Дүниеге келгені: 1899
Баянауыл ауданы, Павлодар облысы
Қайтыс болғаны: 1964
Мансабы: академик
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев (1899–1964) — аса көрнекті қазақ геологы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, қазақстандық металлогения мектебінің негізін қалаушы.
Мазмұны;
Геологиялық барлау мамандығы бойынша Томск технологиялық институтының тау-кен факультетін бітіріп келгеннен кейінгі Қаныш Сәтбаевтың бүкіл өмірі Қазақстанның минералдық ресурстарын және рудалық кендер генеалогиясын зерттеуге арналған. Оның геологиядан басқа ғылымдардан да; мәдениет саласында да; тарихтан да қалдырған ізі сайрап жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталуға тақағанда, жағдайдың аса қиын ауырлығына қарамастан, Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастыру жұмысына басшы болып, оның ісіне бел шеше араласуы ұлыларға тән көрегендіктің белгісі еді. Оның қалдырған ғылыми бай мұраларының ішінде, әсіресе, Жезқазған кені туралы зерттеулерінің, Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жөніндегі еңбектерінің мәні ерекше. Жезқазғанның ірі мыс рудалы аудандар қатарына жатуы кезінде осы кеннің жоспарлы түрде кең масштабтағы барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі объекті екенін дәлелдеп берген Қаныш Сәтбаев еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ ол минералдық шикізатқа бай Сарыарқа, кенді Алтай, Қарағанды, Қаратау секілді аймақтарға да ерекше назар аудара зерттеп, олардың кендерінің стратиграфиясы, тектоникасы, құрылысы, металлогениясы, неохимиясы және шығу тегі туралы маңызды ғылыми қорытындылар жасады, ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін енгізді.
Көптеген тәжірибелі мамандар қатыстырыла отырып, Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен бірнеше жылдар бойы жүргізілген тынымсыз еңбектің нәтижесінде Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жасалды. Оны өндіріске ендіру арқылы Сарыарқа аймағында қара, түсті және сирек металдардың біраз жаңа кендері ашылды. Біраз кендерге бүтіндей жаңа өндірістік баға берілді. [1]Ол Қарағандыда металлургиялық завод салуда, Қостанай, Алтай темір және марганец, Қаратаудың фосфорит кендерін және осылар секілді көптеген ірі нысандарды игеруге, Ертіс-Қарағанды каналының қазылуына, біраз ғылыми зерттеу институттарының ашылуына тікелей араласып, зор еңбек сіңірді, Қазақстан ғалымдарының зор армиясының ақылшысы, тәрбиешісі болды. Ол геология ғылымына қатысты әлемдік, одақтық, қазақстандық түрлі дәрежедегі толып жатқан комиссиялардың, комитеттердің мүшесі, басшыларының бірі; бірнеше мәрте КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты; СОКП съездерінің делегаты, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің президиумының мүшесі. Ол төрт рет Ленин орденімен, Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталып, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың иегері болған. Оның есімі институттар мен кен-металлургия комбинаттарына, Қазақстан қалаларының көшелеріне, мектептер мен шаруашылық аттарына берілген. Сондай ақ Алатаудың бір шыңы мен мұздағы, Қаратаудағы ванадий кенінің рудасынан табылған бір минерал (сатбаевит) оның атымен аталады. Оған арналған бірнеше мұражайлар бар.
«Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 60 жылдығы» («60-летие академика Каныша Имантаевича Сатпаева»), жазушы Әуезовтің мақаласы. Ж. Айталиев және П. Аворовпен бірге жазған. «Вестник» Академии наук Казахской ССР журналының 1959 жылғы 4-санында орысша басылған. Мақала Сәтбаевтың туғанына 60 жыл толуына арналған. Онда авторлар ол кезде қазақ КСР Ғылым академиясының президенті қазақ КСР Ғылым академиясының Геология институтының директоры, аса көрнекті ғалымның қызметі мен лауазымдарын атаудан бастап, «аса ірі ғалым-геолог пен мемлекет қайраткері Қаныш Имантайүлы Сәтбаевтың аты біздің елде ғана емес, одан әрі шет аймақтарда терең құрметке» бөленгенін мақтанышпен жазған. Одан әрі ұлы ғалымның қысқаша өмірбаяны мен ғылыми, қоғамдық, мемлекеттік, ұйымдастырушылық қызметіне сипаттама берген.