Тәуелсіз еліміздің еңселі ел болып өсіп — өркендеуі мен нығаюына, оның болашағының жарқын болуына білім саласы қызметкерлерінің қосар үлесі ерекше. Бүгінгі заман талабы — тиянақты білім беру.
Қазақстан өтпелі кезеңнен өтті, халық нарықтық экономика қағидаларына бой үйретті, түсінді, икемденіп келеді. Қазіргі таңда Ел экономикасының басты тірегі – шикі зат. Экспорттың да шикі заттық үлесі тым жоғары. Ендігі кезекте экономиканың тіреуші күшін жоғарғы технологияға айналдыру өзекті мәселе. Қазақстанда білдей бір жаңа технологиямен аттас министрліктің бар екенін және жүйелі жұмыс істеп жатқанын білеміз, бірақ білім саласының дамуына барлық ведомствалар атсалысуы керек.
Ғылымға қомақты қаржы салу керек. Бірақ бұл білім саласын дамыту жолдарының бірі әрі бірегейі. Ғаламат инновациялық жобалардың негізінде мол табыс тауып отырған алпауыт елдер ғылымға қаржы салмай мұндай биікке жетуі еш мүмкін емес.
Сонымен қатар оқытушы ұстаздар қауымының біліктілігі мен білімін, материалдық әлеуметтік жағдайын, олардың білім алушы мен қарым-қатынасын дамыту да аталмыш саланың дамуына тікелей қатысы бар.
«ХХІ ғасырдың алғашқы ширегі барша қазақстандықтардың ғылым мен білім индустриалы- инновациялы кезеңі болмақ» (Н. Ә. Назарбаев) Сондықтан да, заман талабына сай кәсіптік- техникалық білім беру салаларында талантты өскелең ұрпақтың техникалар тетігін білуге қызығушылығы мен құштарлығын арттыру көзделіп отыр. Ғылым мен техниканың дамуын «Біз кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңартпақ ниеттеміз»-деген Елбасы. Ұшқыр ойлы балаларымызға техниканы неғұрлым жетік ұғындыру арқылы оларда жаңа заман талабына сай өнертапқыштар шығармашылығына сенім артамыз.
Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы ғылым, техника қайраткерлерінің еңбегін қоғам мен мемлекет алдында жоғары бағалау болып табылады және Мемлекет басшысы іргелі және қолданбалы зерттеулер саласындағы аса үздік нәтижелер үшін; қоғамға кеңінен танылған ғылыми жаңалықтар, монографиялар мен ғылыми жұмыстар үшін; техниканың, материалдардың және технологиялардың әлемдік аналогтар деңгейіндегі жаңа түрлерін әзірлегені және өндіруді ұйымдастырғаны үшін береді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 29 қазандағы № 679 Жарлығына сәйкес Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлық 19 жұмыстың ішінен іріктеліп алынған үш жұмысқа берілді.
«Дифференциалдық теңдеулердің бастапқы-шекаралық есептер теориясына» атты жұмыстар топтамасы үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Математика және математикалық моделдеу институтының бас директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Тынысбек Шәріпұлы Кәлменов Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Автор Қазақстанда әлемге танымал ірі математика мектебін құрды. Оның қатысушыларының жұмыстары (9 доктор және 50-ден астам ғылым кандидаттары) қазіргі заманғы дифференциалды теңдеулер теориясы мен қазіргі спектральды теориясында лайықты орын алуда.
Жұмысқа 47, оның ішінде шетел ғалымдарынан 37 пікір келіп түсті: пікірлер географиясы өте кең – бұл М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, РАҒ Сібір бөлімі, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Испания, Италия, Бразилия, Қытай, Израиль және басқа елдердің университеттері.
Жоғары наградаға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы ұсынған, авторлары Серік Қуандықұлы Ақшолақов, Талғат Тынышбайұлы Керімбаев, Eрбол Тарғынұлы Махамбетов, Айса Захарұлы Нұрпейісов, Марат Рабандиярұлы Рабандияров, Нұржан Әмірбекұлы Рыскелдиев болып табылатын «Қазақстан Республикасында жоғары технологиялық инновациялық ем әдістерін нейрохирургия патологиясында дамыту» жұмыстар топтамасы ие болды.
Қазақстанда алғаш рет орындалған атластың көп функционалды жиынтығы ұсынылды. Әзірленген атлас картографиясының тұжырымдамасы мемлекеттік, өңірлік және салалық бағдарламалардың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен табиғи ортаны қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.
Атластар жаңа геоақпараттық технологияларды пайдалану арқылы құрылған (ГАТ) және жоғары деңгейдегі полиграфиясымен ерекшеленеді. Үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде орындалған.
Карталарда табиғаттың, қауымдастықтың және экономиканың қазіргі жағдайы туралы ақпарат көрсетілген. Экономикалық нәтижесі шекараны дамытуда тиімді жоспарлауды жоғарылатуға бағытталған материалдардан тұрады. Техногендік мәселелер жөніндегі карталар тіршілік әрекеті қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды әзірлеудің негізін құрайды.
Жұмысқа 29 пікір түсті. Олардың 14 пікірі шетел ғалымдарынан: (АҚШ, Франция, Германия, Австрия, Қытай, Нидерланды, Ресей, Өзбекстан, Украина) келіп түсті.
Бұл ірі орталықтар – Ресей ғылым академиясының География институты, М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, АҚШ Аляска Фербенкс университетінің Геофизика институты, Мюнхен университетінің География департаменті, Қытай ғылым академиясы, Австрия ғылым академиясы және басқалар.
Қазіргі кезде Қазақстан ғылымының дамуы көптеген параметрлер бойынша оң серпінге ие. «Ғылым туралы» жаңа Заңға сәйкес басқарудың жаңа моделі және ғылымды қаржыландырудың нысандары ендірілді. Осы механизмдер ғылым саласын дамытуға, ғалымдар мен ғылым ұжымдарының ғылыми бастамаларын ынталандыруға, ғылыми идеяларды жүзеге асыруға оң ықпал етуде.
Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуы жөнінде Елбасы алға қойған міндеттерді іске асыруға ел ғалымдары өз үлестерін қосуға күш жұмылдыруда.