Нұрмолда Алдабергенов (20.12.1906, Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қарағаш ауылы Желдіқора қыстауы — 17.11.1967, Алматы облысы Көксу ауданы Мұқыры ауылы) — ауыл шаруашылығын ұйымдастырушы, қоғам қайраткері, 2 мәрте Социолисттік Еңбек Ері (1948, 1958). Түркістан — Сібір темір жолын салуға қатысқан (1927— 1930), «Жаңа талап» ұжымшарында колхозшы (1930 — 1933), бригадир (1934), осы ұжымшардың төрағасы (1935 — 42, 1945 — 49) болды. Ұлы Отан соғысына қатысқан (1942 — 45). 1950 — 1961 жылдары Сталин атындағы (кейін Н. Алдабергенов атындағы) іріленген ұжымшардың, ал 1965 — 67 жылдары "Карл Маркс” атындағы ұжымшардың төрағасы болып істеді. 1942 жылы ол басқарған ұжымшар еңбеккерлері қант қызылшасының әр га-нан 365 ц, астықтың әр га-нан 13,7 ц өнім жинады. Ал қант қызылшасы егілген жеке тәжірибе учаскесінің (10 га) әр га-нан 834 ц түсім алды. 1947 ж.
Алдабергеновтің басқаруымен Жетісу өңірінде тұңғыш су электр станциясы салынды. Мұқыры ауылында тұрғын үйлер, орталық мәдениет үйі, тұрмыс қажетін өтейтін орталық, сауда орталығы, балалар бақшасы, орта мектеп, аурухана құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Ол ауыл шаруашылығында егіншілік мәдениетін арттыру және мал тұқымын асылдандыру ісінде ғылым жаңалықтары мен озат тәжірибені өндіріске батыл енгізіп, жоғары өнімге қол жеткізді, сөйтіп ұжым экономикасын күрт жоғары көтерді. Ұжымшарда озат тәжірибе мектебі тұрақты жұмыс істеді, асыл тұқымды мал фермалары құрылды, ауылда қала үлгісінде құрылыс салу тұңғыш жүзеге асырылды. Талдықорған қаласы мен Қарабұлақ ауылының орталық көшелерінің біріне, "Шұбар” мектебіне Алдабергенов есімі берілген. Алдабергенов екі рет Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, 6 рет Халық шаруашылығының жетістіктері көрмесінің Үлкен Алтын медалімен марапатталған.