Бәйсейітова, Күләш (Гүлбаһрам) Жасынқызы
Дүниеге келгені: 1912 ж
Қарағанды облысы Шет ауданы
Қайтыс болғаны: 1957 ж
«Халық артісі» ордені
Күләш Жасынқызы Бәйсейітова (1912–1957) — қазақтың әйгілі әншісі (лирика-колоратуралық сопрано), қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері. КСРО халық артисі (1936). КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1948–1949).
Туып-өскен жері – Қарағанды облысының Шет ауданы. Топырақ бұйырған жері – Алматы қаласы.
Күләштің әншілік өнерге бейімділігі жас кезінен-ақ байқала бастаған. Оның бойындағы қабілеттің ұшталуына ән мен күйге жүйрік әкесі Жасынның да әсері зор болған. Жеті жылдық мектеп бітірген соң Күләш Қазақтың педагогикалық институтына түсіп, мұндағы көркемөнерпаздық үйірмесіне белсене араласады. Қала жастарының өнер байқауларында әншілік дарынымен көзге түседі. Содан 1930 жылы Қазақтың тұңғыш драма театрының труппасына қабылданады. Күләш сахна өнерінің қыр-сырына қызыға ден қойып, кешікпей-ақ театрдың белді артистерінің қатарынан көріне бастайды. Ол аз уақыттың ішінде Б. Майлиннің «Майдан» пьесасында Пүліштің, Н. В. Гогольдің «Үйлену тойындағы» Агафия Тихонованың, М. Тригердің «Сүңгуір қайығындағы» Клавдияның, Қ. Бәйсейітов пен А. Шаниннің «Зәуресіндегі» Зәуре, Мұхтар Әуезовтің «Еңлік- Кебегіндегі» Еңліктің рольдерін ойнап, сахналық тамаша қабілетімен танылады. Образдардың табиғатын тап басып тану, ол танығанын өмірлік шынайы шеберлікпен жеткізе білу, әсіресе туа біткен әншілік қабілеті кейіпкер болмысын аша түсуі де Күләштің сахна өнері үшін жаралған жан екенін әйгілей түседі.
Күләш 1933 жылы жаңадан ашылған музыка студиясына қабылданады. Алғаш рет Қазақ музыка театрының шымылдығы 1934 жылы «Айман-Шолпан» (М. Әуезов, И. В. Коцых) музыкалық комедиясымен ашылғанда, Күләш басты рольді үлкен шеберлікпен ойнап, Айман бейнесі арқылы Қазақ қыздарының ар-намыстан жаралғандай парасатты болмысын шабытпен тұлғалайды. Мұнан әрі Күләштің ғажайып қабілеті мен дарыны Б. Майлин мен И. В. Коцыхтың «Шұғасындағы» — Шұға, Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы – Жібек образдарын сомдау барысында одан әрі жарқырап ашыла түседі. Бұл рольдер арқылы оның бойындағы әншілік-артистік қабілеттің ғажайып мүмкіндіктері барша болмысымен көрініс тауып, қазақ сахна өнерінің соны табысы ретінде жұртшылықтың ықылас-ілтипатына бөленді. Ол жаңа қаз басқан қазақ сахна өнерінің шын мәнінде тірек тұлғасына, ұйтқысына айналды. Аз уақыт аясында Е. Брусиловскийдің «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Алтын астық», «Гвардия алға», А. А. Зильбердің «Бекет», И. Н. Надировтың «Терең көл», А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай», Төлебаев «Біржан-Сара», ПуччиниД. Ж. Пуччинидің «Чио-Чио-Сан», П. И. Чайковскийдің «Евгений Онегин», А. Рубинштейннің «Демон» сияқты операларында басты рольдерде ойнап, басты вокальдық партияларды орындап, қайталанбас хас шеберлігімен танылды. Бір-біріне ұқсамайтын кереғар образдар, иірім-қайырымы әр алуан вокальдық партиялар Күләштің көп қырлы, алуан сырлы дарынының арқасында алмастай жарқырап ашылып, эстетикалық эмоциялық қуаты мейлінше тегеурінді образдар галереясы жасалды.
Күләш Бәйсейітова концерттік әнші ретінде де дүние жүзіне танылған қайталанбас дарын иесі бола білді.
Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры — саяси және мәдени орталығы Астана қаласын әрі қарай өркендету мақсатымен 2000 ж. қаңтарында ҚР Президөнті Н. Ә. Назарбаевтың ықыласымен «Ақ Орда» опера және балет театры атымен құрылды.
2000 ж. шілде айында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымөн 2000 ж. Мәдениетті қолдау Жылы деп жариялануына орай, сонымен қатар Астана қаласының опера және балет театрына қазақтың әйгілі әншісінің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен Күләш Байсейітованың есімі және Ұлттық мәртебе берілді. Бүгінгі күні, К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры — еліміздегі қазақтың және әлемдік музыка мәдениеті дәстүрлерін арқалаған, жаңарып келе жатқан Қазақстан жұртшылығының рухани талаптарын жүзеге асырушы — ең жас музыкалық театр.
Ұлттық театрдың ең алғашқы қадамынан бастап алған репертуарлық бетке ұстар бағыты, отандық және әлемдік музыкалық театрдың маңдайалды туындыларымен айқындалды, сонымен қатар Қазақстандағы опера — балет жанрын дамытуға ықпал жасайтын жаңа шығармаларды жарыққа шығару болды. Алғашқы әртістік құрам Қазақтың музыка академиясының, Құрманғазы атындағы Қазақтың Ұлттық консерваториясының А. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің, сонымен қатар келешегі айқын талантты әртістерден және тәжірибелі сахна шеберлерінен құралды.
Театрдың бірінші маусымы 2000 жылдың 14 қазанында М. Төлөбаевтың «Біржан — Сара» операсымен ашылды. КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Халық қахарманы Ә. Мәмбетовтың қоюшы — рөжиссер, Қазақстанның енер қайраткері В. Семизоровтың қоюшы — суретші және А. Мұхитдиновтың қоюшы — дирижер ретінде керемет еңбектерінің арқасында, сонымен қатар театрдың бүкіл шығармашылық ұжымының жанқиярлық жұмыстарының арқасында қазақ опера өнерінің әйгілі шығармасы дүниеге келді.
Театрдың ұлттық репертуары кейінгі маусымдарда басқа да отандық музыкалық театр классикасының аса көрнекті туындыларымен толыға түсті. Астананың мәдени өміріндегі аса маңызды уақиға — ол қазақ операсының інжу — маржаны болған Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» (қоюшы — режиссер — Ә. Мәмбетов) және Е. Рахмадиевтің «Қамар сұлу» спектакльдерінің қойылымдары болды. «Қамар сұлу» қойылымына қоюшы — режиссер Е. Обаев ерекше бір жаңа леп еңгізді және операны ұғынуға деген жаңа көзқарас туындатты.
Ұлттық жанрларды дамытуға бейім бағыт алғандықтан болар, Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян туралы аңыз» атты поэмасы бойынша қойылған эксперименталдық қойылым Астананың мәдени өмірін дүр сілкінтіп тастады. Композитор Франсуа Жанно мөн Бекболат Тілеуханның музыкалық — поэтикалық көзқарастары, еуропа мен ұлт өнерінен өзгеше бір үйлесімін тауып, жаңа ізденіс түрлерін табуға, жанрларды дамытуға жаңа қадам болды. Театрдың келешектегі игі жоспары — қазақтың опера өнерінің алтын қазынасындағы барлық опералық спектакльдерді қою.