Қуанышбаев Қалыбек (Қалибек) (1893–1968 ж.), актер, қазақ ұлттық профессионалды театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО халық артисі (1959 ж.), КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1952 ж.). 1922–25 ж. Қоянды жәрмеңкесі думаншылары ұйымдастырған ойын-сауыққа қатысып, өнер көрсетті. 1926 ж. Қызылордада қазақ драма театрын құруға қатысушылардың бірі болды. 1927 ж. Мәскеудегі этнография концертке қатысты. 1928–64 ж. М. О. Әуезов атындығы қазақ драма театрының (Алматы) актері. Театрдағы таңдаулы рөлдері Нысан Абыз, Тәнеке. Абай (М. О. Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Түнгі сарын», «Абайыңда»), Балуан (Ғ. М. Мүсіреповтің «Ақын трагедиясында»), Городничий (Н. В. Гогольдің «Ревизорында»), Брабапцио, Баптиста (У. Шекспирдің «Отелло», «Асауға тұсауында»), 1937 жылдан киноға да түсті; Байбол («Амангелді»), Абай («Абай әлемінде»), Берғалиев («Алтын мүйізде»), Шыңғыс («Шоқан Уәлихановта»). Педагогика қызметпен де айналысты. Қысқа пьеса, әзіл әжуа сықақтардың авторы (жинақтар: «Острие», 1936; «Шаншарлар», 1962). 2–4-сайлау КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 2 рет Ленин ордені, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған. Қуанышбаев құрметіне Қарағанды, Қарқаралы қалаларында көшелер аталған. Қарқаралыдағы ол тұрған үйге мемориалдық тақта қойылған.
Кейбір адамдар жаратылысынан қабілетті, талантты, дарынды болып жаралады. Ондай адамдар өздерінің ерекше қабілеті өзгелердің жан дүниесіне қуаныш, ізгілік сыйлайды. Сондай жанның бірегейі, қазақ өнерінің аса көрнекті өкілдерінің бірі — КСРО халық артисі және КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Қалибек Қуанышбаев.
Сахна өнерінің Қалибек Қуанышбаев шыққан ең биік шыңы — М. Әуезов пен Л. Соболевтің пьесасындағы қазақтың кемеңгер ақыны Абай рөлі болды. Дарынды артист бүкіл қазақ халқының алтын діңгегін арқалап шыққандай көрінді. Бұл рөлді бес жылдан кейін кинода қайтадан ойнағанда режиссер Г. Л. Рошаль: «Қалибекпен қызметтес болу басшы адамға бір зор бақыт екен ғой» — дейді.
Мәскеудегі көркем театрдың 50 жылдық тойында Одақтағы басты- басты театрлардың ең жақсы спектакльдерінен үзінділер көрсететілген. Қазақстаннан Шекспирдің Мұхтар Әуезов аударған «Асауға тұсауынан» үзінді көрсетіледі. Сондағы Катаринаның әкесі Баптистаның рөлін сомдаған Қалибек Қуанышбаевты жиналған сахна мамандары, ғалымдары орыстың ұлы артистері В. Н. Давыдов пен М. М. Тархановқа теңеген екен.
Сахна өнерінің әйгілі саңлағы, Кеңес Одағының халық артисі Құрманбек Жандарбеков «Сахна мақтанышы» деген мақаласында: Қалибек театрға басқаларымызға қарағанда артықша қабілетімен келген адам. Алғашқы қазақ театры бірнеше өнердің басын қосқан синтездік театр болатын. Пьеса да қоямыз, концерт те береміз, цирк ойындарын да көрсетуші едік. Қалибек осы ойындардың бәріне де қатысып, жұрт көзіне ерекше түсетін. Көрушілерді ол өзінің «Қыз ұзату», «Қой күзету» сияқты күлдіргі сықақ әңгімелерімен таңғалдыратын. Құлаққа жағымды, бояуы мол қоңыр кең дауысын сан қилы кейіпкерлері характеріне лайықтап пайдалана білетін.
Қалибек — имитацияның асқан шебері. Бір өзі «Қыз ұзатудағы» бажылдақ кемпір мен балпылдақ шалды, қыз сыңсуын, бұзаудың мөңірегені мен иттің үргенін, қасқырдың ұлығанын — бәрін де айнытпай шебер бейнелеп көркем шығаратын. Ол мысқыл, тақпақ өлеңдер де шығарып, соларды сахнадан шебер орындап жүрді.
Қалибек Қуанышбаев халқымыздың ауыз әдебиетін жақсы біледі. Ол Абай, Ыбырай, Сұлтанмахмұт және де қазақ ақын-жазушыларының талай өлеңдерін жатқа айтатын. Тіл өнерінде Қалибектен асқан актеріміз болған жоқ. Бүгінгі жас актерлер алар үлгі, дәстүр осы болмақ. Өйткені актердің сөз кереметін ұқпай, сахна шеберлігін игерем деуі мүмкін емес.
Актер бойындағы тағы бір артықша қасиет — өз халқының өткен өмірін, салт-санасын, әдет-ғұрпын, тағы басқа өзғешеліктерін егжей-тегжейлі білуінде жатыр. Эпостық және тарихи тақырыптарға арналған пьесалардың сахналық шешімдерін, көріністерін табуда Қалибек қай режиссерге болсын әр кез консультант, ұстаз болған актер. Біз халқымыздың ескі мұраларын Қалибекше білуге үйренуіміз керек. Қалибек Қуанышбаев актерлік өнерін шыңдай, зерлей жүріп көркем әдебиетпен де көп шұғылданды. Ол «Түйреуіш» және «Шаншарлар» деген сатиралық өлеңдер жинағын шығарды. Драматург Шахмет Құсайыновпен бірлесіп, «Шаншарлар», «Ақ жаулық — көк жаулық» атты комедиялық пьесалар жазды.
Қалибек Қуанышбаев өзінің қырық жылға таяу сахналық өмірінде жүз елуден астам рөлде ойнаған екен. Олардың қай-қайсысы болсын өз бояуы, өз нақышымен ерекше дараланған толыққанды образдар.
Ол қазақ жас кино өнерінің өсуіне үлес қосты. Оның қатысуымен шыққан «Аманкелді», «Абай» көркем суретті фильмдері бүкіл одақ жұртшылығынан жоғары баға алғаны мәлім.
Қалибектің өнердегі жолы қай-қайсымызға да үлгі. Ауыл арасынан шыққан бір топ өнерпаздар қазақтың ұлт театрының іргесін көтерген. Сол міндет табыспен орындалған сияқты, — деп жазған.
Қазіргі әркім өз басын күйттеп кеткен заманда артық туған текті түлғалар ұмыт қалды-ау деген ой мазалап жүрген Асанәлі Әшімұлы Қалибек Қуанышбаев жөнінде былай деп қалам тербейді: Қаллеки Қарқаралыдан шыққан саф алтын — самородок. Ол кісінің көрген мектебі, үлкен сахнасы — «Қоянды жәрмеңкесі». Осы жәрмеңкеде Майра Уәлиқызы, Қажымұқан Мұңайтпасов, Иса Байзақовтармен қанаттаса жүріп, бірге өнер төкті. Бір өзі бір театрға айналған «пері Қалибек» уақыт оздыра келе «сахнаның піріне» айналды. Арнайы білім алып, дүниенің оқуын тауыспай-ақ, далалық эрудициямен, топырақпен, қанмен сіңген табиғи дарынының арқасында дүниелік құбылыс жасаған Қаллекиді Шәкең ұстаз тұтты.
Сол ұстазы төсек тартып жатқанда Шәкен кино түсіріп жүреді де, бір-екі айға кешігіп келеді. Шәкеңнің кіргенін сезген Қаллеки іргеге қарап, бұрылмаған күйі жатып алыпты. Шәкең болса сол баяғы еркін қалпымен «оу, шал, бұл не жатыс, тұр карта ойнайық, ақшаң бар ма өзіңнің» дейді ғой. Қалекең бұртиып, бала секілді қарамай қояды. Содан 5–10 минуттан кейін ұлы өнерпаз бақиға аттанып жүре береді. Осынау бір мінезге толы соңғы «үнсіз диалогы», ғажайып қалжыңы, зілсіз өкпесі арқылы өлімнің өзін әжуа етуін қараңызшы. Шіркін, Шәкеңнің келуін күтіп жатқан жүректі ақын болсаң қалай жырласаң да жарасар еді. Сол күні аспан түнеріп, күн күркіреп, шатырлап найзағай ойнап, ұлы актердің, өнерпаздың болмыс-бітімінің бір сәулелі, сұрапыл сәтін баян еткендей еді. Қаллекиді Шәкен туған ағасындай арулап қойды.
Заманымызда өз ішімізден теңеу табылмағандай Қаллекиді «қазақтың Шепкині» дейтін. Қазір ойлап қарасақ, ол ешкімге ұқсамайтын, қайталанбайтын Қаллеки ғана болып қалған екен.
Қалекең Құнанбайды да, Абайды да сомдады. Шекспир шығармаларында ойнады. Қандай рөлде ойнамасын бәрін Абайдан іздейтін, Абайдан табатын. Үстелінде үнемі Абайдың кітабы жататын. Ол осынау алыппен ғана ақылдасатындай, тек содан ғана ләззат алатындай көрінуші еді. Демек оны «сахнаның Мұхтары» десек бек жарасатындай.
«Ақан сері — Ақтоқтыдағы» Қалекең сомдаған Мылқауды мен әлі күнге ұмыта алмаймын. Жатсам да, тұрсам да көз алдыма келе береді. Теңдесі жоқ образ жасады. Біз сол қойылымда көпшілік сахнаға қатыстық. Сау адамның образын жасай алмай жүрген бала-шәкірт біздер, опыр-ай, Мылқауды қалай ойнайды екен деуші едік. Қос мұңлықтың трагедиялық халін түсінгеннен кейінгі, Мылқаудың қайғы жұтуын қалай беруді Қаллеки тапты. Әсіресе бармағын тістеп «а-а-а» деп ыңыранғанда қасында жүріп оған қарау өте ауыр еді. Қазақ бір нәрсеге қатты өкінгенде «бармағымды қатты тістеп қалдым» дейді ғой. Қалекең соны ұтымды пайдаланды. Бармағын тістеп, бірер минут тұрғанда залда да, сахнада да жыламайтын жұрт қалмайтын. Сонан кейін Ақтоқтыны көтеріп алып, әлдилеп бесік болады.
Таланттың алдында режиссерлердің де дәрменсіз күй кешетін кезі болады. Кітаптағыдай былай жаз, былай ойна деу ол кісілерге жат еді. Ол техникалық шеберлікке емес, өмірдің өз мысалына, ұлттық мінез бен қасиетке ғана жүгінетін.
Қалекең өнерде қандай болса, өмірде сондай еді. Отбасында да сол қалпы. Тар дәлізде күн ұзаққа аспай-саспай, толғанып-тебіреніп, әрлі-берлі жүреді де қояды екен. Балалары «көке былай тұрыңызшы» деп әбігері шығатын көрінеді. Көзінде қара көзәйнек, қолында қара таяқ. Баяу қозғалып келе жатқан айсберг секілді болатын Қалекең. Тұла бойы толған мазмұн еді.
Сөз соңында айтарымыз қазақ өнеріне елеулі үлес қосып, ұрпаққа үлгі-өнегесін мұра етіп қалдырған Қалибек Қуанышбаев сияқты дара тұлғалардың өнерлерін бүгінгі жастарымыз үйреніп, тәлім-тәрбие алар деген ойдамыз.