. Кенбаевтың, Н. Нұрмағамбетовтың, Е. Сидоркиннің, Н. Гаевтың, Х. Наурызбаевтың, С. Мәмбеевтің, Р. Сахидың және басқа аға буындағы суретшілердің шығармашылығымен белгілі. Қазіргі кезде белгілі суретшілер: Д. Әлиев, К. Дүйсенбиев, А. Дүзелханов, К. Каметов, Ғ. Маданов, А. Есімбаев т. б. дәстүрлі өнермен байланысты жалғастыруда.
Халық қолөнері баға жетпес мәдени құндылықтардың бірі болып табылады. Кезінде М. Ниязов, С. Салықбаев, С. Әзірбаева, А. Ақылбекова, А. Абылаев, К. Сатанова сән-қолданбалы өнердің жарқын өкілдері болды, олар ата-бабаларымыздың дәстүрлерін жалғастырды. Тәуелсіздік жылдары бұл дәстүрді қазіргі заманғы қолданбалы өнерпаз-суретшілердің тұтас бір шоғыры лайықты түрде жалғастырды, олардың арасында Д. Шоқпаров, Б. Зәуірбекова, А. Бапанов, С. Бапанова, Б. Әлібаев, Ж. Тұрдығұлов т. б. бар.
Соңғы он жылда қолданбалы өнер шеберлерінің түрлі көрмелері мен конкурстары өткізілді. Мысалы, «Үкілі домбыра» музыкалық аспаптар конкурсы, «Дизайн кеше, бүгін, ертең» республикалық конкурсы, «Зергер-99» көрме-конкурсы, қолданбалы-декоративтік өнердің қалалық конукрсы, сондай-ақ Орта Азия мен Қазақстанның қолданбалы-сән өнері мен дизайнерлердің көрмелері, Ж. Тұрдығұлов, Б, Әлібаев, Н. Оханов, А. Тәжекенов т. б. көптеген дизайнерлер осы конкурстардың лауреаттары атанды.
Әлемдік мәдениет тарихында сән өнері ерекше орын алады. Ол, әдетте, жоғары өнер мен күнделікті өмірде кәдеге жаратылатын өнер шегінде теңдестіріледі. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның сәнгер-суретшілері белсенді шығармашылық ізденіс принциптеріне жүгінді. «сән-өнер» одағы қоғамның әлеуметтік қажеттігі тұрғысынан келе бастады. 1995 жылдан бастап Қазақстанда сән өнерінің өзіндік халықаралық фестивалы — «Шығыс маусымы» өткізіліп келеді, ол әлемнің түрлі түкпірлерінен жетекші сәнгерлерді жинайды, екінші жағынан, фестивальдің арқасында бүгінгі Қазақстан өзіне сән алаңын ашып отыр.
2000 жылдан Қазақстанда «Сорос-Қазақстан» қорының қазіргі заманғы өнер орталығының жыл сайынғы көрмесі өткізіліп тұрады. Көрме зерттеу, білім беру және халықаралық институция ретінде жұмыс істейді, ол ICAN-ның (International Contemporaru Art Network – Қазіргі заманғы өнердің халықаралық желісі) бір бөлігі болып табылады. Көрменің мақсаты – елде сирек көрсетілетін, теориялық және практикалық зерттеулерді талап ететін бағыттарды қолдау. Оған еліміздегі өнердің сирек түрлері ретіндегі видео және арт-медиа жатады. Мысалы, 2000 жылғы 22–28 қыркүйекте «Атакент» Іскерлік ынтымақтастық орталығында (Алматы қаласы) болған «Коммуникациялар: өзара іс-қимыл тәжірибесі» атты екінші көрмеде қазақстандық суретшілердің 43 жобасы және Венгриядан, Украинадан, Болгариядан, Ресейден т. б. елдерден келген суретшілердің 17 жобасы көрсетілді. 7 шет елден келген 12 артсыншылары пікірсайыстар мен «дөңгелек үстелдерге» қатысты.
2001 жылғы 4 шілдеде Ә. Қастеев атындағы Өнер мұражайында болған «Жігер – 2001» көрмесі Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына орайластырылды. Экспозицияда республиканың "Алматыдан, Астанадан, Атыраудан, Шымкенттен, Тараздан келген 112 жас суретшісінің 150 шығармасы қойылды. Көрмеге ұсынылған толып жатқан картиналардың арасында сәулесі мен шығармашылық төл сыршылдығы басым, кескіндеме өнеріндегі классикалық бағыт пен жаңа ағымдардың сабақтастығы көрініс тапқан картиналарға артықшылық білдірді.
2005 жылы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражай өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейтой құрметіне ескі экзпозициялар жаңартылды және «Қазақстан графикасы мен мүсіндемесі», «Қазақстанның қазіргі заманғы қолданбалы өнері», «Қазақстанның 40–90 – жылдардағы өнері» сияқты жаңа экспозициялар қойылды. «Акварель залында» көрермендер «Аула», «Суретші А. Нақысбековтің портреті», Б. Е. Өмірбековтің «Автопортрет», А. Ж. Жадайбаевтың «Бұлт», «Кеш» картиналарын, Л. Е. Набиулинаның кестеленген динозаврларын, Л. И. Қалымованың киізге төккен өрнектерін тамашалай алды. Қазіргі заманғы өнер Г. Трякин-Бухаровтың конструкциялары, Е. Мелдібековтің таксидермиясы, Е. Воробьеваның фотосуреттер фризі, Р. Хальфиннің, В. Воробьевтің және басқалардың еңбектері арқылы көрініс тапты.
Қазақстан тәуелсіздігінің 15 жылдығы қарсаңына «Қазақстанның қазіргі заманғы қолданбалы өнері» конференциясы ұйымдастырылды, ол отандық мәдениеттің осы бағытының дамуындағы өзіндік қорытынды болды. Мүсіндеме, графика картиналары, туындылары және қолданбалы өнер бұйымдарының мерейтойға орайластырылған көрмесі «Қазақстан суретшілері Тәуелсіздік күніне» деген атаумен өткізілді. Конференция мен көрме материалдары Қазақстанның қазіргі заманғы бейнелеу және қолданбалы өнерінің жетістіктері мен келешегін айғақтады, соңғы жылдардағы ізденістер мен шығармашылық шешімдердің алуан түрлілігі жайлы сыр шертті.
Соңғы жылдары отандық мәдениеттің әр түрлі жанрлары мен бағыттарының дамуында мемлекет пен Қазақстан халқы тарапынан да мәдени дамудың міндеттерін түсінудегі жаңа ұмтылыс аңғарылды. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар саласындағы табыстары мәдени үрдістерге өлшеусіз ықпалын тигізді. Егер тәуелсіздіктің алғашқы жылдар мәдениеттің тарихи міндет-мақсаты қазақ халқының қайта түлеген мемлекеттілігінің негіздерін нығайтуға бағытталған болса, қазір оның міндеттері Қазақстанның қазіргі заманғы әлемдік мәдени үрдістер жүйесіндегі орнын айқындауда болып отыр. Елдің әлемнің неғұрлым дамыған 50 елінің қатарына кіру стратегиясы қазіргі заманғы Қазақстан мәдениеті келешегінің көкжиегін де айқындайды.
Қазіргі заман ақпарат мәдениеті. Бұқаралық ақпарат құралдары
Бұқаралық ақпарат құралдары дегеніміз мерзімді және мерзімсіз басылымдар, қалың көпшілікке арналған радио және телебағдарламалар, аудио-визуалды жазба және көпшіліктің қолжетімді телекоммуникациялық желілердегі WEB -сайттарды (Интернет және басқалар) қоса алғанда қалың бұқараға арналған мерзімді немесе үздіксіз бұқаралық ақпарат таратылымдарының өзге де формалары. Ақпараттың қазіргі заманғы қоғам өміріндегі мәні орасан зор. Қазіргі кезеңде БАҚ-ты әлі де «төртінші билік» (заң шығарушы, атқарушы және сот билігінен кейінгі) деп атайды, өйткені олар қазіргі заманғы ақпарат әлемінде саяси жүйенің тиімді жұмыс істеуінде маңызды рөл атқарады.
1995 жылғы ҚР Конституциясы және 1991 мен 1999 жылдары қабылданған, Қазақстан баспасөзінің жаңа жағдайларда дамуы жолдарын айқындап келген «Баспасөз және басқа бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң БАҚ-тың жұмыс істеуінің заңнамалық негізі болып табылады. 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық реферундумда ҚР Конституциясы сөз бен бұқаралық ақпарат еркіндігіне кепілдік берді.
Егер егемендік алғанға дейін 5–6 рет республикалық газет, бірнеше ведомстволық және ресми басылымдар шыққан болса, онда бүгінгі таңда олардың саны мыңнан асады. Мәселен, 1998 жылы 1334 газет, 280 журнал, 202 телекомпания, 74 телерадиокомпания және 80 радиокомпания тіркелді. Мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдары: газеттер-642, журналдар-149, радиокомпаниялар-69. Тек 26 республикалық басылым ғана бюджеттен қаржыландырылады; бұл негізінен, балалар, оқу және әдеби басылымдар, сондай-ақ аз ұлттардың – ұйғыр, корей, неміс, украин газеттері. Қазақ тілді басылымдар да мемлекеттік қолдауға мұқтаж болып отыр, өйткені олардың өңірлік қаржы есебінен өмір сүру мүмкіндігі шектеулі.
2008 жылы Қазақстанда 8248 бұқаралық ақпарат құралы (2513 БАҚ белсенді түрде жұмыс істейді), 212 электрондық бұқаралық ақпарат құралы тіркелген, шет мемлекеттердің 2392 бұқаралық ақпарат құралы таралады, сондай-ақ КZ доменінде 9000-нан астам домендік есім тіркелген.
БАҚ-тың 85%-ы үкіметтік емес БАҚ болып табылады. Қоғамдық қауымдастықтар 159 БАҚ-тың иесі болып табылады. 11 басылым саяси партиялар мен қозғалыстарға тиесілі және 10 діни ұйымдардың еншісінде.
Жалпыұлттық ақпарттық БАҚ-тарға, ең алдымен күн сайын шығатын «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Жас Алаш», «Экспресс К», «Заң газеті» газеттері, апта сайын шығатын «Қазақ әдебиеті», «Түркістан», «Новое поколение», «Деловая неделя», «Ана тілі» газеттері жатады. Республикалық мәндегі журналдарға: «Простор», «Ақиқат», «Мысль», «Жұлдыз» журналдарын жатқызуға болады, жалпыреспубликалық деңгейдегі электрондық ақпараттарға: «Қазақстан-1», «Хабар», «КТК», «НТК», «Еуропа плюс – Қазақстан», "Радио NS”, «Караван» жатады.
Егер кеңестік кезеңде БАҚ, атап айтқанда басылымдық баспасөз, мазмұны жөнінен бір-бірінен онша айырмашылығы болмаған болса, онда бүгінгі таңда біз баспасөздік бұқаралық-медианың мазмұны, бағыты, сапасы жағынан күрт саралану үрдісін байқаймыз. Баспасөз БАҚ-тары радио және телеарналардан өзгеше түрде оқиғалар мен үрдістерді жеделірек көрсетпейді, бірақ неғұрлым көбірек егжей-тегжейлі және толық түрде жазады.
Нарықтық бәсеке және ақпараттық саланың демократиялануы жағдайында бірқатар мемлекеттік емес БАҚ-тар отандық ақпарат нарығында көпшілікке танымалдығы жағынан рейтингтің көшбастаушылары болып табылады. Мұндай БАҚ-тарға: «Караван», «Время», «Аиф-Казахстан», «НП-Новое поколение», «Деловая неделя», «Экспресс К», «Панорама»; электрондық БАҚ-тар – КТК, НТК, «Хабар» агенттігі, «Радио HS», «Еуропа плюс – Қазақстан» жатады. Бірқатар БАҚ-тардың сапалық күйі де айтарлықтай өзгеруде, жарияланымдардың мазмұндық бағыты да күрделі сипат ала түсуде.
Қаралып отырған кезеңде балалар, жарнамалық, жастар басылымдарының саны айтарлықтай өскен. Елде діни тақырыптағы БАҚ алғаш рет пайда болды. Соңғы жылдары «Ислам және өркениет», «Иман», «Ислам», «Нұр-Шапағат» сияқты басылымдар қоғамдық пікірдің қалыптасуында елеулі рөл атқарып келеді.
2006 жылғы 20 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында 212 электрондық бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. «Қазтелерадио» АҚ-ның дерегінше аумақта республикалық арналардың телевизиялық және радиобағдарламалармен қамтуы қазіргі кезде мынадай: «Хабар»-95,7%; «Қазақстан»-96,25%; «Ел арна»-75,5%; «Бірінші канал-Еуразия»-78,6%; Қазақ радиосы – 86,99%. Сондай-ақ «CaspioNet» ұлттық спутниктік канал арнасы Еуропа, Орталық Азия, Орта шығыс және Африканың солтүстік бөлігі елдерінің аумағына таратылады. Арнаның әлеуеті аудиториясы – 99 миллион көрермен. Арна тәулігіне үздіксіз 24 сағат бойына хабар таратады.
Облыстық теле және радиобағдарламаларды тарату Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін ұлттық спутниктік телерадиохабар желісі (ҰСТРХЖ) шеңберіндегі спутниктік арналар бойынша жүзеге асырылады, ол толық іске қосылғанға дейін кейбір өңірлерде облыстық телевизия және радиобағдарламаларын беру сақталып отырған жербетілік радиореле желілері бойынша жеткізіледі.
Күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, мемлекет ұлттық мерзімді басылымдарды мемлекеттік тапсырыс есебінен қаржыландыру мүмкіндігін іздестіреді. Қазақ және орыс басылымдарымен қатар республикада өзбек, украин, поляк, ағылшын, неміс, корей, ұйғыр тілдері мен басқа да тілдерде газеттер мен журналдар шығарылады, эфирге хабарлар таратылады.