1915 жылы Семей қаласындағы орыс-қырғыз (қазақ) училищесін бітірген. 1929 — 1935 жылдары Дегелең облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қарқаралы уездік атқару комитетінің мүшесі. Бөлім меңгерушісінің орынбасары, аудандық халық судьясы болды. Қазақ егіншілік халық комиссариатында, Түркісіб басқармасына жауапты жұмыстар атқарды. 1935—1956 жылдары «Теміржолшы» газетінде, Қазақ КСР ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында (қазіргі Әдебиет және өнер институты), Қазақстан Жазушылар одағында қызмет етті. [1][2]
Еңбегі
Алғашқы өлеңі — «Қазақ боз-балаларына» 1914 жылы «Айқап» журналының N2 9 санында басылды.
· «Қыран кегі» (1943),
· «Цимлян теңізі» (1953),
· «Таңдамалы» (1956),
· «Сырлы қайнар» (1963), тағы басқа өлеңдер мен поэмалар,
· «Көксегеннің көргендері» (1948),
· «Ермектің алмасы» (1955, 1985),
· «Сәтжан» (1947, 1973, 1978),
· «Жас бұтақ» (1953),
· «Жеткіншектер» (1960),
· «Мектеп түлектері» (1961),
· «Шоқан асулары» (1971),
· «Қыран туралы аңыз» (1976),
· «Екі томдық шығармалар» (1976), тағы басқа әңгіме, повестер жинақтары,
· «Замана белестері» (1975) романы жарық көрді.
Аудармалары
Пушкиннің, Лермонтовтың, Шевченконың жекелеген туындыларын, Д. Н. Мамин-Сибиряктың, Л. В. Соловьевтің кейбір әңгімелері мен повестерін қазақ тіліне аударған. Бегалин Абай шығармаларын насихаттауға мол еңбек сіңірген. Ақынның өнегелі өмірі, мұрасы, замандастары жайлы тың деректер беретін «Қияспай» (Пионер, 1956, №4), «Сауық кеш» (Қазақ әдебиеті, 1971, 10 желтоқсан), «Назипа Құлжанова» (Қазақстан әйелдері, 1973, № 10) тағы басқа мақалаларын жариялаған. Абай рухына арналған «Ұрпақтарға» («Совхоз туы», 1964, 5 май) атты өлең жазған. Абайдың туғанына 70 жыл толуына орай 1915 жылы 13 ақпанда Семейдің приказчиктер клубында еткен әдеби кешті ұйымдастыруға қатысқан. [3]
· Халық ақындарының шығармаларын сұрыптал жинақ етіп шығарды (" Халық ақындары ", 1953; «Өмір жыры», 1953), өнер саңлақтары жөнінде («Сахара сандуғаштары», 1976), жыр алыбы Ж. Жабаев туралы монография жазды. Көптеген туындылары шетел тілдеріне тәржімеленді.
Жетістіктері
Халықтар Достығы, «Құрмет Белгісі» (2 рет) ордендерімен және медальдармен марапатталған.
Қазақ халқының кемеңгерәрі сүйікті жазушысы Сапарғали Бегалиннің есімі елімізде кеңінен танымал.
Сапарғали Бегалин артына мол әдеби мұра қалдырды. Ол-халқымыздың ғасырлар бойы ауызша тараған әңгіме-аңыздарын, айтыс-өлеңдерін, шешендік толғауларды жатқа білетін ескінің көзі, оның үстіне этнограф, әрі тарихшы, қазақ халық ауыз әдебиетінің білгірі және жинақтаушысы. Ол көптеген халық әндерін, аңыз-ертегілерін, айтыскер ақындардың айтыстарының мәтінін жазған.
Сапарғали Бегалин- әдебиетіміздің поэзия, проза жанрларында тартымды, толымды шығармалар берген көрнекті суреткер. Оның шығармашылық сапарында суреткер қаламынан жиырманың үстінде поэма, оннан астам повесть, жүздеген әңгіме, бір роман, көптеген естеліктер, зерттеулер, мақалалар туды.
Ол-сазды лирик, сыршыл ақын. Оның өлеңдеріндегі басты тақырып-туған жерге деген махаббат, өмірге, тіршілікке деген құштарлық.
Талантты аудармашы. Ол Пушкин, Лермонтов және басқа да көптеген орыс классиктерінің шығармаларын қазақшаға аударған.
Сапарғали Бегалин драматург ретінде де көпшілікке танымал. Ол оншақты пьесаның авторы. Қазақ халқының ұлы ақыны Жамбылдың шығармашылық өміріне арнаған шығармасы, С. Бегалиннің ғалымдық еңбегінің үлкен жемісі.
Халық ақындары Иса, Шашубай, Төлеу, Доскей шығармаларын сұрыптап бастырып, олардың тұңғыш өмірбаянын жазған. Тәттімбет, Әміре, Естай, Майра, Қажымұқан тұлғасын кейінгі ұрпаққа танытуда мол еңбек сіңірген де Сапарғали Бегалин. Халық ақындарының шығармаларын сұрыптап «Халық ақындары», «Өмір жыры», өнер саңлақтары жөнінде «Сахара сандуғаштары» атты жинақтар шығарды. Сапарғали Бегалин 50-ден аса әндерге өлең жазған ақын. Олардың ішінде «Ақтамақ» (муз. С. Кәрімбаевтікі), «Ақ көгершін» (муз. А. Жұбановтікі) сынды әндері халық әніне айналып кеткен. Ақынның өлеңдері бойынша М. Төлебав, Л. Хамиди, Е. Ерзакович, С. Мұхаметжанов, Е. Рахмадиев сияқты талантты композиторлар ән жазды.
Қаламгердің жоғары сауаттылығы, аса зеректігі үшін, басқалардан ерекшелеп, даралап көрсететін өзіндік қайталанбас сыпайы мінезі мен тиянақтылығы, ұқыптылығынан, құбылып, өзгермейтін рухани әлемінің кереметтігінен айналасындағы жақын, жора-жолдастары, қаламдастары, зиялы қауым сыйлы ақсақал ретінде таныған, оны ұстаз тұтқан, үлгі еткен.
Десек те, ең бірінші Сапарғали Бегалин қазақ балалар әдебиетінің дамуына көп еңбек сіңірген, оның негізін қалаушы алғашқы көшбасшысы. Оны қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы және классигі деп атайды.
Бүгінде жас ұрпақты Сапарғали Бегалиннің кітаптарын оқуға шақырғанда, біз алдымен одан халықтың дәстүрлі тіршілігі тудырған кәсіптердің неше түрлі көріністерін, дала өмірінің сан қилы қызықтарын тамашалауға болатынын еске аламыз. Оның төрт түлік туралы жырлары, ертегі, аңыз, мысалдары балалардың өмір тануына, табиғат сырын түсінуге, жан-жануарлар дүниесін ұғып, сырласуына жол ашады. Көпшілік қауым арасында жоғары баға алған «Сәтжан», «Көксегеннің көргендері» сияқты тамаша туындылары құсбегілік, саятшылық өнердің қызықтарына тартпай қоймайды.
Балаларға арнап жазған өлең, әңгіме, повестері ондап, жүздеп саналады. Сапарғали Бегалин есімі тек қазақ баласына ғана емес, көптеген елдердің балалары арасында да танымал. Оның балаларға арнап жазған кітаптары көптеген ел тіліне аударылған.
Бүгінде ақсақалдың «Балалар жазушысы» деген атағы тарихта қалып, Алматы қаласындағы Мемлекеттік балалар кітапханасына 1996 жылдан бастап Сапарғали Бегалин есімі берілді..
Жазушы атымен аталатын балалар кітапханасы өз тарапынан жазушының шығармашылығын көпшілік оқырман арасында насихаттаушы көшбасшылардың бірі ретінде оқырмандармен кітапхана көптеген шаралар өткізілуде. Солардың ішіндегі ауқымдысы, жыл сайын жазушының туған күні қарсаңында өтетін «Бегалин оқулары».
Міне, осындай көрнекті жазушы, ақын, тарихшы, этнограф, зерттеуші Сапарғали Бегалиннің туғанына биыл 120 жыл толды. Еліміздің жас жеткіншектері осындай тамаша жазушының шығармашылығын білулері керек. Жазушының мерейтойы қарсаңында оның еңбектерін көпшілік арасында насихаттау мақсатымен еліміздің кітапханаларында әр түрлі шаралар өткізілуде. С. Бегалин атындағы Мемлекеттік балалар кітапханасы өз тарапынан жазушының өмірі мен шығармашылығына арнаған «Қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы» әдістемелік құралды көпшілік назарына ұсынылған…